Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәселенің мәні 4824 0 пікір 1 Қараша, 2016 сағат 12:25

ҚАЛАМАҚЫ МӘСЕЛЕСІН ТАСМАҒАМБЕТОВ ШЕШІП БЕРМЕК

  • Мәжілістің көшпелі отырысы Алматыға келді.
  • Қаламгерлерді қолдау банктер есебінен жүргізіле ме?
  • 193 миллион қайда кетті?
  • Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов бірқатар министрлік өкілдерін жинап дәл осы мәселені шешуді тапсырды.

 

Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің көшпелі отырысы Алматыға келді. «Мәдениет туралы» Заңның кем-кетігін толықтыру мәселелерін талқылаған алқа-қотан жиынын  Вице-спикер Гүлмира Исинбаева ашып, қаламақы мен қоғамдық маңызды кітаптар шығару мәселелеріне көбірек тоқталды.

Мәжіліс депутаттары Бекболат Тілеухан мен Майра Айсина мәдениет министрлігінің кітаптарды басып шығару мен тарату құзыретін кеңейтуді және жазушыларға қаламақы тағайындауды ұсынды.

Алматыдағы жиынға келген зиялы қауым өкілдерін де көптен мазалап жүрген мәселе қаламақының жоқтығы болса керек, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин бастаған, Олжас Сүлейменов, Әлібек Асқарлар қостаған бір топ қаламгер депутаттардың дегендерін құптап, өз пікірлерін айтты.

Олжас Сүлейменов, ақын:

Мен 25 жылда мемлекеттен бір тиын қаламақы алмаған жазушымын. Бұрын жазушылық кәдімгідей мамандық еді. Біз мақтанушы едік. Мен кәсіпқой жазушымын. Қазақ әдебиетін, ондағы қаламгерлерді өлтірмеуіміз керек. Ол үшін мемлекет қаламгерлерді, олардың жазатын кітаптарын қамқорлығына алуы керек. Осы ретте бізге Италияның тәжірибесін қолдану керек секілді. Бұл елде жекеменшік банктер табыстың бір бөлігін тәуелсіз қоғамдық мәдениет қорларына аударып отырады. Бұл қаражат классикалық әдебиетті қолдауға жұмсалады. Біздің де банктер табысының аз бөлігін осында аударып отырса, тақырға ұшырап қалмас еді. Мен осыдан бірнеше жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауында болғанда осы мәселені төтесінен қойған болатынмын. Ол кезде Елбасы қос палатаға тапсырма берді. Бірақ, неге екені белгісіз, мәселе шешілген жоқ. Қазіргі Заңда «басып шағару үшін» деген ғана сөз бар. Мемлекет кітапты басып шығару үшін ақша береді. Ал оны көз майын тауысып жазатын қаламгер туралы «ләм-мим» демейді. Жазушы болмаса кітап қайдан болсын?.. Әдебиетті дамыту, оны қолдау – Ұлтты өрістетудің жолы.


Әлібек Асқар, ҚР «Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы» ММ директоры:

Жас қаламгер Олжас Қасым деген інім кітап шығарып,  5 баспа табағы үшін 25 мың теңге қаламақы алыпты. Жарықтық, ол Олжастың бес жыл жазған еңбегі шығар. Соншама еңбегіне бар болғаны жиырма бес мың теңге алуы күлкілі ғой. Қаламақы мәселесін айта-айта жауыр болдық. Жақын арада шешіліп қалатын түрі бар сыңайлы. Қаламақы берілуі керек. Бір кездері Мемлекеттен қаламгерлерге деп 193 миллион теңге бөлінген еді. Кейін сол бөлінген ақшаның ізін таппай қалдық. Сөйтсек, министрліктің ішінде талан-таражға түсіп кетіпті. Енді осы жолы да сол қайталанбас үшін, осы заң жобасын жіті пысықтап алсақ дұрыс болар еді. Егер бүгін айтылғандай жазушыларға қаламақы берілетін болса – бұл 25 жылда жеткен ең үлкен жақсылық болар еді.


Гүлмира Исинбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері:

- Бұл заң жобасын біз әзірлеп, Үкіметке ұсындық. Қазір бұл депутаттық корпустан кетті. Өткенде Үкімет басшысының орынбасары Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов бірқатар министрлік өкілдерін жинап (ҚР Қаржы, ҚР Әділет, ҚР Мәдениет және спорт, ҚР Ұлттық экономика министрліктері) дәл осы мәселені шешуді тапсырды.

Біз ұсынған заң жобасы бойынша, Мәдениет және спорт министрлігі кітапты сатып алып, басып шығарумен тікелей айналысатын болады. Осы мақсатта министрлік жанынан арнайы комиссия құрылып, сатып алынатын кітаптарды анықтайтын болады. Сондай-ақ, авторға кітаптың 1 баспа табағы үшін 150 мың теңге көлемінде қаламақы тағайындалатын болады. Біз әуелде 3 жылдық жоспар бойынша қаламақы үшін бюджеттен 4 миллиард 919 миллион теңге қажет болады екен. Бұл ұсынысымызды Иманғали Нұрғалиұлы қолдады. Қазір жоғарыда аталған министрліктер заң жобасының редакциясын әзірлеп жатыр.

Түйін: Мәжілістің бір топ депутаты Алматыға ат басын бұрғанда қордаланып жатқан көп мәселе талқыға салынды.

Асанәлі Әшімов бастаған бір топ өнер майталмандары Мәдениеттегі кетеуі кетіп тұрған мәселелерін ортаға салса, әдебиетшілер қауымының көңілін күпті етіп жүрген қаламақы мәселесі, тираждың аздығы секілді тақырыптар сөз етілді. Мәжілістің Вице-спикері Гүлмира Исинбаев қаламақы мәселесінің биыл желтоқсан айынан қалмай шешілетінін айтып, бұл іске қолдау көрсеткен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы мен Вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовке алғысын жеткізді.

Сонымен, Оразалин мырза Мәжіліс мінберінде жүріп мың мәрте сөз еткен осы істің күрмеуі шешілетін, қаламгерлер қаламақыға қарық болатын күн алыс емес сияқты. Күтейік.

Көшпелі отырыс жиынынан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340