Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 5371 0 пікір 31 Қазан, 2016 сағат 12:21

«БАСТАУ» КИНОФЕСТИВАЛІ – ЖАСТАРҒА БЕРІЛГЕН ҮЛКЕН МҮМКІНДІК

Киноөндіріс саласына ерекше леп келді. Қазір жаңа толқынның нағыз өнер жасауына мүмкіндік туған уақыт. Әсіресе, бұған елімізде дәстүрлі түрде өтіп келетін «Еуразия», «Шәкен жұлдыздары» халықаралық кинофестивальдерінің қосар үлесі көп. Ал осымен алтыншы мәрте жалауын желбіреткен «Бастау» кинофестивалінің жастар шығармашылығын шыңдаудағы алар орны туралы әңгіме басқа.

Фестивальдің басты мақсаты – Еуропа мен Азияның жас кинематографистерінің арасында ынтымақтастық орнату, олардың жұмыстарын қолдап, дамытуға қол ұшын беру, түрлі жанрларда кино түсіруге деген қызығушылықты арттыру.

Алматыда 24-29 қазан аралығында өтетін студенттік фильмдер мен киномектептердің VI Халықаралық «Бастау» кинофестивалі салтанатты  түрде шымылдығын түрді. Биыл «Бастау» фестиваліне Қазақстанды қоса алғанда, 36 әлем елдерінен 305 өтінім келіп түскен. Құрамына режиссер Рымбек Әлпиев жетекшілік еткен, сонымен қатар режиссерлер Дамир Манабай, Азат Хакимов, Эля Гильман, киносыншы Кәрім Қадырбаев енген іріктеу комиссиясы конкурстық бағдарламаға 57 фильмді таңдап алды. Бұл фильмдер Bekmambetov Cinema 3D кинотеатрында қазанның 25-27 аралығында көрсетіліп, көрермен көзайымына айналды.

 «Бастау» – түрлі жанрлардағы қысқа метражды фильмдер сайысы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кино тілін дамытатын дәл осы қысқа метражды фильмдер. Ал, студенттік фильмдер жаңа стильге толы. Олар мәңгілік тақырыптарға жаңа дем беріп, заманының жаңа кейіпкерлерін сомдай біледі. «Бастау» кинофестивалінің «Ерекше оқиға» бағдарламасы аясында таяуда 21-інші Пусан халықаралық кинофестивалінде «Үздік қысқаметражды фильм» аталымы бойынша режиссер Елзат Ескендірдің «Өліара» атты туындысы көпшіліктің қошеметіне бөленіп, жүлделі орынға ие болғаны кино өндірісі саласындағы үлкен мәртебе. Сондай-ақ, «Ерекше оқиға» бағдарламасы аясында Владимир Меньшовтың «Құдайлардың қызғанышы» және жақында өмірден өткен ирандық кинорежисер Аббас Киаростамидың «Мені үйіңе ала кет» атты киноленталары киносүйер қауымның көңілінен шықты.

Биыл «Бастау» кинофестивалінің ерекшелігі – көптеген елдерде танымалдылыққа ие болған «Көше кино фестивалі» («Фестиваль уличного кино») жобасының сәтті жүзеге асуы. Ал фестивальдің ұйымдастырушысы және директоры Александр Щеряков «Бастау» аясында шеберлік дәрісін өткізіп, көлемді киножобаны қалай жүзеге асыруға болатындығы туралы әсерлі әңгімесін баяндады. Сонымен қатар фестиваль аясында өткен «Телевидение және жаңа медиа: тілі, технологиялар және модельдер» атты ғылыми-технологиялық конференцияда Халықаралық киномектептер  қауымдастықтығына жаңа мүшелер қабылдауға байланысты    қол қою рәсімі өтті. 

«Бастау-2016» халықаралық қазылар алқасының құрамына кеңестік және ресейлік театр және кино актері, кинорежиссер, сценарист, продюсер, «Оскар» жүлдесінің иегері Владимир Меньшов (қазылар алқасының төрағасы), голливудтық қоюшы оператор Хиро Нарита («Жұлдызды жол VІ»,  «Табыттың әңгімелері», «Қымбаттым, мен балаларды кішірейттім»), британдық жазушы, куратор, режиссер, азиалық кино маманы Джаспер Шарп, ресейлік актриса Анна Горшкова («Байғұс Настя»), сонымен қатар танымал қазақстандық актер, сценарист, режиссер және продюсер Нұртас Адамбай кірді. Сондай-ақ фестивальға құрметті мейман ретінде Санкт-Петербор кино және телеарна институтының ректоры Александр Евменов, New York Film Academy профессоры Лидия Седроне, Whistling Woods  International үнді киномектебінің сценаристі, профессор Ашвини Малик, иран продюсері Али Камали, Шота Руставели атындағы Тбилиси театр институтының профессоры Давид Джанелидзе және Иранның  Karnameh Institute of Arts and Cultures атты киномектебінің негізін қалаушылардың бірі Али Реза Солтани Ширази шақырылғанын айта кеткен жөн.

Кинофестиваль аясында CILECT Киномектептерінің халықаралық қауымдастығы сәтті жұмыс істеп келеді. Қауымдастық арқасында студенттер өзара тәжірибе алмасып, АҚШ, Ресей, Түркия және басқа да елдерде кәсіби біліктілігін жетілдіріп, беделді кинофестивальдерде жүлдеге ие болуда. Әсіресе, қауымдастық жұмысының нәтижесі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы студенттері еңбегінен көрінеді. Бүгінде академияның студенттері «Еуразия» және «Шәкен жұлдыздары» халықаралық кинофестивальдерінің, «Шабыт» және «Жігер» жастар шығармашылық фестивалінің, «Әулие Анна» және «Жаңа көзқарас» студенттік кинофестивальдерінің жеңімпаздары атанып жүр. 

«Бастау» кинофестивалі – үлкен жолдың бастауы. Ол жаңа идеялар, көзқарастар мен шешімдер көрініс тапқан кино туындылары. Дәл осы фестиваль жас режиссерлер мен сценаристердің өз жобаларын іске асыруына мүмкіндік туғызып, шығармашылық жұмыстарына шабыт сыйлайды.  

Сергей Азимов, «Бастау» халықаралық кино фестивалінің президенті:

– Байқауға кино саласындағы ЖОО-ның студенттері де, әуесқой режиссерлер да қатыса алады. Біз өз міндетімізге адал, өз атымызға лайық болуға тырысамыз. Өйткені «Бастау» – жаңа көзқарас пен шығармашылық еркіндіктің бастауы болуы тиіс. Байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алады. Ұсынылған жұмыстар драматургия, визуалды шеберлік және сценарийде сөз болған тақырыптың өзектілігі сынды үш талап бойынша бағаланады.

«Бастау» – киномектептердің фестивалі. Біз осы арқылы әлемдегі киномектептердің қауымдастығын құрдық. Кезінде  І, ІІ «Бастау» кино фестиваліне қатысқан киномектептер меморандумға қол қойған болатын. Бүгінде бұлардың саны 50-ге жетіп отыр. Биыл фестивальге бірнеше киномектептің өкілдері қатысты. Киноиндустриясы дамыған Үндістан, Иран, Грузия, Америка, Ұлыбритания, т.б. мемлекеттерден мамандар келді. Біз киномектептер қауымдастығын не үшін құрдық? Бүгінде студенттер жеке келісім бойынша киномектептерге еркін барып, білім алып, тәжірибе алмаса алады. Сенесіз бе, Нью-Йорк киноакадемиясында 50-ден астам қазақ жастары оқып жатыр. Мұндай мүмкіндік ешбір мемлекетте жоқ.

Әрине, «Бастауды» алғаш өткізген жылдары біраз кедергі туындады. Ол кезде  кинофестиваль жауында жұрт біле бермейтін. Қазір студенттердің шығармашылық жұмысы барысында едәуір танымал болдық. Сол сияқты кинофестивальдің әділқазы алқасы да  осал емес. «Оскар» жүлдегері Владимир Меньшовтың әділқазы төрағасы болуы кинофестивальдің маңыздылығын арттыра түседі. Ал қаржыландыруы жағынан «Еуразия» кинофестивалімен салыстырсақ, жер мен көктей. Оның бюджеті он, он бес есе көп. Мәселе тек ақшада емес. Әр фестивальдің өз талабы, атқарар міндеті бар. Біздің фестиваль жастарға ауадай қажет. Яғни, жастар фестивальді өздері өткізіп, өздері басқарады. Халықаралық қазылар алқасымен қатар фестиваль аясында дәстүрлі түрде студенттік қазылар алқасы да жұмыс істейді. Себебі олар құрдастарының жұмысын бағалайды.  Олардың қатарында Түркия,  Қазақстан, Грузия, Қырғызстан, Ресей өкілдері бар.

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560