Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2825 0 пікір 26 Қазан, 2016 сағат 23:03

Шаруашылық реформалары – халық игiлiгiне

Қазақстан тәуелсiздiктiң алғашқы жиырма бес жылында Елбасының кемеңгерлiгiнiң, сарабдал саясатының арқасында небiр күрделi кезеңдердi артқа тастап, әлем елдерiне үлгi боларлық ғаламат даму жолынан өттi. Халқының ынтымағы мен экономикасының өркендеуiнiң нәтижесiнде халықаралық қауымдастықтың алдында зор беделге ие мемлекетке айналды. Бiрақ бүгiнде жетiстiктерге тоқмейiлсiп отыратын уақыт емес. Үнемi алға ұмтылып, жаңғырып, жаңарып отырмағандарды замана көшi артқа ығыстырып, даму жолынан тайдырып жiберетiнi анық. Қазiргi дүниежүзiлiк экономикалық дағдарыс, ғаламдық саяси тұрақсыздық пен әскери қақтығыстар етек-жеңiмiздi жиып, уақыт талабына сай әрекет етуiмiз керектiгiн көрсетiп отыр.

Қазақстанды небiр тар жол, тайғақ кешулерден, терең дағдарыстардан аман-есен алып шыққан Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолы да көреген шешiм қабылдап, батыл қадамдар жасай бiлдi. Соның дәлелi Елбасының бес институционалды реформасы мен оны жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт жоспарының қабылдануы дер едiк.

Қазақстан Президентiнiң бес халықтық реформаларды қабылдауы – отандық экономиканы жаңа, биiк белеске көтерерi талассыз. Осынау күрделi кезеңде түпкiлiктi реформаларды жүзеге асырудағы басты мақсат – дүниежүзiндегi бәсекеге барынша қабiлеттi отыз мемлекеттiң арасынан ойып тұрып орын алып, Мәңгiлiк Елге айналу. Бұл тарихи жауапкершiлiктi бүкiл ел тұрғындарымен қатар Оңтүстiк Қазақстан облысының халқы да толықтай сезiнiп отыр.

Елбасының көрегендiгiмен қабылданған бес реформа – халықты елдiк мақсатқа жұмылдырып, отандастарымыздың әл-ауқатын көтерiп, бiлiм, ғылым, өндiрiс саласында қолға алынған мемлекеттiк бағдарламаларды тиiмдi жүзеге асыруға жол ашпақ. Мемлекеттiк бағдарламалар демекшi, қазiр әлемнiң барлық белгiлi ақпарат құралдары дағдарыс тудырған қиындықтар туралы жар салып жатыр. Ал, Қазақстанда жекелеген салаларда iркiлiс байқалғанымен, тұтастай алғанда халық дағдарыстың зардабын айтарлықтай сезiнiп отырған жоқ. Халықтың табысы да, жұмыссыздық деңгейi де тұрақты. Мемлекет тұрғындардың алдындағы әлеуметтiк мiндеттемелерiн толықтай орындап келедi. Бiлiм беру, денсаулық сақтау секiлдi маңызды салаларға бұрынғысынша баса назар аударылуда, бизнеске де жан-жақты қолдау көрсетiлуде. Құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ, ауыл шаруашылығы саласының көрсеткiштерi жылдан-жылға жақсарып келедi. Бiр ауыз сөзбен айтқанда, қазiргi экономикалық қиындықтар халықтың қабырғасын қайыстырып отыр деуге ешқандай негiз жоқ. Осының барлығы Елбасының тапсырмасымен қабылданған «Нұрлы жол», Үдемелi индустриалды-инновациялық даму, «Бизнестiң жол картасы – 2020» сынды мемлекеттiк бағдарламалардың жемiсi. Бүгiн бiз сол бағдарламалардың орындалу барысын сараптап көрудi жөн санап отырмыз.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған дағдарысқа қарсы бағдарламалардың негiзгiсi – «Нұрлы жол». Инфрақұрылымдық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған бұл бағдарламасы бiрнеше бағыттан тұрады. Атап айтқанда, жылу, ауызсумен қамтамасыз ету, кәрiз жүйелерiнiң құрылысын жаңғырту және қайта құру жұмыстарын бiрiншi бағыт қамтиды. Жергiлiктi атқарушы органдардың деректерiне сүйенсек, бұл бағыт бойынша 2015-2016 жылдарға 6 жобаға 5 миллиард 500 миллион теңге бөлiнген. Өткен жылы жоспарға сәйкес бiр жоба iске асып, 1,2 миллиард теңгеге 6,5 шақырым жылу құбыры тартылған. Қалған 5 жоба 2016 жылы атқарылуы тиiс. Соңғы мәлiметтер бойынша жыл басынан берi 5 жобаға 1,1 миллиард теңге бөлiнген және толықтай игерiлген. Қаржыландыру бекiтiлген жоспарға сәйкес жүзеге асады және тиiстi қаржы жыл соңына дейiн игерiледi.

Екiншi бағыт тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуды көздейдi. Өткен жылы Ұлттық қордан бөлiнген 160,8 миллион теңгеге 324 пәтерлi 9 қабатты үйдiң құрылысы аяқталып, халықтың игiлiгiне берiлсе, биыл бұл бағыттағы жұмыстың көлемi әлдеқайда ұлғайғаны байқалады. Атап айтар болсақ, 2016 жылы инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымның 11 нысанының құрылысын жүргiзуге Ұлттық қордан 5 миллиард 200 миллион теңге қаржы бөлiнген. Алғашқы сегiз айдың қорытындысы бойынша, 2 миллиардқа жуық теңге игерiлiптi.

Үшiншi бағыт әлеуметтiк инфрақұрылымды жетiлдiруге арналған. 2015 жылы бұл бағытта 9 мектеп пен 1 балабақша салынды. Оған 2,8 миллиард теңге жұмсалды. Ал, биыл бұл бағытқа бөлiнiп отырған қаржы қомақты. Дәлiрек айтсақ, Ұлттық қордан 13 миллиард теңге бөлiндi. Бұл қаржыға 23 мектеп пен 1 балабақшаның қайта құру жұмыстары мен құрылысы жүргiзiлуде. Тамыз айындағы деректер бойынша 5 миллиард 405,3 миллион теңге игерiлген.

Елбасы тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жол» бағдарламасының толық әрi уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшiн облыста арнайы жұмыс тобы құрылып, әрбiр нысанның құрылысы қатаң бақылауға алынған. Жоспарға сәйкес жыл соңына дейiн бөлiнген бюджет қаржысы толық игерiлiп, 20 нысан пайдалануға берiледi. Оның iшiнде 9 мектеп, 1 балабақша және 10 инженерлiк-инфрақұрылым желiлерiнiң құрылысы аяқталады.

Көрiп отырғанымыздай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Нұрлы жол» мемлекеттiк бағдарламасының мақсаты – инфрақұрылымды дамыта отырып, құрылыс саласындағы компаниялар мен тауар өндiрушiлердi қолдау, сол арқылы әлемдiк дағдарыс кезеңiнде отандық экономиканың тұрақтылығын сақтап қалу. Елiмiздiң дағдарыстан қаншалықты абыройлы шығары осы бағдарламаға бөлiнген қаржының тиiмдi әрi мақсатты жұмсалуына байланысты десек қателеспеймiз. Әрi бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстар қарапайым халықтың да күнделiктi өмiр сүру сапасының жақсаруына ықпал етуде.

Ел экономикасын әртараптандыру Президент Н.Назарбаев ұстанған саясаттың басым бағыттарының бiрi. Бұл жұмыстар Үдемелi индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының аясында жүзеге асып келедi. Оңтүстiк Қазақстан облысында бағдарлама басталғалы берi Индустрияландыру картасына енген 143 жоба жүзеге асқан. Оның жалпы құны 223,3 миллиард теңгенi құрайды. Өңiрде барлығы 12 600 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның iшiнде алғашқы бесжылдықта құны 176,5 миллиард теңгенi құрайтын 115 жоба жүзеге асып, 10 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Осы кезеңде ҮИИД бағдарламасы аясында өңiрiмiзде ашылған кәсiпорындар 180 миллиард теңгенiң өнiмiн өндiрiптi.

Екiншi бесжылдықта Индустрияландыру картасына 119 жоба енген. Оның жалпы құны 846 миллиард 100 миллион теңгенi құрайды. Яғни тартылатын инвестиция көлемi бiрiншi бесжылдықпен салыстырғанда 4 еседей көп. Сондай-ақ, 2019 жылға дейiн 18 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Жақында облыстық мәслихат депутаттарының алдында есеп берген облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов аталған бағдарламаның қазiргi орындалу барысы жайлы жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, биыл Үдемелi индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында 16 жобаны iске қосу жоспарланған. Бұл жұмыстарға 27,2 миллиард теңге инвестиция тартылады. Аталған кәсiпорындар толықтай жұмыс iстей бастағанда жаңадан 845 жұмыс орны пайда болады. Бүгiнгi күнге дейiн екеуi iске қосылып үлгердi. Олардың бiрi – «Шымкент май» акционерлiк қоғамының өсiмдiк майын өндiру көлемiн ұлғайтуға бағытталған жобасы. Жоба аясында 1 миллиард 920 миллион теңге инвестиция құйылып, кәсiпорында қосымша 26 жұмыс орны пайда болды. Ал, екiншiсi – Қазығұрт ауданындағы «Lotus Food Company LLC» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң тез әзiрленетiн тағамдар өндiру зауыты. Жаңа кәсiпорынның жалпы құны 471 миллион теңгенi құраса, онда 48 жаңа жұмыс орны ашылды.

Өңiр басшысының айтуынша, 2016 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша Индустрияландыру картасына енген кәсiпорындар 59,7 миллиард теңгенiң өнiмiн өндiрген. Мiне, осындай қолдау шараларының нәтижесiнде бiрiншi жартыжылдықта облыстың өнеркәсiп саласында 384 миллиард теңгенiң өнiмi өндiрiлген. Бұл өткен жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда 5,3 пайызға жоғары.

Оңтүстiк өңiрде «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасы да нәтижелi жүзеге асып жатыр. Айталық, жыл басынан аймақтық үйлестiру кеңесiнiң 7 отырысы өтiп, онда жалпы инвестициялық құны 70,1 миллиард теңгенi құрайтын 144 жоба қаралып, мақұлданды. Жобалар толық iске асқан кезде 1 213 жұмыс орны құрылатын болады.

Бағдарламаның бiрiншi және екiншi бағыттары бойынша жұмыстарға тоқтала кетсек, 78 жобаны жүзеге асыруға екiншi деңгейлi банктерден алынған несиенiң пайыздық үстемеақысын субсидиялауға 19 миллиард 200 миллион теңге жұмсалған. Соның арқасында кәсiпкерлерге банктерден алған несиесi 7 пайыздық үстемеақымен түсiп отыр.

Екiншiден, «Даму» кәсiпкерлiктi дамыту қоры» акционерлiк қоғамы 5 жобаға алынған несиенiң бiр бөлiгiн кепiлдендiрудi мiндетiне алды. «Бизнес ОҚО» өңiрлiк үйлестiру кеңесiнiң кезектi отырысында мақұлданғандардың қатарында «Ұлан» ғылыми-тәжiрибелiк базасын дамыту мен кеңейтуге бағытталған жеке кәсiпкер Оразалиевтiң жобасы да бар. База қонақүйлер мен спорттық-сауықтыру кешендерiн қамтиды, спорттық құрылғылар сатып алу мен тұрғын жай салу есебiнен кеңейтiледi. Ал, мақұлданған екiншi жоба бойынша Баймырзаева Бақытгүл нан-тоқаш және кондитерлiк өнiмдер шығаруды қолға алады. Несиеге алынған қаражат цехтың құрылыс жұмыстарына жұмсалмақ. Қолдауға ие болған үшiншi жоба бойынша «Нұр АСУ» мектепалды шағын орталығы кеңейтiлсе, «Санжар» ЖШС-i диiрмен кешенiн сатып алуды көздеп отыр. Бұл – төртiншi жоба. Сондай-ақ, бидай өңдеумен айналысатын «Асыл LTD» ЖШС-i мемлекеттiң қолдауының арқасында өзiнiң айналымын толықтыруды жоспарлауда.

«Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасының үшiншi бағыты кәсiпкерлердiң валюталық тәуекелдерiн төмендетуге арналған. Осы мақсатта үш жобаның банктерден алынған несиесiнiң пайыздық үстемеақысы субсидияланды. Оған 4,7 миллиард теңге жұмсалған.

Жалпы, 2016 жылы облыста аталған бағдарлама шеңберiнде 464 бизнес-жобаға мемлекеттiк қолдау көрсету жоспарланған. Оған 5 миллиард 673 миллион теңге бөлiнiптi. Жалпы, «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасының қатысушылары есептi кезеңде бюджетке 6 миллиард 700 миллион теңге салық төлеген. Сондай-ақ, өңiрдегi «Кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталықтары» аталған мерзiмде 19 905 бизнесменге қызмет көрсеткен. Осының барлығы Оңтүстiкте бизнеске барынша қолайлы жағдай жасалып, өз iсiн ашқандарға жан-жақты қолдау көрсетiлiп жатқанын аңғартады.

Мемлекет басшысының өңiрiмiзге келген әр сапары жақсы iстердiң бастауына айналып, тұрғындарды қуанышқа бөлейтiнi рас. Жүректерiнде жалыны бар, жүздерi мейiрiмге толы оңтүстiкқазақстандықтар Ұлт Көшбасшысын әрдайым ерекше ықыласпен күтедi. Елбасы да елге етене жақын, әсiресе, күнгей өңiрдiң еңбексүйгiш халқына деген ықылас-пейiлi ерек. Н.Назарбаевтың биылғы сәуiр айында өңiрге арнайы сапармен келгенi белгiлi. Президенттiң сонда бiлдiрген ыстық лебiзi мен нақты тапсырмалары барша жерлестерiмiздi жiгерлендiрiп, жаңа белестерге ұмтылдырды. Өңiр тұрғындарының Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы қарсаңындағы толағай табыстары соның айғағы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5597