Жексенбі, 24 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 4066 0 пікір 26 Қазан, 2016 сағат 13:33

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМНІҢ ОҢ ҮРДІСІ БАЙҚАЛАДЫ

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен  селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында биылғы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың және мемлекеттік бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды, - деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті.

 

Өсім өрледі

Отырыста жарияланған мәлі­меттерге сүйенсек, ел экономикасының өсімі өрге өрлеген. Алдын ала деректер бойынша, 9 айда тауарлар өндірісінің 0,2 және көрсетілген қызметтер өндірісінің 0,4 пайызға артуы есебінен экономиканың өсу қарқыны 0,3 пайыздан 0,4 пайызға дейін жедел қарқынмен өскен. Азық-түлікке салынатын салықтар нақты мәнде 1,8 пайызға артты. Сонымен қатар, инфляциялық үдерістер бәсеңдеп, валюта нарығындағы ахуал тұрақтанып келеді. Бизнестің инвестициялық белсенділігі мен елдің халықаралық резервтері өсуде. Сондай-ақ, жұмыссыздықтың төмен деңгейі сақталуда. Бұл мәліметтерді отырыста Ұлттық экономика ми­нистрі Қуандық Бишімбаев айтты. Министрдің мәлімдеуінше, бұған экономиканы әртараптандыру жөніндегі бағдарламалар мен жоспарларды іске асыру, инфрақұрылымды, кәсіпкерлікті және АӨК-ті дамыту, сондай-ақ жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша шаралар септігін тигізді.

Экономиканың өсуіне негізгі үлесті құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік саласы және өңдеу өнер­кә­сі­біндегі өнімінің ұлғаюы қосқан. Ал кен өндіру өнеркәсібінің үлесі 4,4 пай­ызға төмендеген. Мұны баяндамашы мұнай, көмір және темір кенін өндірудің қысқаруымен байланыс­тырды. Өнеркәсіптің төмендеуі 2,3 пайыздан биылғы жылдың 9 айының қорытындылары бойынша 2 пайызға дейін қысқарған. Сонымен, қаңтар-қыркүйекте өңдеу өнеркәсібінің өсуі 0,6 пайызды құрады. Бұл ретте өңірлік бөлі­ністе өнеркәсіп өнімдерінің шыға­ры­лымы 9 өңірде өсіп, 7 өңірде төмен­деген.

«Көшбасшы үштікке 5,2 пайыздық өсіммен Қарағанды облысы, 4,9 пайыз­дық өсіммен Оңтүстік Қазақстан облысы,4,5 пайыздық өсіммен Ақмола облы­сы кірді. Ең көп төмендеу Қызыл­орда облысында – 10 пайыз, Маңғыс­тау облысында – 3,6 пайыз, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында 2,5 пайыз байқалып отыр», деді Қ.Бишімбаев.

 

Инфляция икемді

Инфляция деңгейі елімізде жылдың басынан бері 5,6 пайызды құрады. Ұлттық экономика министрінің мәлім­деуін­ше, елімізде инфляциялық үдеріс­тер­дің бәсеңдеуі байқалады. Мәселен, өткен айда инфляция 0,2 пайызға дейін саябырсыған. Азық-түлік емес тауар­лардың 6,8 пайызға қымбаттауы инфляцияға 2,2 пайыздық «үлес қосып» отыр екен.

«Азық-түлік тауарларының бағасы 4,9, ақылы қызметтер 5,3, оның ішінде реттелетін қызметтер 7,6 пайыз өсті. Өңір­­­лік бөліністе 7 өңірде инфляцияның орташа республикалық деңгейден асып кетуі байқалды. Ең жоғары инфляция Маң­­ғыстау облысында 7,2 пайыз деңгейін­де, Астана қаласында 6,6 және Оңтүс­тік Қазақстан облысында 6,4 пайыз деңгейінде тіркелді», деді Қ.Бишімбаев.

 

Инвестиция игерілді

Биылғы 9 айда инвестициялардың кө­лемі 4,1 пайызға, яғни 5,1 трлн теңгеге өскен. Өсу «Нұрлы жол» және «ҮИИ­ДМБ» бағдарламаларының шеңберінде индустриялық-инновациялық және инфра­құрылымдық жобаларды іске асы­руға негізделген. Өткен жылдың осы ке­зең­інде инвестициялардың өсуі 3,5 пайызды құраған екен. Ал елдің сыртқы сауда ай­налымы 28 пайызға дейін қыс­қарған. Экс­порт 23 млрд АҚШ долларын және им­порт 15,4 млрд АҚШ долларын құра­ды. Экспорттың құндық көлемінің төмен­деуіне мұнай, алюминий, темір рудасы, мыс, мырыш сияқты шикізат тауар­ларының бағасының төмендеуі айтар­лық­тай әсер еткен.

 

Қорымыз қомақты

Валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтануы аясында Ұлттық банктің Алтын-валюта қоры өсуде. Жыл басынан бері Алтын-валюта резерві 12,7 пай­ызға, яғни 21,4 млрд АҚШ долларына дейін өсті, бұл 2012 жылғы шілде­ден бастап соңғы 4 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Елдің халық­аралық резервтері 95,8 млрд АҚШ долларын құрап, жыл басынан бері 4,8 пайызға өсті, оның ішінде Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 1,4 пайызға өсіп, 64,4 млрд АҚШ долларын құраған.

 

Бюджет берекелі

Үкімет отырысында Қаржы ми­нистрі Бақыт Сұлтанов мемлекеттік бюджеттің 9 айдағы орындалу барысын қоры­тын­дылады. Министр түсімдердің асыра орындалғанын, ал салық өткен жылды тұтастай есептегендегі көрсеткішпен тең көлемде жиналғанын атап өтті. Ми­нистрдің айтуынша, түсімдер шамамен 1 трлн теңгеге артық орындалды. Бұл макроэкономикалық жағдайдың жақ­сар­ғанын көрсетеді. Түсімдерді асыра орындау бюджетті нақтылаудың негізі болды. Жалпы, мемлекеттік бюджеттің тү­­сім­­дері 126 пайызға, оның ішінде рес­пуб­­ликалық бюджет 131 пайызға, ал жер­­гі­­лікті бюджеттер 115 пайызға орын­далған.

Б.Сұлтанов биылғы жылдың соңына дейінгі бюджеттік міндеттерге де тоқтал­ды. Бірінші кезекте министр 379 млрд теңге сомасына бюджеттің нақтыланғаны туралы айтты. Қайта бөлуді ескергенде, игерілуі тиіс жаңа ақша 589 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражат эконо­ми­калық өсім мен әлеуметтік жобаларды күшейтеді.

«Әкімшілердің барлық жоспарлары бекітілді, жаңа қаражаттың 84 пайызы қазан және қараша айларында игерілетін болады. Ол үшін Қаржы министрлігінің порталына бақылау жүйесі енгізілген. Мемлекеттік органдар қараша айында келісімшарттарды тіркеуді аяқтап, толық игеруді қамтамасыз етуі тиіс», деді Б.Сұлтанов. Екіншіден, заң­дас­­тыру акциясын аяқтау бойынша жұмыстар жүйелендірілетін болады, қатысу­шылардың жеделділігі мен сенімі қам­тамасыз етіледі. Сонымен қатар, бәсе­келестік ортаға беру үшін ведомствоға бағынышты ұйымдарды түгендеу бойынша жұмыстар аяқталатын болады. Үшінші кезекте келесі жылдың бюджетін жоспарлау маңызды міндеті тұр.

«Біз жылды толық әрі сапалы аяқтауға әзірміз. Экономикалық тұрақтылық міндет­терін шешу үшін барлық қазына­лық шаралар қабылданатын болады», деді министр.

Отырыста, сонымен қатар, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, Инвес­ти­циялар және даму министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау, Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзалиев, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов және бірқа­тар облыстардың әкімдері сөз алып, биылғы жылдың 9 айының әлеуметтік-экономикалық қорытындылары туралы баяндады. Жиында, сондай-ақ, өңірлерді дамытудың бірқатар мәселелері қаралды. Оған қоса, бірқатар заңнамалық актілер, қосымша заңдар талқыланды.

 

Түйіндер тарқайды

Өңірлерді дамытудың түйінді мә­селелеріне қатысты негізгі баяндаманы Ұлттық экономика министрі Қ.Би­шімбаев жасады.

«Жергілікті атқарушы органдар 64 проблемалық мәселе енгізді. Оның ішінде 27 мәселе республикалық бюджеттен 222,7 млрд теңге мөлшерінде қар­­жы­­ландыруды талап етеді. Пробле­­малық мәселелердің басым көпшілігі көлік инфрақұрылымы саласына қа­тысты. Сондай-ақ, өңірлер инженерлік инфра­құрылымды, сумен қамту, өнеркә­сіпті дамытуды, қоршаған ортаны қор­ғау және төтенше жағдайларға қарсы іс-қимылды, білім беруді, денсау­лық сақтауды, ветеринарияны қаржылан­дыруды сұрап отыр», деді Бишімбаев. Оның айтуынша, 5 аймақ 78,2 млрд тең­геге қаржыландыруды қа­жет ететін проб­лемалық мәселелерді енгізген. Олар­дың барлығы көлік инфра­құ­ры­лымына қатысты.

«Алматы облысының әкімдігі ірі жоба (Алматы қаласының 6 көшесін «Үл­кен Алматы айналма автомобиль жолына» кіргізу) ұсынып отыр. Ол – 59 млрд теңге. Бұл жобаны ҮАААЖ құрылысы аяқталғаннан кейін қарауды орынды деп есептейміз. Атырау облысының әкімдігі 2016-2018 жылдары 11,3 млрд тең­геге қаржыландыру үшін тағы бір жоба («Индер–Қарабау–Миялы–Сағыз» облыстық жолын жөндеу, 123 км) ұсынды. Батыс Қазақстан облыстық жолдарды жөндеуге республикалық бюджеттен жыл сайын 7 млрд теңгеден бөлуді сұрайды. Қызылорда облысы әуежайды жаңғыртуға 0,8 млрд теңге сұрап отыр», деді министр.

Отырысқа онлайн режімде қосылып отырған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өз кезегінде Үкімет бас­шы­сынан өңіріндегі ескі мұнай ұңғыма­ларынан май ағып, экологияны бүлді­ріп жатқанын айтып, көмек сұрады.

«Энергетика министрлігінде бұрын игерілген ескі мұнай кен орын­дар­ындағы 89 ұңғыма тіркелген. Олар апат­­ты жағдайда, кей жерлерде сол ұғы­ма­­лардан май ағып, жерді, суды бүлдіріп, экологиялық зардап әкеліп жатыр. Сон­дай-ақ, Атырау облысында 180 гидрогео­логиялық ұңғыма тір­келген. Олардан да су атқылап, қазіргі таңда бақылаусыз жатыр. Сіздің атыңызға мен осы ақпараттарды жазып, қол­дауыңызды сұраған едім. Тиісті мем­лекеттік органдарға тапсырма беруіңізді сұраймын. Бұл өте қауіпті жағдай, қазір шара қолданбасақ, соңынан кеш болуы мүмкін», деді әкім.

Ал Бақытжан Сағынтаев бұл мә­се­ле орынды екенін айтып, назарда ұстай­тынын жеткізді.

«Көтеріліп отырған мәселе өте орын­ды. Энергетика министрлігінен Инвес­ти­циялар және даму министрлігімен бір­лесіп, осы мәселені қарастыруды сұрай­мын», деді Үкімет басшысы. Әрине, бұл – қомақты қаржыны қажет ететін мәсе­лелер. Осы ретте, Үкімет басшысы кейбір әкімдердің жергілікті әлеуметтік мәселе­лерді шешу үшін Үкіметтен қаржы сұрауын сынға алды. Үкімет басшысы Сол­түстік Қазақстан облысының әкімін мысалға келтірді.

«Сіздер Үкіметке хат жазып, қол қоярдың алдында сәл ойланыңыздар. Кейбір хаттарыңызды қараудың өзі ұят. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі жергілікті әлеуметтік мәселелерді шешу үшін орталықтан 30 млн теңге сұраған. Бұл енді күлкілі ғой. Жергілікті мәселені шешуге 30 млн теңге табуға болады ғой. Сондықтан хатты жолдар алдында дұрыстап ойланып, қарап алыңыздар», деді Б.Сағынтаев.

 

Міндетті меже

Айтқандай, өткен жолғы Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа ескерту жасаған еді. Өйт­кені, мұнайлы өлкенің басшысы шағын және орта бизнесті қолдауға Үкі­мет бөлген 692 миллион теңгенің игеріл­мегені айтылған. Кешегі отырыста Пре­мьер-Министр әкімнен сол жағдайға байланысты есеп беруін сұрады.

«Бұл конкурстардың кеш өтуіне бай­ланысты болып отыр. Біз мұны жыл соңы­на дейін шешеміз», деді Н.Ноғаев. Ал Үкімет басшысы бұл мәселеге қатыс­ты жыл соңында тағы да есеп сұрайты­нын ескертті. Сонымен қатар, ол барлық әкімдерге бюджеттің әрбір теңгесін дер уақытында игеру бойынша жұмыстар жүргізу қажеттігін қатаң тапсырды.

«Біз 9 қыркүйекте 400 млрд теңгеден астам қаржы бөлдік. Жұмыстарда қандай да бір кемшіліктер бар болуы мүмкін. Бірақ жыл соңына дейін барлық қаржыны игеру қажет», деді Сағынтаев.

Отырыстың қорытындысында Пре­мьер-Министр Б.Сағынтаев Үкімет биыл ішкі жалпы өнім өсімін 0,5 пайыздық межеден асыруды жоспарлап отырғанын атап өтті.

«Көріп отырғанымыздай, 9 айдың қорытындысында экономикалық өсімнің оң үрдісі байқалады. Жыл соңына дейін Мемлекет басшысының өсімді 0,5 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауға барлық мүмкіншілік бар. Жоспарды орындайтындығымызға еш күмән жоқ. Яғни, инфляция дәлізін 6-8 пайыздық межеде ұстап тұруға, сақтауға және онымен жұмыс істеуге тиіспіз. Бірқатар түзетулер болуы мүмкін. Бірақ тапсырма жүктелді және ол орындалуы тиіс», деді Б.Сағынтаев.

Динара БІТІКОВА

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5607