Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 4330 0 пікір 20 Қазан, 2016 сағат 11:48

ДІНИ МИНИСТРЛІКТІҢ ҚҰРЫЛУЫ - ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ НЫШАНЫ

Санаулы күн бұрын Елбасы тапсырмасымен құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталған құзіретті органның негізгі ұстанымдары мен мемлекеттің дін саласындағы саясатының басым бағыттары туралы айтқан  болатын. Министрдің брифингте айтқан баяндамасындағы мәселелерге қатысты «Асыл сөз» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ пікірін білдірген еді.

  

Дін тұтқанның діңін түзейік...

Дін мен мемлекет ерлі-зайыпты сияқты. Кейде-кейде аралары суысып тұрғанмен, түптеп келгенде, бірінсіз-бірі бақытты ғұмыр кеше алмайды. Ол екеуінің бөлек болғаны ешкімге пайда әкелмейтінін тарихтан көріп отырмыз. Сондықтан дін де, мемлекет те дамып, гүлденуі үшін бірін-бірі қолдап, қорғауы керек. Елімізде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылып, дін және мемлекет саласында жүйелі түрде жұмыс жасауға кіріскеніне өз басым осы тұрғыдан қуандым.

Жақында жаңа министр Н. Ермекбаев мырза ақпарат құралдарымен басқосу жасап, бұл министрліктің негізгі бағыт-бағдарларын түсіндіріп берді. Солардың біріншісі «дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, оның ішінде діни бірлестіктермен өзара әрекеттесу, азаматтардың діни сенім бостандығы құқығын қамтамасыз ету» екендігін білдік. Бұл дұрыс. Өйткені дін саласында да мемлекеттік саясат керек. Онсыз тәртіп те, жүйе де болмайды. Мысалы, әркім діни білімді өзіне және еліне қауіпсіз жерде алуға тиіс. Бағыты бейтаныс жерде діни сауатын ашып, ел ішінде «Анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес» деп бүлік шығарып жүретін адамдар бізге керек емес. Оның орнына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен ақылдаса, кеңесе отырып, сан ғасыр бойы ата-бабамыз ұстанып келген дәстүрлі дінді оқытатын орындар ашып, еліміздегі жастарды сол жерлерде жүйелеп оқыту қолға алынса, бізді жау да, дау да ала алмайды. Қазір жұрт діннен шошитын болды. Өйткені оны жеккөрінішті етіп көрсетіп жүргендер бар. Олай болмауға тиіс. Керісінше, жастардың адал, еңбекқор, таза, ар-намысты болуы үшін дініне беріктік керек. Ұлттық мәдениетіміз де Исламнан шалғай жатқан жоқ. Сондықтан бұқара халыққа дәстүрлі дін үйретілуі керек. Тұрмағамбет Ізтілеуов атамыздың керемет бір сөзі бар: «Дін, бұзылмайды. Алланың аманаты – ҚұранКәрім қолымызда. Дін – тұтушыдан бұзылады», - дейді. Бұл ақиқат сөз. Бұдан дін жаман емес, оны тұтушы жаман деген қорытынды шығады...

Сондай-ақ министрдің «еліміз үшін салафизмді мүлдем жат, теріс ағым деп санаймыз» деген пікірі мемлекеттің нақты ұстанымын білдірсе керек. Жаттың жат екені білінсе, оған байланысты жұмыстар жүргізіледі ғой.

Министр діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін жалпы профилактика және мақсатты реабилитациялау жұмыстары жүргізілетінін де нақты атап көрсетті. Бұл да халық үшін жақсылықтың нышаны. Әсіресе, жалпы профилактиканың дұрыс жүзеге асуын қатаң қадағалау керек. Қаражат қайда бөлінді? Қайда жұмсалды? Қандай нәтиже шықты? Міне, осылар арнайы тетіктермен дұрыс бақыланса, көптеген жетістіктерге қол жетері даусыз. Сөз соңында, жаңа министр Н. Ермекбаев мырзаның алдағы істеріне Алладан береке тілейміз.

 

Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде таяуда өткен  брифингте Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың дін саласындағы уәкілетті органның негізгі ұстанымдары мен мемлекеттің дін саласындағы саясатының басым бағыттары туралы айтқан ойларына  қатысты Астана қаласындағы «Шейх Кунта қажы» мешітінің найб имамы Сәбит ЕРЕЖЕПОВТІҢ пікірін сұраған едік.

Саясиланған дін мәселесін мемлекет шешеді

Біз дін саласында жүргендіктен, жуырда құрылған министрліктің әрбір мінберде айтылған тұжырым-пікірлерін назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. 14 қазанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев баяндама жасап, сәләфизмге қатысты да пікірлерін ортаға салған болатын. Санада мынадай ақжолтай пікірі қалды: «Біздің ары қарайғы жұмысымыз сәләфизм идеологиясын насихаттайтын әдебиеттер мен интернет-сайттардың таралуына жол бермеуге бағытталады». Әрине бұған дейін осы бағыттағы жұмыстар жасалмады демейміз. Десе де олардың арасында кейбір сайттар ұлттық дәстүрді, спортты және тағы басқа да ұлтқа қажетті дүниелерді насихаттап отырған түр танытып, өз идеологияларын астыртын жүзеге асыра берді. Қақпанын қар астына құрған мұндай интернет ресурстарды қатаң бақылау керек. Олар қаржы көзін қайдан алып отыр? Бас «идеологтары» кім? Анықтасақ... Біз, әуелі, түрі қазақ, тіні «кәззәп» сәләфилік ақпараттық экспанцияның зардаптарын жоюымыз керек, таралу жолдарына тосқауыл қоюға тиіспіз. Осындай өткір сұрақтар тұр алдымызда...

Дін тақырыбын терең зерттеген ғұламалардың дені «әр нәрсенің ақиқаты – сол объективтің орта тұсында деп жататыны бар. Біздің қоғам дін саласында осындай бел ортаға келген секілді. Ел тәуелсіздік алған жылдардан бері біз зайырлы мемлекет болуға басымдық бердік. Бірақ қоғамды демократиялық әрі мәдениетті жолмен дамытатын мұндай тамаша мүмкіндікті пиғылы зымияндықпен жымдасқан ағымдар да өз пайдасына асырып бақты. Көптеген жыл «бас ауруымызға» айналып келді. Бұл діни дау-дамай да емес, ғылыми тартыс та емес. Ислам тарихында мұндай рухани қайшылықтар бұған дейін  болған. Ол жасырын емес. Халифаттар арасында, әулеттер арасында да болды. Олар ғалымдардың алдында шешімін тауып, бітісіп отырды. Әрі пікір жаңарып, рухани түлеу пайда болды. Ал бүгінгі әлемдегі жайт, соның ішінде Қазақстандағы жағдай одан гөрі саясиланған мәселе деп ойлаймыз, сондықтан да бұл мәселені мемлекеттің қолға алуы – құптарлық жағдай.

Түйін.

Сайып келгенде, еліміздегі діни ахуалдың қаншалықты деңгейде ушыққанын, не қалыпқа түскенін бағамдап отырған дінтанушылар ең бастысы жаңа ведомствоның құрылғанына қуанышты екенін білдірсе, оның түпкі астарында ел ішін бүліншілікке алып келетін мәселелердің алдын алуға ықпалды саясаттың орнайтынынан үмітті. «Екі қолдың сесі барын» бір мақсатқа жұмылғанда ғана аңғаруға болар... 

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5673