Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 10897 0 пікір 5 Қазан, 2016 сағат 14:57

ҚАЗАҚ ДӘСТҮРІ - ДІН...

Ислам діні пайда болған кезеңнен бастап нағыз зиялы адамдарды қоғам алдына шығарған. Діннің қасиетін түсініп, одан тәлім алған адамдар білімін кеңейтіп, халыққа пайдасы мол дұрыс ілімі арқылы тарихта қалған. Дінді таза ұстап, дәстүрін, ұлттық болмысын тереңдете білген ұлттар, тағылымы мол тарихты ұрпағына табыстап, бейбіт өмір сүрудің қағидасын қалыптастырып отырған. Бұндай дәстүр адамзат әлемінде әлі де жалғасып келеді. Себебі, талай ғасыр өтсе де қасиетті Құран Кәрім өзгерген жоқ (өзгермейді де), ал діннің ұстазы Пайғамбарымыздың хикметтері сол қалпында, жаңа уақытқа, жаңа өмірге, ұрпақ қажеттілігіне сай түлеп отырады.

Ислам діні бүгінгі қазақ жеріне келген уақыттан бастап ұлттың болмысы кеңейе түсті. Ұрпақтың білімі, зиялылығы арқылы елдің тұрмысы, ұлттың қасиеті көркейгендігі де тарихтан мәлім. Ислам дініне дейінгі тамырын жайған  ұлттың төл құндылықтары жоғалған жоқ. Керісінше ислам діні бағытындағы ілім иелерінің (кемеңгер ғалымдардың) тарапынан қолдау тауып, нәтижесінде төл құндылықтар елдің дәстүріне, мәдениетіне, біліміне айналған. Өйткені, көне дәуірден қалыптасқан құндылықтар, дәстүр тәжірибелері ислам теориясына қайшы келмегендіктен де, Пайғамбарымыздың хикметтері (даналығымен) арқылы ұлт мәдениетінің өзегіне айналды. Мәселен, ата-ананы, Отанды, елді, халықты, ұрпақты құрметтеу, білімді, әдепті болу, бейбітшілікті қадірлеу, шынайы ерлікті құрметтеу, жерді жаудан қорғау, адал болу, дәстүрді сақтау, отбасыңды құрметтеу, шаңырақты таза ұстау сынды ислам дінінде зерделенген құндылықтар, ата-бабаларымыздың рухани өмірінде көрініс тауып, ұлттың танымына айналған еді. Тарихымыздан ұғынатынымыз, жаратылыс иесі адам баласының табиғатына (жекке адамның) өзін, ұлтын тұлғаландыратын қасиеттерді қашан да дарытып отырған. Осы қасиет арқылы немесе оны құрметтеу, сақтау арқылы ұлттың ортақ құндылықтары қалыптасып отырмақ.

Дәстүрлі дін деп ұлт болмысымен байланысып, ел мәдениетінің бойындағы құндылықтарды сақтап, өрісін кеңейтіп отырған, елдің дәстүрі мен тарихының тәжірибелері (тағылымы) арқылы ұрпақ тарапынан қорғалып, сақталып келген дінді айтмыз.

Дәстүрлі діннің жолында аға ұрпақ буынның зиялылығы, еңбегі, білімділігі, тарихының тағылымы мен ілімдері сақталады. Нағыз діни тұлғалардың тарихи беделін халық, ұрпақ жадында сақтауға ұмтылады. Бір сөзбен айтқанда, дін мен ұрпақ арасында этикалық ұстаным, адамгершілік жоғалмайды. Тарихтағы діннің беделі, халық өмірін көркейтудегі діни тұлғалардың даналығы, қасиеті, қажырлы еңбектері әрқашан ұрпақ жадында сақталуы қажет және оны келер ұрпақ өзіне өнеге тұтып отыруы өте маңызды. Шындығын айтқанда, тарихта дін мен халық үшін ғылым жолын қуған діни тұлға мен компьютер арқылы ғаламтордан ақпарат алған адамның дүниетанымын салыстыру мүмкін емес. Мәселен, бір ғана Шәкәрім данамыздың дін мен ғылым жолындағы ізденісінің өзі халық игілігі жолындағы жауапкершіліктен туындаған. Абай мен Шәкәрімнің жазып кеткен еңбектері діннің барлық нәрседен жоғары екендігін, кез-келген адамның дін білімін өзіне бағындыруының мүмкін еместігін дәлелдейді, түсіндіреді.

Дінге атақ іздеп келу үлкен адасушылық. Дін өзіне бет бұрған адамнын кемелділік, абырой, тазалық, қасиет пен білім, ақиқат пен шынайылық, еңбекқорлық секілді биік адами сапаларды талап етеді. Қазақ халқы осы себептен де дін ілімін атадан балаға үйреткен. Мәселен, қазақ тарихында діни адам көп баласының ішінен дінге бейімділігі бар баласын ғана ел үшін дін жолына бейімдеген. Баланы жастайынан ер жеткенше дін біліміне өзі үйретіп, есейгенде үлкен медреселерге оқытатын болған. Негізгі мақсат ислам дінін жетік білетін және өзінің тарихын, дәстүрін, ата-бабасының ілімін жалғастыратын тұлғаларды тәрбиелеу еді. Қазақтың діни тұлғаларының ұстаздық тәжірибесіне қарап ұлттық мүдде ісіне ерте қамданып, діни сауаттылық пен тарихи білімге ерекше мән бергендігін, сол арқылы ұлттың рухани тереңдігін сақтап отыруға ұмтылғандығын байқаймыз. Себебі, ұлттың дәстүрі, ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселелері Пайғамбарымыз Мұхммед (с.ғ.с.) хадистерінде айтылған: «Балаларыңызды құрметтеңіздер, олардың әдептерін жақсартыңыздар, оларды жақсы тәрбиелеңіздер», «Ешбір әке баласына жақсы тәрбиеден артық сыйлық берген болмайды», «Кісінің баласын жақсы тәрбие етуі, садақа бергеннен жақсы». Қазақтың діни танымында балаға тәрбие беру ісі елін, халқының мүддесін құрметтеу қабілетімен Отанын қорғай алатын парасатты ұрпақты қалыптастыру деген түсінікті көрсететін еді.

Қазақтың елді сақтау жолындағы бір ғана тәсілі бар. Ол бірлікті, тереңдікті сақтаған даналық. Бұл дінмен де, ділмен де, ұрпақпен де үйлесіп,  халықтың басын біріктіріп отырған.

Қазақ халқының даналығы ұлттың дүниетанымынан, өмір сүру тәсілінен туған дүние. Бұнда тек қана адалдықты негіздейтін идея бар. Ата - баба дәстүріндегі тазалық пен адалдықты бойына сіңіріп өскен адамның рухы да таза болатындығын төл тарихымыз дәлелдеген-ді.

Көшпелі елдің тұрмысы адал еңбектен, қоршаған ортаға деген сезімталдықтан, туысқандықтан құралған. Қарапайым өмірде ұрпақ ата-ана еңбегінің, бір-біріне деген жанашырлығының негізінде отбасының, Отанның жылуын сезініп өседі. Ұрпақ тәрбиелеп, оның жемісін көрген қариялар өмірдің мәнін ұғына білген адамдар. Қазақтың ата - мекен жерді құрметтеу түсінігі де Отанның қорғалуына ықпал еткен. Ұрпақтың өсіп - өркендеуі үшін жер мен елді қорғап, табыстап кеткен ата-баба рухын құрметтеу де қазақ ұлттық санасының ерекше құбылысы. Қазақ қоғамының ірге тасына айналған осындай тағылымы мол дүниелер, халық бойындағы имандылық қасиет негіздерінің бірі болып қалды. Қазақ руханитында, «Құдайға құрмет – елдің салты, Еліне құрмет - ердің даңқы» деген даналық бар. Жаратылыс рухын зерделеп, оның ақиқатын ақыл биігінен ұғынған елдің салты терең, ал елін құрметтеп, оның барын сақтап, жоғын түгендейтін ердің даңқы зиялылығымен өседі. Ердің даңқын қашанда елі өсіреді, ал еліне қарсы келген адам шын мәнінде өмірде өзін-өзі оқшаулаған адам.

Исламға дейінгі кезде халық имансыз болды деп айтуға болмайды. Имандылық қасиет, ол жерін, елін, ұрпағын қамқорлаған, қоғамда жарастық болған елдердің бәрінде бар. Мәселен, көне дәуірдің өзінде бүгінгі қазақ жерінде өмір сүрген тайпаларда отбасылық құндылықтар орын алған, анаға, қыз балаға деген құрмет биік болған. Бұл да имандылықтың тарихи көрінісі.

Қазақ болмысына тән мінез қанағатшылдық, барға қанағат ету. Атаққұмарлықтың, жемқорлықтың, тәкаппарлықтың түптеп келгенде жеке адамды елінен, ұлтынан өгейлендіретін мінез екендігін қазақ жетік білген. Асанқайғы бабамыз:

         Есті көрсең, кем деме,

         Бәрі тұйғын табылмас.

         Қарындасын жамандап,

         Өзіңе туған табылмас.

         Адам әзіз айтар деп,

         Көңіліңді салмағыл.

         Нәпсі алдаушы дұспаның

         Насихатын алмағыл - деп өсиет еткен. Қазақ қоғамының бірегейлік бейнесі естіліктен құралған. Бабалар даналығығымен өз болашағымызға  қарау да естілік. Ұлттың өмірін жалғайтын барлық құндылықтар, адамның тұлғалық болмысын қалыптастырып, тарихта қалдырып отыратын барлық құбылыстар естіліктен шығады. Естілік тазалықпен, әлеуметтік ортаның тазалығымен, адалдықпен келеді. Зұлымдық, пайакүнемдік, алауыздық бар жерде естілік өмір сүре алмайды.

Қазақ елдің келешегі үшін ұлт болмысының мінсіздігін ойлаған. «Әуелі Тәңірі жерге береді, жерге берсе, елге береді. Елге берсе, ерге береді» - деген бабаларымыз. Қазақ зиялыларының бойында діни таным терең болғандықтан, олардың арасында ауызбіршілік биік болып, ұлтжанды қасиеттерді иеленді. Елің кедей болса, он жерден жеке басың бай болса да бақытты бола алмайсың. Себебі, жеке адамның өмірі ел өміріне байлаулы. Елдің шетіне келген жақсылық шарапты бүкіл адамға жетеді, ал жамандық бәрін де шарпып өтеді. Елің ауқатты болу үшін алдыменен жерің бай болу керек. Елді қорғайтын адам алдыменен жер байлығын қорғайды. Жерінің байлығына ие ұрпақ бірінші елін, сол арқылы өзін бақытты етеді. Бұл дінімізде айтылған ұғым, қазақ даналығында кеңінен зерделенген.

Ата-бабаларымыз қанағаттылықты, төзімділікті, қайрымдылықты өмір сүрудің негізгі ережесі деп түсінген. Барды қанағат ету, мінезді тәрбиелеу, ұлттық қасиеттен қол үзбей іс-әрекетінің өрісін кеңейте білу қазақ болмысының әлеуметтік бейнесін көрсетеді. Әлихан Бөкейханұлы айтқандай: «Оқу-білім болса, мақсат бәрі табылады дегендей көрінеді. Бұлай болса, ол – адасқандық. Біліммен мақсат шықпайды. Ібіліс жұмақтан білімсіздігінен қуылған жоқ, имансыздығынан қуылды. Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден»н».

Ел мен жердің тағдыры ұлттың өсіміне, бірлігіне, зиялылардың елдігіне көгендеулі. Сол себептен, ұлтымыз ұлды да, қызды да елдікке, естілікке тәрбиелеген. Мәселен жоғарыда атап өткеніміздей, тарих қойнауындағы сақтардың бүгінгі бізге жеткен мәдени жәдігерлеріне қарап ұрпақты қадірлегендігін, дәстүр мен болашақ ұрпақтың төл құндылықтарына деген құрметтің жоғары болғандығын байқаймыз. Қариялардың қызметі Түркілердің қоғамында да жоғары болған. Қатігездікті, елдің бір-біріне деген сенімсіздігін туғызатын оқыс оқиғалар болмаған.  Отбасы құндылықтарына, адамның өмір сүру құқына ерекше мән берген. «Жеке адамның абыройы - ел абыройы», - деген қазақ түсінігі тамырын тереңнен тартады.  

Жер мен ұлтты сақтауда  ұлттық тәрбие дәстүрі басты рөл атқарады. Ал, халқымыздың дәстүрінің дінге қайшы тұстары жоқ. Дәстүр – ел бірлігін нығайтуға қызмет еткен. Бұл ұлттың рухани қазынасы ретінде ұлттың дәстүрі мен дінінің сақталуына пайдасын тигізеді. Алаш тұлғасы Жүсіпбек Аймауытов өзінің, «Қазақтың өзгеше мінездері» атты мақаласында былай деген: «Бұрынғы уақытта қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы әрі бітімді, қайратты, сауықшыл болған екен. Рас, бұл уақыттағы ұйымшылдық күні үші болса да, жүре-бара бет түзеп, қалып алатын сүреңі бар сияқты еді...

Қазақтың ұлттық қалпы өзгерді. Тірлігі, мақсұты басқа, ниеті шалғай, суық бауыр жаттың қолына тиді. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген халге ұшырады. Кемеңгер билердің заманы құрып, адамды мал мен пұлға сатып алатын заманға килікті.

Қазақтың тұрмысы өзгерді. Киіз үйде қыстап, суыққа шынығып, қуатты қайратты денелі өсетін қазақ, тазалығы жоқ аласа жер үйге кіріп, аурулы нашар болып, мыжғырланып еңсесі көтерілмей өсетін қалыпқа түсті. Осы себепті адамның өсімі де кеміді. Әрине, тән қуатты болса, жан қуатты ажарлы болады. Нашар жаннан осал мінездер туады. Мысалы: ойнас, өтірік, өсек сияқтылар. Бұл бір. Екінші сол уақытта күш ала алмаған бірлікке қырсықтың қара басы боп партия деген қағынды тиді. Жауыздық, залымдық қара бұлттай қоршап, халықты астаң кестең қылып, өзді өзімен атыстырып көзді шел қаптады...  Партия басталғалы мал азайып, кедейлік килікті...

Қай жұрттың болсын уағдашылық антқор еместік, құдайдың атын жеңілге салмаулық еді. Біздің қазақта аруақ, құдай, ант-иман, құран дегеніңіз бержебайшының ісіндей қадырсыз. Құдайға қылған құлшылық, қайыр- садақа партияның бірімсегіне жүріп кетеді. Дінге келген кемшілік осы».

Ел тыныштығы, тұрақтылық халықтың діни сауатылығымен тығыз байланысты. Діни сауаттылық орын алу үшін алдыменен бейімділік, қабілет, білім, тарихи сана, дәстүр тәжірибелері, ұлттық идеология ең алдымен  қоғамда, одан кейін жеке адамның бойында орын алуы қажет. Дінді қоғаммен үйлестіретін адамның жан - жақтылығы. Жан - жақтылық алдыменен адамның ұлттық тәрбиесі (мінезі), рухы (болмысы) арқылы келеді. Жоғарыда тоқталып өткеніміздей, қоғамның рухани тереңдігі ұлттың болмысы арқылы ғана қалыптасады. Ұлттың болмысы сақталып, қоғамның ішкі өрісіне айналған ортада қоғамдық сананың барлық құбылыстары өз деңгейіне өмір сүріп, ел мүддесіне қызмет етіп отырады. Мәселен, қазақ тұлғалары қарапайым елдің рухани өмірінен тәрбиеленіп шықан және олардың деңгейі (қасиеттері, білімі, ғылымы, идеясы) өзінің қоғамы үшін рухани сүзгі іспеттес. Қажет нәрсені игереді, қажет емесін қоғамға өткізбейді, алған білімін саралап, ел болмысына икемдеп отырады. Жүсіпбек Аймауытов айтқандай патша өкіметі, одан кейін кеңес билігі қазақ қоғамының ішкі құрылымын өзгертті. Ел болмысының өрісін, қоғамның деңгейін сақтап тұрған қазақ тұлғаларының қатары азайды. Ел жағдайын жетік білетін зиялылар қоғамнан алшақтатылса әрине, халықтың рухы әлсірейді. Жеке адам қоғамға, айналасындағы адамға емес байлығына сенетін болып шығады. Бұл мәселені алаш зиялылары, олармен қатар өмір сүрген қазақтың Ғұмар Қараш сынды діни қайраткерлері де терең зерделеген:  

         Аждаһа алты басты жаудан қорғам,

         Бүлдірген ел арасын даудан қорқам.

         Күлімдеп кіріп, ішкі сырыңды алып,

         Құрылған аяқ асты аудан қорқам.

         Ертеден кешке дейін бір іс етпес,

         Жатып іш жалқау – дені саудан қорқам.

 

         Кім көрсе соған айтқан сырдан қорқам,

         Әңгіме сырдың түбі жырдан қорқам.

         Сүзіліп, сұпысынып дінді сатқан,

         Таңқы мұрт, таспа қара, сұрдан қорқам.

         Бұлғақтап құр білімсіз, ағымға еріп,

         Білгенді еліктеген зырдан қорқам...

Ұлттық тәрбиенің күші (рухы) адамды қоғамдық өмірден шеттетпей елмен бір қылуында. Қазақтың дара тұлғалары ел болашағына қажет құндылықтарды діннен, рухани өмірден дұрыс ала білді. Қазақ тарихты, дәстүр мен дінді даналықпен үйлестіру арқылы ұлттың рухын, қоғамның өрісін (деңгейін) сақтайтын ұлт болмысының көркем бейнесін, ұлт өнерінің көркем түрлерін шығара білген. Ұрпақты әсершілдікке, құр мақтанға, жалқаулыққа, жат мінезділікке, қатігездікке тәрбиелейтін нәрселер қазақта болмаған. Сондықтанда, тарихтағы қазақ дәстүрі кейінгі ұрпақ үшін рухани қазына, ілімге толы ғылым, өнегелі тарих. Қазақ баласын (би- шешен, батыр, ақын, ғалым, діни тұлға) елмен біріктірген екі қасиет еді. Сезімталдық, яғни жақсы мен жаманды ажырата білуі, екіншісі өз ісіне қабілеттілік және жауапкершіліктің болуы. Биік адами сапалар қазақ ұлтының дәстүрлі діни танымында тұнып тұр. Ұлттың дәстүрі мен діні арқылы Қазақ елі өзінің елдігін нығайтады. Ата бабамыз жасаған рухани дүниені, яғни ұлт мәдениетінің қамалын ұрпақ өзі жаһандық қатерлерден қорғауы тиіс.

Әл-Фараби жазғандай, дін дегеніміз Алла Тағаланың адамзат баласына салып берген қасиетті жолы. Осы қасиетті жолды қадірлеу, cақтап отыру, ұрпақтан ұрпаққа таза күйінде жеткізу, рухани жолда ұлттық мүддені, ұлттық болмысты жоғалтпау бүгінгі қазақ баласының тарих алдындағы негізгі міндеті. Дәстүрлі дініміз талай аласапыран уақыттарда елдігіміздің сақталуына қызмет еткен еді. ХХІ ғасырдың жаһандық қауіп-қатерлерінен ұрпақты сақтаудың төте жолы ғасырлар қойнауынан тамырын тартқан дәстүрлі дінімізден ажырамау. Бізге өзгеше жаңалықтар ойлап табудың қажеті шамалы. Өйткені, жырау, одан кейінгі Абай, Шәкәрім сынды ғұламалар ұрпағын түзу дінге жетелеп кеткен еді. Сол рухани дүниелерді өрімтал жас бойына сіңіргенде мемлекеттілігіміздің тұғырлы, ұлттық рухымыздың биік болатындығы анық.

Сәрсембин Үмбетхан Қуандықұлы, философия ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588