Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 5885 0 пікір 5 Қазан, 2016 сағат 10:44

НАЗАРБАЕВ ПЕН ПУТИН ҚАНДАЙ КИНО КӨРДІ?

Ресей көшбасшысының Қазақстанға жұмыс сапары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің «Жиырма сегіз панфиловшы» фильмін бірге көруімен аяқталды, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кинотуынды А.Бектің «Волоколамск тас жолы» шығармасы негізінде түсірілген. Оның оқиғалары Панфилов дивизиясы атқыштар батальонының командирі Бауыржан Момышұлының атынан әңгімеленеді.

Мемлекеттер басшылары Алматыда құрылған, жау танкілерінің Мәскеуге баратын жолын бөгеген дивизияның ерлігі келер ұрпақ есінде әрдайым қалуға тиіс екенін атап өтті.

Ресейдің мәдениет министрі В.Мединский екі ел басшыларына қазақ, орыс, қырғыз және украин жауынгерлерінен құралған дивизияның батырлығы мен қаһармандығы туралы әңгімеледі.

– Ерлік көрсеткен дивизияның ерекшелігі оның құрамында екендігін атап айту керек. Ол кадрлық әскерилерден емес, әскерге шақырылған қарапайым азаматтардан жасақталды, олар соған дейін бүкіл Еуропаны басып өткен кәсіби танк құрамаларын тоқтата алды, – деді В.Мединский.

Жалпы, соңғы кездері 28 панфиловшылар аңызы жайлы түрлі әңгімелер айтылып жүр. Мысалы, жуырда ғана белгілі журналист Марат Тоқашбаев Facebook-тегі парақшасында "28 панфиловшылар туралы аңыздың ақиқаты" деген жазба жариялады. Онда автор ойдан шығарылған қаһармандыққа табынудың ешқандай реті жоқ екенін айтқан болатын.

"Өзіміз кішкентайымыздан ерлігін мектепте оқып өскен 28 панфиловшы туралы анықталған ақиқат бұрыннан қалыптасқан ұғыммен мүлде үйлеспейді. Ол ойдан шығарылған аңыз ғана болып шықты. Іс жүзінде ол "Красной звезда" газетінің әдеби хатшысы Ю.А.Кривицкийдің қиялынан туған дүние екен. Дақпырт осы журналистің 1942 жылы 22-қаңтарда «Красная звезда» газетінде жарияланған «28 панфиловшының өсиеті» деген материалынан бастау алған. 1942 жылы маусым айында Батыс майдан командованиесінің ұсынуымен 1942 жылы 21-шілдеде Кривицкийдің материалында аты-жөндері аталған 28 жауынгердің бәріне Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Кейін көп нәрсенің беті ашыла бастады", - деген журналист алғашында түгел жер жастанды деп айтылған 28 батырдың бесеуі тірі болғаны жайлы деректер келтіреді.

"Алғашында түгел жер жастанды делініп жүрген 28 батырдың бесеуі: Васильев Илларион Романович, Шемякин Григорий Мелентьевич, Шадрин Иван Демидович, Добробабин Иван Евстафьевич пен Кужебергенов Даниил Александрович тірілердің қатарынан табылды. Масқара болғанда бұлардың ішінде «Кеңес Одағының Батыры» атанған Добробабин Иван Евстафьевич сатқын болып шықты. Харьков гарнизоны Әскери прокуратурасы жүргізген тергеу материалдары оның 1942 жылдың көктемінде немістерге өз еркімен беріліп, қызмет еткенін анықтаған. Немістер уақытша оккупациялаған Харьков облысы Вальков ауданы Перекоп селосында полиция бастығы болып істеген. 1947 жылы қараша айында Добобабин қамауға алынып, сотталды", - дейді Марат Тоқашбаев.

Журналист "28 панфиловшының" ерлігі Кривицкийдің қиялынан туған аңыз екенін дәлелдейтін тағы бірқатар деректер келтіреді.

"1942 жылдың мамыр айында Батыс майданның айырықша бөлімі немістерге өз еркімен берілгені үшін 8-гвардиялық панфиловшылар дивизиясы 1075 полкі 2-батальоны 4-ротасының жауынгері Кужебергенов Даниил Александровичті тұтқынға алды. Ол өзінің 1941 жылы Дубосеково түбіндегі шайқасқа қатыспағандығын, «қатысқан ерліктерін» газеттен оқып алғандығын айтып берген. Ресми түсініктемесінде Ю.А.Кривицкийдің өзі 28-панфиловшының ерлігі өзінің журналистік қиялынан туғандығын жасырмай айтып берген. 1075 полктің бұрынғы командирі Капров Илья Васильевич те Дубосеково разьезді түбінде 1941 жылы 16-қарашада неміс танкілерімен ешқандай соғыс болмағандығын, бұл оқиғаның түгелімен ойдан шығарылғандығын көлденең тартқан. Аумағында Дубосково селосы бар Нелидов селолық советінің төрайымы Н. Смирнова 1942 жылдың ақпан айының басында үш жауынгердің денесін, қар ери бастаған соң наурыз айында тағы үш жауынгер денесін (оның бірі солдаттар таныған политрук Клочков денесі) тауып жерлеген. Басқа өлген совет жауынгерлерінің денесі болмаған. Клочков «Шегінетін жер жоқ, артымызда Москва!» деген сөзді айтпаған. Ол сөзді Клочковтың аузына журналист салған болып шықты", - деген деректерді жайып салды Марат Тоқашбаев.

Журналистің айтуынша, келтірілген деректің бәрі "28 панфиловшылар" ерлігі ойдан шығарылған аңыз екендігін көрсетіп тұр. Сонда Алматыдағы "28 панфиловшылар" мемориалы ойдан шығарылған аңызға қойылған болып шығады. Бұл айтылғанның бәрі қазақстандықтардың Екінші жаһан соғысындағы ерліктерін кемсіту үшін емес ақиқаттың орын алуы үшін жазылып отыр екен.

"Сондықтан «28 гвардиялық панфиловшылар атындағы парк атауы «Отан қорғаушылар паркі» болып өзгертілуге тиіс. Ал «28 панфиловшылар монументі» бұзылып, ол жерге «Отан қорғаушылар» монументі орын алса құба құп. «Отан қорғаушылар» монументіне Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, Шапырашты Қарасай, Наурызбай, Қаңлы Сарбұқа, Райымбек, хан Кене және т.б. Отанымызды шынайы қорғаған батырларымыз бейнесі тұруы керек! Ойдан шығарылған қаһармандыққа табынудың ешқандай реті жоқ!", - деп сөзін қорытындылайды Марат Тоқашбаев.

Ал, журналист Ермұрат Бапи Facebook-тегі парақшасында: "Анығында, біріншіден, "Волоколам тасжолы" повесті "28" туралы жарытып тіс жармайды. Бұл шығарма Бауыржан батыр және оның батальоны Мәскеу түбінде қалай шайқасқаны жөнінде баяндайды.

Екіншіден, Бауыржан Момышұлы көзі тірісінде "28"-дің ерлігін мойындамай кеткен. Әзілхан Нұршайықовтың "Ақиқат пен аңыз" роман-диалогында жазушы Баукеңнен "28" туралы сұрағанда, "мен ешқашан ертегі айтпаймын" деген сыңайда жауап береді.

Енді келіп, "28"-дің ертегісі жөнінде тірісінде тіс жармаған батырды өлісінде "от лица Бауыржана Момышулы" етіп қою - аруақтың рухына жасалған қиянат емес пе?!

Үшіншіден, құрамында осы "28" болған 1075-ші (ұмытпасам) полктың командирі полковник Капров КСРО Әскери прокуратурасының тергеушісіне берген түсінігінде (әлде Карпов) өзі басқарған полкта ондай оқиға болмағанын, болса - ол солдаттары түгелге жуық қырылған басқа бір батальонда болуы мүмкін деген екен" деп жазады.

Түйін

Орыстың ұлттық идеологиясы әлі күнге екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісіне негізделіп отырғаны белгілі. Ол идеология негізін ақиқаттан ала ма, аңыздан ала ма, өз еріктері. Көршінің ішкі ісіне араласуға құлықты емеспіз. Біздің идеологтардың осындай  аңызға құрылған фильмді екі елдің президенттерінің назарына арнайылап ұсынуы нені білдіреді?. Ендігі қойылар сұрақ осы! 

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592