Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 6079 1 пікір 5 Қазан, 2016 сағат 10:11

ЕЛБАСЫНА ХАТ ЖАЗДЫМ, ҚҰЛАҒДАР БОЛ, ЖАМАҒАТ!

( Елбасы Н.Назарбаевқа Екінші Хат)

 

Бисмиллаһир Ирахманир Рахим

Аса қадірлі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мырза!

     Мен бұдан бұрын (07.09.2016 жылы)  «Мәңгілік ел боламыз!»  десек дініміздің –  Ислам екендігі – Ата заңымызда, яғни Конституцияда көсетілуі керек!» деген тақырыппен жазылған Хатты өз атыңызға жолдап, іле ол хат республикалық бірнеше БАҚ беттерінде жарық көрді. Жазылған осы Хатта; «…Діни тарих - патшаның патшалығы дінді ұстануда ғана қадірлі болғандығын айтады. Осы Діни агенттік тікелей сіздің бастамаңызбен құрылды. Бірақ неге аяқ астынан қайта жабылып елдегі діни құрылым баяғдай министірліктің қатардағы бір комитеті болып қалды?  Қазір Президент әкімшілігі құрылымында Конфессияаралық қатынастар жөнінде арнайы бөлім құрылып, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің  сьезін әзірлеу мен оны ойдағыдай өткізуге ат салысып келеді.  Бұл не деген сөз?  Елбасы әлем дінімен біте қайнасып жұмыс істеп отыр деген сөз. Сонда әлемнің діни ақуалымен етене араласып отырған Елбасы  елдің ішкі діни жұмыстарын назардан тыс қалдырғаны ма?  Сіздің бұл құнды бастамаңыз кімге ұнамай қалды?..

 Біздің Конституциямызда “Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі мемлекеттік органды Қазақстан Республикасының Президенті құрады” – деп ашық жазылған.  Қазіргі жағдайда әлем діндарларының  үміті қазақ еліне ауып отырған жағдайда Агенттіктен гөрі бүгінгі Діни комитетті Президент аппараты жанындағы конфессия аралық бөліммен біріктіріп жаңа құрылым Дін министрлігі етіп құрса, Сіз алға міндет етіп қойған «Мәңгілік ел» бағдарламасын іске асыруда жарқын қадам болар еді» - деген өзекті ұсыныс болған…

Бұл ұсыныс сіздің соңғы жариялаған Бағдарламаңызды қолдау және осы елде қорғаусыз қалған Ислам дініне шырылдаған жанашырлық болатын. Бұлай айтып отырғаным Құранда айтылғандай қашанда «Аллаһ өз діні Исламды өзі қорғайды» ал біздің елдегі діннің қауқарсыз жағдайын кім қорғайды деген сөз болатын. Осы хатымыз мақұлданғандай 12.09.2016 жылы елімізде «Дін істері және азаматтық қоғам министрлігін құру туралы» Сіздің қол қойған жарлығыңыз жарық көрді. Алланың әмірінсіз бұл жалған тіршілікте ештеңе болмайды. Бұл да болса – Алланың бұйрығымен болған үндестік деп Жаратушының атына шүкірлік айттық, сонымен бірге осы жарлыққа қол қойған сізге де Алланың мейірімін тіледік.

Хатта бұдан басқа елімізде қалыптасып отырған діни проблемалар мен өзекті жағдайлар қамтылған еді. Соған орай қазір БАҚ беттерінде ұзын сонар талқылаулар мен үнқатулар болып жатыр. Бұл – заңдылық, елде сілесі қатқан дін мәселесі әлде қашан осылай талқылануы керек болатын.  Пікір айтушылардың арасында діндарлар да, дінсіздер де бар. Басқа дін иелері де өз үндерін естіруде. Әлем мұсылман елдеріндегі дін дұшпандары сыналап кіргізіп ұйымдастырып отырған қанды соғысты алға тартып, дінге күйе жағушылар да жетіп артылуда. Осылардың арасында көзі қырақты, ұлт жанашыры деп жүрген біраз азаматтар «Дін саласына министр керек пе?» деген сауалға берген жауаптарымен өз деңгей дәрежелерін көрсетіп те үлгерді. Бұған да мақұл дейміз, осылай пікір ұсыныс айту ол да Алладан.   Сондықтан, Хатта жазылған өзекті ұсыныстарымды қайталап жатқым жоқ.

Қазақ «темірді қызған кезінде соқ» дейді. Сондықтан «бір хаттан соң бір хат жазғаны несі» деп көңліңізге алмаңыз. Бұл – дәл қазір, халықтық, ұлттық қажеттілік болып отыр!

Әңгіме – қабылданған осы «Дін істері және азаматтық қоғам туралы» заң жайлы. Нақтылы түйін пікір – Заңның өз бастамаңызбен жарық көріп, бекіп кеткені өте дұрыс шаруа болды. Мұны көкірегінде иманы бар адамның бәрі мақұл көріп отыр. Бірақ осы заң құқықтық тұрғыда заңды ма? Алғашқы хаттың да көтерген шаруасы осы болған. Діңгегінде діні бар дін жанашырларын осы жағдай ойландырады. Конституциямызда “Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі мемлекеттік органды Қазақстан Республикасының Президенті құрады” – деп ашық жазылған. Бұл тұрғыдан алғанда жарияланған заң құқықтық негізде алынған  – заңды. Ал екінші жағынан қарасақ  осы Конституцияда тағы да ширек ғасырдан бері  “Дін мемлекеттен бөлек!” деген кешегі  коммунистердің ақтаңдақ ұраны әлі тұр ғой. Бұл кімге керек, ол не айтып тұр?  Демек, басты заңымыз  Конституцияда, осы екі бап бірімен-бірі өз үйлесімін таппай тұр. Үйлесімін таппақ түгілі, қызыл көзденіп біріне-бірі қарсы шығып тұр емес пе,  бұны кім қалай түсіндіреді?

Ата заң – әр бабы бұлжымай орындалатын құжат.  Егер Ата заңда көрсетілгендей мемлекет шынымен діннен бөлек болатын болса, мына сіз қол қойған соңғы заңның заңсыздығы ешбір дәлелді қажет етпейді.  Мұнан соң «Біз зайырлы мемлекетпіз, зайырлы мемлекет дінсіз мемлекет емес, дінді теріске шығармайды, керісінше, діни сенім бостандығы қамтамасыз етіледі» - деп жалпылама айтылатын  жалған сөз, қабылдаған бұл заңды еш уақытта ақтамайды.  Ата заңдағы осы олқылықтан 2011 жылы қайта толықтырулармен қабылданған  діни қызмет саласындағы  заң да бүгінде дәрменсіз жұмыс жасап тұр. Өйткені бұл заңды да Ата заңымыз толыққанды қуаттап тұрған жоқ. Оған мына соңғы алынған заң тағы қосылды. Осы сияқты діни мерекелерді демалыс ретінде атап өту туралы заң да Ата заң  шеңберіне сыймайтын құжат болып саналады. Бұл мәселені ел президенті қол қойғанша қарауға тиісті  Конституциялық Кеңес қалай жібергені бізге түсініксіз.

Дәл қазір Парламентте «Терроризм мен эстремизмге қарсы күрес туралы»  алынатын заңға байланысты мәжіліс депутаты М. Әшімбаевтың жетекшілігімен үкіметтік арнайы құрылған комиссия жұмыс жүргізіп жатыр.  Қарап отырсақ осы комиссия құрамында жұмыс жасап жатқан бірде-бір діннің нағыз жанашырын, не Құранда айтқандай ақыл иесін көріп отырғанымыз жоқ. Бәрі Үкіметтік тапсырманы орындаушылар мен алдын-ала дайындалған жобаны бас шұлғып мақұлдаушылар ғана. 

Менің жеке пікірім – комиссия құрамына діни басқарма атынан барып отырғандар өзіндік айтар жеке пікірі де, терең діни білімі де жоқ, оншақты сүрені жаттап алғандарына мәз  ақ шапан киген артистер болса, ал дінді біледі деген теологтары дінді өздері ұстанбаған атеистер. Олар сол ғылыми атақтарын да дінді жоққа шығарудан қорғап алғандар немесе діннің не екенін өздері ұқпайтындар. Бұлар дінді білетін болса - мәселені алдымен мен айтып отырған Ата заңдағы орын алып отырған осы әділетсіздіктен бастаулары керек еді ғой. Әңгімелерін тыңдап отырсаң барлығының айтатыны діни тероризм мен діни эктремизм. Бұл – дін исі мұрнына бармайтын, ұстазсыз, интернеттен негізсіз білім алған өресіздердің айтатын сөзі. Діннің тұрлаулы егесі болмаған соң діннен үрейлі Үкімет о бастан терроризм туралы заң қабылдаса да, экстремизм турал заң қабылдаса да  қосамжарлап Исламды дұшпан етіп көрсетуді дәстүрге айналдырдырып келген-ді, қазір де сол әуендері әдемі жалғасуда.

Дін – Аллаһтың жолы, терроризм мен экстремизм – имансыз адамдардың тірлігі, біздің  үрейлі Үкімет осыны мойындауда дәрменсіз. Исламның қадір қасиетін түсінбеген соң қашан да оны  табалап, таптап тастауға тырысады. Елдегі дін атын жамылған алаяқтар тірлігін дінге әкеліп жапсыруға болмайды. Олар – дінсіздер. Дінді –дінсіздер емес, діңгегінде діні бар Алланың Құранымен жүргендер ғана ұғады және қорғайды.  Мұның өзі еліміздегі Исламды қорғайтын діңгегінде діні бар жандардың тапшылығын көрсетіп отыр. Сол тапшылықтың салдарынан дін туралы пәтуаны соңғы уақытта қыз келіншектер қауымы жиі айтатын болды.

Дін – өз тізгінін еш уақытта әйелдерге ұстатқан емес. Оған дәлел біз білетін 124 000 пайғамбардың бірде біреуі әйел адамнан болмаған. Бұл әйел адамдарды табалау емес, Алланың досы саналатын пайғамбарларды да аналар тапқан. Бірақ жаратылысында әйелдердің міндеті Жаратушы тарапынан басқаша берілгенін естен шығармауымыз керек. Бұған, ақыл иесі, дінді дін деп түсінетін көзі ашық діндар әйелдер қарсылық білдіре қоймас.

Бізде дінге жанашыр болар діни ілімі бар кадрлар жоқтың қасында. Араб елінде оқып келгендер мен Алматыдағы Египет-Қазақ уиверситетін бітіргендер арабтық дәстүр салтты, Түркияда бітіргендер түріктік дәстүр салтты оқып үйреніп келгендер. Олар өз оқып біліп келгендерін қазақ жанына сіңіргісі келеді.  Бүгінгі Қазақстанда қалыптасып отырған діни ағымдардың түп негізі ең алдымен осылардан білім алуда жатыр. Еліміз үшін дәл қазір ешбір Ислами діни ағымның қажеті жоқ! Кірме діни ағымдарға заң жүзінде де, діни жолмен де жедел тоқтау салуымыз керек. Исламның атын жамылған жағымсыз экстремистік күштермен Үкімет те, заң орындары да қатаң күрес жүргізуі тиіс. Бұл орайда өзіміздің дәстүрлі қазақы Ислам дініміз өзін-өзі көрсетіп жатса құба құп. Менің осы «өзіміздің дәстүрлі қазақы Ислам дініміз» деген сөзіме үрке қараушы діндарлар табылуы мүмкін. Үркетін дәнеңе жоқ, Құранның өзінде «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» («Хұжырат» 49 – 13) - деп жазылған. Демек, Жаратушмыз бізді ұлт етіп жаратқан екен, өзіміздің сондай ұлттың бірі екенімізді әлемге танытқан соң, әр ұлттың өзіндік ұлттық дәстүрі болатындығын ешкім жоққа шығара алмайды. Олай болса ол ұлттың  дінін, дербестігі мен бірлігін сақтау және қорғау, әрбір мемлекеттің, ұлт азаматы мен дін иелерінің абыройлы борышы.

Менің байқап жүргенім, сырт елден білім алып келіп, елде дін тұлғасы болғысы келіп жүрген кейбір дін дүмшелері «Ислам діні ұлтқа түспеген, жалпы әлем жұртшылығына түскен» деп дінді ұлттан қашықтатқысы келеді. Бұл – түбірімен дұрыс емес пікір. Алдымен ұлтыңды сүй.  Дін деген ұлттан бөлінбейтін – сенім. Ұлы – сенім! Мұндай сенімі болмаса ел бірлігі, ұлт бірлігі туралы, оның іргесінің мықтылығы туралы әңгіме де айтуға негіз болмайды.  Біз қазақпыз, қазақ болып қаламыз, бізге бүгінге дейін ата бабаларымыз ұстанып келген Йәссауий ілімін ұстанған қазақы Ислам керек. Оны оқытып үйрететін ұстаздар қауымы елде әлі қалыптасып үлгерген жоқ.  Дінді біледі деген имамдарымыздың өзі ары кеткенде Құранды жатқа оқитын қарилық дәрежеден аспайтындар. Ел дініне ғұлама діни ілім иелері жетекшілік жасауы керек. Олардың ерекшелігін алғашқы Хатта айтқанбыз.

Мұны айтып отырғаным, Ислам дінін дұшпан қылып көрсетуге, оны жүгенсіз кеткен экстремизм мен терроризм лаңшылдарына заң жүзінде апарып теліп қоюға  ешкімнің хақысы жоқ! Мен қазір бұл мәселені неге қозғап жатырмын, өйткені ендігі сүйенетін, айтатын дұғамыз тек Аллаһтың сөзі болуы керек. Құранда «Тәңірім арқылы білім алыңдар» деп айтқан. Қазір Жер жүзіне, күллі жер бетіне тазарту мәселесі келіп жатыр. Дінде – қарсылыспайды. Дінде – қоштайды, қол ұстасады, бірігеді.  Осы жерде өткен, Аллаһтың разылығы үшін, алғашқы аманат Хаттан тағы бір үзіндіні алға тартудың артықтығы болмас деп ойлаймын.

«...Құран – Аллаһтың сөзі, онда жалғандық жоқ. Құрандағы мына дерекке қалай қарайсыз? «Бәдір» соғысынан бастап пайғамбар қатысқан соңғы жиырма жылдағы соғыста өлген адамдар санын жиырма жылға бөлетін болсақ, сол тарихи әр соғыста үш-ақ адамнан өлгенін есептеп шығаруға болады екен. Аллаһтың көмегімен ол соғыстарда адамдар өте аз  өлген.

Ал одан кейінгі, бүгінге дейінгі аты-жөні жоқ соғыстарда ше? Онда адамдарды кімдер өлтіріп жатыр – адамдар бірін бірі не үшін өлтіріп жатыр. Соны көре тұра;  «Қылышын сүйретіп Ислам  келгенде ең көп адам өлтірген дін» деп айтады кәпірлер. Осы нақты деректі Құранды қолына ұстап, халықаралық мінберден тоқтау айтатын әлемдік деңгейдегі тұлға, соны тыңдайтын құлақ бар ма? Бәлкім, бүгінгі таңда ел аралық ара ағайындықта абырой алып көрініп жүрген Сіз айтарсыз.  

Әлемге Ислам келгендегі діни соғыста  адам аз өлген.  Тіпті дінді жоямыз деп келгендердің өзін Исламның ұлылары кешіріп жіберген. Ал кәпірлер ше, олар соғыста ислам дінінде жүргендердің басын аямай кесіп қандарын судай ағызды емес пе. Сонда қылыш қай жағынан келіп тұр. Ислам – тек нәпсіні тию үшін келген дін. Бұл дін адамды емес нәпсіңді қылышпен шауып тастайтын дін. Ислам қылышы –  Аллаһқа ашықтан ашық қарсы шыққандардың ғана басын шабатын қылыш. Кәпірлер сияқты жаппай қырып жоятындардан  емес. Себебі бұл дінің түпкі мағанасы – мейірім, бақ, дәулет. Аллаһтың жанында болу, таза жүру, Жаннатқа бару».

Сонда осындай иманды жолға бастар елдегі Исламды кім қорғайды? Ислам - ата бабамыздан біте қайнасып келе жатқан дәстүрлі дініміз  емес пе? Біз осыған бүгін мән бермесек, ертеңіміз өте қиын жағдайларға тап болғалы отыр. Мұны, Исламды – мемлекеттік тұрғыдан заңмен қолдау арқылы ғана қуаттандырып, тоқтатуға болады.

Құрметті Елбасы!   

Елбасы – елдің ең лауазымды тұлғасы. Бұл жайлы Конституцияда анық жазылған.  Ел Конституцисы – Заң! Оған өзгеріс ендіру Елбасы қол қойған заң шықпай ауыз екі әңгімемен еш уақытта өзгермейді. Сондықтан жаңадан құрылған «Дін істері және азаматтық қоғам» министрлігі өз қызметін алдымен өздері туралы алынған соңғы заңнан бастауы керек. Бұл үшін Ел Президенті Сіздің тағы бір жарлығыңыз керек. Осыдан соң ғана алынған Заң Конституцияға сай болуы үшін бұл министрлік Республикалық діни басқармамен келісе отырып арнайы  комиссия құруға бас-көз болып, сол комиссияның қабылдаған ұсыныс-шешімімен Ата заңдағы «Дін мемлекеттен бөлек» деген сөзді алып тастайтын, осы заңның Жетінші бабындағы «ҚР- ғы мемлекеттік тіл – қазақ тілі»- деген сөзден де бұрын, дініміз – Ислам, әлемдік діндер мойындалады» деген сөзді енгізуге күш салуы керек. Сонда ғана бұл министрлік өз ісінде көгеріп көктейді. Жаратушының жарылқауына ие болады. Бұл ретте аталынған министрлік сіздің бүгінгі заңсыз шығарған Жарлығыңызды орнымен әдемі пайдалана білсе, біз айтып отырған  осы ұсынысты ұлт айбыны үшін абыройлы орынды алып шыққан болар еді.

Құрметті Елбасы!

Қазір «Мәңгілік ел» идеясын іске асыру үшін халықты бірлікке шақырып жатырсыз. Бастамаңызға Алла жар болсын!  Бұл идея шынымен іске  асу үшін Алғашқы Хатымызда ескерткеніміздей, Ата Заңмыздың Жетінші бабындағы «ҚР- ғы мемлекеттік тіл – қазақ тілі»- деген сөзден де бұрын, дініміз -  Ислам, әлемдік діндер мойындалады деген сөз алтын әріппен жазылып енгізілуі керек. Өйткені дін тілден де бұрын Адам Ата өмірге келмей тұрғанда, өмірге келетін адамдарды  тәрбиелейтін тәрбие құралы ретінде әзірленген. Сондықтан «Мәңгілік ел боламыз!» десек дініміздің Ислам екендігі Конституцияда көрсетілуін қолдауыңызды және оны өзіңіз жеке қатаң бақылауға алуыңызды сұраймыз!   

Дін – сенім. Мына жаһандану деген әлемдік ұлы дерт өріс алып отырған кезде, қазақтың жер бетінде қазақ болып қалуы, атадан қалған осы дәстүрлі дініміз Исламның ұлтымыздың қанына қаншалықты сіңуіне байланысты. Елдің ел болып іргесін сөкпеуі – елдің тұтас алғандағы сенімінде. Ал жер бетіндегі сенімнің әкесі әлімсақтан – дін! Дінсіз ел, дінсіз отбаса, дінсіз адам баласы да жоқ. Сенімсіз ел болмайды. Діни сенімінен айырылған ел  ел болып жер бетінде мәңгілік тұра алмайды, кешегі Кеңес империясы сияқты жойылып кетеді.

Құран – діннен айырылған елдің жер бетінен жойылып кетіп отырғанын пайғамбарлар өмірі арқылы бізге жеткізіп берген.  Діні жоқ, діні жойылған ел мемлекет болып жер бетінде мәңгілік өмір сүре алмайды. «Мәңгілік ел» идеясы мәңгілік болсын десек дінге елдің имани сенім көзқарасы керек.    

Сізге, құрметті Елбасы, ендігі жерде еліміздегі өзіңіз негізін қалған мемлекеттік құрылымның ішкі діни жұмысына жанашырлық танытады деген оймен осы Екінші хатты да өз атыңызға арнайы жазып отырмын. Артық әбес сөзім кетсе кешіріммен қарарсыз. Алла Сіздің имани қадамыңызға сәттілік берсін. Атадан қалған дәстүрлі Исламымызға Құдай қуат берсін. Алғашқы хатта айтқанымдай, Алла Тағаланың әмірінсіз ештеңе жазылмайды, сондықтан Тәңірімнің әмірімен басталып отырған осы еңбегімнің халық игілігіне жарар дүние болуын, Алланың разылығына бөленуін тілеймін.

Сәлеммен, Бақтыбай АЙНАБЕКОВ

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588