Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 5959 0 пікір 29 Қыркүйек, 2016 сағат 09:57

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕГЕ БЕТ БҰРСАҚ, АУҚАТТЫ ҚАНДАСТАР ЕЛІМІЗГЕ АҒЫЛАР ЕДІ

Қазақстан Республикасының «Халықтық көші-қон туралы» Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп осы саладағы  біраз өзекті мәселелерді  ретке келтіргенін жұртшылық біледі. Алайда бұл оралманға қатысты барлық түйткілдер толық шешім тапты деген сөз емес. Көші-қон  заңына соңғы 5 жылда бірнеше дүркін өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Қазір оралман  ҚР-ның азаматтығын алуға  3 айдан 1 жылға дейін уақытта  қол жеткізе алатын болды.  Оралмандардың қоныстану өңірлері белгіленді, оларға Үкімет, жергілікті билік тарапынан көрсетілетін әлеуметтік жеңілдіктер пакетін нақтыланды.

2011 жылы ҚР-ның Үкіметі көшті ресми тоқтатқаннан соң бүгінгі күнге дейін  шет елдерден атамекенге  30 мыңнан астам отбасы көшіп келген көрінеді.  Биыл соның 1259 -на квота берілмекші. Бұл тек сыртқы көші-қонға  бөлінген сан.  Өте аз, әрине. Дегенмен барға қанағат  етуге болар еді, егер осы отбасылары да  жоғарыда көрсетілген жеңілдіктерге толық қол жеткізіп отырса. Бірақ жағдай олай емес. Биылғы  республикалық бюжеттен 1259 отбасына тек көлік шығындарын өтеу үшін ғана қаражат бөлініп отыр. Бұл шамамен отағасына  100 мыңнан астам, отбасының әр мүшесіне 70 мың төңірегінде берілетін ақшалай қаражат. Бұған сүзгіден өткен оралман отбасылары ғана қол жеткізе алады.  

Осы мәселеге қатысты  квота тоқтағаннан соң, яғни, 2011 жылдан  кейін көшіп келген қандастарымыздың арасында наразылық, реніш-өкпе туындауда. Бір кездері заңға енген өзгеріс бойынша  оралмандарға азаматтық 4 жылда беріледі делінген.  Көшіп-келген ағайын көші-қон тоқтап қалған соң көбісі ҚР-ның азаматтығын қабылдап алған-ды. Кейін заң қайта өзгеріп, квота беріле бастады. Қиын -қыстау кезде қиналса да ҚР-ның азаматтығын алған  қандастарымыз бүгіндер ешкімге елеусіз болып қалды. Себебі олар азаматтық алып қойған, бар кінәсі осы. Жергілікті  әкімшілік оларды есігінен сығалатпайды, айтатын уәжі «сен азаматтық алып қойғансың» деген бір ауыз сөз.  Шындығында   азды-көпті көмек ең әуелі азаматтық алғандарға берілсе Қазақстанның азаматы  атанудың  қадір-қасиетін   қандастарымыз да, отандастарымыз да   терең сезінер еді ғой. Қысқасы азаматтық алғандардың шешілмеген әлеуметтік мәселелері шаш етектен.

Бірақ квотаға қол жеткізгендердің  де шекесі-шылқып тұрған жоқ, әрине. Жергілікті әкімшілік өз халқына жұмыс, баспана тауып бере алмай отырғанда  оралмандарды қалай жарылқайды?!  Үй кезегінде олардан бұрын тұрған  мыңдаған адам бар. Сондықтан оларға кезексіз үй берілмейтіні белгілі. Осы мақсатта жаңалап үй салуға, ескіні жөндеуге де  қыруар қаржы керек, бірақ ол жергілікті әкімшілікте жоқ. Ал, жер мәселесіне келсек онда да ұзын- сонар кезек, бос жатқан жерлер жоқтың қасы. Келген оралманның  жер ала қоюы тіпті де мүмкін емес.

Елге оралған ағайын бірдеме ғып күнін көрер, әрине. Алайда Қазақстандағы  мыңдаған кедейлердің қатарына енді шеттен келген қандастарымыздың  қосылып жатқаны өкінішті-ақ.

Елге оралған қандастарымызды бір рет қолтығынан демеп жіберсе ары қарай өздері-ақ алып кетер еді-ау. Бұл енді елдің елдігіне қатысты әңгіме.

Шет елдегі ауқатты, жағдайы бар ағайындар атамекенге көшіп келуге асығып отырған жоқ, өйткені Қазақстанның ұлттық мүдде тұрғысындағы бүгінгі ұстанымы олардың көңілінен шықпайды. Елге оралуға көбінде  кедейленген, көп балалы отбасылар мүдделі. Олар атамекеніне оралып, өсіп өніп, өркендейміз деген үміттің жетегінде өмір кешуде.  Бірақ оған қол жеткізу  дәл бүгінгі таңда мүмкін емес.

Қорта айтқанда бүгінгі Қазақстан билігі шет елдердегі атамекенге оралу арман болып отырған мыңдаған отбасыларын   ҚР-на көшіріп алуға  шынайы мүдделі емес. Үкіметтің  бүгінгі тірлігі «көңілі қалмасын, көйлегі тозбасын» деген  шылбыр қашаған саясат ғана.

Б.Сағынтаевтың Үкіметі бұл мәселеге жаңаша бетбұрыс жасаса деген арманымыз бар...

Әлхан Амантай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5555