ҚАЙРАН ТІЛІМ ҚОР БОЛДЫ-АУ, 25 ЖЫЛ...
Онсыз да қысы-жазы, күндіз-түні той-думан өткізуден қолы босамайтын Қазақ Елі тәуелсіздіктің 25 жылдығын дүрілдетіп өткізді. Мейлі ғой! Бірақ сол 25 жыл ішінде туған тілін, мемлекеттік тілінің төрдегі орнын орыс тіліне беріп, бүкіл атқамінерінен бастап кемпір-сампырына шейін немере-шөбересімен орысша сөйлесетін, бүкіл телеарнасы күндіз-түні орысша самбырлап тұрған, бүкіл форум-сорумы, жиын-теріні орысшасыз өтпейтін елді Ресейден тәуелсіздік алған ел деуге бола ма?
Және соның бәрін көре, біле тұра бұл қалай дейтін бір қазақ табылмағанына шынымен жаныңыз ауырмай ма? Әлде біздің бүкіл ұлттық сана, ұлттық намыс атаулымызды 25 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан «тойлау саясаты» сөндіріп тастады ма?
Иә, бір ұлтты жер бетінен қару қолданбай-ақ жойып жіберудің үлкен державалар ойлап тапқан бірнеше тәсілі бар. Солардың бірі Кеңестік Ресей кезінде қазаққа қарсы ойлап табылған қостілділік десек, Ресейдің ықпалынан әлі де шыға алмай, шыққысы да келмей отырған билік басындағы кейбіреулер жаңадан ойлап тапқан үш тілділік деген бәлекет одан өткен сорақылық екенін көзі ашық қазақтар түгел түсініп отыр. Сол қазақтың төлқұжатына ата-бабасының, сәбилерінің аты-жөнін өзгертіп, орысшаға бейімдеп жазатын және телеарналары қазақшаны орыс тілінің аудармасына айналдырып жатқан елді тәуелсіз ел дей аласыз ба?
Бір сөзбен айтқанда егер қабылданған заңдары орындалмай жатса, билік басындағылары қазақ сияқты тарихи жергілікті ұлтының айтқан сөзін желге ұшырып 25 жыл бойы «ит үреді, керуен көшедіге» айналдырып отырса демек ол мемлекет дұрыс мемлекет емес. Дүнияда мейлі террорист болсын, мейлі экстремист болсын қарапайым халықтың арасынан шыққандар жасаған қылмыстан гөрі жоғарыдағы байшікештер мен бишікештер жасаған қылмыс мемлекет үшін де, мемлекет құраушы ұлт үшін де (мысалы қазақ сияқты) өте қауіпті.
Сенбесеңіз, мысал келтірейік: Сонау бір жылдары жоғарыдағы бір нән көкеміздің ақпарат құралдарында айтылған сын-ескертпелерге жауап берудің қажеті жоқ деген бір ауыз сөзі бүгінде Қазақстандағы бүкіл ауыр қылмыс атаулыға жол ашып беріп отыр. Мысалы, қазақ тілінің соңғы жылдары жан шошырлық күйге түсіп шұбарлануы, дәлірек айтсақ, орыстар қалай сөйлесе, сол күйінде тәржімаланып, орысшаның аударма тіліне айналғаны, қазақтардың аты-жөнін оның төлқұжатына АХАЖ (ЗАГС) бөліміндегі орыстар мен орыстілді дүбәралар қалай жазса, солай айтылып, соның салдарынан қайран ата-бабамыздан бастап, бүгінгі сәбилеріміздің есімдері адам түсінбейтін топалаңға айналғаны, әсіресе телеарналар қазақ тілін бүлдірудің ең басты құралына айналғаны айтылып та, жазылып та келеді. Амал не, сол айтылған қателіктерді түзету түгіл, оны жөндейміз, шара қолданамыз деген сыңар сөз 25 жылдан бері бір айтылған емес. Өйткені, «баспасөзде айтылған сын-ескертпелерге жауап берудің қажеті жоқ» деген жалғыз ауыз бүлдіргі сөз биліктегілер үшін қай «дұшпанды» да бет бақтырмайтын болат қалқан. Ел болатын елдің ешбір басшылығы осындай оспадарсыз сөз айтқанын Қазақстаннан басқа еш мемлекеттен ешқашан естіген емеспіз. Сірә, баспасөз сынына жауап беру мәселесін Парламент қайтадан қарап, бір оң шешім шығаруы керек шығар. Неге дейсіз ғой?!
Әшейінде көшелердің, ауыл-қаланың, жер-судың атауларын қазақшаға өзгертіп жазуға қаржы жетпейді деп қасқайып қарап отырғандар Төле би дегендегі «ө» дыбысы орыста жоқ екеніне бола «Толе» деп, «Құрманғазыны – Курмангазы, Әуезовты – Ауэзов» т.б. деп жаздырып, қайран әруақтардың есімін намысы бар, есі бар қазақ еңіреп жылайтын күйге түсіріп отыр. Әлде Төлені –Толе, Құрманғазыны – Курмангазы, Жамбылды – Джамбул деп өзгертпесе әшейінде сыңсыған қалың орманнан саңырауқұлақ теріп аман-сау қайтып жүрген орыс ағайындары Алматы мен Астананың қақ ортасында айдалаға адасып кетер деп қорқа ма екен? Әлде осының бәрі «күшігінен таланып қалған» демекші, біздің басшылардың қанына сіңіп қалған кеңестік құлдық психологияның, әлі де орыс «братандарының» ыңғайына жығылып, алақ-жұлақ етуінің кесірі ме? Әрине, олар қанша жерден тәуелсіздік тойын тойлап жатса да Қазақстанның кімнен, қай мемлекеттен тәуелсіздік алғанын атап айтуға жүрексініп оны айтпайтынын да білеміз. Бірақ солар өзін балағынан шығарған әкесінің, атасының аты-жөнін орысшаға бейімдеп Сағынтайды – Сагинтай, Нығматулланы – Нигматулла, Келімбетті –Келимбет, Ақыш – Акиш, Қарағұсты – Карагус, Сатыбалдыны – Сатувалды, Сәдуақасты – Садвакас, Зағипаны – Загипа, Бірғанымды – Бирганым (әлде Берганум) деп неге кісі күлерлік күйге түсіретініне миымыз жетпей-ақ қойды ғой. Әлде өйтпесек, орыстар тағы да өкпелеп Ресейге көше бастайды деп қорқа ма екен? Егер осылар Путинді – Пұтын, Медведевті – Медеует, Нарышкинді – Нәрішкен т.б. деп бір әрпін өзгертіп жазып көрсінші. Бұл үшін осы үшеуі қазақтарды Кремльге шақыртып алып «ең соңғы ескерту» немесе «қатаң сөгіс» жариялар еді.
Осыдан біраз жыл бұрын тәуелсіздік алған жылдары туған ұл-қыздарымыздың 70 %-ға жуығы орысша сөйлейтіні әңгіме болған. Олар биыл 25-ке толды. Сонда енді оларды, яғни, тілі орысша шұбарланып кеткендерді қазақыландыру үшін тағы 25 жыл керек болмай ма? Ол аз болғандай енді үш тілділік дегенді шығарды. Бұл – қазақ халқын жер бетінен жоюдың ең оңай тәсілі екенін көзі ашық қазақтар түгел айтып жүр. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай Қазақстанда қазақтың сөзіне ешкім құлақ аспайды. Қазақстанда қазақ проблемасын көтеру – ұлт араздығын туғызу деп қаралады. Қазақтың еркі, күш-жігері, ұлттық намысы мен ұлттық санасы осылай тұқыртылып, осылай басылып отыр. Ал Президенттің 2020 жылы Қазақстан халқының 95% қазақша сөйлейді дегені нендей дәлелге сүйеніп айтылғанын бір пенде түсінген жоқ. Әлде ол да жәй айтыла салған көп сөздің бірі ме?
Иә, о дүниеге барып келген ешкім жоқ. Әйткенмен, әруақты сыйлау, әруақтан қорқу деген бар. Ендеше, бүгін ел басында отырған ірілі-уақты ұрпақтары бұлайша өздерінің аты-жөнін әруақтар тілімен айтқанда «кәпірдің тіліне» салып қырық құбылтып жүргенін аруағыңнан айналайын ата-бабамыз біліп, жатқан жерінде күңірене аунақшып жатпағанына кім кепіл? Жақында қазақша балабақшадан шығып, орысша сөйлесіп келе жатқан екі бүлдіршінді біреуінің анасы «Диас идем быстрее» деп, екіншісінің анасы «пойдем Айлин» деп келе жатқанын көріп, әлгілердің есімдерін естігеннен үйреншікті ашуыма басып шешелеріне қарап «сорлы қазақтар, сорлап біттіңдер-ау» деп жүре бердім. Әлгі екі келіншек менің артымнан қарап «Боль-но-ой?!» деді. Иә, бүгінде бұрынғы КСРО-дан қалған республикалар ішінде бір-бірімен негізінен орысша сөйлесетін және аты-жөнін орыстарға бейімдеп бұрып айтатын екі-ақ ұлт қалды. Олар – чукчалар мен қазақтар.
Чукчалардың телеарналары қай тілде сөйлейтінін өз басым білмеймін. Білетінім – Қазақстан телеарналарының көп уақыты орысшамен өтетіні. Ал қазақша көрсетілімдер негізінен арзанқол әзіл-қалжың, тұрпайы сайқымазақ, әнші болмаса да әнші атанып, сазгер болмаса да сазгер атанып жүрген ақша тапқыштармен жүргізілетін салмағы қара шыбынға да жүк болуға жарамайтын сұхбаттар, әрі кетсе Қазақстан мен оның басшысының әлемде абырой-беделі аспандап, шырқау шыңға шыққаны, тамақ пісіру, бет-ауыз күту, ваннада шомылып тұрған орыс қатынның шампуні мен гелі т.б. сияқты қазан-ошақи проблемалардан аяқ алғысыз. Одан әрі кетсе өлтіріп кетті, сойып кетті, атып кетті, суға кетіп өртеніп өлді, әкесі баласын, баласы әкесін пышақтады немесе балталады. Сосын Америка мен Еуроодақтың «құрып бара жатқаны», ал Ресейдің «күшейіп» келе жатқаны. Мүмкін, бұның бәрі әлдекімдер үшін мағыналы да маңызды шығар. Бірақ мәселе басқада.
Мәселе енді қазақ тілінің өзі түсініксізденіп, өз бояуынан да, күш-қуатынан да айрылып, орысшаның тіп-тіке аудармасына айналғанында. Бұған ең әуелі телеарналар журналистерінің сөз білмес сауатсыздығының кесірі мықтап тиіп отыр. Бұның бәрі біз ашып отырған «жаңалық» емес, талай жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Сенбесеңіз ерінбей оқып шығыңызшы:
Минималды жалақысы 140 теңге (1-канал)
Жоба 100000 теңгені құрап отыр
Ұзындығы 125 метрді құрайды екен
Төбелестен кейін комаға түскен
Ол сол кезде комаға түскен
Жауын-шашын күтіледі. Бұлт жүреді.
12 шақырымды бағындырудан... (А. Кемелжан)
Бейнекамерамен қамтылған
Бүгін О.Сүлейменовтың жұлдызы жанды
Алматы метрополитені ТМД елдеріндегі 17 метр болып табылады
Ол екі бірдей рекордтық көрсеткішке ие
Қазу жұмыстары жүзеге асырылады
Таяз тереңдікте орналасқан бекеттер
...конвейер арқылы жүзеге асырылады
Бұл «Қазақстанның 1-ші арнасы» және «Алматы» қалалық арнасының «қазақшалары». Өз ана тілін, яғни, мемлекеттік тілді дәл бұлайша қорлау біздің елімізден басқа бірде-бір елде жоқ. Әйтпесе, елінің, ұлтының, ұлттық тілінің аман-саулығына тілектес журналист түгіл жәй дені сау адам «минималды жалақы» демей «ең аз», «ең төмен жалақы», «жоба 10000 теңгені құрап отыр», «125 метрді құрап отыр» демей «жоба құны 10000 теңге», «ұзындығы 125 метр», «комаға түскен» демей «ес-түссіз жатыр», «жауын-шашын күтіледі» демей «...болады» дер еді ғой. Ал қазақ ешқашан «1 каналдың» журналисіне ұқсап «бұлт жүреді» демейді. Бұлт көшеді, бұлт ауады немесе күн бұлтты болады дейді. Осының бәрін телеарнадағы сауатсыз журналистер орыстың «впал в кому», «составляет» «минимальная зарплата» дегендерінен «бас қатырып жатпай» со күйінде аудара салған.
Иә, қазір бізде қазақты жер бетінен жойып, кім екені беймағлұм бір дүбәраға айналдырудың «алпыс екі айласы» түгел қолданылуда. Ол айла-тәсілдің ең сұмпайысы «қазақстандық» деп аталатын ұлт жасаудың сұрқия программасы болса, екіншісі қазақтың тілін, сөз саптауын орысшаның тіп-тікелей аудармасына айналдыру. Әйтпесе осы «Алматы» телеарнасындағылар 12 шақырымды «бағындырудан», «бейнекамерамен қамтылған» «ол... рекордтық көрсеткішке ие», «қазу жұмыстары жүзеге асырылады», «таяз тереңдікте» т.б. деген сандырақтар «комада» жатқан журналистің, яғни, ауру адамның еліруі екенін білмей отыр деп ойлайсыз ба?
Осында біз астын сызып қарайтып берген сөздер орыстың «покорил», «оснащен», «владелец двух рекордных показателей», «осуществляется», «небольшая глубина» дегендерді «Алматы» арнасындағылар сол күйінде қалың қазаққа ұсына салған. Ең сұмдығы сол осындай сандырақтар телеарналар арқылы құлағына әбден сіңген үлкен де, кіші де бүгінде осылай сөйлеуге көшіп бара жатқанын көзіміз көріп жүр. Олар өздері оны байқамайды, себебі теледидардан айтылған әр сөз, әр көрініс адамның ойланып жатуына мұрша бермей, бірден оның миына ұрады. Ал миы ондай ауруға душар болмаған журналист елірме сөздердің орнына «ол 12 шақырымды басып өтті» («покорил» емес!) «бейнекамерасы бар», «бейнекамерамен жабдықталған» (қамтылған емес) дер еді ғой. Ал «қазылуда» деген бір ауыз сөзді орысшадан аударып «қазу жұмыстары жүргізілуде», «таяз» немесе «тайыз жердегі бекеттер» дегенді «таяз тереңдіктегі бекеттер» деу оны айтып тұрған адамның ақыл-есінің дұрыстығына үлкен күмән туғызады.
Осыларды тыңдап отырып, кейде ол журналистер орысшадан сол күйінде аударып айтпаса бірнәрсені бүлдіріп алармын деген яғни, орысқа деген баяғы құлдық мінез, құлдық сана қанына сіңіп қалған ба деген де ойға кетеді екенсің. Қазір қазақ журналистерінің, әсіресе телерадио журналистерінің тағы бір сауатсыздығы қағазға қалай жазылса, сөзді сол күйінде оқитынынан да айқын көрініп тұрады. Мысалы Ақорда деген сөз айтылғанда «Ағорда», көкөніс сөзі айтылғанда «көгөніс» болып айтылады. Бұл үндестік заңы. Олар соны да білмегендіктен «ақ орда», «көк өніс» деп біріккен сөзді екіге бөліп, ауырлата түсетін болды. Бұл аз болса, олардың ішінде қазақтың «ң» дыбысын «н» қылып айтуды «модаға» айналдырып жүргендер де көбейіп барады. Әсіресе «1-ші каналдағы» Нұрсұлтан Біләл деген жүргізушінің сөзі соған жақын ба деп қалдық. Орыстар әдетте «где-бы не был», «кто бы не был» деп сөйлейді. Қазір телеарнадағы қазекемдер де бастан-аяқ осылай сөйлеуге көшті. Жас дейтін жас емес, әрі тележурналистикада жүргеніне талай жылдың жүзі болған Арман Ысқабыл деген інімнің «Қандай ұлт өкілі болмасын, адам өзінің тұрған жерінің мемлекеттік тілін білуі керек» (faceвoоk) деп жазғанын оқып басқаныкі басқа Арманға не болған деп қатты ренжідім. Қазақ қашанда («әдетте» емес) «болмасын деген оңбасын» дейді, «болсын» деп сөйлейді. Жоғарыдағы сөйлемді сөз білетін қазақ «қандай ұлт өкілі болмасын» демей қандай ұлт өкілі болса да» немесе «қай ұлт өкілі» де дейді. Орыстардан тұп-тура тәржімаланып айтылатын бұл қолданыс бүгінде елді меңдеген ауруға айналып барады. Бүгінде орыстың әсіресе «составляет» дегені сөзі қазақ тілін күн сайын ойрандап барады.
Бұрын әншілер әннің кейбір сөздерін бұзып айтатынын естіп, көріп жүретінбіз. Қазір қазақтың әл-мисақтан дерлікке келе жатқан мақал-мәтелдерін бұрып айту көбейіп барады. Әнебір жылдары бір тележурналистің «бөлінгенді бөрі жейді» деп Қонаев айтқандай деп халық мақалын біреуге теліп жібергенін көріп едік. Енді «құралай шаш, қолаң көз» дегенді де еститін болдық. Ал «31-ші» арна журналисінің «құлақ сұрап, мүйізден айрылған» дегенін де естідік (27 қазан, 2016).
Иә, «мұрт сұрап барып, сақалынан айрылыпты» демекші бүгінде телерадио журналистикаға әншіні де КВН-шыны да, сайқымазақты да тартып, тілі жұтаң, әдебиеттен, тарихтан, жалпы тіл байлығынан мақұрым, әйтеуір оңды-солды аузына келгенін судай сапыратын кім көрінгенді тележурналистік жұмысқа алып, оларға телеарналардан жоба ашып беріп, ұлттық тілімізді адам шошырлық күйге түсірді. Ал ондай кім-көрінгендердің ішінде тұтас бір телеарналарға бастық болып отырғандары қаншама?! Кешегі жүргізуші қызды бүгін «Астана» телеарнасына бастық қып қойғаннан не ұттық? Осы «Астананың» белгілі журналисі Ж.Сләмбектің «Апама әжем сай» дегенін естігенде шынында да телеарнашылар қазақтың мақал-мәтелдеріне реформа жасауға кіріскен сияқты. Әйтпесе, қазақ «Апама жездем сай» дейтін еді-ау.
Ал «31» арна журналисінің «Дәрігердің өз жұмысына салғырт қарамауына жол бермеу» дегенді қалай түсінер едіңіз? (27-қазан 2010). «Салғырт қарамауға жол бермеу» деген сұмдықты кім естіген? Қазақшаны шұбарлау телеарналарда бұдан әрі былай жалғасады:
Велосипедшілер 7 шақырымды бағындырды («Қазақстан» 11.х.2016)
Өз кезегінде мақұл деген («31» арна 27-қазан.2016)
...Заңның өзгеруімен түсіндіреді.
Бұл республикалық маңызға ие жол («31» арна //-//)
Құжаттың жетіспеушілігімен түсіндіреді (Ж. Ниязова 24.10.2016)
Бұл көріністі жіберіп алған болар (пропустил дегенді айтып отыр) («31»-25.10.2016)
Төрт айдан бері жолдасын көрмеген (Жанар Қожанова «31»)
...бәрі қосылып, табиғат деп аталатын тіршілік алаңын құрайды
Тағы бір айтар (Қамар Әлжанова)
Күрікбаев түрмеге тоғытыла ма? («31» 30 қазан)
Есігін торауылдап жүрген (Самал Қабышева)
Оңтүстік өңірлерде жауын-шашын күтілуде (Адам баласы жазды, көктемді, күзді, қысты күтеді. Бірақ жауын-шашын күтпейді).
Жоғарыдағы біз келтірген сөйлем деуге келмейтін балдар-батпақтың бәріне себеп болып отырғандар – біз қарайтып көрсеткен сөздер. Тілі, ақыл-есі, сана-сезімі бұзылмаған қазақ ешқашан «өзгеруімен түсіндіреді», «маңызға ие жол», «жетіспеушілігімен түсіндіреді», «жіберіп алған болар», «тіршілік алаңын құрайды» деп еліріп сөйлемейді. Осылардың ішіндегі ең сорақысы «кәсіпкерлер қандай да қадамға шешілері анық» деген сөз дер едік. Бұл орыстың «придут к любому решению» дегенін еш ойланбастан санасыздықпен, ақымақтықпен қайталай салу. Ал «қолында травматтық қару болған» деген ше? («31» арна. 31.10.2010). Күліңіз! Күліп болып не боп барасың қазағым-ау деп жыласаңыз да болады.
Қайталап айтамыз, біздің бұл мәселені қозғағанымызға талай жылдың жүзі болды. Оны түзетейік демек түгіл бетімен кеткен, сөз қадірін білмейтін, білмегенімен тұрмай, тілімізді орысшаның аудармасына айналдырғандарға не ақпарат министрлігінен, не тіл комитеті деп аталатыннан бір ауыз ескерту жоқ. Шынында да осының бәріне сонау жылдары айтылған баспасөздегі сын-ескертпелерге жауап бермей-ақ қойыңдар» деген сөз әлі де құдіретті қару болып тұр-ау, ә? Ал бұл елді – ел, ұлтты – ұлт қылайын деген адамның сөзі емес-ау, ағайын! Иә, басшылары Тәуелсіздіктің 25 жылында тілін өз биігіне шығармақ түгіл күннен-күнге орысшаның аудармасына айналдырып бара жатқан елдің ертеңі не болар екен?
Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын
ҚР мәдениет қайраткері
Abai.kz