Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қорған 2905 0 пікір 14 Желтоқсан, 2016 сағат 10:34

БЕЙБІТ КYНДЕ ОТ КЕШКЕНДЕР

 

2016 жылдың 5 маусымында Ақтөбе қаласында бұрын соңды болмаған, көзі көріп құлақ естімеген, бүкіл елді дүрліктірген оқиға болды. Бұл қарулы шабуыл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ақтөбеде қанды қол қылмыскерлердің әрекетінен адамдардың өмірі қиылды, бірқатары ауыр жарақат алды. Бір топ лаңкес мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Рамазан айы басталатын уақытта елдің тыныштығын бұзды. Осы орайда бұл күні барша халқымыз 5 мамырда қанды оқиға салдарынан қаза болғандарды қайғыра еске алатын болады» деп мәлімдеме жасаған болатын. Осы мәлімдемеден соң елін, жерін қорғап шейіт болған азаматтардың ерліктері ескеріліп, 9 маусым – Жалпы ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбедегі болған содырларлың сойқанына қатысты жасаған арнайы мәлімдемесінде лаңкестер заңның ең қатаң талаптарымен жазаға тартылатынын айтты. Бүгінде сол лаңкестікті ұйымдастырушылардың біразы арнайы сот үкімімен ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылса, кейбіреулеріне өмір бойына түрмеге тоғытылу жазасы кесілді. Сол кезде қаза тапқан әскери қызметкерлер Отан алдындағы антына адал болып, ел қауіпсіздігі жолында өшпес ерлік көрсетті. Ерлікпен қаза тапқан азаматтарымыздың қайсарлығы ескеріліп, мемлекет тарапынан лайықты бағалануда.

Атап айтқанда, 2016 жылдың 5 маусымда түскі уақытта, дәлірек айтқанда 14 сағаттан 48 минут кеткенде террористік топ ҚР ІІМ Ұлттық гвардиясының №6655 әскери бөлімшесін шабуылдады. Әскери бөлімшенің аумағына кіргеннен кейін лаңкестер автоматты атыс қаруларын иемденуге, әскери бөлімшенің қару жарақ қоймасын басып алу бойынша барынша әрекеттер жасаған. Аңшылық қарумен және басқа да суық қарумен қаруланған топ мүшелері олармен қолға түсірген қарусыз мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер Д.Сапар мен А.Шайсұлтанды қаруларды сақтайтын орынды білу мақсатында қинап, азаптаған. Террористер солдаттардан өздеріне қанағаттанарлық жауап алмаған соң, Д.Сапар мен А.Шайсұлтанды атып кеткен. А.Шайсұлтан бронежелеттің арқасында аман қалған. Егер де азапқа шыдамай, қарудың қайда тұрғанын айтып қойған жағдайда, адам өлімі бұдан да көп болуы әбден мүмкін еді. Отанына, антына адалдығын көрсеткен ұландарымыздың ерліктері көпке үлгі болары анық.

Жан беріп, жан алысқан арпалыста жараланған С.Сүндетов еш мойынсынбастан қару жарақ қоймасының орналасқан жері туралы тіс жармаған. Жанды сыздатқан сан мәрте пышақ жарақатыда оны алған бетінен қайтармады.Әскери қызметші Д.Чернышев осы қарулы қақтығыста оқтан ауыр жарақат алған, Д.Балжанов шегініп аман қалған. Кейін шабуылды қайтаруға келісім шарт бойынша және мерзімді қызметтегі тағы 16 әскери қызметшілер қосылып, бірқатары жарақаттар алған.

Мерзімді қызметтегі әскери қызметкерлер  Д.Сапар, А.Шайсұлтан және С.Сүндетов өліммен бетпе-бет келседе, Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқаруы, батырлығын ел есінен әсте шығаруға болмайды.

Жоғарыда аталған әскери қызметшілердің ержүрек әрекеттері барлық азаматтар үшін, әсіресе өскелең ұрпақ үшін үлгі болуы қажет.

Мәселен, Ақтөбедегі терактіде елін қорғап, ерлігімен көзге түскен Аслан Есентаев «Жыл адамы» атағына ие болды.

Сонымен қатар оған міндетін үздік атқарғаны үшін «Алтын адам» атағы да табысталды.

Бұл абырой полиция қызметкеріне ерлігі еленіп табысталды. Себебі олқарулы қақтығыстың өршіп тұрған кезінде Елек бөлімшесінде кезекте болып, әріптестерін қорғап, ерен ерлік көрсеткен.«Түскі уақыт кезінде «Паллада» қару жарақ дүкеніне қарулы шабуыл жасалғаны жөнінде хабарланды. Біз «Паллада» дүкеніне барған кезімізде «Пантера» қару жарақ дүкеніне көмек сұрады. Ол жерге барғанымызда әріптестеріміздің қызметтік көлігінің ашық тұрғанын көрдік. Сол жерде біз ойланбастан атысқа қатысып кеттік. Жерде жатқан қылмыскердің қаруын алып, оған кісен салып, әрі қарай атыстық. Қасымда Жақсыбаев пен Нұғалиев есімді екі сержант болды. Нұрғалиев жарақаттанып қалғаннан кейін Жақсыбаев екеуміз атысты жалғастырдық. Сол күні кешке Кірпішті ауданында да шабуыл болды. Сол жерден қару ұстап жатқан қылмыскерді көрдік. Атуыма тура келді»,- деді Аслан Есентаев.

Қазақ тарихында бүгініміз бен болашағымыз үшін тәрбие алар, тағылымды оқиғалар, ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының бірлігімен жерінің тұтастығын қорғап,ерлік жасаған, ер жүрек батырлармен Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Ата-бабамызқасық қаны қалғанша күресіп, қызғыштай қорғаған осынау ұшы-қиыры жоқ қазақтың байтақ жері – бүгінгі ұрпақ бізге аманат.

Қазақ халқының тарихына бір сәт көз жүгіртіп қарайтын болсақ, сонау Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөктен бастап жерін, елін, тілін, ділін қорғаудағы өшпес ерліктерге толы. Ұлтымыздың бойындағы отансүйгіштік құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған заңдылық ретінде де қарауға болады. Бұған дәлел көне түркі заманынан бастау алған, қазақ үшін теңдесі жоқ Күлтегін жазбаларында: «Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді» – деген көне жазу арқылы суреттеледі. Бұл жазуды тарқатып айтсақ, қазақ халқының бойындағы отансүйгіштік, антқа адалдық сезімдері бүгін ғана пайда болмағанын, оның ежелден туындап, ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан қасиет деуге болады.

Бұл жазбадан патриотизмнің – ата-баба мекеніне ие болып отыру жолында жан аямай, ел бірлігін қорғау, Отан үшін жанын аямау екендігін аңғаруға болады. Жоңғар секілді алып империяға тойтарыс беруге, кешегі патша үкіметінің зеңбірегіне жалаң қылышпен қарсы шабуға жетелеген де осы Отанға деген сүйіспеншіліктің қуатты күші.

Күні кеше бейбіт күні от кешкен батырларымыз осы бабаларымыздың ерлігін қайталап, елінің, Отанының тыныштығын қорғау мақсатында кеудесін оққа тосып, жанын құрбан етті. Қазақтың «Ат басына күн туса – ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса етігімен су кешер» деген нақыл сөзі осының кепілі десек артық айтқандық емес. Осынау қанды оқиғада күш құрылым өкілдеріне шабуыл барысында әскерлеріміз өздерінің елімізді қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті деген анттарына адал екендіктерін тағы да бір дәлелдеді.

Ғасырлардың қойнауында адасқан,

Ашылғандай қазақ үшін ақ аспан

Егеменді ел болуға бекіндік,

Сәтті жылы дәуір бастап, бақ ашқан.

Бүгінде бар армиясы айбынды

Қазақ жерін қорғайды олар байырғы.

Сарбаздар мен сардарлары сайма - сай,

Болдырмайды қасірет пен қайғыңды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nazarbaev University» түлектерінің оқу бітіру салтанатындағы сөзінде: «Террорлық актіні жасағандар ел іргесін шайқалтып, халықтың тыныштығын бұзғысы келді. Жас полицейлер мен әскерилердің ерлігі – барша жастарға үлгі-өнеге. Олар лаңкестерге тойтарыс беріп, еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтап қалды. Біз реформаларды жалғастырып, барлық даму стратегиясын жүзеге асырамыз. Бейбітшілік, тыныштық пен қауіпсіздік – тәуелсіз Қазақстанның құндылықтары. Егер бұл асылымыздан айырылсақ, ұлттың болашағы болмайды. Мұны естен шығармауларыңыз керек.

Бізді Алланың өзі құтқарды. Тұрақтылықтың арқасында біз гүлденіп, жаһан жұртын жетістіктерімізбен таңғалдырдық, келешекке жоспарлар құрып жатырмыз. Бұл үшін бізге тұрақты мемлекет қажет. Мемлекет те бұл жолда барын салады, дегенмен бұған барша қазақстандық, әсіресе сіздер, өскелең ұрпақ атсалысуларыңыз қажет», – деп түйіндеді.

Қорытындылай келе, елімізде орын алған терактілерден қаза болған отандастарымыздың аты мәңгілік ел есімінде болатыны сөзсіз.

Утемисов Асхат Талапұлы – Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы Ақпараттық жұмыс және БАҚ-қа мониторинг бөлімінің аға сарапшысы 

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5627