Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3257 0 пікір 8 Қыркүйек, 2010 сағат 04:54

Оразбек Сәрсенбай. Табыну мен тағуттың арасында

(Рисала)

Өткен ғасырдың 70-жылдарының бас жағында болуы керек, сол тұстағы ең атақты қазақ кино­режиссер­лерi­нiң бiрi С.Қожықовтың «Қыз Жiбек» атты көркем фильмi экранға шығып, елге көрсетiлiп, недәуiр жоғары бағаланып, жан-жақты мақталып жатты. Осы мақтаулы фильм­дi мен ауылға жазғы демалысқа бар­ғанымда, Шиелiнiң орталығындағы аудандық мәдениет үйiнiң қабырғасына жалғастыра салынған төбесi ашық кинозалда кешқұрым уақытта тамашалаған едiм. Әрине, жалғыз өзiм емес, қасымда жергiлiктi «Өскен өңiр» газетiнiң бiрлi-жарым қызмет­керлерi бар-тұғын. Кинодан соң сол күнi Шиелiге қонып шығып, ертесiне шайланып алып, аудан орталығының iргесiнде жатқан бiздiң ауылға қарай жаяулап тартып кетпеймiз бе? Жол бойына маған iлесе шыққан, өз айтуынша, «жергi­лiк­тi маңызы бар ақын» Жұрынбаймен бiрге кеше ғана қызықтап көрген кинофильмiмiз жөнiнде қызу пiкiрлесумен болдық. Менiң кейбiр сыни ескертпелерiммен мүлдем келiскiсi келмеген құрдасым Аққұмшықтың шетiнде оқшаулау тұрған бiздiң әке-шешемiздiң шағындау үйiнiң шарбағына кiрген соң да, екi қолын ербеңдетiп, өзi дұрыс көрген пiкiрiн қорғаудан тыйылмады. Сонда есiк алдындағы жапырақтары тұтасып кеткен екi дүмдi қарағаштың көлеңкесiндегi сәкiге ұзын жолақ көрпешенi қабаттап салдырып, қисайып демалып жатқан менiң әкем бiздiң сәлемiмiздi қабыл алмаққа басын көтерiп отырды да, миығынан күлiп қойып:

(Рисала)

Өткен ғасырдың 70-жылдарының бас жағында болуы керек, сол тұстағы ең атақты қазақ кино­режиссер­лерi­нiң бiрi С.Қожықовтың «Қыз Жiбек» атты көркем фильмi экранға шығып, елге көрсетiлiп, недәуiр жоғары бағаланып, жан-жақты мақталып жатты. Осы мақтаулы фильм­дi мен ауылға жазғы демалысқа бар­ғанымда, Шиелiнiң орталығындағы аудандық мәдениет үйiнiң қабырғасына жалғастыра салынған төбесi ашық кинозалда кешқұрым уақытта тамашалаған едiм. Әрине, жалғыз өзiм емес, қасымда жергiлiктi «Өскен өңiр» газетiнiң бiрлi-жарым қызмет­керлерi бар-тұғын. Кинодан соң сол күнi Шиелiге қонып шығып, ертесiне шайланып алып, аудан орталығының iргесiнде жатқан бiздiң ауылға қарай жаяулап тартып кетпеймiз бе? Жол бойына маған iлесе шыққан, өз айтуынша, «жергi­лiк­тi маңызы бар ақын» Жұрынбаймен бiрге кеше ғана қызықтап көрген кинофильмiмiз жөнiнде қызу пiкiрлесумен болдық. Менiң кейбiр сыни ескертпелерiммен мүлдем келiскiсi келмеген құрдасым Аққұмшықтың шетiнде оқшаулау тұрған бiздiң әке-шешемiздiң шағындау үйiнiң шарбағына кiрген соң да, екi қолын ербеңдетiп, өзi дұрыс көрген пiкiрiн қорғаудан тыйылмады. Сонда есiк алдындағы жапырақтары тұтасып кеткен екi дүмдi қарағаштың көлеңкесiндегi сәкiге ұзын жолақ көрпешенi қабаттап салдырып, қисайып демалып жатқан менiң әкем бiздiң сәлемiмiздi қабыл алмаққа басын көтерiп отырды да, миығынан күлiп қойып:

- Немене, балдарым, әлi дауларыңды бiтiре алмағансыңдар ма? - деп сұрады.

Жұрынбай сонда өзi құралпы замандастарынан гөрi ақыл-ойы сергек, екi дүние амалдарына алаңдай қарап, өзiнше салалап, салмақтап отыратын бiздiң ақсақалдың иманды, ибалы жүзiне үңiлiп тұрып:

- Ой, көке... мына Оразбек балаңыз екеумiз бiр нәрсеге таласып келемiз. Төрелiгiн өзiңiз айтыңызшы! - демесi бар ма?

- Иә, балалар, құлағым сендерде, - деп бiздiң әкей бұл жолы салалы саусақтарының арасын ашып, жалпақ алақандарын екi тiзесiнiң үстiне қойып, сөз тыңдауға ықыласты екенiн бiлдiрдi.

Әкейдiң бұл бейiлiн алдын ала өзiнiң пайдасына ыңғайламақ болған Жұрынбай бiрден жұлқына жөнелдi.

- Ой, көке... мына Оразбек фильмнiң соңында Қыз Жiбектiң суға кетiп өлуiн арзан саясатқа бейiмдеу, қисынсыз шешiм деп, менiң сөзiме жеңсiк бермейдi! Мұның мұнысы дұрыс емес қой, көке!

- Неге дұрыс емес?

- Ой, махаббат үшiн шын сүйген жүрек не iстемеушi едi? Махаббат жолында жанын пида еткендер аз ба? Оған бұрынғы, қазiргi тiрi тарих куә емес пе?

Әкем Жұрынбайдың бұл сөзiн естi­генде, көзiндегi күлкi табын өшiрiп:

- Ал қиссаның қазақы нұсқасында Төлеген өлген соң Қыз Жiбек қайнысы Сансызбайдың етегiнен ұстамаушы ма едi? - деп сұрады.

- Ой, көке... ол ескiлiктi әмең­герлiк заңы ғой. Феодализм қалдығы. Қазiргi көзi ашық режиссер баяғы замандағы жастардың қасi­реттi тағдырын көрсетудi ниет етiп, нағыз махаббат трагедиясын жасаған. Осындай қарапайым нәрсе­нi мы­на сiздiң оқымысты балаңыз түсiн­бейдi.

Сол жерде әкемнiң қабағы түсiп, екi қасының арасы қосыла бастағанын көрген мен бұл әңгiменiң маған ұқсаған «оқымыстыға» ғана емес, қауға сақал кәрiге де ұнамайтынын аңғардым. Тек бұл кiсi қаттырақ кетiп (кей-кейде ондай да мiнезi болатын), ауылға барғанда үнемi менiң қасымда жүретiн ақкөңiл, жақсы жiгiттiң бетiн қайтарып тастамаса екен деп iштей қыпыңдап отырдым.

Менiң осы қаупiм расқа айнала бастағандай едi. Әкем бойын тiк­теп, даусын аздап қырнап алды да:

- Махаббат, махаббат деп таңдайларыңды тақылдатасыңдар-ау, - дедi. Әйтеуiр Жұрынбайға тiкелей тигiзбей, көпше мағынада сөйлеп отырды. - Сендер ең әуелi сол iзгi сөздiң терең мағынасын ұғып, бiл­дiң­дер ме? Бетi жалтыраған бiреуге көздерiң түссе, махаббат! Бұралаңдаған бұраң белдi көрсеңдер, махаббат! Жақсы ас iшiп, тәттi түс көрсеңдер де, махаббат! Оу, бұл неғылған оңай айтылып, ойландырмайтын арзан гәп?!

«Жергiлiктi маңызы бар ақын» атағы бар Жұрынбай осы арада оншалықты иiлiп-бүгiле қойғысы келмей, қарсылық бiлдiрудi жөнге санап:

- Ой, көке... Абай да: «Махаббатсыз дүние бос, айуанға оны қо­сың­дар» дейдi. Бұл жерде махаббаттың не жазығы бар? - деп қалды. Бiздiң әкей бұл жергiлiктi ақын әрi журналистiң мұндай қыстырма дәлелiне тосыла қойған жоқ.

- Сендер Абайдың әр сөзiне ой жүгiртiп, тереңiрек бойлап оқыңдар, - дейдi. - Абайдың махаббаты ең әуелi Аллаға, жаратушы иеге қарап айтылмаушы ма едi? Қала бердi жақ­­сылыққа, ғаделетке, хақиқатқа ба­­ғышталған кепиеттi ғақлият болатын.

Мұндай қиыр-шиыры көп әңгiмеге етi үйрене қоймаған Жұрынбайдың ернi жыбырлап, бадырақ көздерi жыпылықтап кеттi.

- Ой, көке-ау... бiз Қыз Жiбектей сұлудың махаббат жолында шыбындай жанын құрбан еткен оқиғасын айтып отырмыз ғой. Мен мұны кинодағы дұрыс шешiм деп есептеймiн. Ал мына сiздiң балаңыз олай есеп­темейдi.

- Бiздiң баланiкi жөн-ақ, - деп әкем осы жерде басын изеп қойып, «жергiлiктi маңызы бар ақынның» жүзiне сығырая, жылұшырай қарады. - Сен, бiрақ, Жұ­рын­бай, бұл әкеңдi баласының ығына қарай жығылып отыр екен деп ойлама. Сендердiң кинә, синәларыңда менiң шаруам жоқ... Менiң айтпағым: ер мен әйел заты арасындағы ең iзгi, үлкен сезiмдердiң ешқайсысы, сүйiспеншi­лiк пе, ашық-мұшықтық па, бәрiбiр табыну жоралғысына айналып, мұның ақыры өздi-өздерiн әдейi өлтiруге әкелiп соқса, бiз мұны зор күнәкарлыққа, тағдырға мойынсұнбаған қарсылыққа қосамыз. Бұл, бәлкiм, әлдекiмге, әлденеге табынудың тағутқа айналған жерi шығар-ақ. Құдайым адам баласын ондай адасудан сақтасын!

Әкем осыны айтып, бетiн сипады да, бұл жолғы әңгiменiң тәмам бол­ғанын аңғартып, орнынан көтерiлдi.

Ол жолы «Қыз Жiбек» фильмiнiң соңғы көрiнiсi туралы екi көрерменнiң әдеттегiдей дау-таласында әкемнiң менi жақтап шыққаны әжептәуiр ұнаса да, бiрақ оның бас кейiпкердiң өз-өзiне қол жұмсауы - бiздiң миымызға оншалық сiңе қоймаған әлдеқандай табыну ұғымына апарып жат­қызған төрелiгi қасымдағы Жұрынбай түгiл, менiң өзiме де түсiнiк­сiздеу, күмәндiлеу көрiнген едi. Әуелгiде ежелгi қисса, дастандарды бiр кiсiдей жетiк бiлетiн әкемнiң қазiргi заманның «көзбояушылары» өзiнше тезге салып, сан-саққа жүгiрткенiн, өзгерткенiн қаламағаны шығар деп шамаладым.

Бiрақ араға жылдар түсiп, осы әңгiмеге, осындай әңгiмелерге қайта айналып соққан кездерде аңғарғаным: табыну мен тағут жайы бiздiң тақуа, дiндар әкемiздiң өзiнiң мүршид ұстаздары арқылы әрi жеке басының түйсiгi мен түйiндеулерi қосылып, ұзақ уақыт бойы бекiген берiк дүниетанымы екенiне көзiм жете бастаған едi. «Көзiм жете бастағаны» дейтiнiм - жай сөз емес. Шексiз сахараның бiр түкпiрiнде, алыстағы елеусiз қазақ ауылында, ежелгi шаһар жұртынан аулақта өмiр сүрiп жатқан қарапайым шаруаның кәдуiлгi қарапайым кiсi еместiгiне есейе келе көзiм жеткен сайын бала, балаң кезiмдегi ерке, еркiн әдет-дағдыларымнан арылып, әкеммен тiлдескенде тiкелей қарсы келуден бiржола тыйылып, iштей мақұлдамаған, келiспеген жағдайларым бола қалған тұстың өзiнде өз пiкiрiмдi жұқалап, майдалап, оспақтап жеткiзуге тырысар едiм.

Шынымды айтсам, ер мен әйелдiң арасындағы сүйiспендiк (әкем оны ешқашан «махаббат» атамай, «сүйiспендiк», «сүйiспеншiлiк» деп бейнелейтiн) қана емес, өзге де жақсылық атауының ешқайсысына табынуға, құлдық ұруға болмайтынын ескерткенде (әкемiздiң ескертуi - бiзге, балаларына бұйрықтай естiлетiн), кей-кейде iшiмде қарсылық та iңгәлап дыбыс берiп жататын. Ау, неге iзгiлiкке, жақсылыққа табынуға, құлдық ұрып құрметтеуге болмайды? Жақсылыққа табынуымыз - жақсы жолда жүруiмiздiң кепiлi емес пе? Өзгелерге өнеге, үлгi, мысал емес пе деп те ойлайтынмын. Шын өмiрде Қыз Жiбек өлмей-ақ қойсын, тiрi қалсын, қайнысына байға тисiн, бiрақ оның сүйiспендiк жолында өзiн құрбандыққа шалуы - менiң Жұрынбай құрдасымның бағалауынша, ерлiкке бара-бар секiлдi. Мұндай әрекеттi дәрiптемей-ақ қояйық, дегенмен, осының өзi рухани ерлiкке ұқсамас па? Өзiне-өзi қол жұмсау - әрине, күнәкарлық, бәлкiм, әлсiздiк, осалдық шығар. Бiрақ кинодағы Қыз Жiбек жазықсыз жапа шегушi кейiпкер ретiнде сипатталады. Жазықсыз жапа шегушiге жанымыз ашитыны белгiлi. Бiрақ, оған әсте табынуға болмайды дейдi. Әкемiздiң пайымдауынша, жалпы табыну дегенiмiз - тым жоғарғы ғаламдық мәртебедегi түсiнiк. Табыну - шын мәнiсiнде ғаламдық жаратылыс заңдарын көргiсi келмеу, қарсылық көрсету, қайшы келу. Демек, осынау шексiз-шетсiз ғаламат тiршiлiкте әуелден-ақ, жер бетiне шыққалы берi өзiн-өзi зорсынып, бұған қызмет ету үшiн жаратылған өзге жанды, жансыз жаратылыстың бәрiн қорсынып, тәкаппарлану, менменсуден өсiп-өнген осы табыну, табындыру сезiмдерi - адам бойындағы ең болымсыз болмыстардың бiрi көрiнедi.

Бiздiң тақуа әкемiздiң пiкiрiнше, табынудың түпкi тереңiнде әлсiз, әйтпесе табынған нәрсесiн зор тұту ниетi ғана емес, сол зорды мүлдем еселеп зорайтып, қарапайым пенденiң қолы жетпес заңғар биiкке, құдiретке, киеге айналдыру талабы жатады. Мұндайда қарапайым пенденi ең оңай жолмен адастыратыны - сырттай жақсы көрiнетiн құбылыстарға құлдық ұрғызып қою. Өзiн-өзi өлтiрген бақытсыз ғашықтарға табындыру - соның бiр көрiнiсi. Атақты әулиелердiң аруақтарына табыну да - соның ең қарапайым мысалына жатпақшы екен.

- Бұл дүниеде жақсыға да, жаманға да әсте табынуға болмайды, балаларым, - деп қорытар едi менiң тақуа әкем.

- Неге? - деп сұрасаң, әдет­тегiдей «Құранға» сүйенiп жауап беретiн.

Қасиеттi кiтаптың әртүрлi аудармасын салыстыра оқыған кезде бiздiң бүгiнгi ұғымымызға ең түсiнiктiсi оның орыс тiлiндегi (парадокс!) нұсқасы болды: «Кто не ве­рует в тагута, а верует в Аллаха, тот ух­ва­тился за самую надежную ру­коять, которая никогда не сломается... А покровителями и помощниками неверующих являются тагуты, которые выводят их из света к мракам». («Бақара сүресi», 256, 257-аяттар. Э.Р.Құлиев аудармасы. Москва, 2004 ж.).

Мұны қазақша нобайға түсiрсек, былай болып шығар едi: «Кiмде-кiм тағутқа емес, бiр Аллаға сенсе, оның ешқашан иiлiп сынбайтын сенiмдi тұтқадан ұстағаны... Ал құдайға сенбейтiндердiң қамқоршылары мен көмекшiлерi - оларды жарықтан шығарып, түнекке бастап апаратын тағуттар». («Бақара» сүресi, 256, 257-аяттар).

Бiздiң әкейдiң пайымдауынша, кәдуiлгi табыну сезiмi тоқтау, тоспа көрмесе, бiрте-бiрте асқына келе тағутқа айналып кетуi мүмкiн. Бұндай қауiптiң барлығын күллi адамзат тарихнамасы растап беретiн көрiнедi. Өйткенi табынудың өзi - тағутқа кi­ре­тiн есiк, әйтпесе баспалдаққа ұқсайды.

Ал сонда сол табыну дегенiмiз­дiң өзi қандай «құбыжық»? Оның айқын анықтамасы, түрi, түсi бола ма? Бұл өзi қайдан, қалай шыққан? Бұндай сауалдардың жауабы да адамның өз iшiнде, жаратылысында жатқан секiлдi. Әдетте кәдуiлгi гомо сапиенс иесi бiреуге, бiр нәрсеге арқа сүйемей, табан тiремей, соңына iлеспей, үмiттенбей өмiр сүре алмайды. Әркiмдi iлгерi бастайтын мұраты, қиялы, идеясы, мүддесi болады десек, бұларды ешкiм ешқашан жападан жалғыз өмiр сүрiп жүрiп, жүзеге асыра алмайтыны тағы түсiнiктi. Әрбiр ұйысып тiрлiк етушi қауымның жетекшi мүдделерi мен үлкендi-кiшiлi көшбасшылары да бар емес пе? Бәлкiм, бiреуге бағыну, мойынсұну, табыну атаулы әуелгiде жақсы ниеттен, қажеттi амалдардан да туған болар-ақ. Бiрақ бiрте-бiрте қауымдар өсiп-өнiп, толысып, толыққан кездерде, мүдделер мен ниеттер бөлiнiп, бөлiске түсе бастағанда табыну объектiлерi де оқшауланып, бұрынғы ортақ құндылықтардың өзi «жеке меншiкке» айналып, әр ұлыс пен жұрттың басын қосып, бағындырған ұстындары, иланым-сенiмдерi бой түзей бастаған шығар-ақ.

Ендi бiздiң дәуiрiмiзде сол мың-мыңдаған жылдарға созылған бөлектену, бөлшектену бәсеңсiгендей көрiнiп, жаһандану, бiрлесу, бiрiгiп өмiр сүру салттарына ептеп бой үйрете бастағанымызда, ежелден берi бойға сiңген ескi әдеттерден, ескi дүниетанымдардан, ескi амал-әрекеттерден ажырап кете алмағанымыз тағы аян. Өзге үлкен тақырыптардың басын ауыртпасақ та, сол баяғы табыну, құлшылық ету, күштiнiң аяғына жығылу, құлдық ұру, бас ию секiлдi пендешiлiк жаратылысымыз кемiмек түгiл, кемерiнен асып көбейiп кеткен тұстары да бар. Ең ғажабы, қазiргi табыну дәстүрлерiмiз жоғарыда бiздiң дiндар әкелерiмiз сипаттайтын моральдық, абстрактiлi ұғымдардай емес, белгiлi адрес-мекенi, түр-түсi бар, материалданған, заттанған, қолмен ұстап, көзбен көруге болатын, күнделiктi үйреншiктi құбылыстарға айналып барады. Қазiргi жедел дамыған ақпарат мұны жан-жаққа жариялап, ашық таратып жатыр емес пе? Бiздiң заманымызда табынудың түрi тiптi көп. Қазiргi ұғымдар мен тiлге бейiмдеп айтсақ, бүгiнгi табынудың жалпылама атауы - культ. Фетишизм дегенiмiз де осыған кiре­дi. Идеялар культi. Жеке адамдар культi. Билiк культi. Байлық культi. Техника культi т.б. тiзiлiп кете бередi.

Тағуттың не екенi азды-көптi сауаты бар адамдарға түсiнiктi. Тағут - ғаламның иесi бiр Құдайдың барлығын мойындамай, бұттарға, идолдарға, табиғат күштерiне табынушылар. Көпқұдайшылар, шамандар, сиқыршылар да осылардың қатарында. Тiптi өздерiн «атеиспiз», «материа­лиспiз» деп кеуде соғатын «мықтылар» да осы «тағут командасының» мүшелерi. Өйткенi дүниеде ештеңеге сенбейтiн есi дұрыс адам баласы болмайды. Европаның бiр ғұламасы (атын ұмыттым) айтқан екен: «Теңiз­де апатқа ұшыраған адамдардың iшiнде бiрде-бiр атеист кездес­пейдi», - деп.

Адамзат өмiрiнде ежелден етек алып, кең тарағаны - жеке адамдарға, билiк иелерiне табыну культi. Мұндай культтiң негiзiнде әдетте идеялар (саяси, әлеуметтiк, тарихи, ұлттық) күресi жататыны да бар. Әртүрлi идеяларды (озық па, тозық па бәрiбiр, әйтеуiр белгiлi бiр кезеңде қалың бұқараны соңына ерту үшiн туындаған) жалаулата ұстап, iлгерi бастаған пассионар тұлғалардың қолына шектеусiз билiк тиген бойда-ақ көп ұзамай сол қайраткерлердiң бiрте-бiрте кәдуiлгi қарапайым диктаторларға, айналасын доңайбатымен қорқытқан табыну, табан жалау объектiлерiне айналып кететiнiн сонау ежелгi дүние жылнамашысы Плутархтан бастап (оның көптомдық «Тарихнамасындағы» Александр, Цезарь, Помпей туралы тарауларын тағы бiр рет шолып шықсаңыз болады), сонау В.Шекспир, Ә.Фердоуси секiлдi ғаламдық сипаттағы көркемсөз шеберлерiнiң кiтаптары­нан оқып бiлушi едiк. Кiтаптардан ғана оқып бiлмей, кешегi Сталин культiнiң шет жағасын көрiп өскен мына бiздердiң - жасы ұлғайған жасамыс ұрпақтың жадында да бiраз суреттердiң сақталып қалғаны хақ. Жеке басқа, айрықша билiк иесiне жаппай табынудың ешқашан жақсылықпен аяқталмайтыны екiнi екiге қосқанда төрт боладыға саятын үрдiс екенi әлдеқашан дәлелденсе де, дүниеде ең қиын нәрсе - адамның өзiн-өзi жеңе бiлуi болса керек. Асқан сұңғыла сұлтанның да, жеңiлудi бiлмейтiн жеке дара қолбасшының да, тiптi қолында бишiктен басқа билiгi жоқ қарапа­йым қойшының да (ақын, жазушы, суретшi т.б. бола ма бәрi-бiр) - бұлардың әмбесiнiң бiр осал жерi бар, оның жалпыға мәлiм атауы - пендешiлiк. Ал осы пендешiлiктi бүркеп, жасырып, тежеп ұстау - әркiмнiң қолынан келе бермейтiнi белгiлi. Әсiресе билiк иесiнiң жағдайы ауыр, өйткенi оған айналасында қа­дал­ған сыншыл, мiншiл көздер аз емес. Сен тау қопарып жатсаң, төмен қарай домалаған тастардың бiрi бiреудiң төбесiне тиiп кетуi мүмкiн. Үнемi биiкке қарай өрмелей берсең, қасыңа ергендердiң бiразы шаршап-болдыра бастайды, ал етекте қал­ғандар арасында наразы, күңкiл сөздер естiлсе, ол саған тағы ұнамайды. Осындайда өзгелерге ұқсап тас арқалап, маңдайы тершiп көрмеген пысақайлардың iшiнен әлдекiм­дер жұлқынып iлгерi шығып, айқай салып, сенi ал кеп мадақтауға кiрiседi... Әуелгiде әлгi пысақайдың бұл мiнезiн ерсiлеу көрсең де, бiрте-бiрте осындай мақтау-марапатқа етiң үйренiп, сол айқайшыны шын жанашыр, шын тiлеулес көре бастайсың. Одан арғысы белгiлi: бәз-баяғыдан бар ескi сүрлеуге түсiп алып, жантықтар мен жағымпаздардың қолтығында кете барасың. Бұл - өзiң таңдаған жолдың басы, әуелгi психологиялық баспалдақ. Осы ақуал жылжи-жылжи, өсiп, ұлғая келе жаппай табыну, құлдық ұру, құрдай жорғалау сияқты жағымсыз, жат құбылыс­қа айналып кетпесiне ешкiм кепiлдiк бере алмайды.

Әлемдiк әдебиетте жоғары би­лiкке табыну, оның тағутқа айналып кетуi жөнiнде әңгiме қозғаған ең озық шығармалар қатарында Әбiл­қасым Фирдоусидiң атақты «Шаһнамасын» атасақ, соның iшiнде шаһ Жәмшиттiң өмiр тарихын қамтитын қиссаның орны ерекше көрiнедi. Парсы жұртында сексен жыл патшалық құрған әйгiлi Жәмшит заманында мемлекет орасан зор күш-қуатқа, бақ-дәулетке кенелiп, атақ-даңқы аспандап кеткенге ұқсайды. Шаһ Жәмшиттiң осылай биiк мәртебеге, мақтаулы дәрежеге жетуiне оның ұстазы әрi ақылманы Күрәң деген кiсiнiң зор ықпалы болса керек-тi. Осы атақты әмiршiнi Ахриман атты әзәзiл ұзақ жылдардан берi аңдып, соңынан қалмай жүредi екен. Сондай бiр күндерде патшаның жұмсауымен ұзақ сапарға жол жүрiп кеткен Күрәң қарттың жоқтығын пайдаланған әлгi әзәзiл Жәмшитке келiп, әртүрлi айла-тәсiл арқылы зор билеушiнi өзiн әншейiндегi әмiршi ғана емес, тура Құдайдың өзi деп жариялауға көндiредi екен. Онсыз да мейманасы тасып, жер үстiне зорға сыйып жүрген менмен көкiрек бұдан соң өзiн дүние-ғалам иесiмiн деп жар салмас па? Қарауындағы қарашасының әмбесiне мұның алдына келiп сәждеге жығылуға, құлдық ұруға, құлшылық жасауға пәрмен бередi. Шыбын жандары шырқырап қатты қорыққан халық бейшарада басқа лаж қалмай, атақты патшаға ендi Құдай ретiнде табынып, жалбарынып, жәрдем сұрауға көшедi. Сол заманда ойда-жоқта Жәмшит шаһтың бұрынғы айдай сұлу, нұрлы жүзi көлеңке басып, тез арада өзгерiп, қарая бастайды да, артынша кәдiмгi қап-қара көмiрге айналып жүре бередi екен. Мұндай сұмдықты көргендер бет-бетiмен қаша жөнелгенде, ақылман Күрәңнiң орнын басқан әзәзiл Ахриман дереу шаһтың бетiне перде жапқыздырып: «Құдайдың құдiреттi жүзiн жай күнәкар адамдар көруге болмайды», - деп үкiм шығартып, өзi шаһ-құдайдың атынан бұдан былай парсы жұртын емiн-еркiн билеп-төстеуге кiрiспей ме? Бiраз уақыттар өткен соң алыс сапардан Жәмшиттiң ұстазы Күрәң қайтып оралып, ордаға бармай ма? Сөйтсе, қарауылдар: «Алдымен сәжде қылмай, Құдайдың алдына кiрмейсiң!» - деп кесе-көлденең тұрып алады. Есiк алдындағы талас-тартыс дауысты естiген Жәмшит: «Менiң ұстазымның маған сәжде жасамай-ақ кiруiне рұқсат!» - деп бұйрық берген соң ғана тақ бөлме­сiне кiрген Күрәң бет-жүзi қап-қара көмiрдей күйiп кеткен Жәмшиттiң ұсқынын көрiп, әрине, қатты күйзе­ледi ғой. Мұның аяғы ұстаз бен шәкiрт арасындағы ұзын-сонар сұхбат­қа жалғасып, өзiн Құдаймен теңестiрмек болған пенде райынан қайтып, тәубаға келедi. Алла бұл жолы оның тәубасын қабыл алып, өң-түсiн бұрынғы қалпына қайта түсiредi. Жәмшит бұдан соң өз еркiмен алтын тақтан түсiп, туған жиенi Зуһах дегендi орнына отырғызады. Бiрақ аз уақыт өзiн Құдай санап, тағут жолына түсiп адасқан Жәмшиттiң бұдан былайғы өмiрi қайғы-қапаста өтедi. Өлшеусiз билiк қолына тиген мұрагер Зуһах қанiшерлiк жағынан бәрiнен асып түсiп, нағашысының түп-тұқиянынан түк қалдырмай қырып тастайды. Ал Жәмшиттiң өзi де, ұстазы да қашып, жүрiп, далада қаңғып өледi.

Көне Шығыс әдебиетiнде табынудың тағутқа айналуын тасқа қашағандай таңбалап кеткен нұсқаның, өнеге-мысалдың бiр парасы осындай.

Өте алысқа бармай-ақ, өзiмiздiң қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» аталған көптомдық романын парақтап шықсаңыз да, белгiлi бiр идеяға, адам қолымен жасалған идеологиялық фетишизмге сүйенiп, билiк басына келген жеке тұлғаларда табынудың асқына келе саяси шизофренияға айналатынын анық көресiз. Ойдан шығарылған олақ оқиғаларға емес, автордың өзi бастан өткерген деректерге, бүкпесiз шыншыл көрiнiстерге құрылған осы бiр ерекше бiтiмдi, кейiнгi оқырмандарға бәлкiм бөтендеу көрiнетiн тақырыптарды қозғаған көп қабатты, мол қыртысты осы шығармада билiк атаулының (үлкен бе, кiшi ме - бәрiбiр) әу бастан иманы әлсiз, пенде­шiлiгi басым бiреулердiң қолына тигенде, бiрте-бiрте бишiкке айнала бастайтыны шебер суреттеледi. Бас кейiпкер Биғабылмен күнi кеше ғана қызметтес, әрiптес, мәслихаттас, тiптi пiкiрлес болып жүрген заман­дас­тарының замана желi өзгерiп соққан сайын қалай құбылып, қалай жығылатынын, ал кейiпкерлерiнiң қайтiп жағымпаз, жантық, жалақор шекпен­дерiн кигенiн, ал ендi бiреулерiнiң жалынып-жалбарынып жүрiп сұрап ал­ған азғантай амалын өзгелердi бұқтыруға, қорлауға, азаптауға жұмсайтынын, ал кейбiреулерiнiң өзiнен мәртебесi жоғарылар алдына құрақ ұшып, өз ықтиярларымен сатқындық, жансыздық, құлдық қамытын кигендерiн оқып-бiлу өте-мөте қызық көрiнедi. Жазушы жалпы билiкке табынудың - иманы әлсiз адамдарды кiрiптар халге түсiрiп, құлдық пен бейшаралыққа бастап, өзгедей әрекетсiз тобырдың көбеюiне әкелiп соғатынын ешбiр ұрандама, үндеу­лер­сiз-ақ, ұзыннан-ұзақ мылжың шолулар әйтпесе қайдағы қияли қисындарды тiзбектемей-ақ, нақты өмiр, тұрмыс, амал-әрекет суреттерi ар­қылы бейнелеп, дәлелдеп бередi деу­ге болады...

Көп томдық күрделi шығармада жеке басқа, әмiр иелерiне зорлап, күштеп табындырудың әрқилы амал-тәсiлдерi жан-жақты, қоспасыз, бояу­сыз, бопсасыз баяндалады. Жоқ, суреттеледi - ақпарат берумен шектелмейдi, сiңдiрiлмейдi, бас кейiпкердiң бастан өткергендерi, көзiмен көргендерi, естiгендерi, түйгендерi, түйсiнгендерi арқылы ақ қағаз бетiне айқындап түсiрiледi. Ең жоғарғы биiкте, мемлекеттiң орталығында отырған әмiршiнiң одағай әрекеттерi мен ақылға сыйымсыз пәрмендерiн жүзеге асырушы жергiлiктi жетесiздердiң өздерiнше айбат шегiп, доғал культ, пұт жасап, жазықсыз жандарға жаппай жапа шектiргендерiн осы «Қылмыстағы» Шың Сысай деген жексұрынның Шыңжандағы (Шығыс Түркiстандағы) билiк басына келгендегi мезгiлiн сипаттаған беттердiң нағыз хас шеберлiкпен, байқампаздықпен, психологиялық тереңдiкпен бейнеленге­нi­не қол қоясыз. Жергiлiктi ұлт өкiл­дерiн үлкен жиынға шақырып, кездесуге келген, одан соң көпшiлiк алдында данышпансып, дандайсып сөз сөйлеген, өзiнше паң, ешкiмдi менсiнбейтiн, барынша мейiрiмсiз, рақымсыз әмiршiнiң физикалық әрi психологиялық бейнесiн жазушы өшпес­тей өрнектей бiлген. Бiрер мысал келтiрсек те болады. "Сол зор тақтаның iшкi бетiне бiздi осы бақытқа жетектеп әкелген тегiс қара мұртты данышпан көсемнiң суретi сызылыпты. Ұшқандай зымырап шауып келе жатқан ақбоз тұлпардың үстiнде шiрене шақшиып, керемет айбынмен қылыш үйiрiп келедi. Шыңжан хал­қының басына төнген қара бұлтты тiлгiлеп, барлық жау бiткендi жал­ғыз жайпап, қырып келе жатқандай". Зор империяның iрi билiк иесiн сол империяның қарауында қапаста отырған қаламгер бұдан артық қайтiп әжуалап, кекетсiн! Ал осы көсемсымақтың кездесуiне келген елдiң еңсесi төмендегiдей: "Көсемнiң батырлығын көрiп, баспалдақпен жуаси өрлейiн деп орнатқан ғой - осы суретке қарай-қарай өрлеп, өрлеген сайын қарап, қараған сайын өрмелеп, екiншi қабаттағы үлкен залға кiрдiк", - дейдi. Бiр қызық деталь: осы көсемсымақ баяндама жасап тұрып, қолында оқып тұрған қағазынан қапелiмде айырылып қалады емес пе? "Iшiк емес, қалпақ емес, жұқа қағазы құрғыр тура ұшпай, бұра ұшты", - дейдi. Осы кезде әлгiнiң аудармашысы Махмұтжан деген байғұс жанұшырып қағаздың артынан қуа жөнелмей ме? Сол жердегi күлкiлi халден автор трагикомедиялық сурет жасап шығады ("Қылмыс", 1-кiтап, 404-408 беттер).

Билiкке табынушылықтың түбiнде саяси шизофренияға апарып соғатынына осы "Қылмыс" романын түгелдей оқып шыққан әркiмнiң көзi жетедi ғой деп ойлаймыз. Өйткенi бұл кiтаптан коммунизм идеясын бүркен­шiк еткен белгiлi топтың орталық билiк басына келген күнiнен бастап қарауындағы момын халықты (әуелгi кезде солардың соңына ерген, сенген, қолдаған) әрқилы саяси науқандардан көз аштырмай, қайта-қайта талқыға салып, тексерiп, тергеп, қорқытып, үркiтiп, езiп, жаншып сiлiкпесiн шығара беруiнде қандай қисын, логика, жүйе, жосық, жоба барын ақыл-есi бүтiн, ешкiмге қарсы емес, барына қанағат еткiш, ештеменi артық-кем талап етпейтiн, күндегiсiне әбден етi үйренiп кеткен қарапайым тiршiлiк иесi түгiл оқығаны, тоқығаны, естiгенi аз емес зейiндiлердiң өзi оңайлықпен түсiне алмас едi. "Әртүрлi гүлдер шешек атсын", "Тарих тапсыру", "Стиль түзеу", "Мәдени төңкерiс" секiлдi Қ.Шабданұлы романында суреттелген саяси науқандар, ақыры жаманшылыққа, асып-атуға, айдауға ұласқан қым-қуат оқиғалар Қытайда әйтпесе Совет Одағында ғана емес, төрткүл дүниенiң қай тұсында кездессе де, билiк үшiн, тақ үшiн арпалыстың адам ұрпағын апатқа ұшырататынын айғақтап тұрғаны анық.

Дүниелiк тарихта - Алланың елшiсi пайғамбарлардан, Абсолютке адал, бiржола қалтқысыз қызмет ететiн шын әулие-әмбиелерден басқасы, әй, қайдам, бiрден-бiр "табынуға", бас июге лайықты, төрт құбыласы түгенделген, бүкiл болмыс-бiтiмi саңлаусыз бүтiн адам нәсiлдестер: патшалар, қолбасылар, ғұламалар, саясаткерлер бар едi, болды ғой дегенге сену қиын. Шыңғыс хан, Наполеон, Эйнштейн, I Пётр, Ататүрiк... Тарихшылар осылардың қай-қайсысының да тұла бойларынан, дүние-танымдарынан, амал-әрекеттерiнен қыруар мiн-мүлтiктер, ойсыраған олқылықтарды iздеп тауып жатқан жоқ па? Өзiнен басқа жаратындыға тамсанғанмен,табынуға мүмкiндiк бермейтiн Жаратушының бұл да бiз бiлмейтiн Хикметтерiнiң бiрi емес пе екен?

Оның үстiне, қазiргi тарихшылар мен әлеуметтанушы ғұламалардың зерттеуiнше, жер бетiнде өркениет қанат жайғалы, адам баласы жазу-сызуды ойлап тапқан шын мәнiсiн­дегi руханият төңкерiсiнен бергi мыңдаған жылдар iшiнде бәрiмiз жаппай жабылып, құрақ ұшып "табына қоятын" (соңғы тiркестi тырнақшаның iшiне алатын себебiмiз - жоғарыда айтылғандай) керемет кемеңгерлер саны соншалықты көп емес көрiнедi. Осы тақырыпта ұзақ жылдар бойы мұқият зерттеулер жүргiзiп, бiр жарым миллиондай библиографиялық көрсеткiштер мен деректер жинаған орыс ғалымы А.С.Данилов "Люди голубой планеты" атты үлкен кiтап бастырып, оған әлемдегi осы уақытқа шейiн аттары мәшһүр болған ең атақты 189203 (жүз сексен тоғыз мың екi жүз үш) адамның өмiрдерегiн кiргiзедi екен. Сол зерттеу кiтапты орыстың тағы бiр үлкен ғұламасы, академик Д.Лихачевке апарып көрсеткенде, ол кiсi:

- Мұның жарамаған екен, - деп басын шайқапты. - Сенiң картотекаңа басқа да миллиондардың аты кiруi керек едi. Бiрақ оның бәрiн қамту мүмкiн емес қой!

Сонда А.С.Данилов тұрып:

- Қайдағы миллиондарды айтасыз, Дмитрий Сергеевич-ау! - деп таңғалыпты. - Мен қырық бес жыл әлемнiң қолым жеткен бар мұрағатын қопарып жүрiп, осы уақытқа шейiн адамзат арасында үш мың жылдан берi өмiр сүрген данышпандар санын төрт мыңға жеткiзе алмай, әуреге түскенiм жоқ па? Көрнектi таланттар саны жиырма мыңға жуық, ал қалған жүз алпыс бес мыңы былайша қарым-қабiлетi мол тұлғаларға жатады екен.

- Бiрақ сен әлi бәрiн қамтып үлгерген жоқсың ғой, Александр Сергеевич?

- Оныңыз рас. Бiрақ өмiрiмнiң соңына шейiн бұл тiзiмдi үш жүз мыңға жеткiзетiн шығармын деп ойлаймын. Қалай тартсақ та, одан аса қоймас.

Мұны естiгенде, қарт ғұлама   ойланып отырып:

- Өкiнiштi екен, - дептi.

Ал американдық әлеуметтанушылар Ф.Хоровитц пен М.Брайеннiң жазуынша, әрбiр елдегi халықтың 3-5 пайызы ғана ой еңбегiмен жұмыс iстеуге қабiлетi бар дарындылар тобын құрайтын көрiнедi.

Әрине, бұндай пiкiрлердi бiрден-бiр түбегейлi шындық ретiнде қабылдай қоюға болмас. Рас, адамзат тарихында әуелi өз жұрт-жұрағатының, қала бердi жаһандық қауым-қоғамның қозғалыс-қимылына айтарлықтай ықпал еткен, өмiр тiршiлiктi өзгерткен, өрге бастырған, рухани болмысты байытып, тереңдердiң көзiн ашқан кемеңгер, кемел тұлғаларды ұрпақтан - ұрпаққа, нәсiлден - нәсiлге өнеге, үлгi етiп, ардақтайтын, дәрiптейтiн дәстүрiмiз бар. Бұл - дұрыс. Қазақ: "Жақсының жақсылығын айт - нұры тасысын", - дейдi. Адам баласына өнеге, үлгiсiз өмiр сүру де оңай емес. Өнеге, үлгi - бiр жағынан тәрбие құралы, тәжiрибе жиынтығы, мұрат, идеал. Прогреске, жасампаздыққа бастайтын құбылыс.

Бiрақ бәрiбiр адамның адамға табынуы - тура жол емес әрi жөн емес. Дiни тұрғыдан бұл - күнәкарлық, күпiрлiк. Ал адами тұрғыдан бұл теңсiздiкке, тәумендiкке бастайтын, бәлкiм, психологиялық кiрiптарлықты, осалдықты туғызатын ахуалға ұқ­сайды. Адам нәсiлi әуелден терезесi тең жаратылған демеушi ме едiк? Әуелден осылай жаратыл­ғанымызды мойындамасақ, бiр-бiрiмiзге әрқилы деңгейдегi талаптар қойып, бас ауыртып не жынымыз бар? Адам бiр-бiрiнен амал-әрекетi, қарым-қабiлетi, құлқы-пейiлi арқылы айырылатын бол­ғанмен, ешкiмдi тура көзiне шұқып "сен артықсың", "сен кемсiң" деп бөлектеп, бөтенсiп жатпайтын әдептiлiк қисынымен қарағанда да оны бiреуге (тiптi өте зор таудай тұлға болса да) табындырып, құлдық ұрындыру, "шоқындыру" - адамшылық салтына да, жаратылыс заңына да қайшы келедi. Мәселен, осыдан 20 жыл бұрын автомобиль апатынан қайтыс болған эстрада әншiсi В.Цойдың мың-мыңдаған табынушылары арасындағы 45 жасөспiрiм өздерiне өздерi қол жұмсаған делiнедi. Көзсiз табынушылықтың әлi буына қатпаған өскiндердi қалай адастырып, жуадай солдыратынының бiр айқын дәлелi осы емес пе? Ақыл-есi бүтiн адамды арбап, зомбиға айналдыру - қазiргi табынудың ең шетiн жағдайларының бiрi болса керек.

Коммунизм, социализм идеяларына, күн көсемдерге бас июден, табынудан, қорсынудан, қорқудан әзер құтылып, тәуелсiздiкке қол жеткiздiк пе деп жүрген бүгiнгi қазақ қауымы бiраз ес жиып, етек бастылықтан құтылып келе жатқанымызға шүкiршiлiк етсек те, өткен-кеткен тарихымызды түгендеп, бүгiнгi құндылықтарды бағалау үстiнде кей-кейде асыра сiлтеп, әсiре қызылдыққа ұрынатын кездерiмiз де аз емес. Бас жақтың басын ауыртпай-ақ, өзiмiзге етене жақын қазiргi мәдениет, руханият кеңiстiгiне ат басын бұрып, айнала шолып қарасақ, кiлең бiр дабыра, даңғаза сөздердi жиi еститiн болдық. Қазiр қазақ iшiнде (әрине, бiзде ғана емес) кiлкiген "ұлылар" қаптап көбейiп барады. "Ұлы ақын", "ұлы артист", "ұлы композитор" - бәрi бiзде. Осы "ұлы" деген өлшеуi зор сөздiң қайдан шығып, қайдан келгенiн анық ажырату қиын. Абайда, Бұқар жырауда, өткен заманымыздың атақты би, шешендерiнiң тол­ғауларында мұндай баламалар - "ұлы хан", "ұлы батыр", "ұлы би" ұғымдары кездеспейдi. Қазақта "ұлыстың ұлы күнi", "Ұлытау", "ұлы әкемiз", "ұлы анамыз" деген атаулар қашаннан бар - "үлкен", "көне", "ежелгi" деген мағынада айтылар едi.

Кешегi Кеңес дәуiрiнде баспасөз, кiтап беттерi, радио қалпақтары "ұлы көсем", "ұлы партия", "ұлы кеңес" деген тiркестерге толып кеткенi есiмiзде. Одан кейiн бықпырт пәлек жайған "ұлыларға" - "ұлы механизатор", "ұлы конструктор", "ұлы боксшы", "ұлы тренер" секiлдi анықтауыштарға етiмiз үйренiп алды. Басқаларды бiлмеймiн, өз басым осы уақытқа шейiн "ұлы боксшы", "ұлы футболшы" секiлдi сөздердiң терең мағынасын түсiнбей-ақ қойдым. Осы "ұлы" деген сөз сiрә орысшасындағы "великийден" бiздiң қонақжай қазақшамызға оп-оңай көшiп келген болса керек.

Өйтетiндей қисыны бар. Өйткенi бiздiң төл ана тiлiмiзде бұрыннан "ұлық" деген түпсiз терең мағыналы атау сөз өмiр сүрiп келген. Мысалы: "Алла ұлық!" деймiз. Арабшасы: "Аллаһу әкбар!" Бiздiң шамалауымызша, бұл Қазақияға Ислам дiнi тарамай тұрып та ата-бабаларымыздың аузында бар сөз. Егер бар болмаса, арабша "әкбарды" қалайша толық, дәл мағынасында қазақшаға қотарып үлгерер едiк? Содан Кеңес заманына келгенде, қаптаған "великийлерге" қазақша балама табу үшiн "ұлықтың" бiрнеше хәрпiн алып тастап, "ұлыларды" қолдан жасай қоймадық па? Ендi, мiне, көрнектi, талант­ты, дарынды секiлдi анық­тауыштарды қанағат етпей, "ұлыларды" мүлдем көбейтiп жiбердiк.

Бiздiңше, басқа кеңiстiктердi айтпағанда, қазақ қоғамында соңғы жүз жылдықтар iшiнде өмiр сүрген бiрнеше ғана ұлық сөз зергерлерi, нағыз кемеңгерлер болды. Солардың iшiнде үшеуiн ерекше атар едiк, олар: Қожа Ахмет Иассауи, Абай және Мұхтар Әуезов. Мiне, бұлар анық ұлық тұлғалар (қазiргi тiлмен бейнелесек, ұлылардың өзi). Неге олай деймiз? Өйткенi: бiрiншiден, бұларда жаратылыстан дарыған өлшеусiз суреткерлiк мол қабiлет болды; екiншiден, бұлардың ерекше терең тұңғиық дүниетанымы, қазiргi тiлмен айтсақ, идеологиясы болды; үшiншiден, бұлардың артында қал­ған мектеп (қалай атасаңыз - өз еркiңiзде) болды. Мiне, осы үшеуi ұлттық топырағымызда өнiп-өскен рухани ұлықтарымыз едi. Қалғандарымыз - айрықша озып кеткенде, өнерiмiздi дамытып, өркениетiмiздi өсiрген үлкен, үздiк, талантты тұлғаларымыз, классиктерiмiз. Шынында өнер адамына "классик" дегеннен артық қандай атақ, баға керек?

Әрине, ұлықтардың, ұлылардың ешқайсысына табынбаймыз. Басымызды иiп, зиярат етпеймiз. Ардақтаймыз. Мақтаныш етемiз. Мақтаймыз. Шын ыстық ықыласымызға , махаббатымызға бөлеймiз. Бiрақ оны культ дәрежесiне көтерiп тағутқа, тас құдайға айналдырмаймыз. Өйткенi табыну, тағут дәрежесiне көтерiлген (көтеретiн - өзiмiз) "ұлықтар" мен "ұлылар" ерте ме, кеш пе, бәрiбiр тұғырынан түседi. Тұғырынан түскенi ештеңе емес-ау... олардың арасында тарихтың тезiне түсiп, ма­йысып, сынып кететiндерi де, уақыттың сүзгiсiнен өте алмай қиыршыққа айналып, жоғалып кететiндерi де табылады.

Жуықта осы жазбамыздың бас жағында, әуелде оқшаулау көрiнген тақырыпты қозғауға себепшi болған "жергiлiктi маңызы бар ақын", менiң ескi досым, кәрi құрдасым Жұрынбайға жолығып: "Осылай да осылай, сол баяғыда екеуiмiз таласып қал­ған әңгiмеге қайта айналып соғып, бiрдеңе жазғым бар едi", - деген сөзiмнен ауанымды аңғарған ол iшкi жанқалтасына қолын салып, төрт бұрышты шағын қойын дәптерiн шығарып алды да, соның беттерiн парақтап тұрып:

- Осы уақытқа шейiн жеке кiтап бастырудың сәтi келмегенмен, мен әлi өлең жазудан тыйылғаным жоқ, - деп, даусын сәл қырнап қойды. - Зейнеткерлiкке кеткелi ермек етiп жүрмiн... Ал тыңдай бер.

Қартайсам да, сезiм тыным таппайды,

Махаббатсыз таңым тағы атпайды.

Бiр өзiңе сыйынамын, Тәңiрiм,

Сүю бiрақ табынуға жатпайды.

 

"Жас Алаш" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383