Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алашорда 8150 0 пікір 12 Желтоқсан, 2016 сағат 09:13

ТҰҢҒЫШ РОМАН. Ж.АЙМАУЫТҰЛЫНЫҢ ҚАРТҚОЖАСЫ ОКОП ҚАЗҒАН...


Биыл 1916 жылғы Халық көтерілісінің 100 жылдығы. Еліміздің әр аймағында түрлі деңгейде аталып өтілуде. Ғылыми-танымдық, мәдени-ағартушылық шаралар ұйымдастырылып, тарихи оқиға жайында мақалалар, зерттеулер, жеке жинақтар жарық көрді. Осы оқиғаға қатысты 2003 жылы жазылып, аймақтық газетте, шағын тиражды жинағымызда ғана жарияланған мақаламызды толықтырып «Абай» электрондық порталы арқылы қалың оқырманға ұсынуды жөн санадық.

Роман талабына толық жауап беретін қазақ әдебиеті тарихындағы тұңғыш эпикалық шығарма – «Қартқожа» 1926 жылы Қызылорда қаласында жарық көргенде, онымен сол уақытта әдебиетімізде көлемі жағынан да, көркемдігі тұрғысынан да бой түзейтін бірде-бір туынды болған жоқ. Қазақ сөз өнерін бірден биік деңгейге көтерген «Қартқожа» – санаулы шығармалар қатарындағы әдебиет тарихымызда алтын әріппен жазылатын туынды.

Омбы облысының тарихи архивінде құжаттарды парақтап отырып, тізімде Қартқожа есімді қазақты кездестірдік. Жалпы архив материалдарында қазақ ұшырасып жатса, ол туралы дерек көзін көрсетіп отыруды әдетке айналдырған едік. Сол уақытта өзіміз білетін Қартқожа біреу-ақ еді. Ол Ж.Аймауытұлының белгілі романындағы бас кейіпкер болатын. Ал енді Омбы мұрағатындағы Қартқожа кім екен?

Қартқожа есімді қазақ туралы архив қызметкерінен қосымша құжат алуға сұраныс жасадық. Сұраған қағазды бір күннен кейін  әкелетін болды. Тағатсыздана күткен келесі күні Қартқожа Тоғанбаев деген Омбы өңірінде мұғалім болған қазақтың жеке іс қағазы қолымызға тиді. Бірнеше парақтан тұратын архив құжаты орыс тілінде толтырылған екен. Тоғанбаев Қартқожаның өмірбаянын оқып отырғанымызда, Жүсіпбек Аймауытұлы романының сюжеті еске түсе бастады. Байқасақ, Омбы мұрағатындағы Қартқожа да Баянауылда туған. Ол да шығарма кейіпкеріндей, 1916 жылғы Халық көтерілісінен кейін окоп қазуға алынып, майданға барып келген екен. Шыққан әлеуметтік тобы романда көрсетілетіндей, қарапайым шаруа кедейден екен. Жалғыз-ақ, романдағы Қартқожаның әкесі Жұман, ал архивте Жанан деп жазылыпты. Тарихта болған Тоғанбаев пен романдағы Қартқожа өмірбаяндарында бірнеше ұқсас жерлер барына көз жеткен соң, ақиқат анық болды. Ж.Аймауытұлы шығармасының прототипі – Омбы архивінде көрсетілетін Қартқожа Тоғанбаев.

Мұрағаттан табылған Қартқожа Жананұлының жеке іс қағазы 1924 жылдың 4-ші маусымында басталып, сол жылдың 12-ші қарашасында аяқталған екен. Мұқабасында «Омбы атқару комитеті жанындағы Омбы губерниялық халыққа білім беру бөлімі» деген жазуы бар іс-қағазда Қартқожа Тоғанбаевтың атына берілген куәлік те сақталыпты. Оның түпнұсқасы төмендегідей:

 

РСФСР                          УДОСТОВЕРЕНИЕ

 

Омский Пред”явитель сего тов. Тоганбаев губернский Карткожа командируется в распояжения исполнительный Калачинкого УОНО для назначения на комитет должность ликвидатора негром. 

 

4.02.1924              Средн. Киргиз.           Андреевск. района

№ 2629                 город Омск.                Управделами Мисюрев

 

(РФ Омбы облыстық тарихи архиві. 318-қор, 2-тізім, 1780-іс.)

 

Аталмыш куәлікпен бірге іс-қағазда Қартқожаның жеке іс парағы да бар. Оны қазақ тіліне еркін аударып, оқырман назарына ұсынамыз.

 

ҚАРТҚОЖА ЖАНАНҰЛЫ ТОҒАНБАЕВТЫҢ ЖЕКЕ ІС ПАРАҒЫ

 

  №   Сұрақтар   Жауаптар  
1 Аты-жөні, әкесінің аты (әдеби бүркеншік есімі) Тоғанбаев Қартқожа Жананұлы
2 Қашан және қай жерде туды? Семей губерниясы, Павлодар уезі, Ақкелін болысы, № 5 ауыл.
3 Әлеуметтік шыққан тегіңіз? Шаруа.
4 Ұлтыңыз? Қазақ.
5 Қай өлкенің азаматы боласыз? Киркрай.
6 Ана тіліңіз Қазақ.
7 Қай тілде қосымша еркін сөйлейсіз, жазасыз? Орыс тілі мен араб тілі.
8 Алған біліміңіз. Оқыған оқу орындарыңыз? Омбы жұмысшы факультетінің 4 семестрі.
9 Отбасылық жағдайыңыз? Үйленгенмін. Шешем – Ақбала, 69 жаста. Әйелім – Маниша, 37 жаста. Ұлым – Сафолла, 7 жаста. Қызым – Шарбан, 3 жаста. Інім – Елубай, 13 жаста.
10 КСРО-ның қай өлкелерімен жақсы таныссыз? Сібірді жақсы білемін.
11 Шетелде тұрдыңыз ба? Жоқ, тұрған жоқпын.
12 Шетелде немен айналыстыңыз?
13 Қай уақыттан бастап өз-өзіңізді асырап, жұмыс істейсіз? 13 жастан.
14 Мамандығыңыз? Жұмысшы.
15 Қанша уақыт осы мамандық бойынша жұмыс істедіңіз? Бала күннен.
16 Төңкеріске дейінгі айлық табысыңыз? Айта алмаймын.
17 1917 жылға дейін жеке меншігіңізде сауда, өндіріс орындары болды ма? Жоқ.
18 Акция, несие қағаздарыңыз болды ма? Жоқ.
19 Ата-анаңыздың мамандығы және олар қазір қайда тұрады? Ата-анам жоқ.
20 Ата-анаңыз алыста болса, олармен қарым-қатынас жасайсыз ба?   Анам менің қолымда тұрады.
21 Отбасыңыздың төңкеріске дейін болған дүние-мүлкіңіз? Болған жоқ.
22 Шетелде туыстарыңыз тұрды ма? Жоқ.
23 Ескі армияда болған шеніңіз? Жоқ.
24 Қызыл армия қатарында болдыңыз ба?   Жоқ.
25 Ресей мен Германия соғысы уақытында немен айналыстыңыз? Ресей мен Германия соғысы уақытында окоп қаздым.
26 Әскери жаттығулардан өттіңіз бе? Жоқ.
27 Қазіргі уақытта қызыл әскер қатарындасыз ба? Жоқ.
28 1905-1919 жылдар аралығында қандай қызмет істедіңіз? Батырак болдым.
29 Кеңестер қызметіне, мекемесіне қашан жұмысқа тұрдығыз? Жоқ.
30 Құқық қорғау қызметтерінде істедіңіз бе? Жоқ.
31 Соңғы қызмет орныңыз? Жұмысшы факультетінің студенті.
32 Қазіргі айналысатын қызметіңізге қанағаттанасыз ба? Білмеймін.
33 Қосымша қызмет істейсіз бе? Жоқ.
34 Ауылмен қатынасыз ба? Ауылда жеке меншігіңіз бар ма? Жоқ.
35 Қандай саяси партиядасыз? Мүшелік билет нөміріңіз?   Жоқ.
36 Бұрын саяси партиялар қатарында болдыңыз ба?   Жоқ.
37 Саяси қызмет үшін репрессияға ұшырадыңыз ба?   Жоқ.
38 Қазан төңкерісіне, Азамат соғысына белсене қатыстыңыз ба?   Жоқ.
39 Партияда қандай жұмыс атқардыңыз?   Ешқандай.
40 Сотталдыңыз ба? Жоқ.
41 Мекен-жайыңыз? Омбы жұмысшы факультеті [3, 1-2].

 

(РФ Омбы облыстық тарихи архиві. 318-қор, 2-тізім, 1780-іс.)

 

2000 жылы Алматы қаласында Қартқожа Тоғанбаевтың баласымен кездесудің сәті түсті. Төлеш Қартқожаұлы өз әкесінің Жүсіпбек Аймауытұлы романына прототип екенін айтып, оның да 1937 жылдың қанды қырғынында репрессияға ұшырағанын баян етті. Асылдың ұрпағы Төлеш аға көп жыл бойы Қазақ ауылшаруашылық институтының деканы болып, әке жолымен ұстаздық етіпті.

Ә.Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің азаматтық жолын ұстанған, 1916 жылғы қанды қырғынды көзімен көрген көрнекті қаламгер Ж.Аймауытұлы «Қартқожа» романында көтеріліске қатысты өзінің жеке пікірін байқатады. Шығарманың бас кейіпкері қара жұмысқа алатын тізімге ілігіп, окоп қазуға аттанып кеткені тегіс емес секілді. Біле білсек, Алаш қайраткерлері көтеріліске шыққан халыққа басу айтты, оны құптамады. Шығармада ел мен жер көрген, әскердің не екенін сезінген, майданға барып қару ұстап келген Қартқожа туған жеріне аман оралды. Романдағы: «Талайлар дертке ұшырады, талайлар жарымжан болды, некен-саяқтар өліп те қалды. Алайда көпшілік жанкештілік ете алмады. «Көппен көрген – ұлы той», «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» сықылды дәтке қуатпен көндігіп кетті»,- деген романдағы үзіндіден автордың 1916 жылғы көтеріліске қатысты жеке көзқарасын түсінеміз.

Халыққа зобалаң боп тиген көтерілістің шығуы, барысы, таралу аймағы, оған қатысты Алаш қайраткерлерінің ұстанымы ескі кеңестік көзқараспен емес, бүгінгі күн биігінен, тәуелсіздік мұраты тұрғысынан әлі де жан-жақты зерттелуі тиіс деп есептейміз.

 

Қайырбек КЕМЕҢГЕР, ф.ғ.к., Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының доценті

 

Қосымша

Қартқожа Тоғанбаевтың тағдыры туралы 2014 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің сайтында Айман Зейнулина, Дмитрий Ларионов, Жанар Елешова авторлығымен берілген «Қартқожа Тоғанбаев: өткен күндер жаңғырығы» атты көлемді мақаладан оқуға болады.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576