Оңтүстік экономикасының тірегі - ауылшаруашылығы
Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы соңғы жиырма жылда инновациялық салаға айналды. Бұл туралы «Абай ақпарат» порталы хабарлайды.
Мемлекеттің қаржылық қолдауының арқасында ауыл еңбеккерлері жаңа технологияларды белсене қолдана бастады, бұған ең алдымен ылғал үнемдегіш технологияларды жатқызуға болады. Ондаған жылдар бойы суға зәру болып келген Оңтүстік Қазақстан үшін бұл аграрлық саладағы нағыз ілгерілеу болды: 15 мың гектардан астам жер тамшылап суарылады. Осы бағыттағы жұмыс басталған 2010 жылмен салыстырғанда ылғал үнемдегіш технология пайдаланылатын аудандар екі еседен артық ұлғайды. Енді міне олар республикалық көрсеткіштің 70 пайызын құрайды. Түркістанда тамшылатып суаруға арналған жабдық шығаратын зауыт салынды, бұл шаруалар үшін технологияны әлдеқайда арзан бағаға сатып алуға мүмкіндік туғызды.
Тек тәуелсіздік жылдары Қазақстан Шардара су қоймасынан Мақтаарал ауданының суармалы егістіктеріне машинамен су тарту жобасын іске асыру есебінен облыстың оңтүстігіндегі су мәселесін шешудің сәті түсті. Оңтүстіктер оны «Тәуелсіздік жобасы» деп атады. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың арқасында ел үшін ең қысылтаяң қаржылық және экономикалық дағдарыс кезеңінде мемлекет бұған 14 миллиард теңге жұмсап, мақтааралдықтар мақта өсіру кезінде Сырдария суын Өзбекстан аумағы арқылы ағызатын мемлекетаралық «Достық» арнасындағы суға тәуелсіз етті.
Облыста Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ашылды, оның ғалымдары егістіктерде Қазақстанда аудандастырылмаған өзбек мақтасын ауыстырған бес отандық сұрыпты өсіріп шығарды. Оларды егуге көшу нәтижесінде облыс кірісінің экспорттық баптарының бірі болып табылатын шиті мақта өнімін арттырды.
Осы аталған институттың бас директоры И.Үмбетаев жер құнарлылығын арттырмайынша, жоғары өнiм алу мүмкiн еместiгiн үнемі айтып келеді. Ол үшiн инновациялық технологияларды батыл ендiруге шақырды. – Ең алдымен шаруаларды қолжетiмдi бағада жаңа техника, құрал-саймандармен, сапалы тыңайтқышпен қамтамасыз етуiмiз керек. Бiздiң институт өндiрген жаңа тұқым сорттары Қытай, Түркиядан әкелiнген шиттен артық болмаса кем емес. Тәжiрибелiк алаңға егiлген Қытай мақтасының көсегi бөдененiң жұмыртқасындай ұсақ, майда. Көсегiнiң салмағы 3,5-4 грамнан аспайды. Ал, бiздiң мақтаның көсектерi 5-6 грамнан түсуде. Сондықтан шетелдiң қымбат шитiнен гөрi өзiмiздiң жерсiнген тұқымды көптеп өндiрудiң жолын қарастырайық. Институт мамандары биыл «Мақтаарал – 4017», «Ералиевтi еске алу» деп аталатын жаңа тұқымдық шит шығарып, патент алды. Бұл сорттардың өнiмдiлiгi гектарына 40-45 центнерден түсуде. Мақтаға жемiс-жидек пен бақшаға жасаған жағдайды жасайтын болсақ, мақта олардан да көп табыс бередi, – дейдi И.Үмбетаев.
Еске сала кетейік, ОҚО – Қазақстандағы отандық тоқыма өнеркәсібінің дамуының негізін құрайтын шиті мақта өсірілетін жалғыз облыс.
Abai.kz