Сенбі, 23 Қараша 2024
Тағзым 3229 0 пікір 8 Желтоқсан, 2016 сағат 14:21

СЫРЫМ БӨКЕЙХАНОВТЫҢ СЫРҒА ТОЛЫ ТУЫНДЫСЫ

Мәдениет және спорт министрАрыстанбек Мұхамедиұлы қолыма  2013 жылы жарық көрген «Шәкәрім» деген жұқа кітапты  ұстатып, «Шәкәрімдей бабаларымыздың барына шүкір» дегенді ұқтырды. «Оқып шық. Өкінбейсің!» деді содан соң. Таныстым. Оқып шықтым. Бұл бірде оқып, бірде ысыра салатын кітап емес. Өйткені, әңгімеші айтқан әңгіме ақиқаттан бастау алады да, шығарма желісі өте қарапайым тілмен өріледі.

 

Әдетте, жаңа туындыдан тың деректер аласың. Зорлық-зомбылықты бастан өткерген  ұлы тұлғаларымызды тағы бір қырынан танығандай боласың. Сөз жоқ,  Шәкәрімнің атын атауға дәтіміз бара бастағанда ғана оның жат көзінен жасырын қалған шығармалары жарық көреді емес пе!

Әлихан Бөкейхановтың немере інісі Сырым Бөкейханов  - Шәкәрім Құдайбердиевтің ұлы Ахатпен  жақсы таныс болған адам.  Ленинград құрылыс-инженерлік институтын бітіріп,  Алматы және Мәскеу қалаларының ғылыми мекемелерінде, жоғары оқу орындарында абыройлы  қызмет атқарған. Алаш қайраткері бұл кітабын ақын, аудармашы, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының өміріне арнаған. Кітапта  Шәкәрімнің ұлы Ахаттың баяндауымен ақынның жақындарының, туыстарының тағдыры жан-жақты айтылады.

Қарапайым тілмен, парасатты оймен  жазылған бұл шығармада ел де, жер де көрген Шәкәрім сияқты ойшылдың трагедиялы тағдыры репрессияға жазықсыз ұшырағандардың өміріне басқа түйсікпен, басқа бір көзқараспен қарауға жетелейді екен.

Сондай зұлматты бастан өткерген Шәкәрім заманының теперішіне қарамастан, бар саналы ғұмырын білімге, философияға ғана емес, сондай-ақ өнерге де  арнай жүріп, әрбір күнді,  әрбір сәтті ұтымды пайдаланғысы келеді. Мұны неге айтып отырмын?

Біздің кейінгі ұрпаққа жақсыға, ізгілікке деген құштарлық,  еңбекке деген ұмтылыс жетпейтін секілді. Ертелі-кеш әлеуметтік желінің жетегінде жүретін жеткіншектен «Шәкәрімді білесің бе?» десек, иығын қиқаң еткізіп, не болмаса, «Көршім ғой» дей салуы мүмкін.

Жуырда ғана  өнер саласы бойынша Мемлекеттік сыйлық «Құнанбай» толық метражды көркем фильмі үшін авторлар ұжымы – Досхан Қалиұлы Жолжақсыновқа, Рустам Одинаевке, Айдос Жұмаділдіұлы Бектемірге және Нұрсифат Рахымбайқызы Салықоваға берілген болатын. Осы кино төңірегінде әңгіме өрбіткен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Құнанбайдың ағартушылық қызметіне бекерден бекер тоқталмайды.

«Құнанбай аға сұлтан ғана емес, ағартушы да болған. Абай, Шәкірім, Ақылбай тағы басқа айналасындағы балалары мен туыстарына, скрипкашы маманын шақыртып, оқытқан. Абай жас кезінде скрипкада ойнаған», – деген-ді  А. Мұхамедиұлы. Сондай-ақ, сол өңірдің Беткенбей секілді атақты домбырашысы  Шәкәрімді күй шертуге де баулиды дегенді айтады.

Мәселе Антонио Страдиваридің атын жаһанға мәшһүр еткен аспаптың не екенін ұққан Абайдай, Шәкәрімдей ұлы тұлғаларымыздың  сол скрипкаға тәнті болуында, немесе табынуында емес, мәселе қазақтың өзгенің ұлық өнерін, тілі мен мәдениетін тез игере алуында болса керек. Жақсысын алып, жаманын ысырып тастауында болса керек.

«Шәкәрімді» оқи отырып, оның біз білмейтін басқа да қырларын тапқандай едік. Әрине, оның өмірі мен шығармашылығы хақында Ерлан Сыдықовтай талғам таразысынан өткізе отырып жазған ғалымдарымыз да бар ғой, бірақ,  Шәкәрімнің ұлы Ахатпен тел өсіп, жай-жапсарды соның аузынан естіп, қағазға моншақтай тізген, соның білген-тергенін, философтың мұрасымен сусындаған, жазған-сызғандарын қолымен ұстаған Сырым Бөкейхановтың  сырға толы туындысы расында да Шәкәрім Құдайбердіұлының  заманына, сол тұстың Жидебайына сүйрей жөнеледі.

Ал меніңше, кітаптың тұздығы Шәкәрімнің өз сөзінде жатса керек.

Шәкәрімнің пайымдауынша өмірдегі жақсылық та, жамандық та, жеке адамның бойындағы арлылық пен арсыздықтан, қасиет-кемшіліктерден бастау алады. Және кемшіліктің үлкен-кішісі болмайды, оның бәрі адамдықтан айрылуға, ардан аттауға бастар жол.

 

Еріншектен салақтық,

Салақтықтан надандық,

Бірінен-бірі туады,

Жоғалар сөйтіп адамдық,- дейді ақын.

Философ Ғарифолла Есімнің айтуынша: «Арлы адам, алдымен, құдайына қараған, құдай мақұлдамайтын іске бармайтын адам. Ар - әр адамның өз ісінің төрешісі».

Демек, бөгденің  былапытымен былғанбаған, жаттың ығына құламаған Шәкәрімдей ұлыларымызға оқтын-оқтын оралып отырсақ, данадан шыққан асыл сөздерін, ұтымды ойларын бойға сіңіріп отырсақ, құба-құп болар еді. Оқып шыққан кітабымыз осыны меңзесе керек.

Ғалым Сәрсенұлы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5499