ЖЕЛТОҚСАН-86 : ЖАНЫМ – АРЫМНЫҢ САДАҒАСЫ
Осыдан 10 жыл бұрын Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығына арнап жазылған мақаланы Абай ақпараттық порталының оқырмандарының назарына ұсынамыз.
Санадағы сыр
Адам баласының өмір өткелдерінде көретін жақсылығы да, жамандығы да, айтып келмейді десек, ал бүкіл бір халықтың басына түсер нәубеттер, әр кезде өзінің ызғары мен ыңғайын алдын-ала байқатпай қоймайтындығы да тарихи шындық. Басшының кемеңгерлігі де, алдын болжай білетін көрегендігі де анық аңғарылатын тұсы осы.
Мынау, өзіміз жиырма жылдығын атап өткелі отырған Желтоқсан – 86 уақиғасының ызғары Қазақстан үшін, «Қызыл империяның» басына – қабағы қатыңқы Андроповтың келуімен-ақ сезілген еді. Бірақ, оның дүниеден тез өтуіменен... қарашаның суығындай өкпек жел, енді-енді көтеріле беріп басылып қалған болатын. Үкімет басына дімкәс те әлсіз Черненконың келуі, біздің республикаға «жадыраның жазы» (бабье лето) сияқты, ғұмыры аз мамыржай шуағын бергенімен, өрекпіп қалған көңілді орнықтырған жоқ. Ал маңдайында қанжолақты қалы бар Михайл-патша... табынға иелік еткен жас бұқаша күжірейіп, әй-шәйға қарамай Димекеңді (Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевты) бірден-ақ теріс жамбасқа салмақ ыңғайын танытқан. Міне дәл осы кезеңде халқымыз үшін қадірі мол... қасиетті Димекең, шұғыл шешім қабылдап кемеңгерлік жасай алмай қалды. Саясат дейтін сайқал мұндай сәтті ешкімге де кешірген емес?!..
17-желтоқсан. Бүгінгідей әлі есімде, Алматының аспаны қорғасындай ауыр, қарасұр бұлтпен қымталғанына да, «республиканың басшысы өзгереді» деген сөздің таралғанына да, бірнеше тәулік болып қалған еді. Өткен түнде айтылып жүрген сөздің шешімі де қабылданып, түн жарымынан қапалақтай қар жауғызған аспан да, Алматыны ақ көрпесімен орап тастады. Алматы көшелерінде басталған студент-жастардың шеруі, түстен кейін «Республика алаңына» жиналмақ болып түскі астарына тарасады. Сол күнгі газеттерде Д.Қонаевтың орнынан алынуы және республика жұрты бұрын-соңды естіп көрмеген Колбин дейтін біреудің басшы болып тағайындалғандығы жарияланып та үлгерген-ді. Аты айдай әлемге тараған атақты 17-ші желтоқсан уақиғасының сырт көрінісі, міне дәл осындай жағдайда басталған еді.
Түстен кейін сағат 2-жарымнан бастап лег-легімен жастар тобы «Республика алаңына» әр тұстан келіп жиналып жатты. Қолдарында сирек болса да көтеріп алған транспорттары бар. Орысша-қазақша жазылған жазуларда: «Каждый народ имеет право самоопределение», «Қазақты – қазақ басқару керек»...«Казахам – правителя-казаха» деген тәрізді ұрандары бар. Бұл олардың Мәскеудегі тотолитарлық басқару жүйесінің алдына қойған саяси талаптары тәрізді. Жастар шеру үстінде де, алаңдағы жиын арасында да, жайбарақат – «Менің Қазақстаным», «Елім-ай», «Туған ел» атты әндерді айтып, ешқандайда заңсыз әрекеттер мен қимыл-қақтығыстары болған жоқ. Үкімет үйінің алдындағы биік мінбенің үстінде, сол тұстағы республика басшылары мен облыстық және қалалық номенклатуралық төрелер де шоғырланып тұрған. Мен өзімше сақтық жасап, сол шоғырдың арасында болғандығымның арқасында, артынша жүргізілген қудалаудан аман қалған сияқтымын...
Қарақұрым болып қаптаған қалың жұрт алаңға сыймай кетті. Көпшілігі өрімдей жасөспірімдер болатын. Өздерінің қойған сауалдары мен талаптарына мәнді жауап ала алмаған соң, олар кешкі сағат 4-тен бастап ширыға түскен‑ді. Оның үстіне түнде жауған ақша қардың аязы да кешке қарай шыңылтырлана бастаған. Мінбеден әркімдер ақыл айтып жатты. Олардың тез арада үйді-үйлеріне тарауларын да талап етумен болды. Осы кезде мінбенің арт жағында ішкі істер әскері мен Члябіден келген арнаулы әскер ротасы да сапқа тұрып жатқан еді. Манағыдай емес ширыққан жұрт мінбенің үстіне қарай... алдындағы тұрған милиция шебін ығыстыра, бірін-бірі итермелеп көтеріле бастады. Мінбедегі микрафоннан дауысы саңқылдай шыққан республиканың ішкі істерін басқаратын генерал: - Дереу тараңдар! Әйтпеген жағдайда, күш қолданылады, - деп жиналған жастардың сауалдары мен талаптарына қарсы, қоқан-лоқыға толы даурыққан үні естілді. Бұл лаулап тұрған отқа май құйғандай болып шықты. Осынау бір буырқанған қозғалыс кезінде, алдыңғы шепте басқарып жүрген жас жігітті иығынан іліп әкеткен тәртіп сақтаушылары, манағы тұрған әскерлердің арғы жағына апарып, қан-жоса етіп сабап жатыр екен. Шыдай алмай бірден келіп, «бұларың заңсыздық, тоқтатыңдар!» деп адуынды сеспен арашалап, аузы-мұрны қанаған жас жігітті босатып жібердім. Баланы жарыса соғып жатқан екі қазақ жігіті, қолдарындағы КГБ‑нің қызыл куәліктерін көрсетіп маған тап берді. Менің омырау қалтамда да Жазушылар одағының қызыл түсті куәлігі бар еді, жарқ еткізіп мен де қолыма алып едім, анық не екенін білмесе де содан тайқыған екеуі әлдекімге мені көрсетіп кіжініп бара жатты. Дәл осы кезде «Совет-аға» деп шар ете қалған дауысқа жалт қарасам, өзім жақсы танитын... «Азат» қозғалысының жетекшісі Сәбетқазы Ақатаевтың келіншегін, екі милиционер сүйреп машинаға әкетіп барады екен. Бесікте жас баласы барын айтып, әзер дегенде босатып алдым. Байқасам маған шұқшиған жанарлар көбейіп кеткен тәрізді. Шынымды айтсам топырлап тұрған төрелердің ортасына еніп әлгілерден алыстағаныммен, артыма аңду ілінгенін сезісімен-ақ, жылдам қалың нөпірдің ішіне сүңгіп кеттік. Бұл кезде жиналған жастардың итерісе ышқынған... қатты-қатты дауыстай айғалаған талаптары, манағыдан бетер күшейе түскен еді. Алаң үстіне қарауытып, желтоқсанның алакөлеңкелі ақшамы да түсе бастаған болатын. Біздер Күләш Байсейтова көшесімен төмен түсіп, Абай көшесімен асыға басып құлдап келе жаттық. Сағатына жиі-жиі қарай берген жас ана да, сәбиіне омырау беретін мезгілдің баяғыда-ақ өтіп кеткенін айтып жүгіре басып келеді. Осы кезде Дзержинский көшесінен көтеріліп келе жатқан абажадай қызыл машинаның үстіндегі зеңбіректің ұңғысы тәрізді сиқын көріп, бастабында не машина екеніне түсіне алмай сескеніп қалған едім. Көшеде келе жатқан басқа да адамдардың өзара сөздерінен: «су шашатын, немесе суды қатты күшпен атқылайтын машина ғой» десіп жатқанын естіп, мынау ақ қар‑көк мұздағы аязды кеш, тұла бойымды қарып қалтыратып жібергендей болды...
Біздер үйге келсек байлаулы арыстандай аласұрып жүрген Сәбетқазы менен көзбен көрген уақиғаларды тәптіштей сұрап, өзіне де әр он бес минут сайын, терезеден көріп отырған адамның – алаң үстіндегі жағдайды хабарлап отырғанын айтты. Ол әйелінің жағдайын естіп, әжептәуір абыржып қалды. Әйтседе, осынау қарбалас сәттер, бірін‑бірі қасқағымда алмастырып жатқандай еді. Кенет басқа көңіл-күйге ауысқан Сәбетқазы, маған өз уайымын айтып:
- Біздің жігіттер Шыңғыс-ағамен (Айтматов) хабарласу керек деп отыр. Бірақ Алматыдан телефон соға алмаймыз, өйткені телефон қатынасын мана-ақ үзіп тастаған. Енді тек машинамен барып жолығудан басқа амал жоқ, - деді.
- Онда машина болса бару керек!.. Не іркіліс бар?..
- Сен анада қырғызда шыққан кітабыңның аудырмашысы, Шыңғыстың досы деп отыр едің ғой, бірге жүріп кетсек жолықтыра аласың ба?
- Шыңғыс-аға ауылда болса, ешқандай қиындық жоқ.
- Ендеше, үйіңе барып, жолға әзірлен. Тура кешкі 8-жарымда хабарын беремін.
- Жарайды, - деп келіскен біздер осылайша тарасып едік. Бірақ, машина болғанымен Фрунзеге бара алмадық, өйткені қаладан шығар жолдың бәрі де жабылғанын естідік.
Алматыда басталған масқара іс мазасыз түнге ауысты. Алаңдағы арсыз істің ортасында болаған балдызым Ғазиз Шалдыбаевтың айтуынша, манағы көрген су атқылайтын машина қара нөпір жастарды суық сумен көміп, алғашында ығыстырып-ақ жіберген екен. Әлден уақытта арт жағынан жеткен бір топ жігіт, машинаны аударып тастап бензобагіне от қойып алау жалынға орайды. Мұның өзі жапырылып кеткен жастарды қайыра жігерлендіргендей болады. Міне, осы сәтте мұздай қаруланған «халық армиясы» іске кіріседі де, алаңның үстін қызыл-ала қанға бояиды. Он шақты солдат, қашып бара жатқан Ғазиздердің соңына түсіп, қуып жеткен балаларды «сапер күрегімен» желкелерінен бір‑бір‑ақ соғып жайратып келеді. Артына қараса қашып келе жатқандардың қатары сиреп қалыпты. Құтырған қасқырдай желіккен әскерилер, әлі де қуып келеді. Жан ұшырған күйі биік дуалға кеп тірелген Ғазиз, оның үстіне қалай шығып кеткенін өзі де байқамайды, бірақ аржағында тайыншадай ит шынжырын үзердей боп, арсылдай үріп жұлқынып тұр екен. Ғазизге осы сәтте, иттен гөрі «адам бейнелі жыртқыштар» әлдеқайда қауіпті болып көрінеді де, ит тұмсығы жетпейді‑ау деген мөлшермен аула ішіне секіріп түседі. Осылайша ол сол түні әрең құтылғанын айтып келген еді...
18 – желтоқсан Таңертең жұмысқа кіріп шықтым да, Абай көшесімен көтеріліп келе жатыр едім, Пушкин атындағы республикалық кітапхананың алдында, Шахан‑ағаға (халық артисі Ш.Мусин) жолығып, әр нені сөз етіп тұрғанда, қазіргі Абылай хан көшесімен көтеріліп келе жатқан жастар калоннасын көрдік. Дауысы дірілдеп кеткен Шақаң:
- Құлындарым-ай ?! Кешегі қырғыннан кейін де жігерлері жасымапты. Халқымның рухы өшпеген екен, - деп көзіне жас алды. Оның бүкіл жастық шағын жалмаған... он жеті жыл, нақақтан-нақақ түрмеде отырған сәттері есіне түсті-ау ?!.. Екеуімізде жанарымызды сүртіп үнсіз егіліп тұрдық. Мынау туған жердің үстінде көрген теңсіздік, жан-дүниемізді күйзелте теңселтіп барады. Осы кезде жанымызға жеткен жастар тобының алдыңғы жағында келе жатқан жігіттер:
- Қалай ағалар? Дұрыс па? - десіп жатты.
Шахаңның қоңыр үні қалтыраңқылап:
- Көп жасаңдар азаматтарым?! Асылдың сынығы, ардақты ұрпақ екендіктеріңді көрсеттіңдер! Тек, алаңға қарай бара көрмеңдер, сауыттарын жамылып самсаған солдаттар тұр, - деген өтінішін білдірді. Үлкеннің тілін екі етпеген жастар, тура тартып Абай көшесімен жоғары өрлеп бара жатты.
Жұмыс орындарында топтасып тұруға... жұптасып әңгімелесуге де тыйым салынған, қала ішіндегі қудалау наухандары басталып та кеткен еді. Осынау бір қара түнек тұманға оранған қаралы күндерде, көңілімізге демеу болған... туристік сапармен Германияға барып қайтқан дәрігердің әңгімесі болды. Өйткені олар сол бірінші күні-ақ, жер серігі арқылы Еуропада берілген телехабарлардан, алаңдағы жойқын соққыларды өз көзімен көріпті.
Ендеше, дүниежүзін сескендірген «қаскөй империяны» дүр сілкінткен қазақ жастарының көтерілісі, әлемдік деңгейде өз тұлғасымен көрініп... келешекте әлі сан рет қайталанып бағасын алары да қақ. Егемендігін алып еркіндікке қол созған еліміз... уақыт өткен сайын, желтоқсан-86 мәселесін тереңдеп зерттейтіні анық...
Осы тұста көзбен көрген мынау істерді де айтпай кетуге болмас. Менің Совет аудандық халық сотындағы заседательдігімнің кезегі келіп, 1987 жылдың ақпан айында арнайы сайланатын қоғамдық жұмысыма шақырылған едім. Бұл жұмыста мен екі аптадай болдым. Міне, осы кезде, желтоқсан оқиғасына екі ай өтіп кетсе де, екі-үш күндерде бір рет 15-тен‑10-нан топырлатып әкелген студент-жастарды, халық сотының қолын қойдырып, 15-тәулікке қамауға әкетіп жатты. Мұны көрген соң өзімнің кететінімді айтып едім, халық соты В.Савков-мырза:
- Мен де мұны өз еркіммен істеп отырған жоқпын. Ауызша берілген бұйрық бар. Сіз ағаттық жасамаңыз, өтінемін, - деп біраз жағдайлардың сырын түсіндіріп тоқтау айтты.
Біздер желтоқсан уақиғасы әлі толық ашылған жоқ дегенде, осы істі ерекше үрлеп көсеу болған адамдардың ешқайсысы да, халық алдында айыпталмағандығы... кейбіреулерінің жазаланбағандығын айтар едік. Жазықсыздан қыршыннан қиылған жастардың обалы мен қарғысы солардың мойынында екені белгілі. Әйтсе де, қоғамдағы әділет орнамай... келешек үшін қажет, қарапайым жандардың үміттері мен армандары да, тордағы тұрған торғай сияқты шарасыз күйде қала береді. Адамдардың психологиясындағы мұндай зардаптарды, тек имандылық жолдарымен өшіруге тырысқан жөн...
Зиялы қауым қатысы
Бұл уақиға жайында Мәскеуде қарап жатқан жоқ. Олар Орталық комитеттен арнайы Солломонцевті жіберген еді. Ол келе ықтырып алмақ әрекетпен іске кіріскеніменен, алғаш Ғылым академиясында өткен жиналыста бірден аса өткір қойылған қарсылыққа ұшырайды. Болған істің қателігін айпарадай ашып бетіне басқан, атақты заңгер ғалым, академик Салық Зиманов еді. Ол кісінің айтқан сөздері сол күні-ақ, Алматыға ауадай тарап үлгіреді. Соломонцевтің екінші рет дәлелді қарсылық естіген сәті, ол жастардың Орталық комитетінде өткен жиналыста жазушы, сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Сейдахмет Бердіқұловтың батыл пікірлерін айтып жүрді. Орталықтан келген төреші көп аялдамай ертеңінде-ақ, келген ізімен қайтып кетеді.
Ең бір аты шулы ауқымды кездесу, бұл Колбин бастаған Орталық комитеттің бюро мүшелерімен Жазушылар одағындағы таңертеңгі сағат 10-нан түнгі сағат 10-ға дейін болған жиынның мәні үлкен. Өйткені, бұл жиын Желтоқсан оқиғасы өткенен кейін, бірнеше ай уақыт салып ұйымдастырылған, Орталық комитеттің өзі жасап отырған шарасы болатын. Әңгіме барынша байсалды да, аса қызу өтті деуге болады. Үкімет басшылары ең әуелі, болып өткен уақиға жайында жазушыларды тыңдағылары келетінін хабарлаған... Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас, сөздің барынша ашық болуын... бұрысты-бұрыс, дұрысты-дұрыс деп, жіберілген қателіктерді барынша ашық айтуды сұрады. Сөзді бірінші болып бастаған халқымыздың ақиық ақыны Жұбан Молдағалиев толғана да... толқи да, тіпті ашына да ұзақ сөйледі. Сол ұзақ сөздің өзін зал толы адамдар, сілтідей тынып қыбырсыз тыңдады... Бүгінгі күннің айтылуға тиісті сөзі деп қабылдады. Сөз алушылар баршылық болғанымен, ерекше тоқталып көңіл бөлерліктері – тартымды да, аса ізетпен биязы сөйлеген Нұршайықов Әзілхан-ағамыз, сарказмге жуықтатып әңгімесін өрбіткен Шаймерденов Сафуан-ағамыз да бірсыпыра бұрыс қылықтарыдың бетін аша батыл сөйледі. Әйтеуір не керек, жүні жығылып кішпейіл қылық танытқан... Қазақстан коммунистік партиясының жаңа жетекшісі, қалбағай денелі Колбин-мырза көп нәрселерге уәде беріп, тіпті қазақ тілін бір-ақ жылда үйреніп алатына уәде берді. Бекерге қудаланып жұмыстарынан босап, оқу орындарынан шығарылып жатқан студенттерге әділ көзқараста болатынын да ескерткен еді. Бірақ тотолитарлық жүйенің ескіден келе жатқан халықты алдай салуға бейімділігі, бұл жолы да байқалмай қалған жоқ. Не алуан сұрқия тәсілдер бұрынғысынша жүріп жатты.
Желтоқсанның түп тамыр
1986 жылы Алматыда болған қанды Желтоқсанның тамыры, тым тереңде жатыр. Қазіргі ең негізгі мақсат, бұл тәрізді халықты қан-жылатып, қапыда қалдырған нәубеттерді сараптап, әділет пен ақылға жүгінген шындықтан табылған түйіндерді, тарих беттеріне айпарадай анық та айшықты етіп жазу, болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз болса керек. Олай болса, мұндай оқиғалардың ең негізгі себебі неде?.. Ащы болса да анығын айтсақ, ол – халқымыздың ішікі бірлігіндегі ақаулардан дер едік. Бұл тұжырымның дәлелі ретінде, сонау тарих тұңғиығына үңілсек... 1718 жылы Әз-Тәукенің өлімінен кейін-ақ, бас-басына билік құрмақ болып үш жүзге бөлініп берекесі кеткен еліміз... үш ғасырға созылған бодандықты бастарынан өткізіп, енді ғана егемендігін алған ел болып отырмыз. Бірақ егемендігімізді алғанмен, әлі де экономикалық дербестігіміз қолға тие қоймағанын, ешуақытта да естен шығармағанымыз жөн. Ендігі жердегі халқымыздың ішкі бірлігі мен берекесі, бұдан бұрынғы қай кездегіден болса да мықты болуы керек. Қазақ халқы бұрынғы жіберген қателіктерінен моноұлттығына қарамай қасірет шексе, ендігі берекесіздігінен... көпұлттылықтың зардаптарын қоса тарататындығын, қасқағым сәтте ойымыздан шығармауымыз қажет. Айрандай ұйып отырған халықты сырттан келіп жау жеңе алмайды. Оның мысалын азғана болса да, алмастығын танытқан чечен халқының іс-әрекетінен танып білуге болады.
Екінші себеп, ішкі берекесінен айырылып бордай тозған елді, міндетті түрде күші артық басқа жұрт бодандығына алып, жылымдай жұтып бірте-бірте кеміктей үңгіп, отарлау саясатының обыр әрекеттерін іске асыра бастайды. Қапы қалған халық өз басының еркіндігін аңсап, үнемі торға түскен торғайдай бұлқынумен.., ауыр қақтығыстарға барудан да жасқанбайды. Мәселен, 1789 жылғы Сырым Датұлы басқарған Ұлт-азаттық қозғалысы он жеті жылға созылса, атақты 1846 жылғы Кенесары–Наурызбай көтерілісі үздік-создық созылып, он жеті жылдың көлемін қамтиды. Кешегі 1916 жылғы халқымыздың еркіндігін аңсаған көтерілісінің де шындығын ұрпағымызға әлі ашып бере алғамыз жоқ. Немесе, 20-30‑шы жылдардың аралығында, әр жерлерде болған ереуілдің санының өзі 300-ден асады. Тіпті, кешегі 1959 жылғы Теміртау қырғыны... иә болмаса, 1979 жылғы Ақмола облысынан немістерге автономия ашып бермек болған шешімге қарсы шыққан, халқымыздың жігерлі де батыл әрекеттерінің арқасында, ата-бабамыздан қалған жеріміздің тұтастығын сақтап қалған едік қой. Ендеше, Алматыда болған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасыда... сол ұлт-азаттық көтерілістерімен сабақтасып жатқандығымен қоса, еркіндігін аңсаған жұртымыздың рухы өшпегендігін бүкіл әлемге паш ете білді. Мінекей, осынау оқиғалардың барлығының мақсаты...бір ғана еркіндік үшін болғанымен, әрқайсысының өздеріне лайықты әртүрлі себептері бар...
Желтоқсан 86-ның себебі
Ешқашанда себепсіз – салдар болуы мүмкін емес. Ендеше, Желтоқсан 86‑ның да өз себебі бар. Сол себепті ашыңқырап айтпасақ, бұл оқиғаның мәнін де толық мағанасында ұғына алмаймыз. Жалпы Қазақстанның кеңбайтақ жері де... осынау тарыдай шашылып жүрген моп‑момақан елі де – Совет одағы атты империяның не бір қан-құйлы әрекеттерінің тәжрибе жасар лабораториясы болғаны анық. Бұл лабораторияда ол, тілді құртудың... ұлттық сананы сансыратудың, халықтың жігерін жасытып, намысын аяққа басудың, тіпті 19-облысты неше түрлі палигондарға айналдырып, атом атты аждаханың азуына да аямай салғандары қазақ халқы екенін несіне мәймөңкелейміз. Оларға лабораторияларда тәжрибе жасайтын ақ тышқанда бір... атом бомбасының тозағына өртеген қазақ халқы да бір, тек тәжрибе жүргізуге тұтынған тіршілік иесі болды. Міне, мұның жауабы да... құны да, қайтарылуға тиісті. Осындай, қабағат ауыр қатыгез заманда... сан түрлі халықтардың өкілдеріне сүйкімді де сүйікті болған, қазақтың қасиетті ұлдарының бірі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың тұлғасына тоқталмай өту мүмкін емес. Өзінің аяар саясаттарын жүргізуге шебер зұлым империя, «Қазақстан – халықтар достығының лабораториясы» деп өтірік пәлсапаның өрнектерін құрды. Бірақ, олардың дәріптей беретін интернационалдық достықтарының сиқын, империя құлағаннан кейін бәрімізде көзімізбен көргендей болдық. Ұлт араздықтары бүгінге дейін жалғасуда?! Осы тұста ерекше әлемдік деңгейде көзге шалынған, Қазақстан халқының арасындағы татулық пен уақыт ауыртпашылығына шыдай білген төзімділік, тіпті дүниежүзін таңқалдырып отыр десек те болады. Міне, осынау Қазақстандағы шынайы достықтың қалыптасуына Димекеңдей асыл азаматтың сіңірген еңбегінің жемісі екенін, әлі де тереңдей зерттеп талдана таратып айтуымыз керек. Бұл кісі – бүкіл қазақстандықтардың ұлты мен ұлысына қарамай, барлығының да сүйікті басшысы бола білді. Сондықтан да, кешегі Желтоқсан уақиғасының негізгі бір себебі – осы аяулы жанның тұнығын лайлап, қадірін аяққа басқан Империяның кеудемсоқтығына тайсалмай қарсы шыққан жастық жалынның адуыны болатын. Сол адуынды алау тіпті азуы алты қарыс империяның, қысқа тісін қағып алғандай дүниежүзін дүр сілкіндіріп, оның аярлыққа толы айлалы халықшылдық пердесін дарылдата жыртып бетінен алып тастады. Пердесіз қалған бетті бүкіл Совет одағының халықтары да, дүниежүзінің елдері де анықтай түсіп көрді. Міне, содан кейін-ақ «қызыл империяның» шаңырағы шайқала берді. Бірақ оның жығылып бара жатқандағы тұяғының серпілісінен де, Алматыдан кейін Балтық жағалауында, Кавказ да, Москваның өзінде де өрескел арсыз қантөгістер болды. Бұлардың да, анық шындықтары әлі айтыла қойған жоқ. Осы уақиғалардың бәрі ғылыми негіздерде зерттеліп ақ пен қарасы айқындалғанда, 1986 жылғы қазақ жастарының жанқиярлық өжет әрекеттері әлемдік кеңістіктерде талданып, өзінің нағыз бағасын тарихи деңгейдегі сипатта алатын болады. Өйткені, алыстап барып сырттан қараған сәттерде, қандай құбылыстың болмасын нағыз нақыштары мен бояуы айқын көрінетін болады. Тіпті, сол кезде қазір өзіміз байқай алмай жүрген сәттердің де мәні ашылары қақ. Қара қылды қақ жарып айтылған әділ баға, қашан айтылса да кештік жасамайды. Бүгінгі таңдағы ең үлкен мақтаныштарымыздың бірі, сол Димекең салып берген шынайы достықтың жолынан шықпай, атамыз қазақ өсиет етіп қалдырған ‑ «Адамның күні - адаммен» ‑ дейтін тұжырымның мәнін әлі де терең түсінуіміз керек. Сонда ғана Ата айтқанын ‑ ұғып, Баба жолын ‑ қуған қасиетті ұрпақ атанамыз.
Түйін
Табиғаттың заңы бойынша өзгермейтін өркенін жайып, өзгеше күйге ауысып жетілмейтін құбылыс жоқ екені белгілі. Сол сияқты Желтоқсан 86-ның да қадір-қасиетін айшықтап, оның 20-жылдығын атап өту арқылы, ел намысы үшін қыршынынан қиылып, жас өмірлерін қиған ұлдарымыз бен қыздарымыздың аяулы рухтарына тағзым етпекпіз. Еркіндігімізді алған ел болғандықтан да, жастарымыздың қаны тамған алаңға еңсесін асқар таумен астастыра, айбынын жұлдыздарға атылған жолбарыстай етіп, алтынмен аптап, күміспен күптеген заңғар ескерткіш тұрғызуды кешеуілдетпеген жөн. Алаңды – ағылған машинаның жын‑ойнағынан тазарту керек! Бұл дос – сүйініп, дұшпан – күйінетін іс?! Жалпы дербестігімізді алған 15 жыл ішіндегі өзгерістер аз емес. Оның бәрін айтып, талдап жатудың да қажеті шамалы дей тұрсақ та, жоғарыда айтылған Ата-баба жолынан таймай, уақыт тамырын дәл басып, мемлекеттігімізді межелі мақсатпен дұрыс басқару қажет-ақ.
21.04.2006 ж.
Совет‑Хан ҒАББАСОВ
Abai.kz