ҚАЗАҚША АТАУҒА ҚАРСЫ ШЫҚҚАН ЖІГІТ СОТТЫ БОЛДЫ
Қазақстанның Солтүстік облысында қала мен көше атауларын қазақшалауға қарсы шыққан азамат сотталуда, деп хабарлайды «31 арна».
«Қазақстанның қалалары мен көше атауларын қазақшаға өзгертетін болса референдум өткіземіз» деп лепірген Петропавл тұрғынының үстінен қылмыстық іс қозғалыпты.
Петропавлдың 37 жастағы тұрғыны Игорь Чуприн. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 174 бабы, «Ұлтаралық араздықты қоздыру» бойынша айыпталған. Әлеуметтік желі арқылы Ұлтаралық және дінаралық араздық тудыртып, сепаратистік бастамалар көтергені үшін енді ол заң алдында жауап беретін болады.
Сотта айтылғандай 37 жастағы Игорь Чуприн 2014 және 2015 жылдары өзінің "Bконтакте" әлеуметтік парақшасында халық арасындағы алауыздықты тудыратын жазбаларды үнемі үздіксіз жариялап отырған. Әсіресе, Петропавлдағы ауылдар мен көше атауларының қазақ тіліне өзгеруіне қарсы болып, "Вконтакте" парақшасында өзіне жақтастар іздеген. Аталмыш жазбалар көптеген желі қолданушыларының наразылығын тудырған.
- Менің "Ояныңдар, референдум" дегені қатты жаныма батты. Мен бұны өзіме ұлттық қауіп ретінде қабылдадым, деді куәгерлердің бірі Данияр Әбжікеев. Қазір Қазақстанның бірнеше аймағында көше атауларын қазақыландыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Айдың басында Астанадағы бірсыпыра атаулар өзгерген болатын. Ал күні кеше ғана Алматыдағы жеті көшенің атын өзгерту туралы шешімді қала басшысы Бауыржан Байбек шығарған-тын.
Abai.kz