Жексенбі күні таңғы сағат 8-ден бастап теміржол вокзалына жиналған қала тұрғындары мен еліміздің көк байрағын желбірете ұстаған жастар әуелете ән салып, «Тәуелсіз Қазақстаным» пойызын күтіп алды.
Мерейлі мерекемен алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімінің міндетін атқарушы Елемес Шотанов сөйледі.
— Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында жетістігімізді насихаттап, халықтың бірлігін нығайту, тұрғындарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету, қоғамды біріктіру мақсатындағы сапарларыңыз сәтті болсын. Тәуелсіздік — туған жерін, Отанын сүйген әрбір қазақстандық үшін ұлы бақыт. Егемендік таңы атқаннан бастап Қазақстан тарихында түбегейлі өзгерістер орын алды. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған жаңа саясаттың арқасында жаңа дәуірге қадам бастық. Мәңгілік Елдің негізі қаланды. Береке — бірліктің арқасында орасан зор жетістіктерге қол жеткіздік, — деді.
«Тәуелсіз Қазақстаным» пойызының штаб жетекшісі, профессор Әміржан Әлпейісов Шалқар жұртын алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Тарихы бай, киелі жердің ұлы тұлғаларын еске алып, тұрғындарға өз ризашылығын білдірді.
— 1 қараша күні Астана қаласынан шыққан «Тәуелсіз Қазақстаным» пойызы бүгін 21-ші аялдамаға келіп тоқтады. Осы уақыт ішінде 40 мыңнан аса халықпен кездесіп, 8 мыңға жуық адамға медициналық көмек көрсетті. Сондай-ақ 5 жарым мың адамның жеке өтініштерін орындады. Пойыз құрамында 7 министрліктің, 3 ұлттық компанияның өкілдерінен құрылған 270 адам бар. 14 желтоқсанға дейін Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, халықпен жүздесулер өткізілмек, — деді ол.
Сондай-ақ салтанатты шарада аудан ардагері Оразбай Әділбайұлы сөз сөйлеп, Шалқар қаласының тарихымен кеңінен таныстырды.
Бұдан кейін «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өтті. Бұл басқосуға «Тәуелсіз Қазақстаным» пойызының басшысы Руслан Барбасов, штаб жетекшісі Әміржан Қайырұлы, кадрлық бөлім басшысы Дәрмен Сәкенов қатысып, тұрғындардың өтініш, арыз-шағымдарына жауап берді.
Мәселен, сол тұрғындардың бірі Баян Сағиева жолдасына жұмыс сұрай келіпті.
— Теміржол саласында 15 жылдай уақыт еңбек етті. Жұмыс жасап жүрген күндері жамбас сүйегіне зақым келіп, 8 ай ауруханада жатты. Сауығып, жұмысқа шыққаннан кейін, 6 айдан соң қысқарып қалды. Үш баламыз бар. Өзім денсаулығыма байланысты жұмысқа жарамсызбын. Табыс тауып отырған жолдасым ғана еді. Тиісті жерлерге жұмыс сұрай барғанымда шешімін табамыз деп, уәделерін орындамады. Енді сіздерден көмек күтемін, — деді.
Жалпы қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың басым көпшілігі теміржол саласына байланысты жұмыс сұрай келген азаматтар. Барлық мәселелер тыңдалып, жазылып алынды. Біріне бағыт-бағдар берілсе, енді біріне жергілікті билікке шешімін табу жүктелді.
Аудандық Мәдениет үйінде әлеуметтік мәселелер бойынша кеңестер берілді. Мұнда «Жұмыспен қамту — 2020» жол картасы бағдарламасына қатысу, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, зейнетақымен қамтамасыз ету, мүгедектігі, асыраушысынан айырылуы және жасы бойынша жәрдемақы төлемі мен әлеуметтік төлемдер бойынша мәселелер қаралды. Сондай-ақ алимент төлемдері бойынша, кәсіподақ қызметі бойынша кеңестер айтылды.
Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау АҚ-ның маманы Руслан Алмахановтың айтуынша, қойылған негізгі сұрақтар несие алу жөнінде болды. Олар пойызбен келген мамандардан нақты жауабын естіп кетті. Жеке қожалықтарын ашуға несие сұрап келген азаматтардың өтініштері де сол бойда шешімін тапты.
Аудандағы №8 орта мектепте «Тәуелсіздік тарихы — Ұлт рухының өлшемі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Кездесуде егемендік алған Қазақстанның 25 жыл ішіндегі тарихы, мақтан тұтар шежіресі қол жеткізген жетістіктері, Алаш зиялыларының ерен еңбегі айтылды. Басқосуға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, профессор Қазбек Қазкенов, генерал-майор Сейтжан Қойбақов, басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
Штаб жетекшісі Әміржан Әлпейісов өз сөзінде:
— Қазақстан тарихында Тәуелсіздік үшін 300-ден аса күрес болған. Оған миллиондаған адам қатысып, жанын берді, елдік үшін күресті. Осы бабалар қалдырған аманатты көздің қарашығындай қорғау керек,— деп, тарихтағы елеулі оқиғаларға кеңінен тоқталды.
Шалқарлық тұрғындардың көпшілігі аудандық емхана ғимаратында ұзын сонар кезекте тұрды. Невролог, уролог, ангиохирург, кардиолог, барлығы 17 бағыт бойынша науқастарға кеңестер беріліп, сырқат сараптамалары анықталды.
— Шалқар аудандық емханасында Астанадан дәрігерлер келіп қызмет көрсетуде. Өзім онколог дәрігеріне қаралып, ем-домымды алдым. Осындай білікті мамандардың ел аралап, халықтың жай-күйімен танысуы өте дұрыс. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, халықтық денсаулығының жақсаруына үлес қосып жатқан дәрігерлерге рақметімізді айтамыз, — дейді емделушілердің бірі Сырлыбай Асқаров.
— Бұған дейін Ақтөбе қаласында және Хромтау ауданында болдық. Ол жерлерде 800-ден астам адам қабылдадық. Шалқар қаласында травматолог мамандарға келушілер саны көп. Емі ауыр науқастарға Астана, Алматы қалаларына жолдама бердік. Соңғы келген тұрғындарға дейін көмек көрсетіп, үлгеруге тырысамыз. Әрине, тұрғындардың осындай көп жиналып, бізге сенім артқандарына қуаныштымыз. Олардың арасында ат терлетіп ауылдардан келген тұрғындар да бар, — дейді денсаулық сақтау басқарамасының бас сарапшысы Зинаида Қызылова.
«Тәуелсіз Қазақстаным» пойызының өкілдері аудандағы психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің бүлдіршіндеріне сыйлық таратып, қайырымдылық жасады. Мұнда өнерлі өрендер ән салып, би биледі.
Бүгінгі таңда аталған мектепте 73 балаға түзету-дамыту сабақтары жүргізілуде. 1-3 жас аралығында — 13, 3-7 аралығында — 45, 7-18 жас аралығында 17 бала түзету көмегін алып жүр. Олар жас ерекшелігі мен психологиялық ерекшеліктеріне байланысты жеке-жеке өткізіледі. Жұмыс бағыттарына сәйкес дефектолог, психолог, емдік денешынықтыру нұсқаушысы, әлеуметтік мұғалімдер жұмыс жасайды. 2015-2016 оқу жылында — 17 баланы түзету көмегінен шығарған. «Мұның өзі біз үшін жетістік», — дейді мекеме жетекшілері.
Сонымен қатар аудандық кітапхананың залында «Теңдессіз сыйлық» атты тақырыппен акция ұйымдастырылды. Бұл күні «Тәуелсіз Қазақстаным» пойызы жаңадан 21 кітапты кітапханаға тарту етті. Олардың ішінде «Жерұйық», «Ұлы дала тарихы», «Қазақстан халқы энциклопедиясы» сынды сирек кездесетін құнды кітаптар бар. Қазіргі таңда Шалқар ауданы бойынша 21 кітапханада 250 мыңнан астам кітап қоры бар.
Бұдан кейін «Тәуелсіз Қазақстаным» пойызының штаб жетекшісі Әміржан Әлпейісов БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді.
— Біздің пойыздың басты мақсаты — халыққа әлеуметтік көмек көрсету. Сонымен қатар, халықпен кездесу барысында «Мәңгілік Ел» идеясы жөнінде, еліміздің 25 жылда жеткен жетістігін айту. Ұйым құрамында 271 адам бар, оның 72-сі —медицина қызметкерлері. Жалпы, бүгінге дейін 40 мыңнан аса халықпен жүздесті. Олардың қатарында елге танымал ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, ассамблея мүшелері бар. 7 жарым мың адам медициналық көмек алса, 4 мыңнан аса тұрғын жеке мәселелері бойынша кеңес алды. Ақтөбе қаласы, Хромтау аудандарында жер мәселесі туралы өтініштер болды. 90 пайыз халықтың әлеуметтік мәселелері шешілді. Көп аурулар экологиялық кемшіліктерге байланысты орын алады. Шалқар қаласының ерекшелігі — экологиялық таза жер. Мұның барлығы ұлт саулығының кепілі, — деді ол.
Шараның соңы аудандық Мәдениет үйінде өткен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған концерттік бағдарламаға ұласты. Кештің шымылдығы «Шалқар сазы» ансамблінің орындауындағы «Ерке сылқым» күйімен ашылып, Руслан Ержан, Айым Ұзақбаева тәрізді бірқатар аудан өнерпаздарының орындауындағы патриоттық әндер шырқалды.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК
Абай-ақпарат