Тәуелсіздік – әрбір қазақстандықтың баға жетпес байлығы
Тәуелсіздік – әрбір қазақстандықтың баға жетпес байлығы, құнды қазынасы, сан ғасырлар бойы аңсаған асқақ арманы. Оған қол жеткізу оңайға соқпады. Бабалардың қанымен, аналардың көз жасымен келген қасиетті Тәуелсіздіктің әр жылы біздер үшін тарихи күн. Оны өз дәрежесінде тойлап, ұлттық мереке ретінде атап өтуді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев назарынан тыс қалдырмай келеді. Бұл өткенге деген құрмет деп білуіміз керек.
Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде елде татулық, бірлік, тұрақтылық орнады. Әлемдік аренада Қазақстанның абырой-беделі арта түсті. Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлығы әр қазақтың жүрегіндегі жазылмас жараны емдегендей әсер қалдырды. Бұл біздің елді ядролық қаруға қарсы күресетін әлем елдерінің көшбасшыларының қатарына қосты. Семей полигоны 1991 жылы 29 тамызда жабылды. Содан бері ол күн БҰҰ шешімімен Халықаралық ядролық сынаққа қарсы күрес күні болып бекітілді.
Тәуелсіздіктің алғашқы сәттерінен бастап біздің мемлекет әлем алдында ашық саясат жүргізіп келеді. Оған дәлел ТМД елдерінің ішінде Қазақстан алғаш болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Шанхай ынтымақтастық ұйымының сенімді мүшесі болу – Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарының дамуы мен халықаралық қатынастарда беделінің артуына зор мүмкіндік тудырды.
Елбасының Мәскеу мемлекеттік университетіндегі 1994 жылғы тарихи кездесуінің алар орны айрықша. Оның айрықша боларлық маңызы да бар. Себебі, сол жиында айтылған идея негізінде Еуразиялық экономикалық одақ өмірге келді. Біз сонда Елбасымыздың даналығына, оның арыдан ойланатын тұлға екеніне тағы бір куә болдық. «Әлем.ХХІ ғасыр» манифесі де Президентіміздің сұңғыла саясаткерлігін аңғартса керек.
Қазір дүние жүзі түрлі дүрбелеңге толы. Саяси қақтығыстар, діни экстремизм, көріністері аз болмай тұр. Ал Қазақстан ауызбірлікті бірінші орынға қойып, ымыра мен ынтымақтастықты берік ұстап, татулық пен тұрақтылықты ту етіп отыр. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының алыстан болжайтындығының дәлелі деп білемін. Ұлттық ұйымшылдығымызды одан әрі дамытып, іргесін бекіте түсетін «Мәңгілік Ел», «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламасы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары сияқты стратегиялық жоспарлар бізге әлемнің дамыған, озық 30 елінің қатарына енуге мүмкіндік береді.
Халықтың интелектуалдық қабілетін дамыту ісінде Елбасы бекіткен ережелердің де маңызы зор. Соның бірі Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясы дер едім. Ғылым ордасының негізгі атқарар міндеті де елдік іс, Елбасы саясатына үн қосу. Біздің академия 1991 жылы КСРО Инженерлік академиясының Қазақ бөлімі болып құрылды. Ел Тәуелсіздігін алумен қатар оған «Ұлттық» дәрежесі берілді. Академия негізін қалауға білікті мамандар, ғалымдар, Парламент пен Үкімет мүшелері, көптеген кәсіпорын, университет, бірлестік басшылары үлес қосты. Біз қазір оларды асқан құрметпен еске аламыз. Олардың ішінде айтулы ғалым Өмірбек Жолдасбековтің орны ерекше. Академик Қазақстан Инженерлік академиясының негізін қалап, оның тұңғыш президенті болды. Жолдасбековтің басшылығымен әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ түбірінен жаңа жүк көтергіш, жүк тиегіш-түсіргіш, грейдерлік, жүк қармауыш және манипуляциялаушы құрылғылар жасалынып, өндіріске енгізілді. Өмірбек Арсыланұлы қазақ ғалымдары арасында бірінші болып қазақ тілінде машинатанудың терминологиялық сөздігін жасады, машиналар мен механизмдер теориясы туралы оқулықтар жазды.
Әлем нарығындағы бәсекелестікке төтеп беру үшін білім мен ғылым ауадай қажет. Оның ішінде инженерия саласын одан әрі дамытуға баса назар аудару өмір талабы болып тұр. Инженерлік академияның дүниеге келудегі «идеологиялық негізі» осы болатын. Әрине, бұл ғылым ордасын жұрт бір ауыздан мақұлдаған жоқ. «Қазақстанға тағы бір академия не үшін керек?» деген сұрақтар да қарша борап жатты. Біздің бағымызға орай, өзі де осы саладан алыс болмағандықтан Елбасы бұған асқан түсіністікпен қарады. Нәтижесінде академия құру керек деген ой қолдау тауып, Тәуелсіз Қазақстанның білім туралы заңына еніп, оған еліміздегі барлық ғылыми-инженерлік орталықтар шоғырландырылды.
Академияның негізін қалаушылардың құрамына белгілі ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері кірді. Олардың қатарында А.Абдуллин, К.Аухадиев, С.Байболов, У.Баймұратов, Ш.Бекболатов, Г.Бекжанов, А.Болатов, Ф.Ғалымов, А.Жомартов, Б.Жұмағұлов, Т.Жүнісов, Ұ.Қараманов, Х.Қазыханов, С.Қожахметов, А.Құлыбаев, Н.Надиров, Б.Нұржанов, М.Нұрымов, Б.Парымбетов, И.Полывянный, О.Сәбденов, А.Сқақов, С.Тәкежанов, М.Үркімбаев сияқты тұлғаларды ерекше атауға болады.
Министрлер кабинетінің 1991-1992 жылдардағы екі ережесімен академия дәрежесі бекітілді. Онда Инженерлік академия еліміздегі инженерлік саланың жоғары ғылыми-әдістемелік және үйлестіруші орталығы екені анықталған. Біз Қазақстандағы болашағы зор демократиялық қоғамға тән біріктірудің жаңа формаларына арқа сүйеу керектігіне сенімді болдық. Біріншіден, мұны баса айту керек, себебі, бас кезінде қиындықтар туғызғанымен, кейінгі уақыттарда, яғни онжылдықтағы тәжірибеде бұл тәсілдің дұрыстығын өмір ағысы дәлелдеп отырды. Тек атауын ғана академия деп атамай, соған сай жаңа тәсілде жұмыс жасап, мемлекеттегі орны мен рөлін анықтап, бірегей бағытын табу керек болды. Нәтижесінде ғалымдар мен инженерлердің қарым-қабілетіне күш сала отырып, олардың мемлекет пен кәсіпкерлік арасындағы өзара байланысын құру керек деген тұжырымға келдік.
Академияның алға қойған басты мақсаты – ғылым мен тәжірибе арасындағы көпірге айнала отырып, өндірістегі ғылыми жетістіктерді тәжірибеге енгізу және елдегі ғылыми-техникалық саясаттың өркендеуіне үлес қосу. Сол кезден бері біз алға қойған мақсатымыздан айныған емеспіз. Бұл мәселені шешудегі ең үлкен жетістіктің бірі – 90-шы жылдары біздің бастамамыз бойынша Үкіметте Салааралық ғылыми-техникалық кеңес құрылды. Ал инженерлік академия оның негізгі жұмыс ұйымы болды. Аталмыш кеңес өзінің 4 жылдық қызметінде отандық ғалымдар мен инженерлер жүзеге асырып, көпшілігі халықаралық деңгейде жетістіктерге жеткен 200-ден аса іргелі зерттеу жобаларға қолдау көрсетті. Бірақ экономикалық қиындықтарға байланысты ол кезде ғылыми жұмыстарға қолайлы жағдай аз болды. Экономикаға түбегейлі өзгерістер енді, өндірістік әлеует құлдырады. Зерттеудің негізгі өзегіне айналған өндірістер шетінен жабылып жатқан болатын. Дегенмен, осындай қиыншылықтарға қарамастан, біздің бастамамыздың негізінде Қазақстан көптеген салалық ғылымдардағы әлеуетін сақтап қала алды. Ол ғылыми жобаларымыз бүгінде басты артықшылықтарымыз болып қалуда. Бұған мынадай екі үлкен көрсеткішті дәлел ретінде ұсына аламыз, 25 жыл ішінде академия ғалымдары 6 мыңнан аса ғылыми жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асырды. Инженерлік академияның 47 мүшесі Отанымыздың ғылым мен техника салалары бойынша Мемлекеттік сыйлықтың, сондай-ақ, әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары атанды. Бұл сандардың астарында академия мүшелері мен еңбек ұжымдарының өздері жасап, әрі жүзеге асырып отырған үлкен жетістіктері жатыр. Сондықтан да аталмыш көрсеткіштер ғылыми-инженерлік қоғамның үздік үлгілері десек жарасады. Кең көлемдегі табыстарымыз ретінде, тау-кен металлургиялық және көмір шикізатын өңдеудің жаңа технологияларынан бастап суперкомпьютерлік өндіріске дейінгі, сондай-ақ, антропогендік ластануды бағалаудағы бағдарламалық кешеннен, күн, жел сынды энергия алудың жаңа типтерін жаңғыртуға дейінгі аралықтардағы жаңалықтарды айтуға болады.
Біз үшін зерттеудің ғылыми деңгейі ғана емес, оның өндірістегі технологиялық әдістерге енуі де маңызды еді. Бұл жерде біз Елбасының: «Өндірісті жандандыру – мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтатын инновацияларды енгізумен байланысты болады», деген сөзіне сүйендік. Сондықтан да бұл қызметімізді болашаққа нақты бағдар жасайтын мемлекеттік маңызы бар жұмыс деп сенімді түрде айтуға болады.
Тағы бір мемлекеттік маңызы бар бағыт – заң шығарушы органдардың дамуына ат салысу. Бұл жұмысымызды ғылым мен өндіріс ортасындағы мақсаттарды ұштастыруға бағыттап отырмыз. Академия мүшелерінің қатысуымен ғылым мен білім, инновациялық қызмет, патент туралы көптеген құжаттар жасалып, заңдар қабылданды. Жұмыс барысында ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырудағы отандық ғалымдар мен мамандардың дәрежесін көтеруге де басымдылық берілді. Мемлекет басшысының бастамасы арқасында ғылымның жаңа басқару жүйелерін енгізу туралы маңызды заң шығаруға және тәжірибеде серпіліс жасауға мүмкіндік туды. Оның бір бағыты, ғылыми қызметтің нәтижесі ретінде отандық кәсіпкерлікке инновацияларды енгізу арқылы ынталандыру болып табылады. Бұл алдағы уақытта да жетілдіріле береді. Уақыт өте келе үздіксіз жұмыстармен жалғасып өз нәтижесін беретініне сенімдіміз.
Инженерлік академия ғалымдары Парламент пен Үкімет те, олардың бөлімдері мен министрліктерде жұмыс істейді. Сондай-ақ ірі бірлестіктер мен өндіріс ошақтарын, ғылыми ұйымдар мен Қазақстандағы ЖОО-ны басқарып отырған азаматтар да аз емес.
Бүгінде академия жүздеген көрнекті ғалымдар мен жетекшілердің, сапалы мамандардың басын қосып отырған еліміздегі ғылыми-инженерлік әлеуеттің алтын қорына айналды. Біз әлемдік аренада да жоғары жетістікке ие болдық. Себебі, академиямыз Халықаралық инженерлік академиямен және Ислам мемлекеттері инженерлік институттар федерациясымен, сондай-ақ, әлемдегі бірнеше беделді инженерлік ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс жасап келеді. Бүгінде Ұлттық инженерлік академия халықаралық дәрежедегі ірі ғылыми-инженерлік және ғылыми-өндірістік ортаға айналды деуге болады.
Қазақстанның Ұлттық инженерлік академиясы өзінің 25 жылдық мерейтойына болашаққа сенімді сілтеме жасай отырып, үлкен бедел жинап келді. Осы орайда, жақын арадағы жауапты міндетіміздің бірі – Астанада өтетін «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне ат салысу. Көрме аясында ұлттық инженерлік академия Қазақстан Жаратылыстану ұлттық ғылыми академиясымен бірлесе отырып басты ұйымдастырушы ретінде «Болашақ энергиясы: инновациялық жоспарлар мен жүзеге асырудағы әдістер» атты әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ инженерлер мен ғалымдардың WSEC-2017 әлемдік конгресін өткізуді жоспарлап отыр.
Алдымызда атқарар міндеттер мен жүзеге асыратын жобалар жетерлік. Жоспарлаған жұмыстарды ойдағыдай іс жүзіне асыра отырып, біз елдің өрлеуіне, ғылым мен білімнің дамуына қомақты үлесімізді қоса береміз. Өткен жылғы Тәуелсіздіктің төл мерекесіне арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстанның болашақ жастары біздің жетістігімізбен мақтанып, біздің тәжірибемізден үлгі-өнеге алулары керек», деген болатын. Біз де Елбасының үдесінен шығып, еліміздің ертеңгі жарқын жетістіктері үшін интеллектуалдық игілігімізді шыңдай беретін боламыз.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының президенті, академик
Abai.kz