Жердің құнарсыздануына қарсы жұмыстар жүргізілуде
Оңтүстік Қазақстан облысында саяқ шегірткесіне қарсы жұмыстар 26,7 мың га жерге жүргізіліп, бүгінде жұмыстар толығымен аяқталды. Үйірсіз саяқ шегірткесіне қарсы күрес жұмыстарына облыстық бюджеттен 48 млн теңге қаржы қаралған. Бүгінде бұл шегіртке түрінен шаруаларға келер қауіп жоқ.
Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Басшының айтуынша, облыста шегірткелердің 122 түрі болса, соның 4 түріне қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Қалған түрінен шаруаларға келер қауіп жоқ. Саяқ шегірткелердің шығу орындарында мароккалық шегірткелердің аралас болуына байланысты өңдеу жұмыстары «Өсімдік қорғау» мекемесімен бірге жүргізілді. Өңдеу жұмыстарына 22 техника жұмылдырылып, нәтижесінде 26,7 мың га жер залалсыздандырылды.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында ОҚО аумақтық инспекция тарапынан 91,37 мың га жерге марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілгені айтылды. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі аумақтық инспекцияның өкілі биыл көктем айлары өте қолайсыз болып, жиі жауған жаңбыр мен шөптің биік өсуі әсерінен жүргізілген өңдеу жұмыстары күтілген нәтижені бермегенін айтты.
Соның салдарынан марокколық шегірткелер 27,6 мың га дейінгі алқапқа жайылып кеткен ұлғайған. Бүгінде зиянкестерді жою бағытындағы жұмыстар еселеніп, республикадан қосымша қаржы бөлінді. Мамандар шегірткемен күрес жұмыстарын, ауа райы қолайлы болып тұрса, 3-4 күннің ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.