Жексенбі, 24 Қараша 2024
Өзіңе сен 4198 0 пікір 21 Қараша, 2016 сағат 07:33

CӨЗ ЗЕРГЕРІ – САУДАГЕРГЕ, КИЕЛІ СӨЗ ТАУАРҒА АЙНАЛДЫ

Біраз қалықтап-шалықтадық, жетер, осымен қойсам қайтеді деп көп ойландым. Бірақ өздеріңізге берген уәдем ерік бермей, қаламды амалсыз қайта ұстадым. Уәде – Құдай аты!..

Есімде, өткен жолы әңгімені «Қарғаны қанша мақтасаң да сұңқар болмайтындығы, жабыны қанша баптасаң да тұлпар болмайтындығы туралы тағы бір мысал...» деп аяқтағанбыз.

«Әйелімнің үйінде тұрам» деп зар жылаған әкім, «Тіпті басымдағы баспана да менікі емес – әкемдікі!..» деп еңірегенде етегі жасқа толған облыс әкімінің орынбасары, «Миымды ауыстырмаса қазақ тілін үйрене алмаймын» деп мүләйімсіген министр, «Теңгенің құнсызданғанын өзім де енді естідім!..» деп есінен танған Ұлттық банк төрағасы – қайсібірін айтасың?! Тізе берсең тірлік көп... Бірінен бірі өтеді.

Басқасы – басқа, тіпті біреулер Алладан да, әруақтан да қорықпай «Қазақ деген ел, ...мемлекет болмаған!..» дегенін де көзіміз көріп, құлағымыз естіді.

Тексіздік – түпсіз... Шеті де, шегі де жоқ. Тағы қандай дәлел керек?!

Жарайды, қойшы... «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» демекші, айт не, айтпа не?! Бәрібір ештеңе өзгермейді. Одан да келемізге көшейік!..

Сонда қалай, сіз бен біз сөз етіп отырған ірілік пен кісіліктің шынымен жоғалғаны ма? Жоқ деуге ауыз бармайды... Бар болса – қайдан іздейміз? Кімнен?..

Элитамыздың сиқы – анау!.. Ал біз ше? Өзіміз... Кеше қандай ек, бүгін қандаймыз?!

Әуелде айттық, тағы айтамыз: Сөз сыйлаған, сөздің қадыр-қасиеті мен киесін ұққан бір ұлт болса – қазақ еді. Қазақ Сөзді пір тұтты, көкке көтерді. Сөзге тоқтады, сөз ұстаған тұлғаларын төбесіне тұтты. Ер құнын, ел тағдырын бір ауыз сөзбен шешті. Көсемдері мен шешендеріне, ақындары мен батырларына ерекше құрмет көрсетті.

Мүйізі қарағайдай қаһарлы хандардың өзін қақпайға келтіріп, жөн сілтеп, жол көрсете білген «ұлт ұраншылары» Асан Қайғы, Сыпыра жырау, Бұқарларды айтпағанда, Қазтуған мен Шалкиіз, Доспанбет пен Махамбет қандай еді?! Бірінен бірі асады!..

Халқымыздың Сөзге, сөз ұстаған ерге деген ыстық ықыласы мен ерекше көңілі күні кешеге дейін суыған жоқ. Абай мен Алаш арыстары бастап, Мұхтар, Сәбит, Ғабиттер қостап, аяғы бірі елде, бірі түзде жүрген қос Мұхтарға дейін жалғасқан әдебиетіміздің алтын ғасыры – соның айғағы.

Бар пәле кейін басталды. Кейін... Ту көтерген «тәуелсіздік» тұсында.

Тіпті кешегі өзіміз қара есекке теріс мінгізген кеңестік кезеңде де, қазақ әдебиеті тап мұндай зорлықты ешқашан көрген емес.

Нәтижесінде, сөз зергері – саудагерге, киелі Сөз тауарға айналды. Ақша жүрген жерде әділдік болмайды. Әділдік жоқ жерде – адалдық та, адамдық та жоқ!..

Сөйтіп ақыры, ер азып, ел тоза бастады... Адами құндылықтар асты-үстіне түсіп, сатқындық тапқырлыққа, табансыздық парасаттылыққа, жағымпаздық даналыққа, жылпостық іскерлікке баланды.

Сөз бастаған шешендеріміз бен топ бастаған көсемдеріміз – кешегі толарсақтан саз, тебінгіден қан кешкен Махамбеттің ұрпақтары пұтты пір тұтып, тойымсызға тәу етті.

Ай-Күннің аманында барымыздан айрылып, бағымыз қайтты. Сағымыз сынып, сеніміміз шайқалды.

Қателеспейтін адам жоқ, бәріміз – пендеміз... Бірақ, сол ағаларымды бәрібір түсінбеймін!..

Не жетпеді?! Атақ та, абырой да бар еді. Бақ та, даңқ та болды... Тәңір берген талант қандай еді?! Билік былығына араласып, арын былғап, жүрегін кірлетті. Жеміс берер қанша жыл текке кетті?!

Билік – диірмен ақыры керегін алып, кебегін қағып тастады... Не бітті? Не тынды?! ...Ештеңе!..

Алдымыздағы ағаларымыз туралы сөз етсек, Алла артқан аманатқа адалдық сақтаған асылдар – саусақпен санарлық. Мұхтар Мағауин мен Тынымбай Нұрмағанбетовке тек сол үшін ғана бас июге болады.

Өкінішке қарай, өткіншіге алданып, қайта оралмас қымбат уақыты мен қайрат-күшін босқа жоғалтқан қаламгерлеріміз аз емес.

Мәселен, мен үшін Әбіш Кекілбаевтың ең үздік шығармасы – «Шыңырау»; ал Төлен Әбдіков ағамыздың шоқтығы биік туындылары – «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі мен «Оң қол» әңгімесі. Қалған дүниелері қайталау ғана...

Әдебиет – ардың ісі. Кірлеген жүректен кіршіксіз дүние шықпайды.

Өмір – аққан сел, заман – соққан жел. Келмес күндер керуені қаншама жақсыларымыз бен жайсаңдарымызды арамыздан әкетті.

Алдыңда ағаң жүргенге не жетсін?! Бірақ, бір өкініштісі, жыл өткен сайын олардың да қатары сиреп барады.

Кешегі келмес сапарға аттанған Сәкен сері (Сәке Жүнісов), Қалихан Ысқақ, Қажытай Ілиясов, Ибрагим Иса ағаларымыз сол ірілердің өзі болмаса да, көзі еді. Қолдағының құны жоқ... Әйтпесе, қазір арамызда жүрген Темірхан Медетбек, Исраил Сапарбай, Жүрсін Ерман ағаларымыз кімнен кем?!

Айтпақшы, жақында осы интернеттен Исраил ағамыздың асылдың сынығы, арқалы ақын інісі Ақберен Елгезекке арналған «Мойындау» атты өлеңін оқып, еріксіз толқыдым.

Ірілік пен кісілік осындай-ақ болар!.. Бұл – біріншіден, асыл ағамыздың Ақберен мен оның тұстастарына берген ақ тілек-батасы болса (аванспен, әрине!..), екіншіден – қимасын сеніп тапсырған жас буынның иығына артылар ауыр жүк... Аманат!..

Сенім – үлкен жауапкершілік. Үмітті ақтау – парыз. Алда – ұзақ жол... Алла жар болсын!..

Алайда, бұл – ақындарға қатысты әңгіме. Ал проза саласындағы жігіттерге мұндай мойындауды әлі көп күтуге тура келеді... Және ол үшін өкпелеуге болмайды. Өйткені, иә... Әзірге ешкім жоқ!..

Тұрмағанбет Кенжебаев – ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz  

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576