Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3147 0 пікір 18 Қараша, 2016 сағат 13:21

ОҚО-ға халықаралық компаниялар инвестиция құймақ

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Швейцария, Франция мен Армения мемлекеттерінен келген ірі компаниялардың құрылтайшыларымен кездесті. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға «SASSTEX», «WKS Textile Solution» компаниясының құрылтайшысы Гелиджи Кристиан, «SCI France» инвестициялық компаниясының құрылтайшысы Акобян Граир, «GoldheinInvestments» инвестициялық компаниясының құрылтайшысы  Варагян Давид, «Goldhein Investments» инвестициялық компаниясының өкілі Тыныбек Ришат қатысты.

Басқосу барысында өңір басшысы облыстың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беретін жобаларды жүзеге асыруға ниетті әрбір инвесторға әкімдік тарапынан қажетті қолдаулардың жасалатынын жеткізді.

Осы ретте әкім шетелдік кәсіпкерлерді заманауи жабдықталған мақта өңдеу зауытын құру, жол құрылысы мен мал шаруашылығы, тері өңдеу, сонымен қатар, ағаш-полимерлі материалдар өндірісінің желісін құру сынды ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Өз кезегінде мәртебелі меймандар Швейцария, Франция мен Армения мемлекеттерінде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп бағытында әлемдік деңгейде көшбасшы болып табылатын бірқатар жобалардың бар екенін айтып, осы сынды жобаларды Оңтүстік Қазақстан облысында да жүзеге асыруға болатынын айтты.

Сондай-ақ, олар облыс аумағындағы жол құрылысы мен тері, мақта, қоқыс  өңдейтін зауыттарын құру және құрылыс материалдарын шығару,  мал шаруашылығын дамыту бойынша жобаларға қызығушылық танытты. Аталған жобаларды дамытуда тәжирибелерінің мол екендігіне де тоқталды.

Шетелдік инвесторлар жол құрылысы саласын дамытуда қазіргі заманауи технологияны пайдалана отырып, талапқа сай  тәулігіне 5 шақырым жол сала алатын мүмкіндіктерін алға тартты. Оған жергілікті тұрғындарды да жұмыспен қамтуға болатынын жеткізді. Сондай-ақ, мақта өңдеу зауытын құру саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. Ал мал шаруашылығын дамытуда Романов тұқымдас қойларын оңтүстікке жерсіндіре отырып мал басын көбейту арқылы ет экспортын арттыру жобалары да табысты іске асатынына сендірді. Әрі оны БАӘ мен Иран елдеріне өткізу жұмыстарын да өздері ұйымдастырмақ.

Оңтүстік Қазақстанға жасаған жұмыс сапары барысында аталған компания құрылтайшылары Шымкенттегі туристік-ақпараттық орталық пен жаңадан ашылған «Фронт офис» жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақ пен индустриялды аймақта болып,  бірнеше кәсіпорындарды аралап көрді.

Оңтүстіктің инвестициялық мүмкіндіктерін бағдарлаған Франциялық, Швейцариялық және Армениялық инвесторлар облыс әкімдігімен ортақ шешімге келуге уағдаласты.

Әлемдік нарықта көп жылдық тәжірибесі бар «SASSTEX», «WKS Textile Solution», «SCI France» «GoldheinInvestments»  серіктестігі кең ауқымды, ұзақ мерзімді жобаларды әзірлеп, жүзеге асырумен айналысатын ірі компаниялар болып табылады.

Абай ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588