ЭКСПО-2017-НІҢ КӨПІРІ ҚҰЛАП ҚАЛДЫ
Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі аймағындағы ғимараттың бір бөлігі опырылып түсті. Құрылысы толық аяқталып үлгермеген ғимараттың қирап қалғанын көресткен бейне жазба әлеуметтік желілерге тарап үлгерген.
Tengrinews.kz порталының мәліметіне сүйенсек, «ЭКСПО-2017» аумағында екі ғимараттың арасын жалғайтын көпір конструкциясы құлап қалыпты.
Осыдан кейін ЭКСПО-2017-нің баспасөз хатшысы дереу сұхбат беріп, мәселенің мән жайын түсіндіріп бақты.
«Негізгі ғимараттарға еш зақым келген жоқ, тек павильондарды бір-бірімен жалғайтын көпір құлап қалды. Бұл оқиға қарашаның 16-сы күні болды. Себебін білмеймін. Бұл ғимаратты BI Group салып жатқан. Олар өздері жөндеуі тиіс»,-дейді «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Сергей Куянов.
Куяновтың сөзіне сенсек, «ЭКСПО-2017» аумағындағы Айдын Рақымбаевтың меншігіне тиесілі құрылыс компаниясы жауапты көпірдің құлауы негізгі жұмыстарға тосқауыл болмайды.
Ал шығын көлемі туралы нақты ақпарат жоқ. Сондай-ақ, жұрт болып жылу жинап салып жатқан көрме ғимаратының құлауына не себеп болғаны да айтылмаған. Бұл туралы алдағы уақытта кеңірек тоқталатын боламыз.
Abai.kz