Үшарал әуежайы маусымда авиарейстерді қабылдай бастайды
Алматы облысының Үшарал қаласында жаңа әуежайдың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл туралы Алакөл ауданы туризмінің әлеуеті туралы айтылған брифингте аудан әкімі Әлібек Жақанбаев мәлімдеді. Аудан басшысы құрылысжұмыстарының 2015 жылы басталғанын, аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 896,9 млн. теңге бөлінген болса, оның 21,0 млн. теңгесі – 2015 жылы, ал 348,7 млн. теңгесі былтыр игерілгендігін атап өтті. Ағымдағы жылы қалған 527,2 млн. теңге қаржыны игеру көзделіп отыр.
«Әуежайдың құрылысы осы жылдың маусым айында толықтай аяқталады деп отырмыз.Сонымен қатар, біздің ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетіне берген «Астана – Үшарал – Астана», «Алматы – Үшарал - Алматы» бағытында облысаралық жаңа авиарейстер ашу және оны республикалық бюджеттен субсидиялау мәселесін қарау туралы өтінішіміз оң нәтижеге ие болды. Сондай-ақ, «Жетысу» авиакомпаниясы» АҚ-мен бірігіп «Талдықорған – Үшарал – Талдықорған» ішкі авиарейсін ашу көзделуде. Биыл осы ішкі авиарейсті субсидиялау мақсатында облыстық бюджеттен 15,2 млн. теңге бөлінді», - деді Ә. Жақанбаев.
Сонымен қатар, жаңа әуежайда ұшу-қону жолағы қайта жаңғыртылып, әуе қозғалыстарын ұйымдастыруға ең қажетті деген радиотехникалық және метеорологиялық құрал-жаблдықтар жаңартылған.
Осы орайда айта кетейік, Үшарал қаласындағы әуежай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа берген тікелей тапсырмасымен жаңғыртылуда. Ондағы мақсат – әлеуеті жоғары Алакөл көліне туристерді көптеп тарту және отандық туризмді дамыту.
Абай-ақпарат