Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 6100 0 пікір 15 Наурыз, 2017 сағат 12:04

ДИДАР АМАНТАЙ. ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ БАС ҚОНЫСЫ

Оқырман қауымға уәде еткеніміздей, біз бүгін жазушы Дидар Амантайдың "Тұнық сәуле" ктабының жалғасын ұсынып отырмыз. Өткенде "Беташар тарау" мен "Алғашқы тарауды" тұтастай ұсынған едік. Бұл кітаптың жалғасы әр аптаның әр сейсенбісінде жарияланып отыратынын естеріңізге саламыз. 

Мен, зады, – көз алдымда тез өсіп, ерте есейген Астана қаласын жақсы көремін.

Бойын түзеген, ажарын тапқан Астана – бейне бір жарқын болашағына асыққан жас адамның асыл арман-қиялындай – жүйрік, ұшқыр, алғашқы махаббатындай – тұнық, мөл­ дір, айнымас ниетіндей – адал, таза.

Таң атқанда, Тәңіріндей көрінген Күн шұғыласына, елең-алаң бейуақ шақта шомылған Астана шаһары, ертегі еліндей жайнап, гүл­ сауытты көше-даңғылдары, жазғытұрым дала тәрізді, түкті жібек масатыдай құлпырады.

Алыс жақтардан беймезгіл аңдыздап жеткен Күн нұры Астана шаһарын тұс-тұстан жарып шыққанда, ауада тұнық сәуле пайда болады.

Мен ешқашан Астанадағыдай тұнық сәуле көрмеппін. Тұнықтығы ғажап, сұлулығы сөзбен жеткізе алмастай.

Тұнық сәуле ауаның мөлдірлігінен туатын болса керек.

Астанада, басқа жер, өзге жақтарға қарағанда, әдетте, тымық ауа – қашанда ашық, назарға іліккен әр нәрсе, кез келген ғимарат, қала берді, сән-салтанаты асқан сан алуан сәулетті үйлер, сан-салалы жолдар қашықтан да, жақыннан да мөлдіреп көзге түседі, кейпі, бейнесі, тұрпаты, тіпті, сұлбасы үлкейтіліп көрсетілгендей анық көрінеді.

25

Рас, Астанада алдыңнан айбаттанып, айдын­ дана шыққан әрбір сәулет туындысы, архитектуралық шығарма – жылдың қай мезгілі, мезгілдің қандай кезі болмасын, жылтыраған айдын көл, жарқыраған алып теңіздей мөлдір, тереңнен түбі көрінген тұнық судай кіршіксіз, таза.

Ниетіне жері сай Елорда.

Тұнық ой, тұнық сөз және тұнық әрекет. Үштаған тұнықтан жаралған тұнық әлем.

Тұнық әлем – тұнық қала.

Тұнығымызды ешкім лайламасын деп тілей­ міз. Ұйыған халқымыздың ынтымағын бұзбасын деп тілеу қосамыз.

Жұрт Астанаға әкесіндей сүйсініп, бала­ сындай аңсап, арманындай сағынып қарайды.

Шын, кейде тілеуқор халықтың сүйіспен­ шілігін жасыра алмай, қызығып та, қызғанып та қарайтыны бар. Қашықтау жүргені Астананы көруге асығады. Астанада тұрғысы келеді. Қандай әдемі де асыл арман!

Түн баласында төңірегіне шұғыла шашқан бағаналы шамдар, шуағына бұрқақты кең булварларды шомылдырған шілденің жаймашуақ күндері, алып көшелерге тасқындап құйылған таңғы автомобильдер нөпірі, бәрі-бәрі, маңдайы жарқыраған, жүзі жарық, көңілі ашық, қонақжай қала – Астананың ұмытылмас көріністері.

Елорданы көрген адам еліміздің ажарын көреді.

Көрмеген – көруге асығатын, көрген – кете алмайтын, ал кеткен – ұмыта алмайтын қала.

Жастар, тегі, жылдам дамып келе жатқан заманауи шаһар – Астана қаласының қарқынына ілесіп, әлемдегі озық елдердің өнеріне, өресіне, өрісіне жеткісі келеді, тіпті, кейбір тарапта жетіп­ те жатыр деп ойлаймын. Астанада қабылданатын шұғыл шешімдер, үздіксіз қол қойылып жатқан жүздеген, мыңдаған келісім шарттар, істің үздігі, қожалықтың иесі, түрлі дәрістер, кәсіптердің қым-қуыт тіршілігі, құрылыстардың таусылмайтын легі – бәрі-бәрі киіз туырлықты қазақ баласын жандандырады, еліктіреді, қайнап жатқан қазанына түсіреді, айналымға ілінген рухани мұра, терең білім, талғампаз өнер, дөңгеленген шаруа қала перзентін де, қыр баласын да қызықтырады. Себебі, Астана – саяси орталық, қазақтың төрі ғана емес, ол – Ұлы даланың Бас қонысы, көшпелі мәдениеттің қорығы, идеялар астанасы, белсенділіктің, кәсіпкерліктің алабы, еркіндіктің кеңістігі, табыстың ордасы, жетістіктің кепілі.

27

Көне гректердің айтатын нақылындай, Астанада туған адамның арманы жоқ. Атақты болу үшін әйгілі шаһарда туу керек, дейді екен элладалықтар. Бірақ, Виктор Гюгоның: "Фран­ цияның ұлы перзенттері провинцияда туып,

Парижде дүние салады", – дейтіні тағы да бар. Әрине, Астананың анасы – еңбек, ізденіс, талпыныс.

Абай, бейнетсіз дәулет жоқ, дейді. Тек еңбек, бейнетқорлық қана елді ұшпаққа шығарады. Оқу да, тоқу да – еңбек.

Біз, зады, қазақ халқына ұлттық арман сыйладық. Біз, сірә, қазақ халқын ұлт мұратына

Жеткіздік.

Астанаға барамын, Астанада тұрамын деп армандаған бала білім жолына, өнер соқпағына түседі. Табысқа жетуге, бақуатты болуға ұмтылады. Астана – жақсылыққа жетелейтін, мұратқа төтелейтін арман.

Әр қазақтың дәулеті, елімізді сүйген бар ұлттың байлығы, адамзат өркениетінің алтын

қорына қосқан үлесіміз, адам баласының қарым-қабілеті, ақыл-ойы тудырған бағалы құндылық, әлемдік маңызы бар қазына, жаратылыс бәйгесінде топ жарып, ғаламзатты бағындырған, сана біткен нәсіл өркениетіне мирас боп қалатын асыл мұра.

Ұлтымыздың мақтанышы. Адамзаттың архитектура саласында қол жеткізген интеллектуалдық таңғажайып табыстарының бірі.

28

Рас, біз, зады, қазақ халқына ұлттық арман сыйладық.

Тәуелсіздігіміздің арқасы.

Тарихта үлгісі жоқ жаңа заманғы мемлекет құрдық.

Әрине, бұрын-соңды, қаһарман сақтар, айбынды ғұн тайпалары, бөрілі байрақтың астына бірін-бірі бөле-жармай бірге топтасқан, орда тіккенде, бір жерден табылған оғыз-қыпшақ жұрты, қала берді, түз даланы қорып, жан-жақтан анталап шапқан жаудан сақараны аман-есен сақтап қалған қарға тамырлы қазақ құрған – барлық құрылымдардың рухани мұрагері – Қазақстан.

Кең жазықты, ойлы-қырлы, таулы-жоталы Отанымыз – қайнарынан суын мол алған шалқар дариядай – барлық бастауын Астанадан алады­.

Қазақта астана көп болды. Тіпті, жиырма­ сыншы ғасырдың өзінде, тәуелсіздік орнағанға дейін, еліміз бірнеше рет астана ауыстырды. Рас, әр астананың ұлт мұраты жолында атқарған өз миссиясы, ел алдында орындаған өз міндеті бар.

Әрі, тарихта әрбіреуінің тиесілі өз орны – анық, тағдыры – оқшау.

29

Бірақ, бүгінгі Астана – алаш шыққан сол биіктердің ең асқар алып шыңы тәрізді. Демек, осы күнге шейін нақ мұндай дербестік, дәл мұндай Елорда болған емес. Сөз арасында айта кетсек, шын мәнінде, алаш баласы егемен ел құрғанға дейін ешқашан шекара мәселесін толық шешкен емес-ті.

Елорданы қазақтың туы, дедік. Көштің басына теңедік. Болашақтың қадамына айналдырдық. Астана, задында, осыған лайық. Астанаға марапаттың бәрі де жарасады. Еңбектің перзенті. Ізденістің жемісі.

Біз еңбекті, еңбек адамын жырлауымыз, насихаттауымыз керек. Еңбекке баулу – жастар тәрбиесінің үлкені. Білім де, ғылым да, өнер де, архи­ тектуралық сәулет те – еңбек.

Қанатына ұшқыр қиял байлап ұшқан ұлттық ой, әдетте, архитектураға қонақтайды. Асқақ ұлттық ойдың сипаты – алып ғимараттардан көрінеді.

Ұлттық ой дегеніміз – алуан нұсқадағы көп қабатты­ ақ шанқан боз үйлердің – даңғылдарды, бульварларды, көшелерді – жағалай бой түзеп, қатар-қатар сапқа тұрған салтанатты шеруі.

Ұлттық ойдың сәулеті – ұлттық рухтың сәулесі.

Астана – әлі оқылмаған кітап. Біз әлі оның жаңа тарауларын жазамыз.

30

Отау тігіп, шаңырақ көтерген қазақ өзін-өзі тану үшін Астанасын салды.

Орда құрдық. Ақорда – тәуелсіздіктің символы. Елорда – Ақорда. Астана, дауылпаз ақындар­ жырлағандай, – арнайы шақырылған қонақ, суыт желген жұрт атынан түсетін, қазақ мейман қабылдайтын алтын босаға. Босағадан төрге озған, ел басқарған төрелер тізе бүгетін құрметті орын да – Астана.

Мәңгілік еліміздің – мәңгі соғып тұрған жүрегі. Еліміздің жүрегіне халықтың мейірі қонақтап, ұлт махаббаты ұя салған.

Мінберіміз – Астана. Игі орда, ізгі қала. Дербестік – қонған бақ, ұлттық олжа. Біз бағындырған асудың, біз жасаған тағдырдың сыйы.

Задында, тәуелсіздік Астанадан басталады. Ұлттың өмір сүру ережесі, қолға алған жоспары, тіпті, Елбасы шешімдері, бұйрықтары елге Астанадан шұғыл тарап жатады. Дербес шешімдер, тәуелсіз бұйрықтар. Тәуелсіздік тамырын Астанадан тартады. Қазақ елі – алып бәйтерек, тамыры Астанада жатыр.

Сондықтан, біз жастарды Астана – таусылмайтын тәуелсіздік қайнары, деп тәрбиелеуіміз керек.

Шынымен. Бұлақтың көзі. Көлдің атырауы.

Теңіздің бастауы. Мұхиттың өзі.

31

Біз тағдырымызды тәуелсіздік жариялаумен айқындадық. Қазынамызды мұратымыздан белгіледік. Мұратымыз – баянды тәуелсіздік. Сол себепті, болашақты Астанадан танимыз. Астана – басқа қалаларға өнеге. Астана – бо­ лашаққа аттанатын қақпа. Жүзі жадыраған келешек Астана көшелерін аралап жүреді.

Тәуелсіз сана дербес архитектураны тудырады.

Қала ажары ақындардың теңеуінен де әдемі сияқты. Сәтті метафораның өзі Астанада өмір кешіп жатқан, Астанаға қонаққа келіп жатқан, тілеуқор жұрттың бақытты сәтін жеткізе алмайды.

Елорда – еркін шығармашылық көзқарастың туындысы. Жүректің қылын шерткен нәзік талғам.

Астана – шынайы бостан рухтың көрінісі.

Ұлттық рухтың материалданған нұсқасы.

Қарға тамырлы қазақ жұрты Астанаға жүктелген міндетті жақсы біледі. Бүгінгі күні халық Астана арқалаған миссияны түсініп отыр десек те болады.

Яғни, сұңғыла ел өсіп-өркендеудің өнегелі жолын Елорда дамуынан аңғарып, Астана бет алған бағыт-бағдардан таниды, бұл Ұлт Жоспарының бір тарауы, маңызды тарауы.

32

Елорданы Астана атаған да қалың бұқара, мың сан қаралы халық. Астана мәңгі қала болады деген үміттің сүйеніші, тірегі – бейнетқор осы асыл жұрт.

Арқаның сәні, сақара көркі, елдің ажары болған Астана бүгінде тілекші халықтың тарқамайтын қуанышына айналып отыр. Сірә, қазақ – бақытына жеткен ұлт.

Қазіргі кезде саяси кескіндемеде орны айқындалған, дүниежүзіне кеңінен танылған алып мемлекет.

Елге келген мейман талайы өскен, маңдайы жарылған Қазақстан жұртын Астанадан көріп, Астанадан таниды. Астана – елдің есігі. Елорда – әлемдегі бар қазақтың рухани жан дүниесінің қақпасы. Қақпаның кілті де – Астана.

Бас шаһар – қазақтың жанын ұқтыратын, қазақтың сырын ашатын қала. Қазақ жұмбағының шешімі – Астана.

Астана көшкенде, қазақтың санасы өсті. Ұлттың ертеңі үшін көштік. Бұл – барлық қазаққа әсер етті.

Күннен тараған шұғыладай, болашаққа бастар мұратты жолдың бәрі Астанадан тарайды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435