"МИРЗИЯЕВ ДИКТАТОР КӘРІМОВТІҢ ІЗІН ЖАЛҒАСТЫРУШЫ"
Танымал өзбек саясаткері, "Бирдамлик" ("Ынтымақтылық") ХДҚ-нің төрағасы Баһадыр Хон Түркістанмен сұқбат.
- Баһадыр Хон, міне 6 айдан бері Өзбек мемлекеті жаңа басшының басқаруында алға қарай қадам басып келеді. Осыған дейін маман-кадрларді орнына қоюмен айналысқан Президент дәл казіргі кезде қатаң реформаларды бастап жіберген сияқты көрінеді. Мемлекет басшысы өзінің барлық сөздерінде іскерлерді қолдау, коррупцияға қарсы батыл күресу керектігін білдіруде. Бірақ бұл жерде халықтың екі тармаққа ажырағаны байқалып қалды. Яғни, Президент бастаған реформаларға сенушілер және сенбеушілер тармағы. Сіз қай жақтың пікірін қолдайсыз?
- Жеке өз басым жаңа Президент бастаған реформаларға сенбеймін. Себебі ол диктатор Ислам Кәрімовтің ізін жалғастырушы. Жаңа басшы кезіндегі Кәрімовтің бастамаларынан өзге ештеңе жасауға талпынып отырған жоқ. Өзбекстанда жасалып жатқан жұмыстардың бәрі әшейін көз бояушылық қана. Мирзияевтің президенттік кезеңінде үлкен өзгерістерді күту бос қиял деп білемін. Мирзияев Өзбекстанда 2003 жылдан бері Премьер-министр болған. Тіпті 2003 жылда мемлекетте жарық, газ, ауызсу секілді мәселелер дәл бүгінгі күндегідей оншалықты проблема емес еді. Сол жылдар ішінде осы проблемалардың тереңдеуіне, көптеген зауыттардың банкрот болуына, коррупция денгейінің өсуіне, мемлекет тұрғындарының ауқаттылық дәрежесінің құлдырауына тікелей Шаукат Мирзияев және ол басқарған үкімет жауапты деп білемін. 2003 жылдан 2017 жылға дейін Өзбекстанда барлық салалар дамуын тоқтатып, артқа қарай кетті. Бұл масқаралану!
Міне қараңыз, 2003 жылға дейін Ресейде, Қазақстанда және басқа мемлекеттерде жұмыс істеген өзбекстандық мигранттардың жалпы саны бір миллионнан көп болмаған еді. Кейінгі бір-екі жылда олардың саны 6 миллионнан асып кетті. Осы көрсеткіштің өзі-ақ Мирзияев басқарған үкіметтің өзбек халқы үшін қаншалықты жеміссіз екеніне айғақ болса керек.
- Сіздің ойыңызша мемлекет басшысы реформаны неден бастауы керек еді?
- Ең алдымен мемлекетте саяси реформамен қатар мемлекетшіліктің күшті іргетасы құрылуы қажет. Өкінішке орай, мұндай іргетас әлі күнге дейін құрылған жоқ. Рас, Өзбекстан тәуелсіз мемлекет болған бастапқы жылдардан 1995 жылға дейін мемлекетшіліктің іргетасы құрылуына әрекеттер жасалды. Бірақ та бұрынғы КГБ-шнік Рүстәм Інаятов Ұлттық қауіпсіздік қызметіне төраға болып келгеннен соң мемлекетшілдіктің іргетасын қалау жұмысы біржола тоқтады. Сол бойы мемлекет басқа бағытқа, яғни, ел іргетасын құрмай-ақ басқаруға өтіп кетті.
Бірінші президент, диктатор И.Кәрімовтың кенеттен қайтыс болуы мемлекет басқаруындағы шенеуніктерді әбігерге салып қойды. Сол себепті 27-тамызда қайтыс болған диктатор И. Кәрімовтің денесі 2-қыркүйекте бір-ақ жер қойнына тапсырылды. Мемлекеттің Ата Заңы бойынша уақытша президент лауазымын Сенат төрағасы атқарып және ол президент сайлауын өткізу уақытын белгілеп, халықтық сайлау өтіп, жаңа президент ант қабылдап, жұмыс бастағанша, елді басқарып тұруы қажет еді. Өкінішке орай, Өзбекстан билігі Конституцияға бағынбай, оны аяқ асты етіп, Сенат төрағасын шеттеп тастады. Шаукат Мирзияев ҰҚҚ төрағасы Рүстәм Інаятовтың көмегімен президенттік тақты бірден иеленіп шыға келді. Мұның бәрі Өзбекстанның заңына қайшы әрекеттер.
Біз ұсынып отырған реформалар мемлекетке өте-мөте қажет шаруалар болса да, оны қазіргі үкіметтің жүзеге асыратынына түк сенгім келмейді.
Ұсыныстарым:
а) сөз бостандығына, баспасөз бостандығына түгел жол берілуі қажет;
б) адам құқұқтары құрметтелуі тиіс. Түрмелердегі барлық саяси және діни тұтқындар бостандық алуы қажет;
в) әділетті заң басымдылығы қамтамасыз етілуі қажет;
г) Оппозициядағылардың отанға қайтуына мүмкіндік беру керек;
д) Коррупцияны жоқ қылу қажет.
Әзірше осы реформаларды жүзеге асыра алса ғана Мирзияев өкіметін дұрыс жолға түсті деп айтуға болар еді.
- Баһадыр Хон, соңғы кездерде Өзбекстанда экономикалық өсу емес, кері кетудің басталғанын, сондай-ақ экономикалық еркіндіктің жоқтығы туралы жиі-жиі айтып жүрсіз. Сізге қарсы пікір айтатындар да жетерлік. Десе де, соңғы уақыттарда АҚШ-тағы Heritage Foundation орталығының "Экономикалик еркіндік индекці" мәліметтері жарияланды. Ол мәліметтер Сіздің сөзіңіздің растығын дәлелдеді.
- Орталықтың қорытындыларына түгел қосыламын. Өкінішке орай, марқұм диктатор президентіміз И. Кәрімов басқарған 27 жыл ішінде отанымыз Өзбекстан барлық салаларда кері кетіп, 1989-жылдардағы барлық жақсы көрсеткіштерді қолдан шығарып алды. Бұған қарапайым мысал ретінде көрші ел Қазақстанды алуға болады. 1989-жылдарда Қазақстандағы көрсеткіш Өзбекстандағы көрсеткіштерден неғұрлым артта қалған болатын, 2017-жылға келгенде Қазақстан осы Heritage Foundation орталығының сараптамасы бойынша 48-орынға көтеріліп, дамыған мемлекеттер қатарынан орын алды. Ал Өзбекстан болса, керісінше, 148-орынға түсіп, Африкадағы мешеу мемлекеттер қатарынан бір-ақ шықты. Бұл ненің дәлелі? Барлық салаларда күйзеліс бар деген сөз. Коррупция шеңгеліне алмаған сала немесе ұйым қалған жоқ. Туытханадан (родильный дом) бастап, қабірге дейін әр бір қадамыңызда жемқорлық, коррупция "өркендеген". Ғылым, медицина салалары дерлік жемқорлықтың батпағына батып жатыр. Ауыл шаруашылығы дамудан артта қалды, көптеген өндіріс орындары банкрот болып жұмысын бір жола тоқтатты. Ұлттық валюта әр ай сайын құнсыздануда. Елде жұмыссыздық өсуде, тұрғындарды газ, жарық, ауызсумен қамтамасыз ету барған сайын күрделі проблемаға айналуда. Мемлекет күшті, әртарапты терең реформаларға мұқтаж. Мирзияев мемлекет тізгінін ұстап отырған кезде Өзбекстанда күшті экономикалық реформалар жүзеге асырылмайды. Себебі онда күшті саяси жігер, қайрат жоқ.
- Жуырда Фейсбуктағы парақшаңызда Йозеф Геббельстің "Маған ұждансыз баспасөз бер, мен саған санасыз ұлт беремін" деген афоризмін жарияладыңыз. Шынымен-ақ баспасөзде әнгіме көп. Қазіргі президент өзбек баспасөзіне бостандық, еркіндік беруге шамасы жете ме?
- Жоқ, еркіндік бермейді. Бұрынғы Президент, диктатор И. Кәрімов және ҰҚҚ төрағасы Р. Інаятовтар мейлінше елде ерікті баспасөзді жүгендеп, оны қатты бақылауда ұстап отырды. Олар журналистерді өлтірді, қамауға алды, қуғын-сүргін қылды, қорқытып қудалау астында ұстап тұрды. Керісінше, "ұждансыз баспасөзге" (коммерциялық саржағал баслымдарды айтады. - ред) шамадан тыс мүмкіншіліктер берілді. Бүгінгі таңда біз Өзбекстандағы "ұждансыз баспасөздің" ықпалында қалған миллиондаған саяси сауатсыз және санасыз адамдардың өмір сүріп жатқанына куә болып отырмыз.
- Сіздіңше, шет елдерде өмір сүріп жүрген оппозиция уәкілдерінің Өзбекстанға қайтуына рұқсат беріле ме?
- ҰҚҚ-нің жұмыс істеу стилі өзгермейінше, өзбек оппозициясының отанға оралуы екі талай. Себебі ҰҚҚ-нің қанішерлері өздерінің адамдыққа тән емес қылмыстары, Мәскеуге қаншалықты берілгендіктері ашылып қалуынан қорқады. Қазіргі үкімет және ҰҚҚ оппозицияның елге оралуын мүлде қаламайды. Оларға саяси реформалар керегі жоқ. Мемлекетті қалай болса солай басқаруды жалғастыра беруге мүдделі.
- Сұқбатыңызға рақмет!
Abai.kz