"ҚҰЛАҒЫҢЫЗҒА СЫБЫРЛАЙЫНШЫ..."
Біздің ауылдың үлкен кісілері нағашы деп атайтын, жасы елулер шамасында, жолдасы ертерек марқұм боп кеткен Нұржамал деген кісі болды. Бір ұл, бір қызы бар-тұғын.
Ұлы ертерек үйленген, балалы-шағалы. Қызы сәл кештеу, біз үшінші, төртінші сыныпқа барып жүргенде тұрмысқа шықты. Аты – Аққыз. Сол Аққыз ұзатылып, алты-жеті ай боп қалған кезде ғой деймін, үй ішіндегілеріне хат жазып, үкілі сәлемін жолдапты. Ол кезде хат жазу, хат алу деген бір керемет дүние. Мектептен келе жатып осы қуаныштың куәгері болғаным бар.
Нағашымыз латынша қаріп таныған, кейінгі Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуын (қытай қазақтары басында латынша, жетпісінші жылдардың соңында төтеше жазуға көшкен) тани бермейтін. Мені жолшыбай көріп қалып: «Қызымнан хат кепті. Үйде ешкім жоқ еді, оқып берші, шырағым», – деген соң, апаның үйіне бұрылып кеттім.
Конверттің аузын жыртып, оқып жатырмын. Аман-сәлемнен басталған Аққыздың хаты ауыл аймақ, бота тайлақтың хал жағдайын сұрап, өзінің елді қатты сағынғандығын айтып, бір күңіреніп алады екен. Барған жеріне тастай батып, судай сіңгендігін де жеткізіпті. Хаттың соңы «Жеңеше, құлағыңызға сыбырлайыншы», – деп тәмамдалғанда, апам жылап қоя берді. Көзінің жасын сүртіп, қолын жайып, іштей бірдеңелерді күбірлеп, бетін сипады. «Рахмет, құлыным, рахмет», – деп бетімнен сүйді. Ештеңе түсінбей мен отырмын. Әйтеуір, өз шаруамды атқардым. Қалтама толтырып кәмпит салып берген соң, үйге зыттым.
Үйге кеп шешеме тындырған ісімді мақтанышпен баяндап жатырмын. Тек хаттың соңында Аққыздың жеңгесіне сәлем жолдап, «құлағыңызға сыбырлайыншы» дегенге апаның жылағанын, қолын жайып тілек тілегенін түсінбегенімді айттым. Шешем де елең ете қалды. «Тәңір жар болсын! Жеңілдігін берсін. Оны біліп не қыласың, түге», – деді де қойды.
Кейін білдім. Сөйтсек, Аққыздың ішіне шикі ет бітіп, оны жеңгесіне ибалы ишарамен жеткізген түрі екен ғой. Қайдан білейік...
Қоғамдық көлікте келе жатып, бүкіл автобусты басына көтеріп сөйлескен ана мен қыздың әңгімесі осы оқиғаны ғайыптан еске түсірді. Тыңдайын деп тыңдамайсың, қатты айтылған сөздер құлағыңа кіріп-шығып жатады. Телефоны безек қаққан орта жастағы әйел біреумен сөйлесіп келе жатқан. Кенет: «Ой, қызым құтты болсын», – деп айқайлап жіберді. «Енді олардың отымен кіріп, күлімен шықпай өзіңді дұрыстап күт. Адамнан адам шығу оңай емес», – дегенде автобус толы адам өздері мүлде танымайтын бір әйел затының жағдайынан хабардар боп үлгерді... Әлдеқашан ұмыт боп кеткен Аққыз сонда есіме түсті...
Ырысбек Дәбей
Abai.kz