Ауызша тарихтың бесаспап «зергері»
Қазақтың қолы тәуелсіздікке жеткелі дәстүрлі тарихпен әуестенушілер көкмайса көктемде көкті көмкерген бәйшешектей кең өріс жайды. Кеңестік тоталитарлық жүйе тұсында «аузынан ауыздығы» алынбай, тежеулі өмір кешкен қазақ тарихшылары ойланып-толғанып, өздеріне-өздері келіп, өзіндік мүмкіндіктерін танытқанша әдебиет пен өнерге жақын қазақ зиялылары дәстүрлі тарихымыздың кейбір маңызды бағыттарында айтарлықтай аршынды қадамдар жасап үлгерді. Солардың арасында кескін-келбеті, өзіндік дара болмысы қазақ сал-серілерінің еңселі тұлғасын еріксіз еске түсіретін Ақселеу Сейдімбек қазақтың этникалық болмысының білгірі ретінде тұлғалана түсті.
Қазақтың қолы тәуелсіздікке жеткелі дәстүрлі тарихпен әуестенушілер көкмайса көктемде көкті көмкерген бәйшешектей кең өріс жайды. Кеңестік тоталитарлық жүйе тұсында «аузынан ауыздығы» алынбай, тежеулі өмір кешкен қазақ тарихшылары ойланып-толғанып, өздеріне-өздері келіп, өзіндік мүмкіндіктерін танытқанша әдебиет пен өнерге жақын қазақ зиялылары дәстүрлі тарихымыздың кейбір маңызды бағыттарында айтарлықтай аршынды қадамдар жасап үлгерді. Солардың арасында кескін-келбеті, өзіндік дара болмысы қазақ сал-серілерінің еңселі тұлғасын еріксіз еске түсіретін Ақселеу Сейдімбек қазақтың этникалық болмысының білгірі ретінде тұлғалана түсті.
Бұрындары да өзінің әртүрлі прозалық шығармаларында, «Күмбір-күмбір күмбездер» тәрізді тарихи танымдық очерктер шоғырында, тамыры терең тылсым тарихтан бастау алатын қазақ дәстүр-салтының сан қырлы қатпарларын нәзік сезімталдықпен қозғап, толғана жазған ғылыми мақалаларында, ата-бабаның бесаспап өнерінен бастау алған ғажайып күй саздарының таңғажайып сырларын тербете зерттеген монографияларында және тағы да басқа әртүрлі мәдени тағылымның аса маңызды мәселелерін қозғап, оларға тың деректер мен тұжырымдар қосып, сонымен бірге өзінің осы бағыттардағы қызықты да, тың да, жаңашыл пікірлері мен тұжырымдарын әрқашан оқырманға ұсынып дағдыланған жазушы тәуелсіздік тұсында біржолата этнографиялық зерттеулерге бет бұрып, осы бағытта елге жақсы танымал, дарынды білгір ғалымның деңгейіне көтеріліп үлгерді. Бұрындары Ақаңның жазғандарын қалың қазақ ортасында өзіндік тәлім-тәрбие алған, ұлттың қанықты рухына мейлінше суарылған, тарихи танымды қызыға насихаттаушы талантты журналшының өзіндік әуесқойлығы ретінде қабылдап, жаратушының өзі ғылыми-зерттеуге бейім етіп жаратқан оның ерекше қасиеттерін аңғара қоймаған тарихшы-этнографтардың өздері де Ақаңның осы бағыттағы іргелі зерттеулерінен кейін оны өзіндік ғылыми кескін-келбеті, өзіндік бедерлі ғылыми соқпағы бар этнолог-тарихшы ретінде қабылдай бастады. Осы айтылғандардың нақты көрінісінің және жарқын үлгісінің бірі – қазір қолымызға ұстап отырған «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбек. Бұл кітап өзінің ішкі құрылымы, жазылу стилі және көтерген мәселелері, сондай-ақ ғылыми бағыттары жөнінен өзінен бұрынғы этнографиялық мазмұнда жарық көрген зерттеулердің ешбіріне ұқсамайды. Кітап қазақ этнографиясына және этнологиясына байланысты, тікелей қатысты, кең ауқымды, өзекті мәселелерді қозғаған. Сондықтан да болар, о баста, зерттеуді қолға алғанда ондағы кейбір тақырыптардың зерттеудің атына сай келетініне күмәнмен қарайсыз. Өйткені олар кейбір тұстарда қазақтың ауызша тарихының арнасынан асып кетеді. Ия, бұл зерттеудегі таза этникалық тарих мәселелерін қозғайтын кейбір тараушалар қазақтың ауызша тарихының аясына сыймай, қазақ этнографиясының және этнологиясының кең тынысты мәселелерін еркін қамтиды. Сонымен қатар бұл еңбектің ауызша тарихқа байланысты этнографиялық және этникалық пікірлерді молынан қарастырғанын да айтпасқа болмас.
Зерттеу іргелі-іргелі бес тараудан тұрады. Оның алғашқы тарауы «Шежіре және тарих» өзіндік тың да, жаңа көзқарастарға толы. Онда елтану мектебі, тарихнама, этнология және ру-тайпа жүйесі, түркі ру-тайпалары және тарихи кезеңдер, қазақ шежіресіндегі уақыт табы және тағы басқа маңызды мәселелер нақтылана зерттелген. Егер Ақселеу Сейдімбекке дейінгі этнографтар, мысалы, дәлірек айтар болсақ, В.П.Юдин «далалық ауызша тарихнама» деген ұғымды пайдаланған болса, ал осы негізде А.Сейдімбек те шежірелік деректерді зерттеу барысында өзінің шежіре ішіндік зерттеу бағыттарын осы ДАТ-тың (далалық ауызша тарихнаманың) аясына сыйдырған болса, енді біз пікір айтып отырған еңбекте автор жаңа тұжырымдарға барып «қазақ шежірешілдігін» (шежіресін), шын мәнінде, «Қазақтың ауызша тарихы» («ҚАТ») деп атауға болады деген тың қорытындыға келеді. Автордың бұл жерде этнология ғылымындағы мүлде тың, жаңа пікірді ұсынып отырғанын аңғармау мүмкін емес. Шындығында да, қазақ шежіресі тарихи айналымға адами тұлғаларды нақты енгізетіндіктен және бүкіл шежірелік хикаялар нақты тарихи тұлғалардың ұрпақ жалғастығын бейнелейтіндіктен және мұның өзі әрқашан да ауызша тарих айту жолымен жүзеге асырылатындықтан, мұндай жаңа ұсынысқа, негізінен, келісуге болады. Әрине, ауызша тарихқа тек қана қазақ шежірешілдігі ғана жатады десек, тар өрісті пікір айтар едік.
Тамыры тереңнен бастау алатын, ежелгі тарихи тұлғаны бүгінгі күнге көркемдеп те, айшықтап жеткізген әртүрлі аңыз-әңгімелер мен қиссалар, жыршыларымыз таңды таңға ұрып жырлайтын тарихи дастандарымыз бен тарихи жырларымыз, мысалы, Мұрын жырау жырлаған «Қырымның қырық батыры» ауызша тарихтың адам таңданарлықтай ғажайып үлгісі емес пе?! Белгілі тарихшы-археолог Егоровтың «Историческая география Золотой Орды» деп аталатын іргелі зерттеу еңбегінде Қырымдағы Қырық ер қаласына байланысты қазба жұмысының қорытындыларын нақтылап айтқаны бізге белгілі. Қырық ер қаласын Шайбанның әскерінің қандай қиыншылықпен басып алғанын әйгілі ортағасырлық «Шайбани-нама» атты деректен де айқын аңғарған болатынбыз. Осыларды бір ауыз сөзбен қорытар болсақ, Мұрын жырау ауызша жырлаған тарихи ахуалдың шынайы тарихқа сәйкестігі назар аудартады. Ондағы айтылатын Шора Нәрікұлының өзінің ерліктері және бабаларының өмір тарихы орыс деректеріндегі жылнамалық мәліметтерге толық сәйкес келеді. Мұның бәрін айтып отырғанымыз, А.Сейдімбек әңгімелеп отырған қазақтың ауызша тарихы (ҚАТ) бүгінде қағазға түскен жазба тарихымызды жаңа деректермен толықтыратын және тарихтағы адам тұлғасының айшықты орнын айқындай және нақтылай түсетін, әсіресе, ежелгі және ортағасырлық тарихымыз үшін аса қажет. Осы тұрғыдан алғанда зерттеушінің «қазақтың шежірешілдік зердесінде адам – тарихтың ең басты тұлғасы, ал адам сапасы – тарихтың қозғаушы күші» деген қорытындысы, шынында да, бүгінгі тарихымыз үшін аса өзекті және маңызды. Мұны қазіргі кезеңде бізден гөрі ресейлік ғалымдар айқынырақ түсінгендей. Өйткені олар коммунистік жүйенің омақаса құлағанын жедел ескеріп, бұрын тарих ғылымында қалыптасқан «тарих – таптар күресі» деген принциптің орнына «тарих – адам қызметі» деген жаңа ұстанымды орнықтырып үлгерді. Мұндай жаңа методологиялық ұстанымның маңыздылығын жақсы түсінген А.Сейдімбек бұл мәселеде де өзінің хабардар екенін зерттеу еңбегінде айта кетуді ұмытпаған. Алдын ала айтарымыз, ғалымның қазақтың шежірешілдігін ауызша тарихтың аса маңызды көрінісі ретінде сипаттаған көптеген ұнамды пікірлерімен келісуге тура келеді. Өйткені шын мәнінде, автор қазақ шежірешілдігінің қыры мен сырын жақсы меңгерген, өзі де – осы салада нақты зерттеулерді көптеп өмірге келтірген дарынды зерттеуші. Ұзақ жылдар бойы зерттеу жұмысында шежірелік деректерді жан-жақты талдап, жүйелеп, жинақтап, осы саланың ыстығы мен суығына төзіп, әбден академиялық дәстүр аясында іздене жүріп қалыптасқан шежіретанушы ғалым осы – А.Сейдімбек.
Осыған байланысты оның шежіре мәселесінде қазақ халқының дәстүрлі тарихы туралы өзіндік пікірлер білдіруге толық құқы бар. Әрине, қазақ шежіресінің де тарихымыз үшін аса бағалы, адам айтқысыз құнды тұстары көп-ақ. Жасыратын не бар, жазба тарихымыздың жүйелі қалыптаспауы қазақ тарихының кейбір маңызды тұстарын құнды деректерден құралақан қалдырды. Осындайда қазақ тарихшысы қаласа да, қаламаса да ауызша тарих деректеріне жүгінуге мәжбүр. Кезінде тоталитарлық жүйе қасақана назардан тыс қалдырған оларды зерттеуші осы еңбегінде оқырмандар есіне қайта сала кетуді жөн көрген екен. Сондықтан да А.Сейдімбек біз пікір білдіріп отырған еңбегінде қазақ шежіресін қастерлей көтермелеуге баса көңіл бөлген. Бұл – әрине, барынша құптарлық маңызды нәрсе. Дегенмен де ауызша тарихымызда кенже қалған осы шежіретану екендігін де мойындауға тура келеді. Әрине, мұны А.Сейдімбек тәрізді тәжірибелі шежіретанушының байқамауы мүмкін емес деп ойлаймыз. Олардың ішінде қазақ шежіресінің бастауларының түркі дәуіріндегі халық жадында сақталған ежелгі этнонимдерден таратылуы, осы аралықта бірнеше ондаған аталардың назардан тыс қалуы, тіптен Қазақ хандығы тұсында біршама жүйеленген қазақ шежіресінің кейбір тұстарында бірнеше аталардың аталмай кетуі және шежіре баяндаудағы балама пікірлер қайшылығы, шежірелік деректерде қожалардың рөлін асыра дәріптеу – қазақ шежіресіне тән олқылықтар, міне, осылайша жалғаса береді. Ең соңында айтарымыз – қазақ шежіресінің бастауларында қожалар әулетінің тұруы тәрізді көптеген субъективті кемшіліктер бар екенін айтпауға болмас. Бұлар туралы шежіренің бүге-шігесін жақсы меңгерген Ақаңның өзінің нақтырақ тоқталғаны дұрыс болатын еді деп ойлаймыз. Сонда оқырман қазақ шежіресі туралы марапаттауға негізделген біржақты тұжырымдарға ғана емес, терең және тарихи салыстырмалы зерттеу қорытындыларына да назар аударып, тарихымызды объективті де шынайы жазудағы қазақ шежіресінің орны мен маңызын айқынырақ топшылар еді.
Ақаң рушылдық пен жүзшілдік көзқарасты қазақ протекцияшылдығының жағымсыз көрінісі ретінде қисынды түрде айыптай келе, рулық-тайпалық жүйенің ғана емес, қазақ тарихындағы жүздік бөліктердің де маңызын дұрыс айқындай білген. Оның «жүздік бөліктің өзі этникалық бөлік емес екендігіне, ең алдымен әкімшілік-аумақтық және әлеуметтік-саяси бөлік екеніне, қазақтың тілі мен діліндегі біртұтастық олардың рушылдық бөлектігінің емес, ұлттық бүтіндігінің нәтижесі екендігіне көзі жетер еді» деген пікірі ғылыми тұрғыдан мәселені жан-жақты талдаған басалқалы зерттеушінің салмақты тұжырымы деп ойлаймыз. Бұлардан шығатын қорытынды – қазақтың рулық-тайпалық құрылымы және жүздік бөлінісі кеңестік жүйе тұсындағыдай біржақты айыпталып, орынсыз қараланбауы тиіс. Қалай десек те, бұл біздің тарихымыз және басқаларға ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі бар ұнамды тарихымыз екенін ұмытпағанымыз жөн. Біздің ойымызша, қазақты амалсыздан үш жүзге бөліп басқару реформасы «Есімханның ескі жолын» жүзеге асыру барысында біржолата қалыптасты. «Амалсыздан» дейтініміз, Есімханды осындай маңызды шараға баруға мәжбүрлеген сол тұстағы Қазақ хандығының ішкі-сыртқы жағдайындағы объективтік ахуалдар еді. Іштегі төре тұқымдарының таққа таласы, сырттағы қалмақтардың қазаққа қарсы үздіксіз жорықтары қазақты жүздік, әкімшілік-аумақтық жүйемен басқаруға алып келді. Замана талабына сай жүзеге асырылған бұл шара кезінде өзін-өзі толық ақтады. Сондықтан да жүздік басқару жүйесі атауынан ат-тонымызды ала қашатын бөтен ниеттен арылуымыз керек.
<!--pagebreak-->
Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихының», оның ішінде шежірелік дәстүрдің тарихнамасының мәселелерін жан-жақты талдауымен де негізінен алғанда, толық келісуге болады. Оның әйгілі тұлғаларымыздың өмірлік дерегі туралы шежірелік баяндарды «әлем халықтарының тарихында кездесе бермейтін бірегей рухани феномен» ретінде бағалауы шежірелік түзілім тарихын терең білетін маманның көзқарасы түрінде қарастырылуы қажет. Еңбектері Алтын Орда тұсынан бері қарай шежірелік сипатта жазылған ортағасырлық авторлардың, соның ішінде мұсылмандық тарихи әдебиет өкілдерінің, шынында да, Қазақ тарихы үшін аса құнды деректік мәліметтер беретінін қазіргі тарихымыз айқын аңғарып отыр.
Ақаңның «Этнология және ру-тайпалық жүйе» тақырыбы бойынша теориялық және методологиялық мәселелерді тереңдете қозғағанын да осы еңбектен байқап отырмыз. Мұнда зерттеушінің негізгі ғалымдардың, оның ішінде өзіміздегілер ғана емес, ресейлік және шетелдік авторлар да бар, еңбектерін шолып шығуының өзі осы мәселеден дерек іздестірген зерттеушілерге айтарлықтай көп көмек көрсететінін айта кеткен жөн.
Осы біз әңгімелеп отырған қазақ этногенезінің күрделі мәселелерін көшпелі дәстүрлі өмір салтымен байланыстыра қарастырған кітаптағы тартымды да қызықты пікірлердің этникалық тарихқа тың да жаңа көзқарастарды алып келетінін осы бағыттағы зерттеулермен айналысып жүрген кез келген ізденуші айқын аңғарады.
Ақаңның Қазақ хандығы тұсында етек-жеңі жинақталған қазақ шежіресінің бүге-шігесін ғана емес, қазақты құраған ежелгі түркі ру-тайпаларының тарихи тамырларынан да және олар бастан кешкен күрделі тарихи кезеңдердің өзіндік ерекшеліктерінен де айтарлықтай хабардарлығынан біз пікір айтып отырған еңбекпен танысқан оқырман бірден аңғарады. Онда қазақ ру-тайпаларының түркілік тек-тамырлары нақты көрсетіліп, олардың басынан өткен байырғы заманнан бері қарайғы кезеңдер жікке бөлініп талданған. Осы орайда зерттеушінің түркі дүниесінің тарихын терең этникалық тамырларын жаңа, тың қорытындылармен белсенді түрде толықтырған әлемге танымал татар ғалымы М.З.Закиевтің «Происхождение тюрков и татар» деп аталатын әйгілі еңбегіне сүйене отырып, өзіндік топшылауларға келгенін байқаймыз.
Түркілер тарихына әрқашан жанашыр болған М.З.Закиев тәрізді әйгілі ғалымның түркі тарихын бірнеше этникалық кезеңдерден өткізетінін жақсы білеміз. Бұл пікірлер нақты да ғылыми тұжырымдар мен шынайы шындық іздеген ғалымдарды жаңа тарихи белестерге шақырады. Бізді қуантатыны – Ақаңның осындай түркі дүниесі құрметтеген белгілі білгір ғалыммен пікірлес болуы дер едік. Осы негізде Ақаң түркі ру-тайпаларының тарихын төрт кезеңге бөлетінін айта кеткен жөн. Бірінші кезең – байырғы заманнан басталып, Түркі қағанатына дейін қалыптасқан ру-тайпалар тарихын қамтиды. Екінші кезең – Түркі қағанатынан басталатын Шыңғыс хан шапқыншылығына дейін созылатын кезеңде қалыптасқан ру-тайпалардың өткенін бағамдайды. Үшінші кезең – Шыңғыс хан шапқыншылығынан бастап Алтын Орданың ыдырауына дейін созылатын түркі ру-тайпаларының әлеуметтік-этникалық тұрғыдан едәуір өзгерістерге ұшыраған, Ақаңның сөзімен айтқанда, «түркі тектес халықтардың жеке-жеке ұлт болып ұйысу алдындағы тарихи толғақты кезеңі» болып табылады. Төртінші, соңғы кезең – Алтын Орда ыдырағаннан кейінгі ру-тайпаларының төл этнонимдерін орнықтырған жаңа топтарының қалыптасу кезеңі ретінде көрініс береді. Мұнда қыпшақ тобы, қыпшақ-ноғай тобы, қыпшақ-қырғыз тобы, оғыз тобы, қарлық тобы, шуаш тобы, сақа тобы тәрізді тілдік-этникалық тұрғыда жаңадан қалыптаса бастаған түркі тектес халықтардың одақтары ғылыми тұрғыдан тұжырымды да, нақты сипатталған.
Ақаңның еңбегіндегі жаңалықтың бірі – қазақ шежіресін уақыт аясында бажайлау қасиеті. Әрбір қазақ зиялысына түсінікті нәрсе – қазақ шежіресінің көп сатылы ата-баба тарихын қамтып көрсететіндігі. Өкінішке қарай, шежіре деректеріндегі осындай ғажайып құндылық бұрын әкімшіл де тапшыл кеңестік-тоталитарлық жүйе тұсында қаперге де алынбады. Әсіресе, қазақ шежіресінде уақыт табы бар екендігі, оның негізінде белгілі бір тарихи тұлғаның өмір сүрген кезеңін айқындауға нақты мүмкіндіктер бар екендігі ескерілмей келді. Жазба тарихымыз жұпыны кезеңдер үшін мұндайда шежіренің аса құнды дерек көзі болып шығатынын айтпауға болмас. Мұнда әсіресе, аңызға айналған тарихи тұлғалардың қазақ шежіресіне сәйкес өмір сүрген кезеңін нақтылау және айқындау мәселесі назар аудартады.
Ақаңның иісі қазақтың басын құрауға негіз болған «Алаш» немесе «Қазақ» деп аталатын этнотұтастық идеяларын «ұлы бірлік идеясы» ретінде мойындауы осы уақытқа дейін тарихшыларымыз айта алмай келген тың да, жаңа және айдай айқын шынайы қорытынды болып табылады. Өкінішке қарай, біздің зиялы қауымның кейбір өкілдері өздері кәсіби зерттеуші болмаса да, осы этнонимдерге қатысты тарихты көпе-көрнеу бұрмалайтын пікірлерді өздерінің кейбір «шимай-шатпақтарында» тықпалаудан бір жалыққан емес. Мұндайда логикалық ойлау жүйесі қалың қазаққа етене жақын Ақаңның ғылыми тұжырымдарының «қиялшыл зерттеушілерімізге» таптырмас тосқауыл болары да анық. Ғалымның қазақтың шежірелік ру-тайпалық атауларын халық санасында орныққан «шежірелік кейіпкер» ретінде қарастыруды ұсынған пікірі де тарихи дерек үшін жаңаша тұжырым болып табылады. Осы жерде зерттеушінің Оғыз қағанның, Ноғай ханның, Өзбек ханның есімдерінің тұтас бір халықтың этнонимін қалыптастыруға себепкер болған тарихи тұлға екендігін байқататын ерекшелік ретінде қарастыратын өзіндік көзқарасы да тарихи шындыққа барар жолды нұсқайды.
<!--pagebreak-->
Ғалымның әртүрлі қазақ аңыздарының түпнұсқа үлгілерін үш жүзге таратып, нақты деректер түрінде беруі де құптарлық мәселе. «Қазақтың қария сөздері» деп аталатын үшінші тарау осы аңыздарды ақиқаттың жаңғырығы ретінде жинақтаған. Рас, «қария сөздері» деген түсінік қалыптасқан этнология ғылымында ғылыми айналымға қосыла қойған жоқ. Күнделікті әңгімеде қазақ жиі қолданатын баршаға түсінікті бұл ұғымның сондықтан да этнологиялық зерттеуде арнайы тақырып ретінде берілуі алғаш оғаштау қабылдануы да мүмкін. Оның үстіне мұндай «оғаштықтар» Ақаңда жиі кездесе береді. Алайда қазақ тарихына тереңнен толғап қараған әрбір зерттеуші Ақаңның мұндай халықтық түсініктер мен ұғымдарды өзінің зерттеуінде қолдану себебі басқаларға ұқсай бермейтін өзіндік қазақ этнологиясын қалыптастыру әрекеті екенін де айқын аңғарар еді. Кезінде әбден еуропаланған және орыстанған қазақ этнографиясының тың ұлттық атаулар мен түсініктерге мұқтаж екендігін ескерер болсақ, Ақаңның мұндай тың қадамдарына түсіністікпен қарауға болады. Бәлкім, дәл осындай талпыныстар ұлттық бояуы қанықты, толыққанды қазақ этнографиясын қалыптастырар. Бұл тарау тарихымыз үшін аса құнды әртүрлі жеке тарихи тұлғаларға, этнонимдерге, шежірелік атауларға байланысты негізгі және түпнұсқа тарихи аңыздарды нақты сілтемелермен көрсетіп, қаз-қалпында баяндаған. Мұның өзі тарихи аңыздардан ақиқатты іздестірген зерттеушілер үшін баға жетпес аса құнды деректер топтамасы. Сондықтан да бұл тарау монографиялық зерттеуден гөрі деректер жинағына ұқсайды. Мұндағы мәліметтер жергілікті жерлерден алынған нақты тұлғалардың ауызекі айтқандарынан және тарихи әдебиеттерден жинақталып, деректану үшін аса құнды мәліметтермен кітапты байыта түскен.
«Шежірелік айғақтар» деп аталатын тарауда тектес, аттас ру-тайпалардың атаулары өзара талдап берілген. Мұнда қазақ ру-тайпаларына кіретін әрбір атаның немесе ру атауының қазақтың өз ішіндегі немесе басқа түркі тайпаларындағы қандай-қандай рулармен немесе аталармен сәйкес келетіндігі нақты деректер негізінде талдап көрсетілген. Зерттеуші осы мәліметтердің негізінде қазақтың әрбір руының таралу ауқымын және қазақ халқының біртұтас ұлт ретінде шырмалған этногенетикалық тамырларын, олардың басқа түркі халықтарымен түбегейлі жақындығын айқын аңғара алады. Біздің ойымызша, Ақаңның аса көп күш жұмсаған және шұқшия зерттеу жүргізген, мәселенің байыбына барынша тереңдеп барған зерттеу жұмысындағы арнайы тарауы осы біз әңгімелеп отырған зерттеудің «Тектес-аттас ру-тайпалар» деген бөлігі болса керек. Мұның өзі алдағы уақытта да зерттеушілердің этногенетикалық ғылыми талдауларына нақты көмек көрсететін аса бағалы талдаулардан тұрады. Осы тараудағы «Лақап немесе жанама этнонимдер» деп аталатын тарауша да Ақаңның көп жылдар бойы жинақтаған өзіндік құнды мәліметтерінен құралған. Мұнда әртүрлі жанама этнонимдердің атауларына қатысты бағалы да сирек кездесетін құнды мағлұматтарды Ақаңның жергілікті жердегі көнекөз қарттар мен шежірешілерден тірнектеп жинағанын айқын байқаймыз. Ал бұл аса ауыр, біраз жылдарға созылатын жүйелі еңбекті қажет етеді ғой. Осының өзі-ақ бұл мәселенің этнология ғылымы үшін аса маңызды екендігін айқындай түседі. Осыған сабақтас берілген «Сіңісті аталар мен рулар» атты тарау да қазақ тарихында көп айтыла бермейтін, бірақ әрбір қазақ жақсы түсінетін кірме рулар тарихын ашып көрсетумен ерекшеленеді.
«Қазақ этнотопонимдеріне» арналған зерттеудің өзіндік ерекшеліктері мол. Бұл жерде Ақаң өзінен бұрынғы Г.Е.Грумм-Гржимайло, Г.Н.Потанин, Н.А.Аристов, М.Тынышбаев тәрізді тарихи географияға да тереңдеп барған. Мұнда жергілікті мәліметтермен қатар, монографиялық зерттеулерден алынған жер, ел атаулары нақты және терең талданған. Айтарлықтай көлемді осы тарауша, шын мәнінде, этнология ғылымындағы жеке бағыт ретінде бүгінде арнайы монографиялық зерттеулерге аса мұқтаж. Бұл сонымен қатар тарихи географияның да кенже қалған, өзінің зерттеушілерін күтіп жатқан үлкен мәселесі екенін де түсінуіміз керек.
«Ру-тайпа атауы мен ұранына шыққан аналар» деп аталатын тарауша да мәселені жаңаша қоюымен ерекшеленеді. Онда мынаны ескергеніміз жөн: әлі күнге дейін сонау М.Тынышбаевтан және Н.Аристовтан кейін қазақ ру-тайпаларының рулық ұрандарын арнайы қарастырған зерттеушілер жоқтың қасы, олай болса, Ақаңның осындай өзекті мәселені қозғап қана қоймай, оны тереңдете нақтыландырып, ру-тайпаның ұранына айналған аналар есімдерін арнайы талдауы қазақтың этнология ғылымындағы алғашқы қадам болса керек деп ойлаймыз. Осының өзі-ақ зерттеушінің еңбегінде қыруар жаңалықтың көрініс бергенін тағы да айқындай түседі.
Сонымен бірге мақал-мәтелдерді зерттеуге арналған тараушада да Ақаң халықтың рухани мұраларынан жан-жақты хабардар екенін айқын аңғартқан. Бұл тараушада жүзге кірмейтін рулар, өзге ел-жұрттар жайында, үш жүздің ру-тайпалары туралы мақал-мәтелдер топтастырылған. Олардың ішінде қазақ этнологиясынан нақты мәлімет беретін мақал-мәтелдер аз емес. Зерттеушінің қазақ ру-тайпаларының ұрандарын, олардағы ен-таңбаларымен байланыстыра қарастыруы да Ақаңның халықтық білімнен терең сусындағандығын айқындай түседі. Тегінде, зерттеушілер арасында «ен-таңба» деген атауды Ақаң алғаш рет арнайы айналымға қосып отырған ғалым болса керек. Осындайда қазақ арасына кеңінен танымал бұл мәселе осы кезге дейін тарихымызда елеусіз қалып келгенін айта кеткеніміз жөн деп ойлаймыз.
Зерттеуді аяқтайтын «Қазақ болмысы» атты соңғы бесінші тарау этнографиялық түйіннен және тұжырымнан тұрады. Мұнда қазақ халқына тән кейбір түсініктер нақты екшеленген. Қазақтың дәстүр-салтын ұмытып бара жатқан қазіргі ұрпаққа ғана емес, қазақ этнографиясын зерттеумен айналысатын мамандарға да бұл тараудың жаңа идеялар мен стратегиялық ой-толғамдар берері анық.
Қорыта келгенде, Ақселеу Сейдімбек өзінің «Қазақтың ауызша тарихы» атты еңбегінде шежірелік деректерді пайымдаудың жаңа халықтық этнографиялық үлгілерін ұсына алған. Мұнда автор, шынында да, көрнекті этнолог Ж.Артықбаев айтқандай, тақырыпқа «тікелей немесе жанама кіретін ондаған-жүздеген мәселелерді кітапқа артып алған». Сондықтан да онда этнографияны және этнологияны, тарихи географияны, этникалық тарихты қамтитын көптеген жаңа мәселелер көрініс тапқан. Ақаңның ерекшелігі – оның қазақтың қызыл сөзінің «майын тамызатын» шебері болуында ғана емес, осы тілді этнографияның және этнологияның ғылыми тілімен байланыстыра, мәселені халыққа түсінікті, жатық тілмен баяндауында болса керек. Сондықтан да бұл кітаптың оқырмандары ғалым-этнологтар ғана емес, жалпы, қазақ қауымы болып шығуы да әбден мүмкін. Бәлкім, бұл бәріміз айтып жүргендей, консервативті ғылыми қасаң тілден құтылудың бірден-бір дұрыс үлгісі болар. Осы жағын да ойлағанымыз жөн болар.
Екінші үлкен құндылық – Ақаңның қазақ деген халықтың дәстүр-салтын, күллі рухани болмысын өзіндік этнографиялық ерекшеліктерін байыптылықпен терең білуінде дер едік. Бесіктен қалыптасқан осындай ерекшелік Ақаңды қазақ топырағына суарылған, қазақша ойлайтын, ұлттық қадір-қасиеттерді тірнектеп жинақтаған өзіндік айшықты келбеті бар, ешкімге ұқсамайтын зерттеуші етіп шығарды. Ақаңдай болу сондықтан да қиын. Ол үшін анадан Ақаң болып туу керек!
Тағы бір тұжырымымыз – Ақаңның журналистіктен және жазушылықтан этнология ғылымына келуі – біздің ұлт зиялыларының үлкен табысы дер едік. Қазақтың көркем тілін оның бай дәстүр-салтымен тығыз байланыстырып, этнографиялық ғылымға жаңа леп және соны ұлттық сарын алып келген қаламгер біреу болса, ол – Ақаң, ал екеу болса, оның бірі – Ақаң.
Талас ОМАРБЕКОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлар тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор
«Айқын» газеті 29 мамыр 2009 жыл