ШЫН БҮЙРЕКТЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫН!
Халықаралық Қатындар мерекесімен алдын-ала шын бүйректен құттықтаймын!
Санамыз сан рет форматталып, талай файлымыз ұшты-күйлі емес, төртті-күйлі жоғалып кеткен халықпыз ғой. Сол жоғалған файлдың бірі - қатын сөзі. Сөзі қалған ғой, бірақ мағынасы жоғалып кеткен. Ал мағынасы қандай еді дегенде, белгілі ғалым Тұрсын Жұртбайдың мына тәпсірі еске салсын сіздерге:
"Қатын — әуелгі заңдық құқы мен мағынасы бойынша дәрежелік атау. Кәдімгідей дәреже! Отағасынан кейінгі заңды билік иесі, жерге мұрагерлік ететін, мүлік пен малдың еншілесі. Қазақ қоғамындағы қатындар — әулеттік орнына қарай: бәйбіше, тоқал, құдағи, құдаша, келін, қыз, абысын, ажын, жеңге, сондай-ақ өзі теңдес еркектермен тең құқықта әрқайсысы өз орнына қарай билікке араласып, енші алып, тиісті сыбағасын бөліскен. Тіпті күңнің де мұрагерлік құқы болған. Ал бүгінгі тіл айналымындағы әйел ұғымының арабша мағынасы — күңсі, яғни күңнен де төмен, бас еркі жоқ, өлсе — құнсыз, еңбегіне жалақы төленбейтін, туған баласы да есепке алынбайтын басыбайлы үй салмасы. Кеңестік саясат тұсында сауаты төмен, бірақ белсенді қазақ әйелдері: «біз меншік иесі — қатын емеспіз, мал-мүліксізбіз, басыбайлы крестьянкалар сияқты біз де әйелдерміз» деп таптық астар беріп, 1927 жылдан бастап шыққан журналдың атын «Әйел теңдігі» (кейінгі «Қазақстан әйелдері») деп атады. Содан бастап «әйел» ұғымы ұғым ретінде қалыптасып қалды. Ал өзбек, түрікмен, қырғыз, татар, ноғай, қарақалпақтар «әйел» терминінен саналы түрде бас тартты. Әйелдерге арналған басылымдары «Өзбекстан қотын-қызлары», «Татарстан қатынлары» деп аталды"...
Өйй, қатындар десе...
Өркен Кенжебек
Facebook-тегі парақшасынан