"ЖАС ОТБАСЫ САНАТЫН 39 ЖАСҚА ДЕЙІН ҰЛҒАЙТУ КЕРЕК"
Сенат депутаты Дархан Қалетаев 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында баспана алуға үмітті отбасылар үшін жас аралығын 29-дан 39 жасқа дейін ұлғайтуды ұсынды, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Қалетаев бейсенбі күні сенаттың жалпы отырысында сөйлеген сөзінде ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына осындай депутаттық сауалдама жасады. Депутат 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасына сәйкес, бірнеше бағыттар бойынша қол жетімді баспана салу қарастырылғанын айта келіп, "алайда баспана алуға үмітті отбасылар үшін жас шектеуі бар" екендігін Үкімет басшысының назарына салды.
Мәселен, бір санат бойынша, ерлі-зайыптылар үш жыл отасқан, бір балалы және 35 жасқа толмаған болуы тиіс. Екінші бір санат бойынша, жас отбасының некелескеніне екі жылдан аспауы керек және ерлі-зайыптылардың жасы 29-дан аспауы шарт.
"Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, бір санат бойынша жас аралығын 35-тен 39 жасқа дейін ұлғайтуды, ал "жас отбасы" санаты бойынша 29 жастан 35 жасқа дейін белгілеуді қарастыруыңызды сұраймын", — деді Қалетаев премьер-министрге.
Қалетаевтің бұл бастамасы әр қазақстандық жастың болашаққа деген сенімін күшейтеді. Себебі, біздің елде қазір жастардың дені отыздан асқан соң отау құратын болып жатыр.
Мәселен, 2009 жылғы ұлттық санақ кезінде Қазақстанда 30 жастан асқан 798 мың адамның отбасын құрмағаны анықталған. 2009 жылғы санақ бойынша, 50-ден асқан ер адамдардың 70 мыңы, осы жастағы әйелдердің 110 мыңы отбасын құрмапты. Осы деректің өзі Қалетаевтің бастамасы орынды екенін көрсетпей ме?
Ал 2012 жылғы деректерге жүгінсек, елімізде жасы 25-тен асқан бойдақтар саны – 3 миллион болған. Сол 3 млн адамның дені қазір үйленіп үлгергеннің өзінде қолжетімді баспанаға қол соза алмайды. Сол себепті де депутаттың ұсынысын премьер-министр қолдауға тиіс деп ойлаймыз.
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz