Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Қоғам 6857 0 пікір 27 Ақпан, 2017 сағат 08:04

ҚР ПРЕЗИДЕНТІН НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНА ҰСЫНДЫ

Базель (Швейцария) бейбітшілік кеңесі Бейбітшілік ғылыми-зерттеу институтының директоры Алин Варе Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен «АТОМ» жобасының құрметті елшісі, суретші Кәріпбек Күйіковті Нобель сыйлығына ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында антиядролық қозғалыс белсендісі өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазды.

«Ағымдағы жылы мен Кәріпбек Күйіков пен Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ядролық қаруды жоюдағы ерен күш-жігерлері үшін бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсындым», – деп жазды ол.

Алин Варе көрсеткен сілтемедегі сыйлыққа үміткерлер шорт-парағында Назарбаев пен Күйіковті ұсыну британдық саясаткер Билл Киддтен түскен. Өтінімде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан көшбасшысы ретінде 22 жыл бойы ядролық қарусыздану саласында бірқатар маңызды бастамалар қабылдағандығы айтылған.

ҚР Президенті ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу процесіне ықпал ететін бірқатар бастаманы қабылдауды жалғастырып келеді.

Ал Кәріпбек Күйіков жетекшілік ететін «АТОМ» жобасы әлемді ядролық қарудан азат етуге бағытталған.

Алин Варе – «Парламентшілер ядролық қаруды таратпау және қарусыздану үшін» халықаралық форумының жаһандық үйлестіруішісі.

Естеріңізге сала кетейік, бейресми дерек көздері Қазақстан үкіметінің Президент Нұрсұлтан Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсыну жолдарын 2000 жылдардың басынан қолға алғанын айтады деп жазады Azattyq.org сайты.

2003 жылы бұл мәселе бойынша Қазақстанның ресми өкілдері халықаралық деңгейде қолдау іздей бастаған. Ал 2006 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы, пәкістандық теолог пен америкалық конгресмен ресми түрде Президент Назарбаевты Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығына алғаш рет ұсынады. Ресми себеп - "әлемде бейбітшілікті сақтауға және халықтар арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін" болса керек.

Әйткенмен бұл жылы сыйлықты Бангладештегі ең кедей топтарға тиімді несие беру ісін жетілдіріп, "кедейлер банкін" құрған, жүздеген мың адамды ашаршылық пен қайыршылықтан құтқарып қалған Мухаммад Юнус алды (суретте).

2008 жылы АҚШ Конгресінің екі мүшесі Қазақстан Президентін "ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан үлесі" үшін сыйлыққа тағы ұсынады.

Дегенмен бұл жолы фин дипломаты Мартти Ахтисаари (суретте) БҰҰ-ның қызметкері ретінде бірнеше құрлықта басын қатерге тіге жүріп қарулы қақтығыстардың алдын алып, өте сәтті бітімге шақыру жұмыстарын жасағаны үшін Бейбітшілік сыйлығына лайық деп танылды.

2009 жылы шешенстандық балалар үйі Қазақстан Президентін сталиндік қуғын-сүргіннен жапа шеккендерге жасаған қамқорлығы үшін сыйлыққа қайыра ұсынады.

Алайда оның жолын АҚШ-тың қара нәсілден сайланған тұңғыш Президенті Барак Обама кесті.

2010 жылы Дүниежүзілік түркі елдері ассамблеясы атты ұйым жетекшісі мен түрік журналисі Президент Назарбаевты Семей полигонын жапқаны үшін және бір мәрте ұсынады.

Бірақ бұл жолы Бейбітшілік сыйлығы әлемдегі ең репрессивтік режимдердің бірінде ұзақ жылдар бойы тынбай адам құқықтары үшін күресіп келе жатқан қытайлық қоғам қайраткері Лю Сяобоға (суретте зайыбымен) тапсырылды.

2011 жылы Нұрсұлтан Назарбаевты Нобельге ұсынушылар саны күрт артты. Норвегиялық үкіметтік емес ұйым, "Ақ Орда" қозғалысы, шешен-ингуш мәдени орталығы, Қырғызстан парламенті Президент Назарбаевтың "ядролық қарусыздану мен бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесін" атай отырып, оны Бейбітшілік сыйлығына лайық тұлға ретінде танитындарын жеткізеді.

Бірақ Африка мен араб әлемінен шыққан үш бірдей әйел қайраткер бұл жолы да Қазақстан Президентіне Нобель сыйлығын бұйыртпады. Өз елдерінде болып жатқан қоғамдық-саяси өзгерістерге тікелей ықпал еткен Либерияның демократиялық жолмен сайланған Президенті Эллен Джонсон-Серлиф, осы елдің қоғамдық белсендісі Лейма Гбови мен йемендік оппозиция жетекшісі Тавакул (Тәуекел) Карман Бейбітшілік сыйлығын бөліп алды.

2012 жылы тамыз айында Астанада өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарудан азат әлемге» атты халықаралық конфе­ренцияда БҰҰ-ның канадалық өкілі Дуглас Рош пен АҚШ конгресінің мүшесі Ени Фалеомаваега Қазақстан президентін Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығына алтыншы мәрте ұсынды. Бұл бастаманы Жапония парламентінің депутаты Хироюки Морияма да қолдап шыққаны туралы хабар тарады.

Алайда, 2012 жылғы Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығы жарты ғасырдан астам уақыт кәрі құрлықтағы интеграция мен демкоратиялық ахуалды жақсартуға қосқан үлесі үшін Еуропа Одағына табыс етілді.

Сонымен ҚР Президенті кезекті мәрте, осымен жетінші рет, әйгілі Нобель сыйлығынан үміткер болып отыр. Аталған сыйлықты тағайындайтын қазылар алқасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кейінгі кездері еларалық бітімгершілік ісіне белсене қатысып, сойыл сұрап соқтығысып қала жаздаған Түркия мен Ресей арасына араағайындық қызмет еткенін, сондай-ақ Сириядағы қантөгісті тоқтату үшін Астананы келіссөз алаңы етіп ұсынғанын ескерер деген үміттеміз.

Abai.kz

0 пікір