Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 9239 0 пікір 27 Ақпан, 2017 сағат 01:42

ҚАДЫРАЛИНАНЫҢ ПРЕЗИДЕНТ ҚОЛ ҚОЙҒАН ЗАҢДЫ БҰРМАЛАУҒА ХАҚЫСЫ БАР МА, МЫРЗАХМЕТОВ МЫРЗА?!

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары,

 ҚР Ауыл шаруашылығы министрі

А.И. Мырзахметовке

Құрметті Асқар Исабекұлы!

Біз ҚХР-дан ілгерінді-кейінді көшіп келіп, Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Кеңбидайық ауылына қоныстандық. Жиырма отбасымыз. Бәріміз тұрақты тіркеуге тұрып, бәріміз «Оралман» мәртебесін алдық. Міне, бір жылдан бері өз күнімізді өзіміз көріп, тірлік етіп келеміз. Ауыл тұрғындары жылы жүз, ыстық құшақпен қарсы алды. Алдағы жерде артта қалған туыс-туған, құда-жегжаттарымыз да ат басын осы ауылға бұрсақ деп, көштің түйесін қомдап отыр. Жаз шықса, олар да оралады.

Құдайға шүкір, көңіл-күйіміз жақсы, рухымыз сергек. Еңбек еткен адамға бар мүмкіндік жасалғанын телеарналардан естіп, қуанып жатырмыз. Біз ауылда есейіп, өз бетімен жан бағудың мол тәжірибесін игерген жандармыз. Тек, шаруашылық құруға, малмен айналысуға қажетті шарттар әзірленсе, қалғанын өз күшімізбен дамытып әкетеміз. Бізге қол байлау болып тұрған – ЖЕР ғана!

Елбасымызға мың қайтара рахмет, шеттен келетін қандастарымыздың бүкіл жағдайын Заңмен шешіп қойыпты. Соның ең маңызды, аса қажеттісі де осы ЖЕР мәселесі еді.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 46-бабында ол мәселе де өз шешімін тауыпты – «Оралмандарға шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскелерiн беру ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, арнайы жер қорының, иммиграциялық жер қорының жерiнен және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады» - деп ашық жазылыпты. Ең кереметі, осы 46-баптың 4) тармағы бойынша,  «Оралмандарға берiлетiн жер учаскелерiне осы Кодекстiң 48-бабының нормалары қолданылмайды» екен. Қысқасы, "Оралман" атанған бізге Жер телімдерінің пайдалану құқығы ешбір конкурссыз, аукционсыз беріледі екен. Міне, Қазақстанның қандастарына жасаған қамқорлығы деп осыны айт. Әйтпесе,  Заң мен Законнан хабары жоқ алыстан келген біз байқұс абдырап қалар едік қой...

Осы Жер кодексінің 46-бабында көрсетілген игіліктерді негізге алып, біз 2016 жылдың 17 қарашасында Ақмола облысы, Қорғалжын ауданының әкімдігіне ЖЕР сұрап, өтініш жазғанбыз. 2016 жылыдың 18 қарашасында  аудандық Жер қатынастары бөлімінен «Кеңбидайық ауылдық округінде жер телімі бос еместігін хабарлаймыз, бос болған жағдайда сіздерге жер телімі беріледі» - деген жауап хат алдық.

Ақмола облысы - Қазақстан Республикасы Үкіметінің Оралмандарды қоныстандыру үшін арнайы айқындаған жеті өңірдің біреуі. Біз сол үшін де осы облысқа қоныстанғанбыз.

Үкіметке телмірмей, тынымсыз жұмыс істеумен өмірі өтіп келе жатқан  біздер үшін қол қусырып бос отыру – азап! Арғы бетте жүріп тырнаштап жиған тиын-тебенімізге азын-аулақ мал да сатып алдық. Енді соны дамытып, шаруашылық құрып, тіршілік ету үшін әрине, ЖЕР керек. Сол үшін біз «Нұр Отан» партиясына хат жазып едік, партия ол өтінішімізді Ақмола облысының әкімдігіне жіберіпті. 2017 жылдың 10 қаңтарында «Ақмола обылысы жер қатынастар басқармасы» мелекеттік мекемесі бізге жауап хат қайтарды.

 Ақмола облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралина

Мына хатты оқып, миымыз айналды. Ақмола облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралина бізге бос жер тауып берудің орнына, «Оралман» деген ұғымды түсіндіріп, ҚР Жер кодекісінде тайға басқан таңбадай анық жазылған заң баптарын бұрмалап көрсетіпті. «ҚР Жер кодекісінің 48-бабының 1-тармақшасында қарастырылған жағдайларды қоспағанда» деп Үкімет арнайы берген «Оралман» деген мәртебемізді лақтырып тастап, бізді Қазақстан Республикасының азаматтарымен теңестіруге тырысады. Заңмен көрсетілген ЖЕР телімдерін пайдалану құқығымыздан айыруға барын салады. Қысқасы, «Жер бермейміз» деген ойын ашық айтпағанымен, емексітіп көрсетеді.

Не үшін ҚР Жер кодкісінің 48-бабының 1-тармақшасында қарастырылған жағдайларды қоспайды ол?! Президенттің қолы қойылған Заңды бұрмалауға Алмагүл Қадыралина ханымның қандай хақысы бар?!! Білдей бір облыстың Жер қатынастары басқармасының басшысы Жер туралы заңды білмей ме, әлде шеттен келген қандастарына қырын қарай ма?!!

Құрметті Асқар Исабекұлы!

 Шетте жүрген қазақтың Қазақстанға келуге деген ынтасы өте күшті. Қазақтың бағына туған Елбасымыз көшіп келем деген қазаққа бар мүмкіндікті Заң жүзінде жасап қойды. Биыл көшіп келген қазақтың Заң жүзінде белгіленген жеңілдіктері биыл шешілмесе, келесі жылы оралған ел көбейгенде мәселе күрделеніп кетпей ме?! Заң көлемінен асып, біз де артық нәрсе талап етпейміз. Атқарушы билік мұндай күрделі түйіндері Заңды бұрмаламай, өз уағында шешіп отыруы керек қой.

Сізден осы істі Өз қарауыңызға алып, біздің және біз секілді оралман қандастарыңыздың Жер алу мәселесін өз деңгейінде шешілуіне ықпал етуіңізді сұраймын.

Құрметпен,

Қорғалжан ауданы,

Кеңбидайық және

Арықты ауылдарына көшіп келген

Оралмандар атынан

Қайнар Кемелбекұлы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1443
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3203
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5194