Конституциялық реформа қандай өзгеріс әкеледі?
Қазақстан ұлттық телеарнасында белгілі қоғам қайраткерлері мен депутаттар, саясаттанушылар мен сарапшылар бас қосып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың конституциялық реформа жүргізу жөніндегі бастамасын жалпыхалықтық талқылауға салды.
Телешоу форматында өткен талқылау негізгі үш тармаққа бөлінді. Бірінші тармақта осы реформалардың қажеттігі, екінші тармақта - осы қозғалыстың негізгі мақсаты, үшінші тармақта - қандай өзгерістер күтіп тұр деген мәселелер талқыланды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 25 қаңтар күні билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде үндеу жариялаған болатын. «Сіздердің назарларыңызға еліміз үшін аса маңызды, тағдырлы мәселені ұсынбақпын. Бұл - Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу. Біздің алдымызда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұр. Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым. Арнайы құрылған жұмыс тобы атқарылған істерді баяндады. Реформа екі негізгі бағыт бойынша іске асады. Біріншіден, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берген жөн. Сонда бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Өкілеттіктерді беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске асады. Бұл өзгерістерді Үкімет қазіргі Парламенттің сессияның аяғына дейін Парламентке енгізуі тиіс. Екіншіден, одан да күрделі міндет - билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету. Осы реформаның аясында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін күшейтеміз. Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады. Тиісінше, биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді. Айтылған екі бағыттың қай-қайсысы да жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін күшейтеді. Жұмыс тобы барлық сұрақтарды жан-жақты зерттеп, қоғамдық талқылауға шығару үшін ұсыныстар жиынтығын әзірлеуі қажет»,-деген еді Елбасы отандық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арнаған үндеуінде.
Үндеу жария болған соң, Президенттің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылды. «Үкіметке немесе Парламентке беруге болатын 40 шақты өкілеттік бар. Бұл түзетулерді қабылдау үшін Үкімет Парламентке үстіміздегі сессияның аяғына дейін басым ретпен енгізеді. Екіншіден, бұдан да күрделірек міндет - билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастарды конституциялық деңгейде теңгеру. Парламенттің Үкімет жасақтаудағы рөлін күшейту, Министрлер Кабинетінің депутаттар корпусы алдындағы жауапкершілігін арттыру маңызды. Парламенттік сайлауларда жеңіске жеткен партия Үкіметті жасақтауға шешуші түрде ықпал ететін болады. Осыны басшылыққа ала отырып, Үкіметтің өкілеттігін бұрынғыдай Президенттің емес, жаңадан сайланған Мәжілістің алдында тоқтатуы заңды болмақ. Үкімет мүшелеріне Парламент палаталары тарапынан сенімсіздік білдіру тәртібін оңайлату қажет. Ол биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы тармаққа бақылау жасауын күшейтпек. Үкіметке, ол сол үшін толық жауапкершілікте болатындай, мемлекеттік бағдарламаларды бекітуді тапсыру орынды болмақ. Үкіметтің өзіне оның құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды құру мен тарату құқығын беруге болады. Президент Үкімет пен Премьер-Министрдің актілерінің іс-әрекетінің күшін жою болмаса тоқтату құқығынан бас тарта алады. Мұның бәрі атқарушы мемлекеттік органдар мен оның басшыларының жауапкершілігін арттырып, қажетті өкілеттіктер береді. Заң күші бар Президент жарлықтарын қабылдау мүмкіндігі туралы норма көкейтестілігін жойды»,-деген еді Елбасы үндеуінде.
Ал, телекөпір барысында ойын айтқан Қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбек бұл реформаны жүргізу үшін Қазақстанның ішкі саяси жағдайы әбден пісіп-жетілді дейді. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы шешімді алғаш рет жария еткен кезде, сөзін «заманның дидары өзгерді, біз де өзгеруіміз керек» деп бастаған болатын. Құдайға тәубе, Қазақстан әлемнің дамуынан ешқашан кешеуілдемеген. Мысалы, Президент осыдан біраз уақыт бұрын - «Қазақстан-2030» деген стратегияны жариялаған кезде, «2030 жылға дейін кім бар, кім жоқ» деген пікірлер көп айтылды. Бірақ, бұл Президенттің алдағы дағдарыстың алдын алуға бағыттаған жоспары еді. Бірақ, міне, ол күн де алыс емес. Сондықтан, Президент бұл реформалардың уақыты жетті деген пайымға келсе, уақыты жетті деген сөз», - дейді Мырзатай Жолдасбек. Саясаттанушы Әміржан Қосанов «келісіп пішкен тон келте болмайды,сондықтан, келісіп жазған Конституция да келте болмас» деген ойын айтып, бұл жапыхалықтың талқылаудың өте қажеттігін айтып өтті. «Өз басым саяси реформа туралы әңгіме Президенттің аузынан шыққаны дұрыс болды деп ойлаймын. Себебі, Президент тарапынан айтылған мәселе үнемі салмақты келеді. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, келісіп, жалпыхалықтық талқылауға салып жазған Конститция да келте болмас. Бұл жерде жұмыс тобы кез келген оң яки сыни пікірді, балама ұсынысты, кейбір баптарға қатысты күмәнді ашық талқылауы керек. Үкіметке әлеуметтік экономикалық саясатты дербес жүргізуге құқық беру - ертең біздің саяси реформамен бірге экономикалық жандануға мүмкіндікм беру деген сөз. Мысалы, Премьер-министр келіп, Мәжілістің алдында өз бағдарламасын дәлелдей алса, құп, дәлелдей алмаса, құзіретті депутаттар премьер-министрді орнынан алыс тастай алады», - дейді саясаттанушы. Ал, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының арнайы тапсырмалар бойынша аға көмекшісі Қабылсейіт Әбішовтің айтуынша, Конституция дегеніміз - халық пен биліктің арасындағы «келісімшарт». «Конституция - халық пен биліктің арасындағы шарт. Халық дауыс беру арқылы өзіне ұнайтын Парламент пен Үкіметті сайлайды. Сондықтан, осы тұрғыда Президент өзінің белгілі бір міндетін парламентке беруі - заңды дүние деп ойлаймын. Конституция дін емес, дәстүр емес, ол біздің еліміздің басты құжаты. Ол нақты болуы керек. Ол ұсақ нәрселерді елемей, ірі мәселелерді қарауы керек», - дейді құзырлы орган өкілі. Сөз қорытындысын айтқан Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев бұл реформалар жүзеге асса, Президенттің билігі әлсірейді деген пікірдің қате екенін түсіндіріп берді. Халық әділдік пен дұрыс шешімнің «гаранты» деп сезінетін президенттік билікті жоғалтпайды, дейді депутат. «Президенттік басқаруға келетін болса, осы реформалардың нәтижесінде Президенттік билік әлсірейді деп ойламау керек. Елбасы өзінің белгілі бір билігін Үкімет пен Парламентке беруінің басты себебі - Елбасы енді сыртқы саясатта, елдің қауіпсіздігіне байланысты дүниелерге көп мән бермек. Яғни, Президент елдің қауіпсіздігі мен дамуына қатысты стратегиялық мәселелермен айналысады. Реформалардың ең түпкі мақсаты - халықтың жағдайын
дұрыстау», - деді сөзді қорытындылай отырып, Мәулен Әшімбаев. Жалпы, ұлттық арнасы ұйымдастырған телекөпір екі сағатқа созылды. Астана ғана емес, аймақтар да үн қосып, бұл реформаны жан-жақты талқылады. Сарапшылардың айтуынша, бұл реформаның тағы бір жемісті тұсы - ұйықтап жатқан партиялар оянып, Үкімет халықтың алдындағы жауапкершілігін сезінеді. Яғни, қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей Үкімет жауапты болады. Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шарада алғаш жария етіп, кейін, толыққанды үндеуге астарлай отырып айтқан бұл конституциялық реформаны халық 25 қаңтардан бастап, 10 ақпанға дейін қызу талқылады. Жалпы, жұмыс тобының қарауына 500-ден астам ұсыныс, өтініш пен тілек түскен екен.
Abai.kz