ЕСЕКТІҢ ЕТІ НЕГЕ АРАМ?
Пайғамбарымыздың хадистеріне қарай отырып, есек етінің арам болуының ең басты себебі – етінің таза еместігінде болып отыр деуге болады. Сахаба Әнәс ибн Мәликтің айтуы бойынша, Хайбар жорығында сахабалар ауыл маңындағы есектерге кезігеді.
(Ашыққан) сахабалар оларды сойып, етін асуға кіріседі. Сонда Пайғамбарымыздың жаршысы (Абу Талха): «Шынында Алла және оның пайғамбары сендерді есектің етін жеуден тыйяды. Өйткені оның еті – лас (рижс). Шайтанның ісінен», - деп жар салады. Одан соң қайнап жатқан қазандар төгіліп, іші (еттен) босатылады[1]. Басқа бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Қазандарды төгіп, сындырыңдар» дегенде, сахабаның бірі: «Уә Расулаллаһ, төгіп, қазанды жусақ қайтеді?», - деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «сойтіңдер» деп жауап береді[2]. Пайғамбарымыздың есек еті салынған қазанды жууды бұйыруының өзі есек етінің таза еместігін көрсетеді.
Ал, енді, таза емес етте адам денсаулығына зиян тигізер әртүрлі микробтар мен паразиттердің болатындығы сөзсіз. Адам түйсігінің де есек етінен еріксіз жиреніп тұратындығы сондықтан болар.Оның үстіне, есек етінің өзіндік жағымсыз иісі бар. Бұл да оның жеуге жарамсыз, лас екендігін білдіреді. Есек етін қорек ететіндер ұнамсыз иісін құрту үшін түрлі хош иістендіргіштер қосатындықтарын жасырмайды. Әрі, етінің қаттылығы себепті ұзақ уақыт маринадтау керек екен. Осы орайда, жеген етіміздің мінезімізге де әсері бары жасырын емес. Мысалы, жыртқыш хайуандардың етін жейтін адамдардың мінезінде қатыгездік, қылмысқа жақындық, ашушаңдық, аяусыздық сипаттары қалыптасатынға ұқсайды. Сол сияқты есек етін жеген адамда да жағымсыз қылықтар пайда болмасы неғайбыл.
Сөзіміздің соңын Жаратушы Иеміздің мына бір кәләм шәрифімен аяқтайық. Құран Кәрімде Алла тағала былай деп бұйырады: Ей Иман келтіргендер! Сендер Біз ризық етіп берген таза тағамдарды ғана жеңдер. Бір Аллаға құлшылық етіп жүрген болсаңдар, Оған шүкір етіңдер.
Бақар сүресі, 172 аят
Нұрсұлу Найманова
Abai.kz