Қытайдың Шынжаңында тағы да қанды оқиға туылды
Қытайға қарасты Шынжаңның Хотан аймағында тағы да қанды оқиға болды деп хабарлайды Тәуелсіз-Азия радиосының ресми сайты (Radio Free Asia / rfa.org ). Оқиға 14 ақпан күні сол жердегі сауда базарында, жергілікті уақытпен 17:00-де орын алған. Қолына пышақ ұстаған үш азамат базардағы 5 адамды өлтіріп, 5 адамды жаралаған. Аталған оқиғаға байланысты жергілікті полицейлер қаланы және маңындағы қала, аудандарды қатаң бақылауға алған.
Тәуелсіз Азия радиосының хабарына қарағанда, жергілікті үкімет пышақ ұстаған үш шабуылшының 5 адамды өлтіріп, 5 адамды жаралағанын ғана хабарлап, олардың кімдер екенін, қылмыс тудыру мақсаты туралы ешқандай мәлімет бермей отыр. Оқиға салдарын желеу етіп Хотан аймағына қарасты барлық аудан, қалаларды қатаң режимде ұстап отыр деп хабарлайды RFA сайты.
Сайттың жергілікті тілшісі оқиға туылған орындағы барлық тарауларға хабарласса да, қылмыс тудырушылар туралы мәлімет ала алмаған. Тек тұрғындардың жүріс-тұрысы қатаң шектелгені туралы ғана мәлімет ала алған. Жергілікті үкімет органдары аталған оқиға туралы мәлімет беруден бас тартқан. Сайт журналисті жалғасты оқу орындары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкіліне тілшілік жасағанда, олар өздерінің жүріс-тұрыс, барлық әрекеттерінің қатаң шектелгенін, үй мен қызмет орынынан рұхсатсыз шығуға тиым салынғанын, барлық көше бойында қарулы полицейлер азаматтардың жеке куәліктері мен заттарын тексеріп жатқанын айтады.
Қазір Хотан аймағы Қытай билігіне қарсылық ең жиі туылып жатқан аймақ саналады. Америкадағы Ұйғыр бірлестігінің өкілі Илшат Асанның RFA журналистіне берген жауабында: Қытай билігі қазір Хотан өңіріне бар зұлымдығын жасап жатыр. Себебі, Хотан аймағы ұйғырлардың мәдениеті мен күші шоғырланған ең соңғы аймақ болып тұр. Қытай үкіметі сол үшін де бұл жердегі халыққа барынша қысым түсіріп, оларды күшпен жаныштауда. Қарсылықты басудың бір ғана жолы бар. Ол – қытай билігі 2009 жылғы 5 шілде оқиғасының себебін анықтап, сол кезде жазықсыз өлген ұйғыр балалары мен әлі күнге із-тозсыз жоғалған ұйғыр азаматтарын дерегін анықтап, ата-анасына, туған-туысына төлем төлесін. Түрмедегі ұйғыр азаматтарын босатсын. Сонда ғана қарсылық бәсеңдейді. Болмаса халықта да басқа талғам жоқ», – деген пікірін айтқан.
Шынжаңның ұйғырлар қоныстанған оңтүстік аймақтарында қытай билігінің тегеуріні өткен ұйғырлардың қарсылығы жиілеуде. Бұл соңғы екі ай ішіндегі үшінші реткі қанды шабуыл оқиғасы. Әлемдегі барлық ұйғырлар жер-жерде қытай билігінің ұйғырларға түсіріп отырған қысымын айтып, шағымдануда. 11 ақпанда Жапония парламентіне ұйғыр қозғалысының басшысы атанып жүрген Рәбия Қадыр ұйғырлардың жағдайынан мәлімдеме жасаған. Бұл жиналысқа Жапония премьер-министрінің көмекшісі де қатысқан болатын. Әлемдегі ұйғыр бірлестігі барлық халықаралық ұйымдардан ұйғыр теңдігін сұрауда. Алайда, халықаралық ұйымдар да, өзге елдер де, «Үлкен Қытай» саясатына жол беруден аса алмай тұр.
“The Qazaq Times”