Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7234 0 пікір 15 Ақпан, 2017 сағат 16:10

ЖАРМАХАННЫҢ ПАРТИЯСЫ ӘЛІ "ТІРІ" ЕКЕН...

Кеше Қазақстанның саяси құрылымындағы «оппозициялық партия» деген дардай атты асынып жүрген ЖСДП-ның сьезі өтті. Жалпыұлттық социал демократиялық партияның бұл жолғы сьезінде нендей өзгерістер болды? Әуелі соған тоқталайық.

Партия құрамынан аты шулы Петр Своик кетті. Пиғылы жат Петрдің шовинистік көзқарастары онсыз да ел ішіндегі гу-гу әңгімені қоздырып, жұрттың ЖСДП-ға деген күмәнін күшейткен-тін. Енді Жармахан Тұяқбай тізгінін ұстапған партияда Петр жоқ. 

"Бірде бар да, бірде жоқ" партияның басшылық құрамында да айтарлықтай өзгеріс болды. Президиум тізгінін Зәуреш ханым Батталова ұстады. Зәуреш ханым Астана жақтан ескен "күлімсі" иістен деміккен демократтардың ұйымына тың серпін әкеле ме? Зәуреш Қабылбекқызы былтырғы «Жер дауы» кезінде өзгелер секілді тілін тістеп жатпады. Үкіметке альтернативті пікір айтты. Қудаланды, комиссия құрамынан еріксіз шығарылды. Тағысын тағы бар. Өстіп жүрген Зәуреш ханым енді ЖСДП жұмысын жандандыруға жауапты болды. 

Бұдан бөлек, ЖСДП сапында Айдар Алибаев, Асхат Рақымжанов, Сәмбетбай Тазабектер бар. Жігіттердің желпінісі жаман емес, десек те тек сайлау кезінде тіріліп, қалған кезде қалғып жүретін Жармахан Тұяқбай социал-демократтардың төрағасы болып қалды.

Жәкеңнің, амбициясы мықты-ақ. Ол кезінде Президенттіктен де үміткер болған. Иә, оған мүмкіндік қайдан болсын. Астана қысымды күшейткен соң ба, әйтеуір Жәкеңнің жұмған ауызын содан қайта ашқанын көрмедік.

Осы тұста біз қоғам белсендісі Ғабиден Жәкейден ЖСДП сьезі туралы пікірін білген едік.

- Ғаба аға, сіз сьезде болдыңыз. Көзіңізбен көрдіңіз. ЖСДП-да не өзгеріс? 

- Иә, мен сьезде болдым. Өзгерістер бар. Бірінші кезекте шовинист Петр Своиктің партия құрамынан шығарылғанын айтқан жөн. Петрдің қияс пиғылы туралы жұрт онсыз да білетін. Сондықтан, ЖСДП-ға жұрт сенімі азайған. Сосын Зәуреш Батталованың Президиум тізгінін ұстауы да партия құрылымындағы ауыз толтырып айтарлық өзгеріс. Зәуреш ханым партияда ұйымдастырушылық және атқарушылық міндеттерді атқарады.

- Жұрт ЖСДП-ны тек сайлауда ғана тіріліп, қалған кезде тасада жүретін партия деп біледі. Ал жекелеген азаматтарға келсек, Жармахан Тұяқбайға қарағанда Зәуреш ханымға деген жұрттың көзі түзу. Зәуреш Қабылбекқызы жығылып жатқан ЖСДП-ны аяққа тұрғыза ала ма?

- Дұрыс айтасыз, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның қазіргі жағдайы қиын. Себебі, қаржы жоқ. Ал партияның аяққа тұрып, белсенді жұмыс жүргізуі үшін – оның бюджеті болуы керек қой. ЖСДП қоғамдық өмірде де асы бір белсенділік көрсеткен жоқ. Былтырғы жылғы «Жер дауы» кезінде ЖСДП үнсіз қалды.  Одан Талғат пен Макс сотталып жатқанда да «ләм» демеді.  Кеше Жанболат Мамай қамалғанда солай... Жоқ, әрине, ЖСДП өлі партия дегеннен аулақпыз, тек жекелеген азаматтар ғана үн шығарып тұрды. Бұл олардың азаматтық парыздары еді ғой. Негізі ЖСДП жұмбақ жағдайда құрылған партия. Алтекең мен Заманбектің қазасынан кейін ғана саяси сахнаға шыққан партия. Тез тіркелді. Бюджеті де болды. Бірақ, қазір қауқарсыз екені рас.

- Десе де, ЖСДП сапында Балташ Тұрсынбаев, Оразәлі Сәбден, Зәуреш Батталовалар барда оппозициядағы жалғыз партияны жерге жыққандай болмайық... Бұл өз алдына басқа тақырып. Жақсы рахмет, сізге.

Айтпақшы, біздің ЖСДП-ның мақтауын асырып, Жармаханға жарнама жасамақ ниетіміз жоқ. Тек, сьездегі бірді-екілі өзгерістерге шолу жасап көруді жөн көрдік.

Осы тұста елдегі ЖСДП – Қазақстанның саяси әм қоғамдық өміріндегі бірден-бір оппозициялық партия дейміз. Саяси монополист – Нұр Отанның шаңына ілесер партия жоқ-мыс. Әрине, билік құрылымының 90 пайыздан астамы билеуші партияның мүшелері болғандықтан, кез-келген саяси іс-әрекет әуелі "Нұр Отанның" сүзгісінен өтеді. Парламентте де айқын басымдылық "Нұр Отан" мүшелерінде. Демек, Қазақстанның экономикалық әм саяси дағдарысқа ұшырауына кімнің жауап беретіні де  айқын.

Ал Зәуреш Батталова ханым тізгінін ұстаған демокаттар енді саяси майданға араласпақшы екен. Қарқындары да жаман емес. Осы жолғы сьезде қабылданған резольюциясына қарасақ, экономикалық және саяси дағдарысқа Қазақстанның саяси жүйесіндегі анти-демократиялық әрекеттерді айыптайды (http://www.osdp.info/rezolyutsiya-xiii-sezda-osdp/). Дегенмен, Астана атына мініп, қаһарын төккенде ішкі саяси аренадағы көптеген партиялар қынадай қырылып жатты. Қазір оппозициядағы жалғыз қалған ЖСДП екені тағы рас. "Маужырап жатқан қазақ қоғамын оята алмады" деп ЖСДП-ны айыптауға келмес, десе де бұл жерде партия тізгіншісі Жармахан Тұяқбайдың да бостығын айтқан жөн. Астана саяси рокировка жасауда. Билік құрылымына өзгеріс жасау туралы Ақ орда қожайыны өзі айтты. Көптен көлеңкелеп жатқан Жармахан Тұяқбайдың тұяқ серпілісі ме, бұл?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475