Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 6944 0 пікір 10 Ақпан, 2017 сағат 15:05

ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ САКРАЛЬДІ ҰҒЫМДАР

Ғалымдардың пікірінше көне дәуір адамы тарихты басқаша қабылдаған. Оларды өткен заманның дерегі емес оқиғаның мағынасы көбірек қызықтырған. Олар, өте ерте кезде болып кеткен көне оқиғалар тізбегіне мән бермейді. Адам өмірінде мәңгі бақи қайталанып тұратын, уақыт пен кеңістікке еш бағынбайтын ақиқаттың сырларын ғана меңгеруге ұмтылған. Уақыт пен кеңістікке тәуелді болмағандықтан да, қазақ дүниетанымындағы батырлар пайғамбар заманында сахаба атанып, олармен бірге жорықта жүре береді. Мәселен, қасапшының пірі – Садуақас батыр VII ғасырда өмір сүрген Мұхамбет пайғамбарға сахаба болып жүре береді. Екінші бір аңызда бүкіл қазақ шежіресі түп атасын Әнес сахабадан таратады. Егер қазақтың осы дүниетанымын мифтік тұрғыдан емес логоспен тексеретін болсаңыз, шым-шытырық қарама-қайшылыққа тап боласыз.

Сондықтан да ежелгі тарихи аңыздар әр заманда қайталанып тұратын ұқсас оқиғаның ғибратты мазмұнын ғана қармап қалуға тырысады. Мысалы, ежелгі еврей жұрты Қызыл теңізді жарып өтті ме жоқ па оны білу мүмкін емес. Бұл оқиға тек миф түрінде ғана баяндалады. Есесіне осыдан келесі шындық туындайды. Еврей халқы жыл сайын осы оқиғаны еске алып, ұлттық мейрам етіп тойлайды. Егер осы Қызыл теңіз оқиғасын миф арқылы жеткізіп, оны мистикалық тұрғыда баяндамаса ол діни реңінен айрылар еді. Яғни, логостың бұл жерде ешқандай ролі жоқ. «Мұса пайғамбар Қызыл теңізді шынымен де аса таяқпен екіге жарды ма?», «тарихта болғаны рас па?» деген сияқты сұрақтар ежелгі мифтің иләһи мағынасын көрсетпей бүркеп тастайды.

Бұндай сұрақтар логос пен миф шатысқан кезде көбейеді. Қазақша түсінікке салғанда былай болып шығады. Аңызды көңілдің пернесімен емес ақылдың сәулесі арқылы түсінуге талпыну – қате қадам. Тура сол сияқты қазақ аңыздарын да тарихи фактімен тани алмайсыз. «Арыстан бап шынымен 400 жыл өмір сүрді ме?» «Ол құрманы аузында 400 жыл қалай сақтады? », «Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа тоқтағаны рас па?», «Адам ата Қазақстанға келген бе?» деген сияқты сұрақтар адамға ешқандай да пайда бермейді. Осындай сұрақтар көбейген сайын аңыздың рухани мазмұны әлсіреп, көңілге сәуле шашатын шындықтың жалыны әлсірей береді.

Ағылшын ғалымы Карен Армстронг логос пен мифке қатысты ойларын былайша тарқатады. «Адам өмірі үшін логос та өте маңызды. Логостың рационалды прагматикалық танымы болмағанда, адамзат нақты ғылымға қол жеткізіп, қазіргідей әлемді игілігіне жарата алмас еді. Қазіргі Батыс жұрты мифтік танымын әлсіретіп алған сияқты. Есесіне логос бізге жақсы таныс. Батыс қоғамы осы танымның негізінде құрылды. Логостың мифтен айырмасы мынада. Логос нақты фактілерді салыстырады. Егер фактілер сәйкес келмесе, мәселе күрделенеді. Дүниелік істерді реттегенде – логос таптырмайтын құрал. Практикалық тұрғыдан өте пайдалы. Яғни, логос алға ғана ұмтылады. Жаңа нәрселер ойлап тапқысы келеді. Теорияларды дамытады. Қоршаған ортаны игергенді жақсы көреді.

Миф керісінше, келешекке емес, өткенге назар аудартады. Мифтің мақсаты – өмірдегі ең құнды, ең киелі, ең қасиетті идеяларды ұмыттырмай, ұдайы еске салып отыру. Миф адамдарды әманда әр нәрсенің түпкі негізі мен бастауына үңілдіреді. Бірақ мифтің анық-қанығын эмпирикалық әдіспен тексеріп біле алмайсыз. Мифтің міндеті біздің тұрмыс тіршілікте тұтынатын тыйымдар мен ырымдарды иләһи мағынамен байытып, адамды өмірден жалықтырмау».

Осы арада айта кетер бір нәрсе бар. Мифке сүйеніп, прагматикалық жобаларды жүзеге асыруға әсте болмайды. Оның соңы апатқа әкеп соқтырады. Карен Армстронг кітабында осы пікірін нықтай түсу үшін мынадай фактіні келтіреді. 1905 жылы папа Урбан ІІ бірінші Крест жорығын мифке емес логосқа сүйеніп ойлап табады. Ол кезде Еуропада бір бірімен қырқысып жатқан рыцарьлар папа үшін бас ауру болатын. Өзін өзі құртуға айналған христиан әлемін ішкі соғыстан құтқару үшін, әрі иелігіндегі жерді кеңейту үшін папа әскери күш-қуатын Таяу Шығысқа қарай бұрудың амалын жасайды. Есеппен ашылған бұл майдан басында папа үшін жемісті болды. Рыцарьлар Таяу Шығыстағы бірнеше қамалды сәтімен басып алды. Олар әскер санын толтырып, азық-түлігін реттеп, аймақты барлап алып, содан кейін соғысқа кіретін. Бірақ көп ұзамай бұл жорық христиандардың басына бәле боп жабысты. Себебі, дінбасылар соғысқа жұртты жаппай тарту үшін жаңадан өтірік мифтер ойлап тауып, оларды отқа айдап салды. «Құдай үшін соғысқандарды періште желеп-жебеп тұрады» деген өтірік аңызға бәрі сенді. Сау ақылға жүгініп, әр бір қимылын аңдап басатын қасиетінен жұрдай болған христиандар әскери жағынан қала берді моральдық тұрғыдан да кері кетіп, соғыста масқара боп жеңілді.

Тап осылай миф пен логосты шатастырудың кесірінен апатқа ұшыраған оқиғалар қазақ тарихында да көп кездеседі.

19 ғасырда Ресей әскері Орта Азияны жаулап келе жатып, 1864 жылы Түркістан шаһарына келіп тіреледі. Қаруы басым орыс әскері қаланы оп-оңай қоршап алады. Сол кезде қоқандық діндарлар бастаған қожа-молдалар Ясауи кесенесіне барып тығылады. Олар: «біз әулиенің басында жатырмыз. Әулиенің кереметі бізге кәпірдің оғын дарытпайды. Берілуге негіз жоқ» деп қарсыласады. Әскерді бастап келген Веревкин ғажайып ғимаратты атқылауға қимай тұрған кезде, қашып келген тұтқыннан әулиенің оқ дарытпас қасиеті жайында әңгіме тарап, ол әңгіме қоқандықтарға жігер беріп тұрғанын естиді. Бұдан соң Веревкин кесенеге зеңбіректен 12 рет оқ атуға бұйырады. Снаряд тиген асхана бөлмесінің күмбезі мен қабырғасы қирайды. Қоқан діндарлары Ташкентке қарай қашып кетеді. Біздің заманда да мифтік таным мен логосты шатыстырып, тұйыққа тірелетін жағдайлар жиі кездеседі.

Миф пен логосқа қатысты ойымыз анық бола түсу үшін тағы да мынадай қарапайым фактіні келтіре кетелік. 5-7 жасар баланы сүндеттеу дәстүрін логоспен түсіндіру мүмкін емес. Бұл дәстүрдің негізгі мағынасын ұмытып қалғандықтан қазіргі адамдар оны барынша логосқа сүйеніп, ғылыммен түсіндіргісі келеді. Яғни, «Бұл баланың денсаулығына пайдалы. Микробтың жиналуына жол бермейді. Бұл гигиеналық мақсатты көздегеннен шыққан» деген сыңайда кете береді. Бірақ, бұған осылайша таза ақылмен жауап берілсе, онда «сүндеттеу адам үшін соншалықты пайдалы болса Құдай барша адам баласын неге бірден сүндеттеп туғыза салмайды?» деген тағы бір логикалық сұрақ шыға келеді, не болмаса, «сүндеттеу дәстүрін қолданбайтын бөтен халықтар одан айтарлықтай зардап шекпей-ақ мұсылмандармен бірге өсіп-өніп келе жатыр емес пе?» деген сұрақ туады.

Сондықтан, сүндеттеу салтын тек миф арқылы ғана терең түсіндіре аласыз.

Санжар Керімбай

degdar.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5411