ДИМАШТЫҢ ДӘУІРІ
Көптен əн де, əнші де, жалпы ешкім ұнамай жүрген. Қалыптылықтан шаршайтын толағай-кеудеге бір төңкеріс керегі анық-ты!..
Сөйтсем ол шынайы өнерге сусаған екен! Ал, шынайы дауыс - таудан құлаған сарқырама іспетті екен! Ол қалай құлап ағады? Ол қайда барып тоқтайды? Ол қанша көлемде, қанша уақытқа дейін сарқырап жататын су? Оның барлығы бір бойына сонша қасиетті қиып берген Жаратқанның есебінде. Біздің білетініміз - оның бірегей екені!
Димаштың ғасырда бір рет туатын ғажап құбылыс екенін музыкатанушы Берік Жүсіп ағамыз ол əу деп бастағанда-ақ айтқан-ды. "Дауысы алты қырдан асатын"кешегі Ақан серілердің дауыс қуаты осындай-ақ болған шығар?!
Тек тəңір тіл-көзден сақтасын!
Бізде өнер - өлерменнің не ақшасы көп еркетайдың ғана шаруасы болып тұрған заманда Қанат ағамыз бен Света апамыз көзінің қарашығын "соқтықпалы-соқпақсыз жолға" қиып қана қоймай, соның тереңіне бойлатып, маржанын сүздіріп те көрген екен!
Он алты жыл бойы музыкадан дәріс алу үшін "нота жеп,"" нотамен тыныс алу" ғана керек шығар?!
Əн қазір əншіге ғана қажет. Бір құрбым: "мен əдебиетке пайдалы саланы зерттеп, жаңалық ашып, ғылымға үлес қосу үшін еңбек етіп, сол үшін тағы ақша беремін бе?" деп еді. Біздегі өнер де соның кейпінде!
Əн табасың. Оны ақшаңа өңдетесің. Оны айтып шығу үшін киім аласың, боянасың. Бейнебаян түсіресің. Оны удай ақшаға телеарнаға "раскруткаға" бересің. Ол əн хит бола ма білмейсің. Концертке қатыса аласың ба... тағы белгісіз.
Сөйтіп итшілеп жүріп, тасбақа-аяңмен жүріп келе жатасың...
Тойға бармасқа лажың жоқ. Əлдекімнің қуанышына ортақтасып, бұйырған жерде, белгісіз бір əмірге бағынып отырасың.
Жолдасым сенің жұмысың оңай дегенде айтатыным: "Сенде бір бастық, бір кеңсе. Ал мен бүгін кім бастық боларын, қандай кеңседе, кімдермен жолығатынымды білмеймін" деп жауап беремін. Той - материалдық қажетіңді өсіргенмен, шығармашылық қуатыңды шектейтін, өз-өзіңді ұға алмай, "жабылып"қалудың алаңы!
Той мен тойдың арасында өмір өтіп жатады!..
Сондықтан өзі қаржы тауып, соншама жыл ізденіп, елдің атын шығарып отырған қаршадай бала бəйгеге түсіп: "елім не деп жатыр?" деп біз жаққа бұрылғанда тек қолдап отырайық!
Ол Алаштың маңдайына біткен арда ұл!
Ұл тапсаң осылай-ақ тап!
Бəйге алсын, алмасын, оны төбемізге көтеріп қарсы алайық! Оны той-томалаққа жібермей, стадиондарды босатып берейік! Енді Димаш əн салсын!
Бұл - Дінмұхаммед Құдайбергеновтің дәуірі!
Əрине, барлық уақытта бір əншіні тыңдай беру мүмкін емес. Əртүрлі əнші қажет-ақ.
Дегенмен ұят сезімі оянсын!
Ол бізді көтеріп жатқанда біз əнге деген көзқарасымызды, əншіні қошеметтейтін ішкі мəдениетімізді түзейік!
Сонда бірігіп кетеміз!
Димаш - қазақты біріктіретін қуатты есім!
Роза Әлқожа
Facebook-тегі парақшасынан