Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 12030 1 пікір 6 Ақпан, 2017 сағат 00:27

АБАЙ ПРОЗАНЫ «ҚАРАСӨЗ» ПОЭЗИЯНЫ «ӨЛЕҢСӨЗ» ДЕП АТАҒАН

Көрнекті жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің Тұрсынжан Шапайдың азаматтық болмысы мен шығармашылық ерекшелігін сипаттап жазған «Тораңғы мен Тұрсынжан» деген лирикалық эссесін үлкен әсермен оқып отырып, автордың бір сөз саптауына еріксіз назар аудардық. Ол өз кейіпкерінің «абайтануға» қатысты жағын баяндай келе, бір тұста: «Қара сөзден өлеңге келгендер жоқ, өлеңнен қара сөзге келгендер көп. Соның басы – Абай. Қара сөз жанр ма, жанр емес пе? Қара сөздің антонимі – өлең сөз. Өлең сөздің жанры – поэзия. Демек, қара сөздің жанры – проза», – дейді. Әлбетте, автор сөз өнерінің үш тегінің (проза, поэзия, драма) екеуі, яғни проза мен поэзия туралы және олардың әрқайсысының өздеріне тән жанрлары болатынын айтып отырғаны даусыз. Бізді елең еткізгені басқа жағы. Автордың «өлең сөз – поэзия, қара сөз – проза» дегені.  

Ұлы Абай прозаны «қарасөз» деп атаған-ау деген ой мені көптен бері ойландырып жүретін. Оны өзім жақсы араласатын екі-үш ақын-жазушыға айтып, дәлелдеп те көргем. Бірақ өз пайымдауыма онша сеніңкіремеген соң, көпшілік назарына ұсынуды құп көрмей жүретінмін. Сол ойымды тарқатып жазуға Жүсіпбек Қорғасбектің жаңағы сөзі себеп болды.

Абайдың прозаны «қарасөз» деп атағанына өзінің прозалық шығармаларын «қарасөздер» деп айтқаныны ғана емес, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген атақты өлеңіндегі «өлең сөз» деген тіркесі де дәлел. Бұлай деп ойлауымызға өлеңнің осы жолының тыныс белгілерін басқаша қойып, басқаша да оқуға болатындығы. Енді соған тоқталайық.

Екі сөзден құралған атауыш (номинативтік) сөздерді біріктіріп немесе бөлек жазу емле ережесіне байланысты. Біздіңше, оларды біріктіріп жазған дұрыс. Мәселен, «Сарарқа», «теміржол», «тасжол», «асықжілік», «бассүйек» дегендей. Еркін сөз тіркесінің күрделі атауға айналуы тілімізде баяғыдан бар. Абай да осы тәсілді пайдаланып, екі сөзді тіркестіріп, жаңа атау қалыптастырған. Бірақ аталған өлеңді кезінде хатқа түсірушілер бөлек жазып, сосын бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықшаны қойғанда қателескен сияқты. Егер біз осы өлең жолын «Өлеңсөздің патшасы – сөз сарасы» деп оқитын болсақ, ақынның поэзия (өлеңсөз) тілінің төрешісі (патшасы) сөзді саралап қолдану деп отырғанын аңғарар едік.

Ал ұлы Абайдың қарасөздері жөнінде М.Әуезов не дегенге келейік. Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығына бүкіл ғұмырын арнаған, оның мұрасын жинап, зерттеген, ол туралы классикалық көркем туынды жазған, сөйтіп, абайтанудың негізін қалаған М.Әуезовтің ақынның қарасөздері туралы түйінді пікірлері бүкіл қара сөзіне берілген үлкен бағадай әсер етеді. Мәселен, ғалым ол жөнінде былай дейді: «Абайдың поэзиялық мұрасына қоса қара сөздері беретін әр заманда бағасы жойылмайтын бір үлкен қазына бар. Ол – Абайдың қара сөзді жазған тілі. Өлең сөзінде өзінің барлық шеберлігі, жаңалығы, көркемдік таланты бойынша қазақ тілінің сапасын әдебиет тілінің (бұл жерде М.Әуезов «әдеби тілдің» деп отырса керек) дәрежесіне көтерген ұлы тарихтық еңбегі қандай болса, қара сөздерінің тілімен де Абай осындай еңбекті біздің мәдениет тарихымызға мол сіңірді» (Әуезов М. Абай Құнанбаев. – Алматы: Ғылым. 1967, 213-бет). Бұдан М.Әуезовтің Абайдың қарасөздерін прозалық шығармалар деп отырғанын байқаймыз.

Абай шығармаларының тілі туралы іргелі еңбек жазған академик Р. Сыздықова «Абайдың сөз өрнегі» деген кітабында: «Әр сөзіне мән беріп жазатын Мұхаңның бұл жерде қара сөздердің өзі демей, «тілі» деуінде, біздің байқауымызша, айрықша астар бар: мұндағы «тілі» деп отырғанының өзі көрсеткеннен басқа және бір сыры қазақта әдебиетінің бұрын жоқ жанрының сөйлеу мәнері (стилі) дегеннің пайда болып, оны ұлы зергердің қалай алып кеткенін мегзегені де болар» деп жазады. Шынында да М.Әуезов Абайдың қарасөздерін прозалық шығарма дей отыра, ақынның осы туындыларынан байқалатын өзіндік тіл ерекшеліктеріне де назар аударады. Ол туралы былай дейді: «...қара сөздерінде байқалатын бір өзгешелік Абай өзінің өлең сөздерінің көптен-көбін заманындағы оқушы мен тыңдаушыларына үнемі түсінікті болмайтындай көреді. Онысы – анығында солай да еді. Осы жайды ескеріп, Абай енді қара сөзінде сол өлеңдерінде айтылатын ойларының бірталайын жаңа сөзбен таратады» (Әуезов М. Абай Құнанбаев. – Алматы: Ғылым. 1967, 204-бет). Демек, М.Әуезов осы пікірлерінде «қара сөздері», «қара сөзді», «қара сөздерінде», «өлең сөзінде», «қара сөздерінің», «өлең сөздерінің» деп қатарластыра айтып, ұлы Абай өзінің «прозалық», «позэиялық» шығармаларын солай атағанын мегзеп отыр.

Бейбіт Жәлелұлы

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377