Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7514 0 пікір 6 Ақпан, 2017 сағат 00:13

ҚАЗАҚ ТӘУЕЛСІЗДІК ҮШІН 350-ДЕН АСТАМ КӨТЕРІЛІС ЖАСАДЫ

Жалғасы. Басы мына сілтемеде.

Шет елдерде тұратын отандастарымыздың басым бөлігі – Қазақстаннан мәжбүрлі түрде қоныс аударғандар, босқындар (олардың ұрпақтары). Олар отаршыл-тоталитарлық режимнің қудалауы мен қуғын-сүргінінен немесе билік қолдан жасаған, бұрын-сонды болмаған жаппай ашаршылықтан қашып құтылған. Мысалы, архив деректері бойынша, 2017 жылдың қаңтарында патшаның жазалаушылары Жетісудың көтеріліс жасаған ауылдарының 273 мыңнан астам тұрғынын Қытай жеріне қуып жіберген. Әкімшіліктің өзі жүргізген есеп бойынша Жетісу губерниясында Верный қаласынан Қытаймен шекараға дейінгі жерде тұратын 53 мың қазақ қожалығы, ауылдар мен қышлақтар түгі қалдырылмай тоналып, толықтай талқандалған. Халықаралық практикада мұндай жағдайда зардап шеккен адамдарға босқын мәртебесі беріліп, олар халықаралық ұйымдардың қорғауына алынады.

Сондықтан да Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, осы адамдарды өз елін тастап кетуге мәжбүр еткен себептер зерделенгеннен кейін, халықаралық стандарттар мен практикаға сәйкес, жаңа Қазақ мемлекетінің мойнына тарихи Отанына қайта оралып жатқан отандастарымызды қабылдау және жайғастыру бойынша саяси, құқықтық және моральдық жауаптылық жүгі ілінді. Парламент осы адамдардың мәртебесі, олардың Қазақстаннан қуылу себептері, қоныс аударушыларға мемлекеттік көмек көрсету, оларды бейімдеу және жайғастыру мәселелері айқындалатын бірқатар заңнамалық актілер қабылдауға тиіс болды.

Осы халықаралық белгіленген міндеттер мен қағидаттарға сүйене отырып, Республиканың Жоғарғы Кеңесінде (жоғары өкілді және заң шығарушы орган) мұқият дайындалып, қызу талқылаудан өткен, шынайы тарихи сипаты бар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның тағдыршешті 18 бабының 2-уі Қазақстанды мәжбүрлі түрде тастап кеткен және одан тысқары жерге еріксіз қоныс аударған адамдарға арналды. Осы адамдардың ішінде Отанының азаттығы үшін отаршыл-тоталитарлық режиммен күрескен патриоттардың аз болмағанын атап айтқан жөн.

Бүкіл әлемге Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі туралы жар салған, Конституцияны алмастырып, оның орнына қолданылған, біз үшін аса қастерлі әрі киелі болып табылатын Жоғары мемлекеттік актіде: біріншіден, босқындардың өз өмірін, өз жақындарының өмірін қылмыскер биліктің ажал тырнағы мен қудалауынан құтқару үшін Қазақстаннан қашып шыққаны алғаш рет мойындалды, екіншіден, осы адамдарға (олардың ұрпақтарына) Отанына оралып, еліміздің азаматтығын алу құқығы берілді, үшіншіден, тәуелсіз Қазақстан мемлекеті Отанына оралып жатқан отандастырымызды қабылдап, жайғастыру, ал шетелде қалатындарға жан-жақты көмек көрсету міндетін өз мойнына алды. Әрі, ең соңында, жаңа мемлекет қазақ ұлтының қадiр-қасиетiн көтеремін, құқықтарын қалпына келтіремін, тілін, рухани өмірін, мәдениетiн қайта түлетiп, дамытамын деп міндеттенді. Біз сол кезде өз ұсыныстарымыздың осы заңнан өз орнын тапқаны үшін аса бақытты болдық.

Алайда, өкінішке орай, «бөлшектенген халықты» біріктіру (жинақтау) үшін аса қажетті, тағдыршешті ережелер мен қағидаттар уақыт өте келе біртіндеп назардан тыс қалдырыла бастады. Парламент депутаты болып тұрған кезімде менің бастамам бойынша Сенат комиссиясы құрылып, ол саяси қуғын-сүргін құрбандарының басқа санаттарымен қатар босқындардың Қазақстаннан жаппай қашып шығу себептерін де кешенді түрде зерттей бастады және бұл жөнінде тиісті ұсыныстар әзірледі. Бірақ депутаттық мерзімім аяқталғаннан, сондай-ақ жаңа мерзімге сайлана алмағанымнан кейін оралмандардың да, отаршыл-тоталитарлық жүйе құрбандарының басқа көптеген санаттарының да құқықтық мәртебесі көптен бері күткен саяси-құқықтық шешімін таппады.

Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Қазақстан бір миллион отандасымызды қабылдай алды. Бұл да аз жетістік емес. Өкінішке орай, жергілікті жерлерде тиісті түрде қабылданбауы, біздің нақты жағдайымызға оралмандардың бейімделе алмауы, тілдік проблемалар, сыбайлас жемқорлық салдарынан олардың бір бөлігі кері қайтып кетті немесе Қазақстанға көшіп келгеніне өкініп отыр. Бұл да біздің өмір шындығымыз. Кеңестік кезеңнен бері ұлтаралық мәселелермен айналысып, оның белсенділерімен қоян-қолтық араласқаныма байланысты мемлекеттің бұл проблемаға деген көзқарасын жақсы білемін.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев тоқсаныншы жылдары, елдегі қиындықтарға қарамастан, отандастарымыздың Отанына оралуын белсенді түрде қолдап, саяси тұрғыдан маңызды осы жұмысты Қазақстанның патриоттарына тапсырды. Кейінірек бұл жұмыспен шенеуніктер айналысып, олар мұндай бағдарламаларға білдірмей қасақылық жасады немесе ел болашағынан гөрі, өз қара басының қамын көбірек күйттеп кетті. Бұл жерде де біз ата-бабаларымыздың рухы алдындағы өз міндетімізді, өз парызымызды соңына дейін орындай алмадық, өйткені елге оралып жатқан оралмандар, негізінен алғанда, жоғарыда айтылғандай, кезінде халқымыздың азаттығы үшін күресіп, Қазақстаннан қуылған кісілердің ұрпағы болып табылады. Егер біз шын мәнінде жақсы болғанымызда, бұл проблеманы мемлекеттік тұрғыдан қарап, шешіп, ұлттық қауіпсіздігіміз бен Қазақстанның болашағын нығайтқан болар едік.  

Біздің басшыларымыз бен саясаткерлеріміз Қазақстанның болашағы, ұлттық мемлекеттілік пен қауіпсіздікті нығайту, қазақ ұлтының рухани бірлігі, мемлекеттік тілді, мәдениетті, салт-дәстүрлер мен бақ-берекені сақтау және дамыту, сондай-ақ біздің ең басты әрі ұлы қазынамыз – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін қорғау көп жағдайда, қазір шетелде тұратын бес миллион отандасымыздың ресурсын (әсіресе, оның ішінде жастарды, әсіресе болашақта) тарту мен пайдалануға байланысты болатынын түсінуге тиіс. Сондықтан да біздің Республикамыз халықаралық стандарттар мен міндеттемелер негізінде, халқымызды біріктіруге қажетті жоспарларды әзірлеуге және іске асыруға тиіс.

Қазақстан бұрынғы КСРО-ның басқа одақтас республикаларына қарағанда отаршыл басқыншылыққа көбірек ұшырады. Қазақ халқы бұрынғы КСРО-ның басқа халықтарына қарағанда тоталитарлық сталиндік режимнен көбірек зардап шекті. Сондықтан да бізде қуғын-сүргін ауқымы мен құрбандар санатының жан басына шаққандағы саны басқа республикаларға қарағанда көбірек.

Мысалы, өткен 20-шы ғасырды ғана алып қарар болсақ, қазақ жері мен оның көпұлтты халқы бірнеше рет отаршыл-тоталитарлық саясаттың құрбанына айналды. Осы саясаттың кейбір тұстары мен фактілерін келтіре кетейік:

- өткен ғасырдың басында Столыпиннің орталық Ресей аудандарынан жерсіз шаруаларды Қазақстанның құнарлы жайылымы мен егістік жерлеріне қоныс аудартуы және жергілікті халықпен араға от жағып, қолдан өшіктіру туғызу, сондай-ақ әскери-жазалаушы жасақтар мен казактардың қарулы жасақтарын пайдалана отырып, наразылықтарды күшпен басу және байырғы халықты қуғын-сүргінге салу;

 - Қазақстанға сырттан әкелінген азаматтық соғыс пен жаппай кеңестендіру, 20-шы жылдардың басындағы аштыққа әкеп соқтырған қазақ халқының дәстүрлі өмір салтын, санасы мен тұрмыс-тіршілігін бұзу;

- бай-кулактарды қудалап, мүлкін тәркілеуге және ұжымдастыруға, сондай-ақ діндарларды қуғын-сүргінге салуға қарсы Қазақстандағы жүздеген шаруалар көтерілістерін күштеп басып-жаншу, оларға қатысушыларға жазалау шараларын қолдану және қуғындау;

- 30-шы жылдардың басында билік қолдан жасаған, қазақ халқының жартысын жалмаған, бұрын-сонды болмаған аштық;

- Қазақстанның барлық өңірлерінде қанат жайған «Алаш» қозғалысына (партиясына) және «Алаш Орда» Үкіметіне біріккен қазақтың бетке ұстар, жоғары білімді, прогресшіл зиялы қауымын қуғын-сүргінге салып, көзін жою. «Алаш Орда» партиясының қатардағы мүшелері, облыстар мен аудандардағы филиалдарында қызмет еткен адамдар, әскери бөлімдерінің сарбаздары әлі күнге дейін ақталған жоқ.

- Хрущевтің тың жерлерді игеру деген желеумен Қазақстанға Ресейден, Украинадан миллиондаған адамды авантюралық жолмен жаппай қоныс аудартуы қазақтарды өз тарихи Отанында «ұлттық азшылыққа» айналдырып, содан туындайтын салдарларға ұшыратты. Бүгінгі күні біз Еуропаның барлық елдері бар-жоғы 2-3 миллион босқынды қабылдай алмай, қабылдағысы келмей отырғанын және бұл ретте қандай проблемалар туындайтынын байқап отырмыз;

- Қазақстанның орталығында ашық ядролық жарылыстар жасау салдарынан ғасырлар бойы жеріміз бен халқымыз жаппай уланды;

- «халықтар достығының зертханасы» деген желеумен қазақ халқын тарихи мұрасынан, тілінен, мәдени және рухани құндылықтарынан бірте-бірте айыру, қазақ мектептерін жабу және т.б.

Қазақстанға да өз кесірін тигізген «бүкілодақтық» сталиндік қуғын-сүргін мен екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын да осыған қосуға болады. Мысалы, біз әліге дейін кеңес қолбасшылығының кінәсі мен жол берген қателіктері салдарынан тұтқынға түскен ондаған мың қазақстандықтың ардақты аты мен естелігін ақтау және қалпына келтіру ісін қолға алған жоқпыз, өйткені орын алған тарихи мән-жайлар мен құқықтық жағдайларға бұрынғы одақтас республикалар секілді, халықаралық стандарттар бойынша және егеменді Қазақстанның ұстанымы тұрғысынан объективті баға бергіміз келмейді.   

Ресейлік және басқа да ғалымдар мен мамандар Сталиннің қарулы күштер басшылығында жол берген саяси және ұйымдастырушылық-тактикалық қателіктері, соғыс алдында нағыз әрі талантты әскери қолбасшыларды көптеп қырып-жойғаны және қамауға алғаны, Қызыл Армияның аса мүшкіл жағдайы, жауға қарсы тұруға қажетті әскери техниканың болмағаны, алдыңғы шепте ұйымдастыру ісі толықтай ақсап, моральдық жігерлендіру жасалмағаны, әскерлерді үйлестіру мен тиісінше басқарудың болмағаны жөнінде көп жазды. Бұл жағдайда ондаған және жүздеген мың кеңес жауынгерлерінің жаппай тұтқынға түсуі алдын ала шешілген әрі қашып құтылуға болмайтын жағдай болды. Сталиннің адамгершілікке жат әрі құйтырқы саясатының мәні мынада – ол өзінің осы және басқа да қателіктері мен қылмыстарын жасыру мақсатында барлық тұтқындарды Отанын сатқан, халық жауы деп жариялады. Cөйтіп, бәрі қарапайым жолмен шешіле қойды: егер тұтқындар сатқын әрі жау болса, олардың тұтқынға түсу себебін анықтау да қажет емес.

Олардың арасында, әрине, «Түркістан легионына» өз еркінен тыс тап болған қазақтар мен қазақстандықтардың қасіретті тағдыры да бар. Олар тірі қалып, өз өмірін сақтау мақсатында ғана сол жерде уақытша болды. Әрине, бұл қазақстандық әскери тұтқындар Қазақстанның тәуелсіздігі жолында күрескен күрескерлер емес және біз оларды Отанымыздың батырлары деп есептеуге ниетті емеспіз. Бірақ оларды халық жауы және сатқын деп атауға да болмайды. Олар Қазақстанды сатқан жоқ. Іс жүзінде алғанда, кеңес үкіметінің өзі әскери тұтқындардың құқықтарын айқындайтын Гаага (1889, 1907 жж.) және Женева (1929 ж.) конвенцияларын танудан бас тартып, өз әскери тұтқындарына сатқындық жасады.

Түптеп келгенде, жиырмасыншы ғасырда Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен басты күрескерлердің бірі, әйгілі Мұстафа Шоқайдың қоғамдық-саяси және ғылыми қызметіне, жан-жақты зерттегеннен кейін, халықаралық стандарттар бойынша объективті және әділ баға беру керек. Бұл үшін оның барлық еңбектерін жарыққа шығару және зерделеу, оның сталинизммен ұзаққа созылған және жүйелі күресінің барлық мән-жайларын, сондай-ақ оның өмірінің бар-жоғы 5 айы ішінде (1941 жылдың шілде-желтоқсаны аралығында) фашистік Германия басшылығымен «ынтымақтасуы» деп аталатынның мән-жайы мен уәждемесін зерттеу қажет.

Парламент депутаты болған кезімде жұмысын өзім басқарған, жоғарыда аталған Сенат комиссиясында өз халқы мен Қазақстанның мүддесі үшін күрескен әйгілі әрі қағидатшыл күрескер ретіндегі М. Шоқай жиырмасыншы ғасырдағы ең қанқұйлы екі саяси жүйенің: Сталиннің диктаторлық-қуғын-сүргіншіл режимі мен Гитлердің адамға жау, фашистік режимінің бір мезгілде жала жабуы мен айла-шарғы жасауының құрбаны және объектісі болды деп айтуға мүмкіндік беретін материалдар мен дәлелдемелер жиналды.

Фактілерге жасалған объективті талдау оның басты мақсат – қазақстандық әскери тұтқындардың, Түркістаннан шыққан адамдардың, сондай-ақ Кеңес Одағынан шыққан әскери тұтқындардың өмірін сақтап қалу, қамауда ұсталу жағдайларын жеңілтету мақсатында ғана Германия басшылығымен келіссөздерге кіріскенін көрсетеді. М. Шоқайдың әскери тұтқындарға қатысты қызметінің шынайы мән-жайына оның замандастары, сондай-ақ ол іс жүзінде арасында әртүрлі ұлт өкілдері: татарлар, буряттар, грузиндер, қалмақтар болған мыңдаған адамды ажалдан құтқарып қалды деп көрсеткен концлагерьлердің бұрынғы тұтқындары баға берді. Бұл жерде бір мәселе анық: М. Шоқай өз отаны – Қазақстанды, өз туған халқын ешқашан да, ешбір жағдайда да сатпады. Ал қалғанының бәрі – оған кір келтіру және күйе жағу мақсатында арнайы қызметтердің жала жабуы мен қудалауының және қылмыскер саяси режимдер жүргізген насихаттың тәсілдері.  

Шоқайтанушылар оны сатқын және фашистермен «ынтымақтасты» деп негізсіз және дәлелсіз айыптайтын кітаптар мен мақалалардың авторлары КСРО МҚК-ның тапсырыстарын орындаушылар немесе Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігінің қас дұшпаны болып табылады деп түйіндейді. Дүниетанымдық тұрғыдан алғанда, бұл адамдар біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының азат әрі тәуелсіз тіршілік құруын қабылдай алмайды, сондықтан да олар әрдайым осы идеалдарды ту тұтқан патриоттарды қаралап, күйе жағуын тоқтатпайды. Олар М. Шоқайды, мысалы, қолына қару алып, кеңес әскеріне қарсы соғысқан генерал Власовпен немесе Бандерамен бір қатарға қойғысы келеді.

 М. Шоқайдың өздерімен ынтымақтасып, берген тапсырмаларын орындамайтынына көзі жеткен фашистік Германия басшылығы құпия түрде оның көзін құрту туралы шешім қабылдағанын айғақтайтын дәлелдемелер бар, өйткені М. Шоқай ұсынған талаптар мен оның әскери тұтқындар мен түркі халықтары арасында әйгілі болуы фашистердің өз жоспарларын іске асыруына кедергі келтірді. Сондықтан да оның өмірлік серігі – зайыбы Мария Горина мен жақын-жуық адамдары көрсеткендей, ол 1941 жылғы 27 желтоқсанда неміс ауруханасында у беріп өлтірілді, ал «Түркістан легионы» болса, 1942 жылдың ақпанында құрылды. Осының барлығы және басқа да мән-жайлар мен фактілер әділ әрі түпкілікті шешім қабылдай отырып, жоғары ғылыми және мемлекеттік деңгейде объективті және кешенді түрде зерттелуге тиіс.

Қазақстан саяси, идеологиялық, ақпараттық және рухани салаларда басқа бұрынғы одақтас республикалармен салыстырғанда сыртқы әсерге, отарландыру мен орыстандыруға барынша көбірек ұшырап, ұлттық құндылықтарынан көбірек айырылды, ұлттық санасы да көбірек өзгертіліп, тілі мен ұлттық бірдейлігін де көбірек жоғалтты. Сондықтан да біз тәуелсіздік алғаннан кейін халқымызды мәңгүрттендіру процесін тоқтату және халықаралық стандарттар мен қағидаттарға сәйкес халықтық-демократиялық құндылықтарды қайта түлетуді бастау үшін отарсыздандыру мен сталинсіздендірудің арнайы мемлекеттік бағдарламасын қабылдауды ұсындық.  

Қазақстанда орталық отаршыл-тоталитарлық билік секілді саясатқа, сондай-ақ олардың жергілікті қазақстандық қуыршақ құйыршықтарына қарсы күрескен, бірнеше ғасыр бойы жүйелі түрде қудалауға ұшыраған патриоттар басқа жерлерге қарағанда көбірек. Олар қоғамнан аластатылған адамдарға айналдырылып, ұлттық қана емес, азаматтық құқықтарынан да айырылды. Халқының азаттығы үшін күрескен қайсар жандардың бірнеше ұрпағы «қылмыскер», «бандит», «бандылық құралымға қатысушы», «халықтар достығының жауы», «буржуазиялық ұлтшыл», «кеңеске қарсы шықты», «пантүркист», «шетелдік шпион» деген және т.б. қара күйе жағылып, көз жұмды. Мысалы, 1929 жылы Торғайда орын алған Батбаққара көтерілісіне қатысқан, «бандылық құралымның мүшелері» деп аталып, сотталған 500 адамның бар болғаны 3-уі ғана ақталды.

Осындай жантүршігерлік құрбандарға, мемлекеттік қудалау мен қуғын-сүргінге қарамастан, елімізде жер үшін, Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен нағыз күрескерлер болған және бола береді. Қазақ халқының озық өкілдері 5-6 ғасыр бойы өңір, ауыл ауқымында бірігіп, кейде топтасып, кейде жеке жүріп, туған халқының мүддесі мен өз жерін қорғау жолында күресті. 

Өкінішке орай, архивтер мен дамыған жазу-сызудың болмауы, сондай-ақ қуғын-сүргін, саяси режимдер салған тыйым салдарынан олардың ерлігі мен аты-жөні астыртын ғана айтылып, бірте-бірте тарих қойнауына сүңгіп, ұмытыла бастады. Сондықтан да олардың әрбір ерлігін, әрбір наразылығын әрекет немесе сөз арқылы қайта жаңғыртып, объективті түрде бағалау біздің перзенттік, азаматтық және моральдық борышымыз. Біз үшін және кейінгі ұрпақтар үшін баға жетпес ақпаратқа ие адамдар тірі тұрған кезде жоғарыда айтылған күрескерлер туралы мәліметтерді титімдей болса да тірнектеп жинау аса маңызды әрі өте қажет іс.

Мысалы, тарихшылардың деректері бойынша, өткен ғасырдың 20 – 30-шы жылдарының өзінде кеңес билігінің Қазақстанда халыққа қарсы жүргізген саясатына наразы болған халықтың бас көтеруі 350-ден астам көтеріліс ұйымдастыру мен оған қатысудан көрініс тапты. Біздің бұқаралық ақпарат көздерінде олардың кейбірі ғана жазып-көрсетілді, көтерілістерге барлық қатысушылар жазалау шаралары мен қуғын-сүргінге ұшыратылғанына қарамастан, олардың басшылары ғана аталып жүр. Осы көтерілістердің себептерін, құрамын, мақсаттары мен ұрандарын біздің ғылыми мекемелер мен ғалымдарымыздың зерделеп, талдауы көңіл көншітпейді, өйткені мемлекет немесе демеушілер мұндай зерттеулерді қаржыландырмайды. Тек патриот-ғалымдар ғана өз күшіне сүйеніп, өз уақытын, қаражаты мен денсаулығын жұмсап, мемлекеттік идеологиямыздағы осы олқылықтың орнын толтыруға тырысып жүр.

«Алаш Орда» партиясы мен үкіметінің қызметін неғұрлым тереңірек зерделеу мен талдау біздің осы халықтық қозғалыстың бірнеше ондаған басшыларын ғана ақтап, олардың ардақты атын халыққа қайтарғанымызды көрсетті, ал оның халқымыз бен Отанымыздың мүддесі үшін солар секілді күресіп, саяси қуғын-сүргіннің алуантүрлі нысандарына ұшыраған ондаған мың өңірлік қайраткерлерінің, қатардағы мүшелерінің жеке басы мен ерлік істерін біз әлі күнге дейін ақтап алған жоқпыз. Осы адамдар өмір сүрген және жұмыс істеген жерлердегі жұртшылық, әсіресе олардың ұрпақтары осыны өтініп, осыны асыға күтіп отыр.  

Тағы да бір рет назар аудартқым келіп отырған бір мәселе, Қазақстанда орын алған алуан түрлі, заңды және заңсыз операциялар мен қуғын-сүргіндердің салдарларына арнайы жасалған талдау ел өмірінің барлық дерлік салалары мен өңірлерінде Отанымыздың азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендер ғана қырып-жоюға, түрмеге отырғызуға, Қазақстаннан тысқары жерлерге қудалауға басқалардан гөрі көбірек ұшырап, «халық жауы» болып көбірек жарияланғанын, өз жерінде өздері аластатылғанын, мемлекеттік қудалаудың барынша қатал әрі ұзаққа созылатын басқа да нысандары мен тәсілдеріне ұшыратылғанын көрсетті. Осыны біліп қана қоймай, бұл адамдарды ақтап алу жөнінде қажетті шаралар қабылдау қажет. Бұл оларға қажет емес. Бұл тәуелсіздігімізге қандай бағамен қол жеткізілгенін білу үшін бізге қажет әрі біз үшін маңызды.

Сонымен қатар, біз әлі Қазақстандағы қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарын құқықтық (қылмыстық, азаматтық, әкімшілік) тәртіппен ақтап алған жоқпыз. Кезінде Жоғарғы Кеңес қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» (1993 ж.) заң негізінен алғанда  Ресейдің осыған ұқсас заңынан көшіріп алынды. Ол Ресейде жүргізілмеген және болуы да мүмкін емес әртүрлі жазалау және қуғын-сүргін науқандарынан Қазақстанда құрбан болғандар мен жапа шеккендердің барлық санаттарын түгелдей қамтымайды және оларға қолданылмайды.

Мысалы, казактар қауымының Қазақстанда не тындырып, не бүлдіргені әлі күнге дейін жан-жақты әрі терең зерделенген жоқ. Мен өзімнің сөздерім мен жарияланымдарымда қазіргі казактар қауымы тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық өміріне толықтай араласып кетсе екен деп айтып та, жазып та жүрмін, олар патша империясы жергілікті қазақ халқына қарсы әскери-отаршыл күш ретінде пайдаланған ата-бабаларының рөлі мен қасіретті мұрасын жариялы түрде айыптап, одан бас тартуға тиіс.  

Өкінішке орай, жалпы алғанда, бізде қоғамдық ғылым, оның ішінде тарих ғылымы бодандық сипаттан арылмағанын, бұрынғы доктриналар мен догмалар әлі толықтай еңсерілмегенін атап өтуге тура келеді. Патриоттар мен құқық қорғаушылар теориялық тұрғыдан алғанда өте әлсіз әрі олардың мүмкіндігі де шектеулі. Бұл, әрине, олардың кінәсінен ғана болып отырған жоқ.

(Жалғасы бар)

Сабыр Қасымов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377