Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Мәйекті 7228 0 пікір 31 Қаңтар, 2017 сағат 10:24

ЗИЯТ ШӘКӘРІМҰЛЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ

Қытайдағы қандастарымыз ұлттық  мәдениетіміз бен  әдебиетімізге өзіндік үлестерін қосып жүрген азаматтар аз емес. Солардың бір  Алтай  аймағының 1994-2002 жылдары білім департаментінің  бастығының міндетін атқарған, Алаштың ардагер азаматтарының бірі,ағартушы-педагог, қоғам қайраткері, Қытай Халық Республикасы білім саласының мемлекеттік Еңбек Ері Секен Құсайынұлы. Ол кісі қызмет жасаған жылдары  Алтай аймағында білім ағарту, мәдениет саласында  елеулі жұмыстар істегенін ел жақсы біледі.  

Өзі басшылық жасаған жылдарда  ұжым  мамандарын  ұйымдастырып, «Алтай аймағының  оқу-ағарту шежіресі» атты көлемді кітапты баспадан шығаруы да зор еңбек. Басылымда   аймақта  оқу-ағарту саласында   ұлтты үшін   айырықша  еңбек сіңіргендер қамтылып, оны көпшілікке танытты. Солардың ішінде «Құнанбай ұрпақтарының Қытайдағы деректері» деген  бөлімінде Алтай аймағының ағарту саласында еңбегі сіңген Зият Шәкәрімұлы туралы да тың  деректер кірген. Зият көрнекті ақын,  ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының кенже  баласы.  Абай мен әкесі Шәкәрімнен тәлім-тәрбие  алған Зияттың өз қатарынан озық шыққандығы кітапта баяндалған. Әкесі Шәкәрімнің кеңес өкіметінің қудалау саясатына ұшыраған 1928-1931 жылдары қиын жағдайға  тап болғанда   Зияттың болашағын ойлап, Қытай жеріне жіберуді шешкен.  Бұл туралы  кітапта жазылған, - дейді  Астанадағы Л.Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университетінің Туризм  және география ғылыми зерттеу институтының директоры, география ғылымдарының докторы Адай Секенұлы. Сонымен  Шәкәрімнің  баласы Зият қалай Қытайға өткен?.

«1931 жылы қазан айының бір күнінде  Шәкәрім жанында Идаят, Ғылымбай деген жолдастары және кенже ұлы Зият төртеуі Шақпақтастағы қорасынан «Кереге тас» деген жерге аттанды. Осы сапарға аттанар алдында Идаят пен Ғылымбайға Шәкәрім былай дейді: «Мен көп ойландым, барар жер, басар тау қалмапты, тіпті өлер шағымның таяғанын да аңғармай қалыппын. Ендігі байлауым Қытайға өтетіндерге Зиятты қосып жібермекпін. Ондағы ойым, менің өлімімді ол, оның өлімін мен көрмеймін дегенім ғой» депті. Міне,  осы сапарда Зият елмен-жұртымен қоштасып, Қытайға кетуге мәжбүр болған. Әкесінің бар қолжазбаларын да бірге әкеткен екен.  Зияттың өмірі Қытай жеріне барғанда оңай болмайды,   көп қиыншылық көріп, әкесінің өлімін естиді. Басына түскен қайғы-қасіретін өлең арқылы қағазға түсіреді.  Әкесіне арнап, Шәуешек қаласында «Сілбе» деген дастан жазады. 

Жастайынан зерек,  сауатты жігіт 1934  жылы Шығыс Түркістандағы Сарысүмбе қаласында қысқа мерізімді  оқытушылар курсын бітіріп,  Алтай аймағының оқу-ағарту бөлімінде қызмет істейді. Зият та ағасы Ахай сияқты зерделі, үлкен парасатты болып өседі. Қытай қазақтары арасында  танылады. Және де шекара асып келгендердің арасында Шәкәрім қажыны танитындар да Зиятқа қол ұшын береді.  Ол әкесінің мұрасын насихаттап,  өзі де өлең жазып, ән шығарған. Ел ішінде ағарту саласында белсендік танытып,   ойын-сауық істерін жолға қоюмен шұғылданады.  

Аюбай, Үкірдай деген атпен аймақта тұңғыш рет  пьеса жазып, оны Сарысүмбеде сахнаға қойғызады. Туынды  надан байлардың дөрекелігі мен зорлық-зомбылығын әшкерелейді. Бұдан дейін жастарды ғылым мен білімге үндеу мақсатына арналған "Шал мен баланың айтысы" атты пьесанында сахнаға қойған.  Сондай-ақ мұнда қызмет істеп жүріп, режиссер  ретінде «Қарагөз», «Шұға»,  «Қалқаман мен Мамыр», «Жалбыр»  сияқты пьесаларды сахнаға шығарады.  Абайдың, Шәкәрімнің өлеңдері мен шығармаларын халық арасына кеңінен насихаттайды.  Мектеп оқушыларына Абай мен Шәкәрім әндерін үйретуге ерекше назар аударады. Бұдан да басқа қазақ ақындарының өлеңдерінен мектеп оқушыларына,  жататып айтқызуды да халық арасында ұйымдастырып  ұйтқы  болыпты.

Зият 1935 жылы қазіргі Шыңжаң  ұйғыр автономиялы районының орталығы Үрімжі қаласындағы қазақ-қырғыз ағарту ұйымының ойын-сауық меңгерушісі және Шынжаң газетінің қазақ редакциясының әдебиет бөлімін басқарады. Мамыр төңкерісіне арналған әнұранды Мұқаш Жәкеұлымен  бірлесе отырып, қазақ тілінде аударып жастарға кеңінен таратты.  Сонымен қатар бір талай лирикалық өлеңдер жазып, ақындығымен де танылады. 

1937 жылы Зият қазақтың сол кездегі бірталай  зиялыларымен бірге Шынжаңдағы Сталинмен ауыз жаласқан  Шың  Шысай үкіметі жағынан тұтқындалып, содан қайта оралмайды. Бір деректерге қарағанда ол  1937 жылы Үрімжіде атылды десе, енді бір деректерде 1940 жылы Үрімжі қаласының шығысындағы Саяпыл көлінің жағасында тірідей көмілді (Кәрім Әкрами) деген сөз бар.

Зияттың өзіне тән үлкен бір қасиеті өте зеректілігі. Қажының барлық  өлеңдері мен шығармаларын жатқа айтатындығы жазылған. Ол тұтқындалған кезде жазған өлеңдері мен кітаптарын өзімен бірге алып кеткен деген сөз бар. Жинаққа Зияттың бірнеше өлеңдері мен әндері кірген.

Секен Құсайынұлы 

 

Біз Зият Шәкәрімұлының бірнеше өлеңін оқырман назарына ұсынамыз

 

Әкеме

Қажы еді әкем кәрі шал,

Жетіпіс үште жасы бар.

                                    Анық жеміс алғанға,

Шөлдеген жанға еді бал.

 

Сүйегі қалды қиырда-ай,

Басыңа халық жиылмай.

Туысқан, бауыр, балаңнан,

Топырақ қолдан бұйырмай.

 

Алланың пұлдап қағазын,

Өзгермей өткен сабазым.

Міндетін танып жөн көрген,

                                Ораза екен, намазын.

 

Бейсенбі күні өттің бе,

Шейіттік жолға жеттің бе.

Айырылман деген әкешім,

Шынымен тастап кеттің бе.

 

Жиырма сегіз жасымда,

Жалғанның көрдім тарлығын.

Қайғыны салдың басыма,

                                Ең ауырын барлығын.

 

Әкешім сізді сағындым,

Ойласам естен жаңылдым.

                                Жас өмірді сөндіріп,

Тағдыр-ау саған не қылдым.

 

Асқар белім, биігім,

Қайғының тарттым күйігін.

                                 Қайғы билеп әкетті,

                                 Көтере алмай иығым.

 

                                 Паналаушы едім саяңды,

                                 Опасыз өмір таянды.

                                 Жүректегі зар-мұңым,

                                 Бір өзіңе аянды.

 

Ұлы едім

(әні бар)

                           Ұлы едім Шәкәрімнің Зият деген,

Ән айтқан бала жастан қияқпенен.

                            Әкенің тәрбиесі сіңіп бойға,

Қиянат жанға жасау ұят деген.

Қайырмасы;

Осыны ұстап өтемін,

Шыңғыстау еді мекенім.

Зұлымның түсіп торына,

Тас түрме болды төсегім.

 

Дінсіздер адамдарды арандатты,

Қылышын, қол шоқпарын жалаңдатты.

Алдамшы саясаттан тозы тоқып,

Зынданға зиялыны тамам жапты.

Қайырмасы;

Жатырмыз Үрімшінің түрмесінде,

                           Өңкей қу екі елден бірлесуде.

Ақылды азаматтар тұтқын болып,

                          Азапты аянышты күн кешуде.

Орнымынан зорға тұрдым сыз өтіп бір,

Тайсалмай Таңжарықта жыр етіп жүр.

Мәскеуден қаруланған тыңшысын- ай,

Орыстың әскерлері күзетіп тұр.

Десекте қайырымды жапа көрмес,

Опалы тар кезеңде болды жерлес.

Өз халқын зар илеткен большевиктер,

Ешікімге олар түбі опа бермес.

Сөзі бар жолдас деген тасырлаған,

Арнаға адамшылық бас ұрмаған.

Дегені қара таяқ қарғыс атқан,

    Тарихтан дым білмейтін тақыр надан.

Кім қалай зұлымдықты жасырады,

                          Әзірше олар дегенің  асырады.

Әлемнің тарихы егер анық болса,

Бар сыры большевиктің ашылады.

                          Өзінің қуат алып үміттен,

Бойымды байқап санап жүрісінен.

Сарқылмас сәлемімді жеткізер деп,

Қызайдың бердім жазып жігітінен,

Шүкірлік айырылмайтын ұятымнан,

Өмірдің жүрсем дағы қиясынан.

Сәлем де көзі ашық күллі адамға,

Ұлы бұл Шәкәрімнің Зиятынан.

 

Қоштасу

(әні бар)

          Қош болған атамекен қайран Шыңғыс,

         Тұсты ауыр ел басына не бір мұңлы іс.

          Жосылдық Шәуешекке атты жаяу,

           Көзіме жас толғаны менің тұңғыш.

Қайырмасы:

Көрдік зұлым жәбірін,

Кетті содан сабырым.

Құшақтадым қоштасып,

Бабалардың қабырын.

           Найман ел құда, туыс бауырымыз,

           Іргелес қонатұғын ауылымыз.

           Түнеріп түн жамылып үрке көштік,

           Болған соң әділетсіз дауырымыз.

Қайырмасы:

          Заңына тіршіліктің бағынармын,

          Сұмпайы суайтыққа табынар кім.

          Жүрсем де шалқып басып жер бетінде,

         Туған жер сені тынбай сағынармын.

Дайындаған Жексен Алпартегі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1974