ӘЗИЯ МАҒЫПЕР. ҚАРАҢҒЫЛЫҚ ШЫРҚЫН АЛҒАН СӘУЛЕЛЕР
Қара түннен қазып алсам мың үлгі,
Мұғжиза қып жазар едім жырымды.
Қараңғылық шырқын алған сәулелер,
Шыр-пыр болып қолтығыма тығылды.
Қолтығыма тұрды да аз кем жабысып,
Кеңістікке кете берді жаны ұшып.
Дәл сол сәтте безілдеді телефон,
Әлгі жігіт алған екен тағы ішіп.
Саған ғашық екенмін деп тұр жылап,
Жыламайды, түксиеді түн бірақ
Шарап сыйға тарту еткен күшімен,
Қара түнді қақ айырмақ ұрғылап.
Түн мен жігіт жақындасып қара рең,
Қақыратты қабырғамды зарымен
Сәулелердің рухы кетті жаны ұшып,
Жараланған іздеп жүрдім жаныма ем.
Сәулелерге келетіндер ергісі,
Болмайды деу күнә шығар жерде ісі.
Қараңғылық батылдыққа бастаса,
Жарық дүние ар-ұяттың белгісі,
Жылай ма екен, ер кісі?
***
Түн мені әбден айналдырып қылжаққа,
Ұйқылы-ояу отырғызды ырғаққа
Ұйпа-тұйпа үстімде ұйқы киіммен,
Қыдыруға шақырады бір жаққа.
Бармай тұрып бір жаққа,
Бояп қара түнді аққа
Ақ параққа салсам сенің бейнеңді,
Тұрар еді қымбатқа.
Тәкаппарлау тауды салсам бейнеңе,
Таңның аппақ нұрын жақсам жейдеңе
Түнге ертіп жібергенше түнерген,
Өзіңе ертіп әкетпейсің, ей, неге?
Бару үшін мұндай батыл қадамға,
Оңай тиді-ғой дейсің бе маған да
Уақытында уысыңа түспесе,
Бақытың да, қажет емес бағаң да.
***
Пенделерді кетпеу үшін жек көріп,
Өзімді-өзім өтірікке көп теліп
Шыдам дейтін шығырыққа байландым,
Сүйек сыздап бара жатыр, ет те өліп.
Пенделерге кетпеу үшін өшігіп,
Күш шығардым күлуге де өтірік
Берер жерге безек қағып жетем де,
Алар жерден қалып жүрем кешігіп.
Пенделермен кетпеу үшін жауласып,
Мадақ айттым аруағын да аунатып
Қаран қалғыр қашып мынау қаладан,
Жаяу жалпы кеткім келеді тауды асып.
Пенделерден кетпеу үшін бөлініп,
Ақылды емес, ақшалы боп көрініп
Жүрем үнсіз, тұрады асқақ кеудемде,
Көктем ән сап, бұлақ күліп, бөрі ұлып.
Жерден тауып жеп жүрегін соң несібе,
Дейтін әкем: тарыласың несіне?
Көгалды кеп таптап тұрса көргенсіз,
Тартынбастан тартып жібер бетіне
Сол қолыма ара түсіп оң қолым,
Әке әмірін атқармаған сорлы едім
Көзімнен нұр, сөзімнен сөл жоғалып,
Шөлдедім,
Мен де пендемін......
***
Керек шығар кейуана түнге де ермек,
Іргеме кіріп алады ирелеңдеп
Түнмен болған сорақы керісімді,
Жазсам татып кетеді тілге кермек.
Түн мазамды алғанда қылжалақтап,
Нұрға ауады аңсарым тұнған аппақ
Табысымды түн таптап табанына,
Намысыма қол созар тұрған асқақ.
«-Еркіме қол создың ба енді есерім,
Жағаңа жармасайын мен де сенің
Бар мен жоғың пара-пар нөлге сенің»
Бермеуге намысымды белдесемін.
Өлі түн, өлі жүрек, өлі сезім,
Нөлге тең дүниеден не күтемін?
Шырқым кетіп шырылдап шырақ жағып,
Өзеуреген сәулемен өбісемін.
Түн қарап тереземнен түкірінген,
Сызамын сиықсыздау пішінін мен
Сызғанымның қасында біреу тұрады,
Ішінде мысық өліп, күшік үрген.
Тамырым, тармағым да, тағдырым да,
Екенін енді білдім таң нұрында
Кетейін сәулелердің жетегінде,
Жететін өлең жазып бар ғұмырда.
***
Ештеңені көрсетпейді көк түтін,
Көрінбейсің бұл қалада жоқпысың.
Ештеңені көрсетпейді көк түтін,
Қала заңы - қасында ұстап ессізін.
Сыртқа жұмсап жібереді естісін.
Көрінбейсің, бұл қалада бармысың?
Көше кезіп көп іздеді зар кісің.
Қала заңы-ақымағын айна етіп,
Көзден, тілден таса ұстайды арлысын.
Әй, бар болсаң бір көрініп қалар ең,
Тарыдайын тар әлем
Сан ғасырды кеудесіне таңбалап,
Балағынан шынжырлаулы кәрі емен.
Қаперінде ештеңе жоқ кәрі емен,
Қаперсіздеу көрер көзге және мен
Тірлік үшін тырбанған топ ішінде,
Саған арнап ойлап келем жаңа өлең.
Қалаға елес келе ме бұлтқа ілесіп
Тұла бойы тұншығып жауынға,
Қала тұр қара түннің қармағында
Әне сенің елесің сенделіп жүр,
Бақыт дейтін көшенің ар жағында.
Қалаға елес келе ме бұлтқа ілесіп,
Жаңбыр суы тимепті үстіңе түк
Кәрі емен тұр қаперсіз жол шетінде,
Бұйыра бұтақтарына құс түнетіп.
Кәрі еменнің қалада орны өзгеше,
Сөлекет болмас қоссам сөзге ендеше.
Талай ғашық табысып саясында,
Бір-бірінен талайлар безген кеше.
Куліп тұр ма, шырақтар жылап тұр ма?
Батты деуге болмайды бірақ мұңға
Көшелердің жүздері көлкілдейді,
Нұр астында.
Жаусын жаңбыр, қаланың шаңы кетсін,
Жаңбыр мәтін түсінбес мәнін ешкім.
Елес қала, жол, шырақ, ғимараттар,
Құшағында табысты бәрі кештің.
Елес жұрдай қаланың хал-жайынан,
Жаңбыр ұрды гүлдердің маңдайынан.
Базары жоқ көшеден ұйқы қашып,
Ертең айтуды ойлайды қандай ұран?
Жаңбыры көп өлкенің шөбі өлермен,
Уақытты керіге шегер ме ем?
Сығымдаймын, көзімді, сыбырлаймын,
Сығырайып сырт жаққа тереземнен .
Жалғыздардың ұйқысыз тұрағынан,
Жауап ізде шешімсіз сұрағыңа.
Ақ жауынның әуені әсем бір ән,
Есті жанның кетпейтін құлағынан.
***
Мендейлердің табатын тірлігі мән,
Әулиеге ән дейтін құлдық ұрам.
Шырт ұйқыдан оятып қала түнін,
Шырқайтынды шығардым мұңлы бір ән.
Көшедегі сол әнді тыңдап жатып,
Ұйықтаймын білегіме сырғам батып.
Сезінемін қасыңда жүргендей-ақ,
Бұрымымды, үкімді бұлғаңдатып.
Жәудірейсің маған бір, шыраққа бір,
Шым-шытырық шырмалып сұраққа кіл.
Еркем деуге ебдейсіз еріндерім,
Кемсеңдеуге болмайды бірақ қазір.
Себебі, ән жылаған,
Сыйла Тәңір құсы әнші таңды маған
Алғым келед сағаттың сақалынан,
Жүрісі мандымаған.
Таусылмайды бұлай жүдеп,
Әнсіз қайтіп әлемге шырай кіред?
Өзің айтып жүруші ең баяғыда,
Бұлбұл ән сап, байғұздар жылайды деп.
Енді әнді қой, көшейік әңгімеге,
Сызат түсті сырқатпын жан жүйеме.
Жылау керек болса егер мен жылайын,
Жылаттың әнді неге?
Әзия Мағыпер – ақын, жазушы, Шыңжаң жазушылар одағының мүшесі. Қазақ-қырғыз әдебиетіне арналған «Дүлдүл» сыйлығының иегері.
Әзия Мағыперқызы 1964 жылы ҚХР Алтай аймағы Буыршын ауданының Қалутон деген жерінд дүниеге келген. 1992 жылдан бстап қолына қалам ұстап, шығармашылықпен шұғылданған.
«Жалғыз қайың», «Қыздың жанын аяла», «Қасиет ізде ғаламнан», «Қызыл жапырақ – қыз ғұмыр» қатарлы жыр жинақтары мен «Саятерек» атты шағын әңгіме, шалқымалар жинағының авторы. «Нәр ағаштың саясы» атты жинаққа «Көп болды көктем келгелі» қатарлы бірнеше өлеңі қытай тіліне аударылып жарық көрді.
Abai.kz