Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Қоғам 6350 0 пікір 27 Қаңтар, 2017 сағат 10:50

«БОЛАМЫЗ БА...» немесе ӨЗЕКТІ СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП

«Қазақ өркениетіндегі ұлт және ұрпақ» айдарымен шыққан мақала сайтта беске бөлініп берілді.

Мақалаға ой-пікір білдіріп, ондағы көтерілген мәселелерді жетілдіру мақсатында өз үлестерін қосып жатқан ардақты ағамыз, проф. С.Ғаббасов, Б. Жүгінісов, Р.Бейсенбайтегі, О.Мамырбай т.б. ағайындарға алғысымды білдіремін. Бірақ, бір өкініштісі сол пікір жазып жатқандардың көпшілігі Калбит, Шала қазақ, Қазақбай, Дүдәмал, Ақылшы, Адайшал, Қотырбай, Шындық, Пікір, Алжыған есалаң... сияқты, қазақ малы мен итіне қоймайтын аттарды иеленгендер. Қазақтың бетке ұстар сайты осындай болса, басқаларынан не күтеміз?! Осындай ортадан шыққан биліктегілердің, мемлекеттің орден, медальдарын «қыран», «барыс» т.б. жабайы тайпалардағыдай аң-құстың атымен атауларына ренжудің өзі және «осындай контигенттің алдында өркениет мәселесін көтеру» әбестік сияқты болып көрінеді. Ал, мақаладағы талқылауларға төмендегідей шолу жасауды жөн көрдік.

Мақаланың негізгі арқауы, - қазақ ұлты (нация) негізінде, «Бір тіл, бір дін, бір мораль, бір мемлекетке» ұстанымдарына негізделген мәңгі жасайтын өркениетті қоғам құру. Сондықтан, бұл мақалаға ұлттық және өркениет тұрғысынан қарау керек. Өкінішке орай, кейбір оқырмандар пілді құшақтаған соқыр сияқты, "оның аяғын құшақтап тұрып-мынау ағаш, тұмсығын ұстап -мынау жылан т.б." дегендей, материалмен толық таныспай жатып ойларына келген неше түрлі сөздер жазуда.

Мақаладағы демография, медицина, білім, ғылым, дін, рушылдық т.б. салаларға байланысты деректер бұрын ғылыми конференцияларда баяндалып, жарияланған материалдар. Бұл мақаланың жазылуы тек ғылымға қызығудан пайда болған жоқ. Себебі, тоталитарлық жүйеден кеткен тәуелсіз ел жаңа қоғам құру үшін алдына жаңа мақсат қойып, оны іске асыратын жаңа мораль, жаңа құндылықтар, жаңа өнер, әдебиет, жаңғырған дәстүрді... қалыптастырып, өркениетке бет бұру керек еді.

Мемлекетқұрушы ұлт ретінде, ұлттық мемлекетті жаңартуда қазақ, ширек ғасырда оның бірін де істей алмай, бар кінәні билікке артуда. Жалпақ тілмен айтқанда, «билік жаман қатын (хатун немесе ханым) сияқты. Бір жағынан онымен «тұру» қиын. Екінші жағынан онсыз тұра алмайсың». Мезгілімен жөнге салмасаң, ол барыңды сатып, тіпті «жезөкше» болып кетуі де мүмкін?! Қазіргі билікке ренжудің қажеті жоқ. Ол, «жуас жүндеуге жақсы» деген принципті ұстануда. Ал, жуастығы мен маргинал мінезді мақтан тұтқан қазақтың ешбір ісі бітер емес. Егер ол менталитетін, мінезін, санасын түпкілікті өзгертпесе болашақта да оның ешқандай ісі бітпейді. Мысалы, 18 ғасырда ағылшындар Солт Американың жергілікті үнділермен бірге өркениет жасай алмайтынын түсінгеннен кейін 49 млн үнді мен олардың негізгі азығы, киімі мен баспанасы болған 60 млндай бизонды жоқ қылып, сол құрлықта бір ғасырда АҚШ деген мемлекет құрды. Содан кейін ағылшындар Үндістанды отарлап, өздерінен 60 есе көп үндістандықтарға ағылшын тілін ендірді. Қазір әлем халықтарының 75% ағылшын тілінде сөйлейді. Бұл жетістіктердің барлығы, өмір бойы шетсіз-шексіз ашық мұхитта, өмір мен өлімнің арасын 30-50 см тақтай ғана бөліп тұрған жағдайда өмір сүрген және христиан дінінде қалыптасқан ағылшындардың мінезінің ерекшелігінде (Г.Лебон. Психология народов и масс. –М., 1996). Ағылшындардың мінезіндегі 9 ерекшеліктің тек біреуі, не екеуі ғана қазақта бар болып шықты (Ж.Әкім. Эволюция государственности Казахстана. Межд. научная конференция//Алматы. 1996).

Мақалада, ұлттың санын өсіруде менталитеті қазаққа жақын шығыстың үш халқынан, оның ішінде «өз ағаң өзбектен» мысал келтірілген. Будда (оның ішінде Кама ілімімен бірге), Дао ілімдерін 2 мың жылдан бері әлемдік өркениеттер ретінде бұратана тайпалардан басқа, барлық адамзат мойындады. Енді оларды сынап, талқылағаннан гөрі біз өзімізді түзетуді ойлағанымыз дұрыс болар. Себебі, өткен жылы Үндістанның Премьер-министрі Астанаға келгенде, "Қазақстан халқының саны Үндістанның орташа бір қаласы тұрғындарының санындай" деген еді. Жылына дүниеге 27 млн сәби әкеліп отырған елдің олай деуге құқы болар. Оны біздің тақырыпқа айналдырсақ, «мен пілмін, сен құмырсқасың» деген емес пе?!

Бүгінгі Қазақстанның алдында Гамлеттің сұрағы тұр. Ол, "тәуелсіз ел боласың ба, әлде бордай тозасың ба?». Бұл мәселеге атүсті қарап, эмоцияға  беріліп «битке ренжіп тонды өртеуге» яғни айдаладағы Будда мен Батысты сынап, бар кінәні соларға жабу надандықтың белгісі емес пе?! Бүгінгі білімің, ғылымың, астыңдағы көлігің, интернет т.б. прогресстің бәрі келген Батысты қанша сынасаң да, оның ештеңесі кетпейді. Оны сынап босқа арамтер болғанша ұл-қызымызды заманауи тәрбиелеп, елді түзетейік, өркениет көшінен қалмай алға жылжиық. Бұл жолда ұлтты сақтау үшін жапон, ағылшын мен еврейлерден т.б. жақсы, әрі тиімді жақтарын алайық.

Мақалада келтірілген мысалдар, «ертең соларды қабылдау керек» деген сөз емес. Ол, басқлар істеген тірлікті қазақ неге істей алмайды?! Қазақ, ұлттық болмысын сақтай отырып, дамудың қай жолына түсу керек деген сұраққа жауап іздеу?!

Ұлттың санын өсіріп, сапасын көтеруде Қазақстан үшін үш жол бар:

1. Санды өсіру үшін тиісті мемлекеттік бағдарламалар қабылдап, ислам т.б. өркениеттердің жетістіктерін қоғамға енгізу;

2. Сапаны көтеру үшін алдымен Батыстың озық ғылымы, технологиясы, инновациясын меңгеріп, оларды елге енгізу;

3. Қазақстан өзінің сара жолын таңдайды.

            Қосай деген оқырман мақаладағы дінге байланысты материал исламға жат дейді. Құран Кәрім мен хадистерді жүйелі оқыған адам, олардың тұжырымдары ғылымға негізделген, ал Ислам теориялық тұрғыдан алғанда, әлемдік діндердің ішіндегі зерделі дін екенін көрсетеді. Оны француз ғалымы, академик Морис Бюкай, Жак Кусто т.б. теориялық тұрғыдан да, іс жүзінде де дәлелдеді.

            Бірақ, әлем халықтарының 28% құрайтын, мұсылманның 57 елінде дүниедегі жерасты байлығының 70% бола тұрып, Жалпы Ішкі Өнімдері әлемдік экономиканың 7% ғана құрайды. Ислам елдерінде Батысқа қарағанда білім мен ғылымға қаржы 20 есе аз бөлінеді (Қазақстанда ғылымға 18-20 есе, білімге 8-10 есе төмен) және университеттердің саны да сонша есе аз. Сондықтан оларда білім, ғылым, технология, индустия және мемлекеттік жүйе дамымаған. Отарлау дәуірінде Түркиядан басқа мұсылман елдерінің барлығы отар болды. Олардың дамымай артта қалып, өздерін қорғай алмай отарға айналуының себебі, - ол осыдан шамамен мың жыл бұрын мұсылман ренессансының орнына ортадоксальды исламның келуі еді. Пәкістан ғалымдары оны Газалидің ілімімен байланыстырады. Ортадоксальды исламға білім, ғылым, өнер т.б. интеллектуальдық салалардың қажеті жоқ. Талибан, ДАИШ т.б. осы ортадосальды исламның өнімі. Оның негізгі ұстанымы күні-түні құдайға құлшылық, барға, оның ішінде отар болуға, басқаның құлы болуға, қайыршылыққа... бәріне шүкіршілік!

            Қазіргі мұсылман елдеріндегі орташа өмір ұзақтығы 55-58 болса, Батыс елдерінде 81-84 жас, Гондураста -74 жас... Философ Ф.Фукуяма ислам елдерінің ешқайсысында демократия жоқ дейді (кейбір деректерде Индонезия демократиясы дамыған елдердің тізіміне кірген).

            Қазақстанға қандай Ислам керек? Білім мен ғылым дамып, интеллектуальды ұлт қалыптастыру арқылы өркениетті қоғам құрамыз десек, бізге Әл-Фараби, ибн Сина, ибн-Рушд, Хорезми т.б. шығарған, мұсылман ренессансы кезінде Араб халифатын әлемдегі ең дамыған ел қылған интеллектуальдық ислам қажет! Ел, күні-түні жұмақ пен тозақты сайрай беретін немесе жаназа мен сүндетті күтетін дүмше молдалардан да шаршады. Алдымен мешіттер, елге заманауи бағыттағы уағыз айтатын зерделі ортаға айналу қажет. Сондықтан, бұл мақалада көтерілген интеллектуальдық Исламның мәселелерін дінге жат деу, ол мәселені түсінбеуден туындаған шешім деп ойлаймыз.

Өткен ғасырдың 60-70  жылдарынана бастап мектептерді үш тілде оқытады. Сондықтан, үштілділік білім саласындағы негізгі мәселе емес. Мәселе, отарлаушылық кезден бұратана халықтарға арнап ашқан аралас мектептерді жабу. Ол үшін қазақ және орыс мектептерін қалдырып, араласты жабу керек. Сонда ғана біз интеллектуальдық ұлт қалыптастыруға қадам басамыз.

Мемлекеттік тіл қоғамның барлық саласында басымдыққа ие болғанда мемлекеттік институттар мен қоғам дамиды. Қазір Ресейдің бейшара көлеңкесі болып қалуда. Мемлекеттік тіл тәуелсіз болмай мемлекеттің өзі тәуелсіз емес.

Рушылдық мәселесі, - ол қазақтың айықпай келе жатқан дерті. Түрік, әзербайжандарда бұндай мәселе жоқ болса, өзбек, қырғыз, түркімендер де бұл мәселе шешілген. Тәуелсіздік жылдары бұл мәселе біздің қоғамдық сананы улап, ушығып кеткені жасырын емес. Ол мүмкін тайпалық кезеңде қоғамда белгілі рөл атқарған болар, бірақ қазақ біртұтас халық болғаннан бергі соңғы бес ғасырда елдің тұтас ұлт болып қалыптасуына кедергі болуда. Оны соқырлар да көріп отыр. Ал, біреулердің «ру біздің атамыз» деп Қожырбай дегенге сілтеме жасағанынан гөрі, олардың бабалары маймыл екені ғылыми дәлелденгені ақиқат. Қожырбай деген азаматтың «адай» сөзі «адам» деген сөздің баламасы деген қалаймақан дәлелдерін оқығанбыз. Осы бағытта енді «бір қадам жасалса», онда жердегі тіршілік, оның ішінде бабуиндарды адай ағайындар жасаған болып шығуы ғажап емес. Себебі  «а» әрпі «б» әрпінің алдында тұр ғой яғни ол бұрын пайда болған.

Зікірияның да ру-тайпалық қатынастар бұзылса түрік халықтары ыдырап, жойылып кетеді және түрік мемлекеттілігінің жүйесі бұзылады дегендері ешбір ғылыми зерттеулерге негізделмеген, дәлелденген базасы жоқ қияли ойлар. АҚШ социологы С.Тулмин көшпенділер, оның ішінде түркілер мен монғолдар мемлекеттерінің тарихын зерттей келіп, оларда билік ауысу жүйесінің болмағанын жазады. Сондықтан да, кей кездері оларда Алтын Ордадағыдай бір жылда 8 хан ауысып, «қан сасыған хан ордасына айналған кездер» жиі болды.

ҚСРО ыдырағаннан кейін құрылған бес түрік республикаларында ғана билікті зорлап (узурпация) өлгенше тақта отыру немесе қырғыздағыдай зорлықпен кетіру «дәстүрі» қалыптасты. Басқа республикаларда билік формальды болсын, шынайы болсын уақытылы ауысып отырды.

Кемаль Ататүрк Түрік мемлекетін құрғанда, онда тұратын барлық халықтардың өкілдеріне, «біз бір түрік халқымыз» деп жариялап, Түркияның тұтастығын сақтап, Еуропадағы ірі мемлекет құрды. Біздегі Қазақ ұлты (нациясы) деген осы. Барлық қазақстандықтар қазақ халқының айналасына топтасып Қазақ ұлтын (нациясын) құрғанда бұл елде бірлік пен тұрақтылық қалыптасады. Мемлекеттің негізгі идеясы Қазақ ұлтын (нациясын) қалыптастыру, идеологиясы,- осы жолда барлық диаспораларды біріктіру болу керек. Ал, Ассамблея дегеніміз уақытша қажет болар. Бірақ ол, «құм жиналып тас болмайдының...» бір түрі ғой.

Тарихи танымдық тұрғыдан, ру-тайпалардың тарихын білу, шаңырақтың шежіресін білудің артықшылығы жоқ. Ал, ауыл-ауыл болып руға, аудан-облыс болып тайпаға, одан әрі мемлекеттік деңгейде жүзге бөлінгенде қазақтың бірлігі мен тұтастығы қайда қалады. Қазақтың басы бірікпесе тәуелсіз елің қайда қалады?! Бұл жерде «ит жоқта шошқа үредінің керегі жоқ» ағайын! Қолдарыңнан басқа іс келмесе, елдің берекесін алмаңдар. Бұл елдің иесі, киесі, береке-бірлігі мен ырысы Қазақ болғандықтан, барлық қазақстандық осы Тудың астына жиналу керек!   

Жанұзақ Әкім

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2047