ПРОКУРОР «КРЫШЕВАТЬ» ЕТКЕН ЖЕЗӨКШЕЛЕР YЙІ ЖАБЫЛДЫ. БІРАҚ...
Атырау облысының әкімі Н.Ноғаевтің назарына
«Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, қақсап-қақсап, ақыры Құлсарыдағы жезөкшелер үйі 2017 жылы қаңтардың 9 жұлдызында түбегейлі жабылды. Мен бұл мәселелерді Abai.kz ақпараттық порталына жазып, желілерге салып мәселе көтерген едім. Бұл ісім болмаған жағдайда қыруар қарсы адамдардың қолымен ҚР Жоғарғы соты мен ҚР Бас прокурорына жолдамақ болғанмын, оған болмаған жағдайда «жаман үй» алдына самсаған намыстылармен ереуіл жасап, журналистер шақыртып бірнәрсе қылармын деп түйгенмін.
Қоғамды шулатқан бұл мақала «жаман үйді» осы уақытқа дейін қорғап келген ағалы-інілі жандардың (Жылой ауданы ІІ Бөлімінің құқық қорғау қызметкері мен Индер ауданының прокуроры) қолына түскен. Түскен мақаланы балалары шешелеріне көрсеткен. Әр таңда ұлдарының тілеуін тілеп отыратын намазхан шешесі бұл істен мүлдем бейхабар екен. Сол бойда ашуға мініп, ғимаратын жалдап отырған жезөкшелерді әй-шәйға қарамай түгелімен тырқыратып қуып шыққан. Әбден көшіріп болған соң Анар есімді шешелері менің үйіме келіп істің мән-жәйін толығымен түсіндіріп берді. Нүктесі қойылды, яғни бұл іс осымен тамам!
Ең бастысы, ұрпақты жамандыққа бастайтын бір күнә ошақ жабылды. Бұл да жеңіс! Енді, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мырзаға айтпақ екінші мәселем бар. Маған Құлсары жастары атынан көптеген хаттар келіп түседі. Әрине, мен шамам келгенінше бәріне ақылға салып, салихалы, бейбіт түрде жауаптарын беріп отырамын. Маған тиімдісі – өгіздің өлмегені, арбаның сынбағаны, арбакештің жапа шекпегені. Соның ішінде мына мәселені құр жауаппен қалдыруға болмайтындай көрініп отыр. Құлсары қаласы, 3-ші мөлтекаудан тұрғыны 25 жасар Гүлмира Сағатқызының: «Мына түрімізбен бізде қандай болашақ бар?» деген шырылдаған жан-айқайы мені бей-жай қалдырмады. Оның жіберген нәрселерін көріп мен жағамды ұстадым. Біз жауды даладан келеді деп үрейленіп жүргенде, жау өз ортамыздан, өз ұлт-ұрпағымыздан, өз жастарымыздан шығып, біздің салт-сана небір құндылықтарымызды шайтантіспен кеміріп жатқандықтары еріксіз жаныңа батады екен.
Қазақтың: «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» деген ұшқыр мақалы осының дәлелі болып отыр. Бір жамандықтан құтылып «уф!» деп, арқаны кеңге сала бергенде, мына жақтан екінші зұлмат бой көтере қойды. Әлеуметтік желілерде «Курица Кульсары, Бомба Кульсары, Кульсары детка» деген жаман лас, анайы топтар ашылды. Бұлардың енді атқарып жатқан шайтани іс-әрекеттері өте сұмдық! Жезөкшелік, ашыналық керек пе, зинақорлықтың шектен шыққан ауыр «тяжелый» түрлері керек пе, қызтекелер керек пе, бүкіл ауыр, жексұрын жыныстық қатынастың бәрі осы топта. Және де кейіпкерлері өңкей өз қазағымыздың бесіктен әлі белі шыға қоймаған, оң мен солын ажырата қоймаған, аузынан ана сүті кеппеген, әлі албырт, аумалы кезеңнің қыл үстінде тұрған уылжыған жап-жас сүйкімді қыздары. Яғни, болашақ келіндеріміз, болашақ жарлар, болашақ аналар, ертеңгі күнгі әжелер!
Ал жоғарыдағы аты аталған азғырынды топтар ұрпағымыздың тапа-талтүсте ессіз адасуына зор үлестерін қосып отыр. Олар тіптен қатысы жоқ жап-жас қазақ қыздарының да суреттерін тел нөмірлерімен қосып топқа жариялап жіберіп жатыр. Еш нәрседен хабары жоқ қыздарға зинақорлар: «Қайдасың, келейін бе, пля, майыспаш, қумаш» дегені сияқты кейіпте қоңыраулар шалады. Еш қатысы жоқ бейшара қыздар таң қалып, соңында амалсыз телефон нөмірлерін өзгертуге мәжбүр. Қараңыз, жабық, қорған үйде отырып алып, интернет желісін жамандыққа шебер пайдаланып, бір адамның өзі қанша көзсіз ұрпақтың шамадан тыс азуына, хайуани сезіммен жолдан тайқуына септігін тигізіп отыр?
Қара да тұр, мына түрмен ертеңгі күні «Зоофили Кульсары, Педофили Кулсары, Маньяки, Людоеды Кулсары, Семейный инцест Кулсары» деген топтар анық ашылады. Дер кезінде күре тамырға балта шаппаса, алдыңғы топтар бұның алғашқы баспалдағы болып қалады. Сонда бәрі кеш, бармақ шайнау пайдасыз болмақ. Ауыр да болса айтайын, ендігісі, жеті атадан аспай қыз алмаған текті қазақтың бірімен-бірі (ағасы мен қарындасы, шешесі мен баласы сияқты) шағылысулары қалды? Құлсарының кейбір аялдамаларында үлкен етіп, бақырайтып қойып қызыл сырмен жазып қойған «Кульсары детка» деген жазуларға дейін пайда болды. Бұл енді жаман топтың ашық жарнамалары мен айқын сілтемелері. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдардан күнәһәр жастардың ішкі «еврокүнә» жарғылары мен жымысқы сасық иістері мүңкіп шыға бастады. Күле кіріп күңірене шығатын батыстың былығынан құтылу ендігі жерде зор азапқа түседі. Мен қауіп еткеннен айтамын. Заңда бұларға қадағалау жоқ па?
Қазақ: «Іштен шыққан жау жаман!» деген. Расында да біздің болашақ бұлыңғұр! Мұндай жастардан құралған ұлт жауларын түп-тамырымен түбегейлі жою керек! Ешкімнің арашасын қажет етпестен көздерін түгел құрту керек! Мұндай топты ашқандарға, ашуға себеп болғандарға да заңның ең қатаң, ең күрделі түрін қолдану керек! Мейілінше ауыр жазалау керек! Мерзімнің ең көбін тағайындап, барсакелмес, ынтықтың түбіне бір-ақ жіберу керек! Осы мәселеде Атырау аймағы бойынша барлық ІІ Департаменті, ІІ Бөліміне, ҰҚК-не, Прокуротура, қандай да бір қатысы бар құзырлы орындардың бәріне, барлық мешіт имамдарына аймақтың патшасы ретінде шұғыл түрде қатаң тапсырма беруіңізді сұраймын! Имамдар мектеп аралап, жастармен жиі-жиі сұхбаттасып, арамза топтардан сақтандырып, жаман топтарға қарсы күрес жүргізетін топтар ашып, елдің белсенді жастарын ояту керек! Мұндай топтар Атырау облысында да жетерлік деп есептеймін. Егер бұлай рухани азып жатсақ, теледидардан: «Біз дамып жастырмыз!» деп елді алдамай-ақ қояйық! Бұл күрес, ұрпақ күресі – барлығымыздың міндет, борышымыз! Ертеңгі күні Құдай алдында да сұраламыз! Интермайдан алаңында, шынының арғы жағында жасырынған тек қана құр ұранмен найза тілі бар «монитор батырлары» соғысты өзімізге жүргізіп отыр. Елімізде қанша мешіт, қанша білім ошағы – мектептеріміз бар. Осылардың бәрі жабылып ұрпақты жамандықтан арашалап қалуға күштері жетпей ақсап жатыр.
Шындықты мойындау керек, арқыраған алпыс имам айфонның алты минуттік азғыруына араша түсе алмайды! Менің бұл үндеуім барлық елдің жастарына алтын сырға! Қысқасы, адамзатты, оның ішінде жастарды айуандыққа, жауыздыққа, небір көру мен естуге ауыр сұрқия шектен шыққан амалдарға жетелейтін дәл осындай істердің дер кезінде желкесін қиып, шауып, жоқ қылу керек!
Тұрар Шапқара, Жылой ауданы, Құлсары қаласы
Abai.kz