"КАРАВАН" СӘУЕГЕЙІ ҚАЗАҚ АҚШАСЫ РУБЛЬ БОЛАТЫНЫН БОЛЖАДЫ
Қазақстанда Бақыт Жұматова дейтін көріпкел бар. Айтқандары айдай келмесе де, өзі бірнеше мәрте Халықаралық жарыстарға қатысқан. Әсіресе, Ресейдегі «Битва экстрасенсов» байқауының финалына дейін шығып, көпшілікке танымал болған еді.
Жуырда «Караван» басылымы көріпкелден сұхбат алыпты. Сөйтіп, Қазақстанның 2017 жылын болжапты.
Жә, сұхбат берсе берген шығар. Тек назар аудара кететін бір мәселе - көріпкел ханым келешекте Қазақстанның ақшасы – рубль болатынын болжапты-мыс.
Тілшінің Бақыт ханымға қаржы секторы туралы қойған сұрағына, көріпкел былай деп жауап берген:
«Уақыт өте келе банктер мүлде болмайды. Біз бірте-бірте рубльге келеміз. Ол доллар мен еуродан да қымбат ақша болады. Менің көргенім, қазақстандықтар үшін тым жаман емес. Тек шекараны сақтау керек. Ешкім басып кірмесі үшін, жерді тартып алмасы үшін шекараны қорғау керек...».
Сәуегейдің сөздерінен нені аңғаруға болады? Қазақстанның ақшасы рубль болады деген сөз – Қазақстан Тәуелсіздігінен айырылады деген сөз емес пе?! Көріпкел ханым көріп айтты десек те, елдің егемендігін тәрк еткізетін болжамды «Караван» не мақсатпен насихаттап отыр?
Бұл, бұл ма, жақында әзірбайжандық сәуегей де Жұматова секілді Қазақстанның келешегі туралы болжам жасапты.
Зираддин Рзаев Ресеймен көршілес мемлекеттерде құрылуы мүмкін әскери ұйымдар мен болашақтағы жағдайы туралы айтқан.
Сөзінің сорақысы сол – Қазақстан келешекте Украинаның кебін киеді деп болжайды. Ресей басқыншылық жасап, Қазақстанға ауыз салады екен-мыс.
«Трампты уақыт ұту үшін әдейі отырғызды. Оны әлемдік саясатты басқарып отырған адамдар жасаған. Олардың жоспарлары таусылып қалғаннан соң, әдейі ойластырған. Олардың келесі көздеп отырған елдері Ресеймен көршілес мемлекеттер. Қазақстан, Молдова, Өзбекстан елдері Украинаның кебін киюі әбден мүмкін. Осы орайда, үш-төрт жылдың ішінде көздеген мақсаттарына жету үшін бар күштерін салып жаңа жоспар құрып жатыр» дейді.
Сәуегейлер неге Қазақстан туралы жағымсыз болжамдар айта бастады? Ендігі қойылар сауал осы...
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz