"GIMENEY" НЕКЕ АГЕНТТІГІ ҚАЗАҚТЫ ҚОРЛАП ОТЫР
Қазақстан Республикасы Парламенті сенаты депутаттарына
Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы К.К.Мәсімовке
Қазақстан Республикасының Әділет министрі М.Б. Бекетаевқа
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің орынбасары И.Н.Тасмағамбетовке
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысы Ә.Р.Жақсыбековке
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры Ж.Қ.Асановқа
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы , ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның үйлестірушісі Г.Н. Әбдіхалықоваға
Қазақстан Республикасы Қазақстан халқы ассамблеясына
Қазақстан Республикасы «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелеріне
Қазақстан Коммунистік халық партиясы мүшелеріне
Қазақстан Республикасы «Ақ жол» демократиялық партиясына
Қыздарымыздың, жалпы жас ұрпақтың тәрбиесі – халықтың ең қымбат байлығы. «Қызды тәрбиелегенің – бір ұрпақты тәрбиелегенің», - деген ата-бабамыз қызға қырық үйден тыйым салып, көзінен таса қалдырмай, тәрбиесіне үлкен мән берген. Ендеше біз де келешегімізді, ұлт тағдырын ойласақ, қыз баланың тәрбиесін ұлттық болмыстың барлық іргетасымен астастыратын халықтық қағиданы, өсиетті қалтқысыз ұстануымыз қажет. Қыздарымызды жамандықтан тыйып, алданып қалудан, зорлық-зомбылықтан қорғай білуіміз қажет.
Өкінішке қарай, түрлі жарнамалық акциялар өткізетін сауда орындарында қыздарымызды жалаңаштап ел алдына шығарғанын көретін болдық. Бұл - біздің қоғамның қасіреті.
Одан қалды кешегі әлеуметтік желіде жұртшылық наразылығын тудырған "Gimeney" неке агенттігінің ауқатты қытай азаматтарына қазақ қыздарынан қалыңдық іздейтін - "Қытай жобасын" біздің ұлттық санамызға жат, зиянды әрі қастық әрекеттер деп білеміз, оны намысымызды таптау, ұлтымызды қорлау деп қабылдап отырмыз.
"Gimeney" неке агенттігі елдегі кейбір заңдарда кеткен олқылықтарды пайдаланып, адам саудасы, оның ішінде қазақ қыздарын сатумен айналысып отыр деп білеміз.
Ендеше, мұндай наразылыққа себеп болған агенттіктің ашылуы, оның қызмет әрекетін реттейтін "Ережесі", мақсаты мен мәні және заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуінің қаншалықты Заңға сәйкестігі (мәселен: "ҚР Неке және отбасы" туралы Заңы) тексерілуі керек. Агенттік қызметінің аумақтық шегі ҚР ішінде ме, оған шет мемлекеттер аумағы кіре ме осы жағы да назардан тыс қалмағыны жөн. Оның қызметтік ауқымы агеттіктің "Жарғысында" көрсетіледі. Себебі, бұл агенттік өзінің іс-әрекетімен шет ел азаматтарын қазақ қыздарымен некелестіру арқылы оларды Қазақстанның ішкі істеріне араласуға мүмкіншілік жасап отыр. Ал мұның терорризмнің өршіп тұрған заманында, мемлекетіміздің ішкі-сыртқы қауіпсіздігіне, ұлтаралық мәселеге, қаншалықты ықпалы бары құзырлы органдар тарапынан зерттеп, зерделенген жоқ. Ішкі тыныштығымыздың сақталуы біз үшін қымбат.
Агенттік өзінің қызметіне Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін, Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңын, ҚР-ның «Коммерциялық емес ұйымдар» Заңын және Қазақстан Республикасының заңдық актілерін, сондай-ақ Жарғыны басшылыққа алып отыр ма? Міне осының бәрі айқындалуы керек. Заңнан тыс қызметі анықталса әрине мұндай агенттіктердің әрекетіне заңмен тиым салынуы қажет.
Сондықтан біз мұндай агенттіктердің жымысқы іс-әрекеттеріне үзілді-кесілді қарсылығымызды білдіреміз! Ашықтан-ашық хабарландыру беріп, төрімізде ойран салып жүрген осындай агенттіктерді Құқық қорғау органдары тексеріп, жұмысын тоқтатуын талап етеміз. Сонымен қатар, билік тарапынан ұлттық намысымызды қорлайтын шараларға тоқтау қойылмаса, онда халықтың өзі тойтарыс беруге дайын тұрғанын мәлімдейміз.
Біз елдегі неке туралы заңға, шұғыл түрде, төмендегі мәтінде өзгерістер енгізу қажет деп есептейміз:
1) Шет елдік азаматқа тұрмысқа шыққан қыздарды Қазақстан азаматтығынан шығару;
2) Қазақстан азаматына некелескен шетелдік азаматтарға Қазақстанның азаматтығы берілмеу керек.
Кейбір шетелдіктердің Қазақстан азаматтарына некелесу арқылы қазақ жерін жеке меншіктеу ниеті болуы мүмкін .
Қазақ қызының таза да тұнық болмысы - тектілігіміздің айнасы. Ұлт тағдыры қыздарға байланысты.
«Жерді ер қорғайды, ұлтты қыз сақтайды» деген аталарымыздың өсиетін ұмытпайық.
Сондықтан да небір пайда қуған неке агенттітіктері мен жарнамашылдардың қыздарымызды қорлауына, саудалауына жол бермеуін талап етуге мәжбүр болған біздердің, яғни ата-аналардың, бүкіл Халықтың ашық хатын, талап-тілегін аяқсыз қалдырмауларыңызды сұраймыз.
Құрметпен, «Нұр Отан »партиясы , «Алаш жолы»Халықтық қозғалысы мүшесі қоғам белсендісі А.Егеубаев
қоғам белсенділері:
Д.Б.Орманов
Г.К.Ажмуратова
К.М. Омар
Ғ.Ә.Қарабас
Н.М.Сейтжанов
С.С.Сейдахметова
З.Сагидолдина
Г.С. Сарсенбаева
Abai.kz