ҚОШ БОЛ, ҚАЗАҚТЫҢ ЕДІГЕСІ...
Қазақтың ұлы ғалымы Едіге Тұрсыновты ҚР Ұлттық кітапханасынан ел-жұрт болып ақтық сапарға аброймен шығарып салдық. Қаралы жиынды асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов жүргізіп отырды. Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахет Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің қазақтың қабырғасын қайыстырған қазаға арналған көңіл айту хатын оқып берді. Қаралы жиынның ұйымдастырушылық жұмысында үлкен қолдау көрсеткен Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Елнұр Бейсенбаев бастаған жастарға деген ризашылығымыз шексіз. Марат Сембин, Меруерт Әбусейітова, Кенжехан Матыжан, Есенғали Раушанов, Әлмира Наурызбаева, Хәкім Омар, Қайрат Жанабаев және тағы басқа танымал тұлғалар тебірене сөйлеп, марқұм Едіге Тұрсыновтың адамгершілік болмысы, ғалымдық ғаламат деңгейі, басына түскен тағдыр тауқыметі жөнінде сөз сөйледі.
Едіге ағамыздың денесі "Кеңсай-2" зиратында жер қойнауына тапсырылды. Одан кейін түс мезігілінде "Отырар" мейрамханасында марқұмға арналып ас берілді. Ол асты өнертанушы Ерлан Төлеутай ағамыз мағыналы етіп жүргізе білді. Мұнда да көз көрген жұрт Едіге Дәріғұлұлының жақсы қасиеттерін, ұстаздық мейрімін, ғалымдық сұңғылалығын, тынымсыз еңбекқорлығын айтып тарқасты.
Көпшілік ұлы ғалымның тірі кезінде еленбегенін, тіпті талантты болғаны үшін аяғынан шалушылардың көп болғанын айтып налыды. Дара тұлғаның қазасының өзі көзі тірі жақсыларымызды бағалауды үндеп тұрғандай, түге.
Едіге Тұрсыновтың қазасы қазақ руханияты үшін орны толмас қайғы. Бірақ, артында өлмейтұғын сөз қалдырған ғалымның ісі әрдайым болашаққа сәуле түсіріп, жол сілтеп тұрмақ.
Сөз соңында әруақтар еліне соңғы сапарын салтанатты етіп өткізуге еңбек сіңірген Едіге Тұрсыновтың (туған қарындасының қызы) жиені Сабинаға, оның сүйікті шәкірті Қайрат Жанабаевқа, қиын сәтте қол ұшын созған мәдениеттанушы Мұрат Әуезовке, ҚР Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдумановқа, Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасның басшысы Мамай Ахетке, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Елнұр Бейсенбаевқа, "Темірқазық" түріктану орталығының директоры Хәкім Омарға, жерлеу шығындары бойынша қаржы қосқан Кәкен Қамзаға, Сәкен Сейфуллинге, Дастан Елдесовке, Асия Мұхамедоваға, Ербол Құрманбаевқа, Марал Томпиевке, Ахат Разаққа, "Дәулет" шаруақожалығының директоры Өтеміс Махановқа, мәдениеттанушы Әлмира Наурызбаеваға, нағыз патриот азамат Темірбе Іздібаевқа, "Түркі әлемі" газетінің құрылтайшысы Дариға Жүніске және тағы басқа аты аталмаған жаны жомарт, көңілі мәрт кісілерге марқұмның әруағы разы болсын дейміз. "Әруақ разы болмай, тірі байымайды".
Арман Әубәкір
Abai.kz