Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5855 0 пікір 27 Желтоқсан, 2016 сағат 11:14

ОҚО-ДА ҰНДЫ ДӘРУМЕНДЕРМЕН БАЙЫТУҒА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкенттiк тәуелсiз ұйымдар өкiлдерiнiң басын қосқан жиын USAID/GAIN бағдарламаларын Қазақстанда жүзеге асырудың қоғамдық тыңдауына арналды. Ғалымдар адам өлiмi санының көбеюi тағамдардың сапасыздығынан болатынын айтуда. Өңiрiмiзге арнайы келген Ю.Белослюдцева, Е.Ган, Ә.Iлиясова сынды мамандар бұл тығырықтан шығудың жолы ұнды фортификациялау, яғни ұнды дәрумендермен, минералдармен байыту дейдi. Мұндай тәсiл әлемнiң көптеген елдерiнде жаппай қолданылады, - деп хабарлайды Абай-ақпарат "Оңтүстік Қазақстан" газетіне сілтеме жасап.

Адамның күнделiктi рационында нан ерекше орын алады. Мамандардың айтуынша, әлем халқы жыл сайын 400 млн. тоннадан артық ұн пайдаланады. Бидай мен қара бидай – В1, В2, В6, Е дәрумендерiмен ниацин, темiр, мырыштың көзi. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының мәлiметтерi бойынша, әлемде екi миллиард адам анемияға ұшыраған. Қазақстандағы ұрпақ өрбiту жасындағы әйелдердiң 45 пайызы темiртапшылық анемиясымен ауырады. Бұл өз кезегiнде ана мен бала өлiмi көрсеткiштерiнiң жоғарылауына, физикалық және ақыл-ой дамуының кешеуiлдеуiне әсер етедi.

Қазақстандағы қайта өңдеу одағының төрағасы Е.Ган мырзаның мәлiмдеуiнше, әлемнiң 85 елiнде ұнды мiндеттi түрде фортификациялау заң негiзiнде жүргiзiледi. Мысалы, АҚШ фортификацияны 1938 жылдан жүргiзедi. Ұнды мiндеттi түрде байыту балалардың өмiр сүруiне, жетiлуi мен саулығына бағытталған. Бiздiң елiмiзде де осы мәселенi шешу үшiн заңнамалық тұрғыда негiз қаланды. Қазақстан аумағындағы сауда айналымындағы жоғары және бiрiншi сұрыпты бидай ұны 2009 жылдан берi мiндеттi түрде дәрумендер мен минералдармен байытылуы (фортификациялау) тиiс (ҚР «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi» Кодексiнiң 160-бабы). Ұнды Қазақстанда фортификациялау халықтың денсаулығы мен елiмiздiң экономикасын нығайтуға мүмкiндiк бередi.

– Фортификация – ұн тарту кезiнде аз мөлшерде дәрумендер мен минералдарды қосу процесi. Бұл өнiмнiң сапасы мен қоректiлiк құндылығын арттыруға мүмкiндiк бередi. Қазақ тағамтану академиясы бидай ұнының бiрiншi және жоғары сұрыптарын нәрлендiру үшiн халықаралық нормалар мен тәжiрибе негiзiнде дәрумен-минерал премиксi құрамын әзiрлеген болатын. Фортификация процесi кезiнде жоғары және бiрiншi сұрыптағы бiр тонна ұнға 150 грамм темiр, мырыш қоспалары, фолий қышқылы мен В тобының дәрумендерi қосылады. Қоспа элементтерi тағамдық сапаны арттырады, бiрақ ұнның органолептикалық және басқа да қасиеттерiне әсерiн тигiзбейдi және жанама құбылыстарды туғызбайды, – дейдi Е.Ган.

Фортификацияланған ұнның алты айға тең жеткiлiктi сақтау мерзiмi бар. Халықаралық экономистер халықтың тамақтану жағдайын түзету мақсатында көпшiлiк тұтынатын өнiмдердi темiр мен фолий қышқылымен байыту 90 мыңға жуық адамның өмiрiн сақтауға, жүйке түтiгiнiң туа бiткен кемiстiгi мен жүрек-қан тамыры ауруларын болдырмауға мүмкiндiк бередi деп пайымдайды.

Б.ДАРҒОЖИНА

Абай-ақпарат

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347