РЕСЕЙДІҢ ҚАЙҒЫСЫ БІЗДІҢ ҚАЙҒЫМЫЗ БА?
Алматылықтар Ту-154 ұшағының апатқа ұшырап, қаза тапқандарды еске алу үшін Ресей консулдығына гүл қойып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Гүл шоқтарынан бөлек, алматылықтар консулдықтың қақпасына "Қайғылымыз" деген жазуы бар қағаздарды іліп жатыр.
Сондай-ақ, жерлестеріміз Ресейдің Астанадағы елшілігіне де гүл шоқтарын қойып жатыр екен.
26 желтоқсан - Ресейде жалпыұлттық қаралы күн болып жарияланды. Оған РФ Қорғаныс министрлігінің ұшағы жексенбіде, 25 желтоқсанда таңғы уақытта апатқа ұшырауы себеп болды. Лайнердің бортында 92 адам болған. Олардың ішінде, Александров атындағы ансамбльдің 68 музыканты, БАҚ-тардың 9 өкілі ("Звезда" телеарнасы, НТВ және Первый канал), алып келе жатқан 6 адам және экипаждың 8 мүшесі бар.
Ту-154 Қара теңіздің Анапа жағалауына жақын маңда құлаған.
Әрине, көрші елдің ауыр қайғысы екеніне дау жоқ. Бірақ, ресми билік арнайы хабарласып, қазақ халқының атынан көңіл айтқан жоқ па? Енді келіп жекелеген адамдардың елшілікке барып, "қайғырғанын" білдіріп жатқанының астарында не бар?
Осы уақытқа дейін қазақ халқының да басына дәл осындай нәубет талай төнді. Сол кезде мемлекеттер ресми көңіл айтқаны болмаса, халқы дәл осылай белсене қоймап еді.
Алматылықтар деген атаумен жалпы халықтың атынан сөйлеуге ешкімнің хақысы жоқ. Өйткені, ол алматылықтың ішінде біз де бармыз. Бірақ, бізге қазір Ресейдің қайғысынан да өзге проблемалар жетіп артылады. Әрине, ресми биліктің ресми көңіл айтуын құптаймыз. Зымыран құлап, қазақтың басына гептил төгілгенде "көңіл айтқыштар" неге Ресей билігіне наз айтпады екен деген ішкі ойымыз да жоқ емес.
"Қазақстандағы Ресей азаматтары елшілікке барып, жерлестерінің қайғысына ортақтасып, гүл шоқтарын қойды" десе бір сәрі... Алматылықтар дейді ғой...
Осы үй ішінен үй тіккенді қашан қояды екенбіз.
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz