Созақта ауылшаруашылығы бойынша міндеттемелер толық орындалды
Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында үшжақты келісімде көрсетілгендей, ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары толықтай орындалды.
Бұл туралы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Әубәкір Сахиұлы жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлады Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Желтоқсан айының соңғы мәлеметтеріне сүйенсек, 2016 жылдың қорытындысы бойынша, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1500 бас мүйізді ірі қара малын асылдандыру көзделсе, жыл басынан бері жеті айда асылдандырылған ірі қара басы 1538-ге жетіп, меже 102 пайызға орындалып отыр. Сол сияқты, «Алтын асық» бағдарламасының тапсырмасы бойынша 2000 басқа жеткізу жоспары, 230 басқа артық шығып, 111% орындалды. Ал, мемлекеттік «Құлан» бағдарламасы 300 бас болып бекітілсе, қазіргі таңда пайыздық меже 101% құрап отыр. Бір жылға межеленген жоспарды жеті айда орындап үлгерген Теріскейдің ауыл шаруашылығы мамандары жұмыстар мұнымен тоқтамайды дейді. Мал басын асылдандырамын деп ниет еткен шаруалармен жұмыстар одан әрі жүргізіле бермек. Шаруа қожалықтарының басшылары да сапалы өнім өткізудің пайдасын көре бастады.
Абай ақпарат